Қандас бауырлар өнер көрсетті
Жуырда Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен қазақ халқының Тәуелсіздік мерекесіне орайластырған шетелдегі қазақ диаспораларының халықаралық фестивалі өтті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің айтуынша, қандас бауырларымызға арналған халықаралық фестиваль алдағы уақыттарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрмақ.
Аталған шарада Қазақстанның тоғыз облысында оқып жатқан оралман студент жастар өз өнерлерін ортаға салды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқанның айтуынша, қазақ диаспорасындағы атамекенін, ұлтын сүйетін жастарымызды, олардың өнерін, ұлттық нақышта бейнеленген қолөнер туындыларын көпшілікке таныту, есімдерін Қазақстанның өнерсүйер қауымына насихаттау бүгінгі фестивальдің мақсаты болып отыр. Оған қоса, мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеру, әлі таныла қоймаған ақындарды, әсіресе, жас дарындарды анықтау да қажеттілік, – дейді өкіл. Жастардың өнеріне еліміздің танымал ақындары мен суретшілері баға беріп, жүлделі орындар тағайындады.
Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары:
– Бүгінгі фестиваль Тәуелсіздік күніне арналып отыр. Бұл фестиваль дәстүрлі түрде өтетін болғандықтан, екінші мәрте ұйымдастырылды. Өткен жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен болса, биыл Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясында өткізіліп отыр. Келесі жылы аманшылық болса, кең ауқымда өткіземіз деген жоспарымыз бар. Фестивальге еліміздің 15-ке жуық жоғары оқу орнында оқып жатқан қандас бауырларымыз қатысып жатыр. Қазақстанның тоғыз облысында оқып жатқан оралман бауырларымыз өз өнерлерін ортаға салмақшы.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Қауымдастық төрағасының орынбасары:
– Жыл сайын өтетін фестиваліміздің негізгі мақсаты – шетелдегі қандастарымыздың өнерін халыққа насихаттау. Кеше ғана біз Тіл комитетімен бірлесіп, жазба ақындарының мүшәйрасын өткіздік. Оған Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстанның мықты-мықты деген ақындары қатысты. Ал бүгін қолөнер мен айтыс ақындары қатысатын фестиваль ұйымдастырылды.
Ботагөз УАТҚАН, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі:
– Қазақ елінде оқып жатқан оралман студент жастарымыздың өнерлерін халыққа таныту басты мақсаттарымыздың бірі болып табылады. Шараға қатысушылар бірінші болып өз туындыларын көрмеге шығарды.Екінші бөлімде ақындар айтысы ұйымдастырылып, соңы концертке ұласты. Өкінішке орай, Қытайдағы қазақтардың өмір-салтын баяндайтын «Ақсарбас» көркемфильмінің тұсаукесері Қытайдағы қазақ елшілігінің виза бермеуіне байланысты фестивальде көрсетілмейтін болды. Мұны әдейі атап айтқым келеді, өйткені осындай үлкен шараға шетелдегі ағайындардың қатыса алмауы өкінішті-ақ.