Қара гитара асынған қырдың қара баласы
Бүгін қазақтың тұңғыш бард әншісі, талантты ақын, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Табылды Досымов тірі болса, 46 жасқа келер еді. Мұқағалидың жасындай ғана ғұмыр кешкен арда туған айрықша дарын иесінің жан-жүрегін жарып шыққан шымыр да шыншыл шығармалары бүгінде әр қазақтың көкейінде сайрап тұр.
Өзіне-өзі сыймай кеткен ақын өзін түсініп, қабылдайтын ортаны армандады. Бірақ талайлы тағдыр Табылды тасада қалдырды. Ол ұлтымызға тән көне жыраулық дәстүрді жаңаша жаңғыртқан қазақтың тұңғыш бард ақыны еді. Сонымен қатар ол талантты әнші, шебер орындаушы еді. Десек те, оның әндері шартарапқа таралып, шырқалып жатты. Алайда қара гитара асынған қырдың қара баласының арманы тым биікте еді. Бұған қоса, ол көп өнерпаздарға жасалынып жатқан сый-құрмет пен марапаттарды да көрмеді. Әйтсе де ел білетін Табыл пендәуи дүниелерден биік тұрды. Мінезі де Махамбет бабасындай өршіл еді. Шығармашылық қуаты мол бола тұра ол аз жазды, аз жазса да, саз жазды.
Оның туындыларына үлкен сахналар мен эфирлерден орын берілмесе де, тамаша әндері мен өлеңдері ауыздан-ауызға тарап, ел жүрегінен орын таба білді. Қаламдас достарының айтуынша, ол қашанда әділетсіздік пен сатқындыққа жаны қас болып жүретін ақиқатшыл жан еді. Біреуге жалпаңдап, қолында билігі барларды жағалаудан бойын аулақ ұстайтын. Кейде баладай аңғал болса, кейде данадай кесек-кесек ойлар айтатын. Ол өмір бойы Алматыны аңсап өтті.
Алыстағы қараша ауылдың күйбең тіршілігі оны үлкен ағыстардан бөліп әкетті. Дейтұрғанмен де Табылдың талантын танып, оған көзі тірісінде де қолдау көрсеткен ер-азаматтар да кездесті. Солардың бірі, қазақ руханиятының үлкен жанашыры, қайраткер азамат Иманғали Тасмағамбетов болды. Ол ақынның тұрмыстық жай-күйіне де болысып, өзі туған аудандағы мәдениет саласының тізгінін де ұстатты. Табылдың үнемі жанынан тастамайтын қара гитарасын да Имекең шетелден арнайы тапсырыспен алдыртып беріп еді. Шығармашылық белесінің алғашқы кезеңі оны «Махаббат жыршысы» ретінде танытса, есейгендегі екінші кезеңінде ол елдің сөзін сөйлеп, шындықты шырылдап айтуға талпынды. Бертіндегі шығармаларының саяси-әлеуметтік астары мол болды. Жас кезіндегі ән-өлеңдері лирикаға негізделгенімен, өсе келе оның шығармасы халықтың мұң-мұқтажымен астасып, азаматтық бағытта өрбіді. Шығармаларының өзегінде ащы шындық пен замани зар жатты. Онысы кейбіреулерге ұнай да қоймады. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, ендігі біздің парызымыз осы бір аяулы азаматымыздың қалған мұрасын жинақтап, кейінгі ұрпаққа аман-есен жеткізу. Бұл ретте біраз шаруалар қолға алынып та жатыр. Алайда ақиқатқа шөлдеген ақынның жүрегі қанша аласұрғанымен, айналасына сыймай кетті. Ауылда туып, туған жерінде елеусіз ғұмыр кешті...
Талантты дер шағында бағалай алмайтынымыз өтірік емес. Күні кеше атын естісек те, затына үңіле қоймап едік, Табылдай талантты да кеш бағалап жатырмыз. Бір өкініштісі, біз Табылмен енді табысып жатқандаймыз. Қазақ жастарының көбі оның бардтық әндерінің сырына жаңа-жаңа үңіле бастағандай. Қайталанбас дарынның ерекше қасиет-қырлары әл-әзір құпиясын аша қоймас. Ақынның шындығы шығармасында болса керек.
Біз Табылдың қаламдас достарына хабарласып, аз-кем естелік-толғаныстарын жазып алған едік.
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...
Бағасын алмаған бард
Табыл – қазақтың ән жазирасында ерекше құбылыс болып келіп, сол жұмбағы шешілмеген күйі өмірден тым ерте кетіп қалды. Ол өз биігіне ерте көтеріліп, ғұмырының соңына дейін сол биіктіктен төмендеген жоқ. Қарапайым жұртшылық оның шығармасымен жақсы таныс болғанымен, тірі кезінде ол шынайы бағасын ала алмады. Өнер ортасынан жырақтау жүрсе де, оның бір жақсы қасиеті – ел ішінде елеусіз жүрген жас дарындарға үнемі қолдау жасап, соларды жарыққа шығарып, халыққа таныту жағына аса мән беретін. Тағы бір қасиеті – елдің әр түкпірінде жатқан талантты ағаларын өзі іздеп барып сәлем беріп, дәмдес-тұздас, сырлас болып қайтып жүретін. Бірде Жазушылар одағындағы ақын ағамыз Ғалым Жайлыбайға жолығып, атақты бард әнші Қорабай ағамызға барып қайтайық деп қолқа салыпты. Барған күннен бастап әңгіме-дүкен құрып, ән айтып, біраз шер тарқатысады. Ғалекеңнің айтысына қарағанда, қайтар күн таяғанда түннің бір уағында Табыл ұйықтап жатқан жерінде жоқ болып шығады. Сөйтсе, ол өз бөлмесінде ұйықтап жатқан Қорабай ағамыздың қасына отырып алып, бетіне үңіліп, ойлана қарап отыр екен. Мұнысы несі екен десе, Табыл: «Ұзақ жылдардан бері ағамызбен бір дидарласайын деп жүр едім, соның сәті енді түскеніне разы болып отырмын. Ертең ауылыма кетемін ғой. Енді қашан көрісеміз, бір Құдай біледі», – депті. Міне, осындай да жұмбақ мінездері бар еді. Оның қазасы көптің қабырғасын қайыстырып кеткені анық. Әйтсе де артынан сыршыл да мұңды, отты да уытты өлең-жырларын қалдырып кеткен ақынын халқы ешқашан есінен шығармайды.
Жұмабай ҚҰЛИЕВ
Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,
Бір күні қу жаныңды бұйымшылар.
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар...
Өр тұлғалы ер еді...
Алдаспандай жарқ етіп көрінген бард ақын Табыл Досымов соңынан аз да болса мазмұны терең, шынайы шығармаларын халқына аманаттап кетті. Өр тұлғалы ерінен айырылған елі оны әрдайым сағынышпен еске алмақ. Біз қанша айтып, жазғанымызбен, оның бойындағы таланттың сан қырлы жұмбағын шеше алмаспыз. Ең бастысы, оның артынан ұрпағы, іздейтін елі қалды. Әттең, Табылды сынды тарландарымыз өмірден лайықты сый-құрмет көрмей-ақ кетті. «Тірі адам тіршілігін жасайды» ғой. Табылды білетін ел-жұрты мен достары және оның өнерін жоғары бағалайтын ел ағалары мен атымтай жомарттар қолдау көрсетіп, ақын жерленген жерде мазар тұрғызуда. Алда әлі де болса Табылдың ән жинақтары мен жыр кітаптары жарық көрмек. Табылдың әндерін тыңдап, өлеңдерін оқып отырсаңыз – көп сұрақтарға жауап тауып алуға болады. Қасында жүргенде адам адамның қадірін біле бермейді екен. Не де болса Табылдың бергенінен берері, айтқанынан айтары көп еді. Оның арманы өз ішінде кеткен сияқты. Құдай қаласа, халықтың ішінен Табылдың ізін басқан талай таланттар өсіп шығатынына кәміл сенемін.
Бижан ҚАЛМАҒАМБЕТОВ
Табылды Досымов:
Жыраулық өнердің бізге жаттығы жоқ
– Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің қазаққа да жаттығы жоқ. Бардизм португал халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алса керек. Кеңес Одағының тұсында жайлап орыстарға жеткен, содан бүкіл Одаққа тарады. Расында, бұл жанрмен алғаш шыққандардың бірі және танымал болғаны Владимир Высоцкий болатын. Жұрт жақсы қабылдамаса, Высоцкий сондай атақты болмас еді ғой. Бардизмнің ең басты ерекшелігі – өлеңнің мәтіні бірінші орында тұрады. Демек, мұнда әуен өлеңді халыққа жеткізетін көмекші құрал ғана. Бұл өнерге қазақ оқшау қарамауы керек деп ойлаймын. Ерекше бөліп айта кетерлігі, көше әндерін, авторлық әндерді орындаушылар өздері шығарған әнді мәтінімен айтады. Бұларды бардистер деуге келмейді, оларда, негізінен, әуен бірінші кезекте тұрады. Сөзінде мән бола бермейді. Айырмашылық – осы. Жалпы, халыққа жеткізгісі келгенін әуенмен беру бізде бұрыннан бар деп айтуға болады. Сонау ғасырдан ғасыр асып жеткен жыраулық дәстүрімізде, өткеннен мұра болып қалған айтыс өнерінде де өрілген өрнекті сөзді әуенмен жеткізу бар. Сондықтан бард – қазақтан алшақ ұғым деп айта алмаймыз. Айырмашылық – тек аспабында ғана. Қазақтар домбырамен, қобызбен сүйемелдесе, нағыз бардтық шығарма гитарамен айтылады. Кешегі жаугершілік заманда да халыққа, батырларға рух берген осы сынды әндер ғой. Ақын жүрегіндегі қаһармандық сөздерін осы арқылы жеткізді. Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің ешкімге де жаттығы жоқ. Ол бізге тән емес немесе басқа халықтікі деп бөліп қарасақ, ұтыламыз.
«Алаш айнасына» берген сұхбатынан 25 сәуір, 2009 жыл
Мәңгі бақи мекенімді табу үшін Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем бақұлдасып сендермен.
Махаббаттың жыршысымен қалу үшін қоштасып,
Қабіріме келер талай қос ғашық...
Тағдыры туған ауылына байланған
Мен бір үйдің кенжесі, ал Табыл бір үйдің жалғыз баласы болды. Қазақтың талантты ақыны Жарасқан Әбдірашевтің екеумізге деген ықыласы ерекше болатын. Біз жас күнімізде Алматыда бірге жүргенімізбен, кейін тағдыр Табылдың туған топырағына қайта оралуына тура келді. Қара шаңыраққа қарайлап, ата-анасына болысып, ел ішінде өмір сүрді. Жақсы әндерімен өз тыңдармандарының жүрегін баурап алған Табылдың есімі Алматыдан бірден жарқ етіп, қалың елдің ортасына тарап кетті. Бірақ оны тағдыр ауылымен біте қайнастырып, өз ортасынан бөлектетіп жіберді. Табылға ешқандай атақ-мансаптың да керегі жоқ еді. Оның алаң көңілі ылғи да Алматы жаққа алып ұшып тұрды. Кезінде Иманғали Тасмағамбетов Атырауда әкім болып тұрғанда оған көп қолдау жасағаны белгілі. Білуімізше, Имекең Табылдың пәтер сатып алуына біраз қаржы-қаражат бергізген. Содан ол Алматыға көшіп келмек болады. Бірақ тағдыр оны қайтадан туған ауылына алып келеді. Өзге әнші, ақындардай ол үлкен сахналарда кештері мен концерттерін өткізе алмады. Оны қарапайым халық білгенімен, ресми тұрғыда тиісті бағасын алмады. Енді Табылдың екінші ғұмыры басталды. Ол армандаған дүниелер енді жүзеге асатын болмақ. Бұл тарапта біздер, қаламдас достары, белгілі бір жағдайда өзімізді кінәлі сезінеміз. Қаншалықты өкінішті болса да, ендігі парызымыз – Табылдының мұрасын келешекке жеткізу.
Әубәкір Смайылов
Өмірдерек
Табылды Досымов 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор ауылында туған. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. 1983-85 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтеген. 1990 жылы Атырау телерадиокомитетіне арнайы жолдамамен келіп, жаңа облыстық телевизияның құрылуына атсалысқан. Бұдан соң облыстық Н.Жантөрин атындағы Мемлекеттік филармонияда шығармашылық жұмыспен айналысып, кейін Индер аудандық тіл басқармасының басшысы болып, облыстық Махамбет қорына жетекшілік етті. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.
Ұнатады шыңда
көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден
бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым,
әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем
бір тауды?!
Аманатшыл азамат
Мен Табылмен сонау абитуриент кезінен жақсы таныс болдым. Сол кездегі Алматыда бірге жүріп, қатар оқыдық, бірге пәтер жалдап та тұрдық. Табылдай талантпен табыстырған сол жылдарды бүгінде өзегім өртене сағынышпен еске аламын. Ол әркез қатарластарынан ерекшеленіп тұратын. Әдетте өнер адамдарына тән бір ортақ мінездер болады. Бірақ Табыл мүлде бөлек жаратылыс иесі еді.
Ол нағыз шығармашылық адамы болса да, қолынан көп іс келетін. Әсіресе шаруаға икемді болды. Бірде жалдап тұрған шағын үйіміздің пеші істен шығып, дұрыс тартпайтын болып қалды. Біз «енді қайттік» деп абдырап тұрғанда Табыл сол ескі пешті бұзып, қайта салып берген еді. Бұған қоса, басқа да бір дүние бүлінсе, оны өз қолымен жөндеп, сынықты бүтіндеп жүретін. Өзі бір аманатшыл азамат болатын. Өзгелерден алған қарыздары мен басқа да дүниелерін қойын дәптеріне түртіп алып жүретін. Реті келгенде сол қарыздарын қайтарып отыратын. Серілік пен серуенге бейім болғанымен, мұсылманшылыққа келгенде өте тиянақты еді. Ерте есейген жігіт болғандықтан ба, өмірден көріп-білгені, санасына түйгені мол еді. Табыл өзінің ең танымал әндерін негізінен студент шақтарында-ақ шығарып, шырқап жүрді. Біз де оның талай әндерінің алғашқы тыңдаушыларының бірі болып едік. Өмірге кезекті бір әнін алып келерде ол күні-түні ішінен белгісіз бір әуендерді ыңылдап, мазасыз күй кешетін. Кеш жатса да, бәрімізден бұрын таң бозынан ұйқысынан оянып алып, әлгі бірер күн бұрын ыңылдап жүрген әнін гитараға салып, дауыстап айтып отыратын. Өзі көбіне басына баяғының батырлары мен серілеріндей орамал байлап алатын. Еркін жүріп, еркін тұрғанды ұнататын. Оның әндері сол кездегі жастардың арасына тез тарап кететін.
Ол өзі туған өлкенің әрбір адыры мен қырын бес саусағындай жақсы біліп қана қоймай, кіндік кескен жұртын шексіз сүйе білді. Ел мен жер тарихын зерттеп, зерделеп, ел ішінен шыққан ақындар мен батырлар жайында тың деректер жинап жүретін. Ауылына барған құрдастары мен жақын адамдарына қалжыңдап, «Мына адырды саған сыйладым. Енді оны сенің атыңмен атайтын боламыз», – дейтін риясыз жымиып.
Болатбек ҚОЖАНОВ
inder bard@mail.ru
Жалғыз бардтың миллиондаған тыңдаушысы бар екен
Табыл Досымов дүниеден өткеннен кейін елдің түкпір-түкпіріндегі өнерсүйер қауым, әсіресе жастар, интернет кеңістігінде арнайы қауымдастықтар құрып, блогтер жүргізіп, ақынның шығармашылығына ерекше ден қоя бастады. Табыл жайлы дерек іздеп ғаламторға кірсеңіз, жалғыз бардымыздың миллиондаған оқырмандары мен тыңдаушыларының барына көзіңіз жетеді. Олар ақынның мұрасын өздерінше жинастырып, әндерінің mp3 нұсқасын сайттарға орналастырып, өлеңдерін топтастырып жүр. Білуімізше, Табылдың өзі де кезінде интернет арқылы әр қиырдағы жастармен табысып, хат-хабар алмасып, пікірлесіп тұрған. Ал ақынның ғаламтордағы inder bard@mail.ru поштасы бүгінде үнсіз қалыпта. Бірақ оның әндері мен жырлары қазақ көгінде мәңгі қалықтап тұра бермек.
Оқырман назарына әр кездері Табылдың жеке электронды поштасына және өзге де желілерде (my.mail.ru /community/tabildi/) жарияланған пікірлердің бір парасын ұсынып отырмыз.
***
Жайлы БАЛТОҒАЕВА:
– Табылдың өз өмірі туралы Индерден білуге болады, өнерінің өмірі Алматының көшесінде, КазГУ-дың құшағында, Жайықтың жағасында қалды арман боп.
Тағдырын тіршілікке жеңдірген, өнері тұрмысына тәуелді болған таудай Табылдың өзі де, шығармашылығы да осылай ерекше – ауыз әдебиеті сияқты жинап аласың. Таланты ерекше, ешкімге ұқсамайтын азаматтың жұлдызы неге жанбады? Түсінбеймін... Ендігіміз күмәнді, себебі, Табылдың өзі айтқандай, «Тірілерді танымайды өлгендер»...
***
Тарас НАУРЫЗӘЛІ:
– Табылды Алматыдағы өнер ортасы әркез жоқтап, өз орталарына шақырғанымен, ол қартайған әке-шешесін қия алмай ауылда қалып қойған еді. Ал өзінің туған Атырауы оны көптеген осындағы өнер өкілдерімен салыстырғанда елеусіз қалдырды. Себебі оның тарпаң жылқыдай жүген-ноқтаға көнбейтін мінезі көп адамға ұнай бермейтін. Бір тарихи деректерде ең соңғы тарпаң жылқының 1879 жылы атып өлтірілгені айтылады. Бәлкім, Табылдай ақындар да тарпаңдардың соңғы тұяғы ма?
***
Зәкәрия СИСЕНҒАЛИ:
– Табылды – тағдырлы ақын. Сыршыл да, жыршыл да жүрек заманның заһарына, қатыгез жандардың қаһарына шыдас бермей, өзінен бұрынғы Төлеген, Мұқағали, Жұмекен ағаларының жолын құшты.
Той-думанмен жүргенде сауықпенен,
Тірлік-теңіз үстінде ауып кемем.
Сол зұлымдар тағы да бір тасадан,
Шыға келетіндей боп қауіптенем, – дегенді неге айтты, кімге айтты, қайран ақын?..
Бетті дайындаған Алмат ИСӘДІЛ