Қаңтарылған балалық қамқорлыққа зәру

Қаңтарылған балалық қамқорлыққа зәру

Қазақта «Атың барда – желіп жүріп жер таны, асың барда – беріп жүріп ел таны» деген керемет бір нақыл сөз бар. Ерте заманнан-ақ ата-бабаларымыздың өмір салтына айналған осынау ұстаным күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан емес. Тек «жер тану», «ел тану» мақсатының, негізінен алғанда, іштегіні мансұқтап, сырттағыға сілекей шұбырту сипатында болып тұрғаны өкінішті. Басқаша айтқанда, «Біреудің қаңсығы – біреуге таңсықтың» кері. Әйтпесе ел аузындағы ғажайып аңыз-әңгімелер мен сал-серілердің інжу-маржандай небір тамаша ән-жырына арқау болған қазақ жері әлдеқашан туризмнің төріне айналар еді.
Швейцарияға бергісіз көркем Катон-Қарағай, атышулы Айғай құм, құпиясы сан қатпар Қаратау қамалдары, көрікті Көлсай, теңдессіз Таңбалы тас, кербез Көк­ше, бейнелі Бурабай, қасиетті Қарқара­лы... Тізе берсек, қазақ даласы – тұнған ше­жіре. «Көшпелінің жұртында қалған сынық сағанағы да – тарихтың көзі». Тек бізде соны зерделеуге деген талпыныс жоқ. «Елжандылық төл тарихыңды бі­лу­ден басталады» десек, біз қазір әсіре­се жас ұрпақтың елін, жерін, туған топыра­ғын танып өсуіне мүлде ықпал ете алмай отыр­мыз.
Міне, оқушылардың жазғы демалысы басталды. Гүл теріп, көбелек қуып, тауға шығып, орман аралап, жаз мезгілін қызық­ты өткізу – кез келген балаға бұйырмаған бақыт. Баяғы тегін лагерьлер көзден бұл­бұл ұшқан, барының бағасы қымбат. Алматы, Астана сияқты үлкен шаһарларда тұра­тын балалардың дені қала маңынан ұзап шыға алмайтыны тәрізді, көптеген ауыл балаларының да алты адым аттап шы­ғуға мүмкіндігі жоқ. Яғни жасөспірім­дер­дің туған Отаны, атамекені туралы бү­кіл таным-түсінігі, хабар-ошары өзінің тұр­ғы­лықты жерінің аумағынан әріге аспай­ды. Сондықтан мектеп оқушылары үшін арнайы шара ретінде танымдық ту­ризм­ді жолға қою мәселесін жан-жақты ойлас­тырған абзал. Сөйтіп, жазғы және тоқсанаралық демалыстарды пайдалана отырып, ауыл демей, қала демей, жер-жердегі балалардың тарихи орындарға, көрікті мекендерге саяхатын ұйымдастыру қажет. Бұл тәжірибеде бұрыннан бар. Мысалы, алыстағы ауылда тұрғанымызға қарамастан, сонау кеңестік кезеңде мек­те­біміздің бір топ оқушылары «Батыр қалалар» маршруты бойынша Ленин­град, Сталинград, Севастополь, Одесса қалала­рын, Брест қамалын, Киевті, Мәскеуді көріп қайтқаны әлі есімде. Ол кезде мұндай экскур­сиялар жиі ұйымдастырылып тұра­тын және жолдама да сутегін болатын. Соның салдарынан болар, біз сол кезде Шығыс Қазақстанда немесе Жетісуда қан­дай тарихи орындар бар екенін, ата­ме­ке­ні­міздің нендей игіліктерімен мақ­тануға болатынын ұқпасақ та, Ленин­град­тың Эрмитажы мен әйгілі ақ түндері, ашыл­малы көпірі мен Крейсер Аврорасы, Ресей им­ператорларының 1917 жылға дейінгі рес­ми резиденциясы болған Қысқы Сарайы, Мәскеудің Кремль куранттары мен Қызыл алаңы, Манежі мен Третьяков галереясы туралы бір кісідей-ақ білдік. Осының аяғы көп жастарымыздың өз мә­дениетімізді мансұқтап, ал өзгеге келгенде аузын ашып, көзін жұмуына әкеліп соқ­тырды.
Осы тәжірибені қазір неге пайда­лан­­басқа?! Оқушыларға арналған та­ным­­дық туризмді жандандыру және атал­­­мыш жобаны мемлекет есебінен, сон­­дай-ақ меценаттық қаражат көзде­рі­нен қаржыландыру, біріншіден, ұлт ұр­па­­ғы­­ның төл тарихын тани алуына ық­пал етсе, екіншіден, үлкен қалалар мен елі­міздің алыс аймақтарының ара­сын жалғап, мәдени дезинтеграция про­це­сі­нің етек алмауына, яғни біртұтас жүйе байланысының бұзылмауына негіз бола­ры анық.
Осы орайдағы тағы бір мәселе ба­лалардың жазғы демалысына бай­ла­ныс­ты. Өткенді айта берсең, сол жүйені са­ғынғандай боласың. Бірақ кешегі атау­лының бәрін сызып тастай бермей, үлгілі үр­дістерін кәдеге жарата алған да дұрыс. Мысалы, жазғы демалыс ла­герь­ле­рін алайық. Балалар онда жай де­малып қана қоймай, денсаулығын түзеп әрі табиғат аясында жүздерін жел қа­ғып, күн шалып, шынығып қайтатын. Қор­ша­ған ортаны та­нитын. Еңбекке, достыққа бейім­де­ле­тін. Отанының орман-тауын, өзен-кө­лін, даласын көріп-білу және оның күллі сұ­лу­лығын сезіну әрбір баланың бойында ту­ған табиғатын аялай сүю, қорғау се­зім­дерін оятатын. Демек, балаға бүгінгі жа­салатын қамқорлық елдің ерте­ңін ойлау мақ­сатынан туындауы тиіс.

Р.S.
Ежелгі дәстүр бойынша, ертеректе қазақтар дүниеге ұл бала келсе, кіндігін алты қырдан астам жерге апарып көметін болған екен. Ондағы мақсат «Алты қырды асып жүріп, елін-жерін қорғасын. Туған топырағына кіндігімен байланып, оны мәңгі бақи сүйіп өтсін» деген ойдан туындаса керек. Қазір ондай уақыт емес. Дүниеге келген нәрестенің кіндігі перзентхананың қан-жынына араласып, қай қоқыста қалатыны бір Аллаға ғана аян. Бірақ сәбидің кіндігіне жоқшы болмай-ақ, ес жиып, етек жапқаннан-ақ әрбір жасөспірімді елімен, жерімен етене таныс етіп өсірсек, атамекенге деген сүйіспеншілікті бала кезінен сіңірсек, оның өзі де – аз шаруа емес...

Оймақтай ой
Мақалада қозғалған жайттарды түйіндей келгенде, мынадай бір ой туады. Яғни жуық арада «Қазақстан Республикасы балаларының денсаулығын түзеу мен демалысын ұйымдастыруға мемлекеттік қамқорлық жасау туралы» арнайы заң қабылданып, жасөспірімдердің танымдық туризміне, жазғы демалысына қатысты келелі мәселелер шешімін тауып жатса, ол бір ұлағатты іс болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста