Қарабастың ерлігі
18 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысына қарасты Семей қаласы Абай ауданының Саржал аулында туған өлкені жоңғар басқыншылығынан қорғаған Қарабас батырдың рухына бағышталып ас беріледі. Осы істің басы-қасында жүрген Сырым Қалиұлы – батыр бабамыздың тікелей ұрпақтарының бірі. Өмір бойы экономист болып еңбек еткен Сырым ата осы орайда әңгіме тиегін былайша ағытты.
– Тобықты жұртына әйгілі болған Мәмбетей елінің батыры Байғазыұлы Қарабас батыр мөлшермен 1725 жылы туып, 1810 жылы қайтыс болған, яғни ХVIII ғасырда өмір сүрген.
1723 жылдардағы қалмақтың екінші жойқын шабуылы қазақты «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқаны белгілі. Тобықты жұртының басшылары Кеңгірбай би, Қараменде би, Көбей билер мен қолбасшылары Мамай, Тоқтамыс, Қарабас т.б. батырлар ақылдасып, Шыңғыстауды иемдену үшін қоныстануды Шағанның аяғынан бастау керек деп ұйғарысады. Біріншіден, Шаған бойына шашырай орналасқан уақ, қыпшақ, арғын жұртын кимелей ығыстырып, Мәмбетей, Үмбетей, Құлық, Ырыс, Қаржау аталардың Көкен тауына орнықтырады.
Сол уақыттарда бір-біріне ынтымақты, бірлігі мықты жұрт қоныстана бастаған жерлеріне ие болуды Қарабас батырға тапсырып, одан әрі жылжи береді. Жолға шығар алдында Қараменде бидің: «Мен отау болып өріс алайын, Кеңгірбай би үлкен болып Шыңғыстаудан қоныс тепсін», – дейтіні сол екен.
Қарабас батыр Мәмбетей елін қоныстандырып, жаудан қорғап, інілерін батырлыққа тәрбиелеген. Тобықты елі жер алып, әбден қоныстанғанша, барлық малына ие болып, жер алу, қоныс тебу жолындағы жорықтарға тобықты жауынгерлерінің ат-азығын, елдің сауын малын, соғымын қамтамасыз етіп, тірек бола білді. Мәмбетей руының береке-бірлігін арттырып, ұдайы басын қосып, ер-жігіттерін соңына ерткен батыр Қарабас қартайған шағында өзінің тәрбиелеген інісі Жанан батырға толықтай жолын беріп, ел-жұрт, жер-суына иелікті тапсырады. Күндердің күнінде Жанан батыр өзінің әскерін көп адыр ішінде жаумен соғысудың амал-тәсілдеріне жаттықтырып жатқанда, өзі жіберген екі шолғыншысы әскер дайындығы жүріп жатқан жерден 4-5 шақырымдай жерде жоңғарлардың үлкен әскерін көреді. Терең ойпатқа орналасқан көлдің дәл жағасындағы жарқабаққа жеткенше ол көрінбейді. Сол сәтте үстінен түскен шолғыншыларды байқап қалады да, дереу қозғала бастайды. Шолғыншылар хабарды жеткізген бойда Жанан батыр азғантай жасақпен жауға шамасы келмейтінін біліп, ағасы Қарабас батырға дереу хабар жібереді. Қарабас батырлар келгенше жау жақындайды. Сол кезде шыдай алмай, жас Жанан азғантай жасағымен жауға қарсы шабады. Аты болдырып, өзінің діңкесі құрығанша күресіп, талай жауды жайратып, оларды ілгері жібермей ұстайды. Сөйтіп жүріп, өзі де, аты да жаралы болып, бір дөң бетіндегі тастың үстіне шыға бере мерт болады. Батыр өлер алдында көп қиналып, ащы зар мен ыстық көз жасын төккен екен. Сол тастың бетінде батырдың көз жасы секілденіп күні бүгінге дейін үнемі мөлтілдеп су тұрады. Ол не тартылмайды, не шарасынан асып, ағып та кетпейді. Жалпақ тастардың ойығындағы мөлдіреген суды аталарымыз «Жананның көз жасы» деп атайды. Бұл Қаражыра көмір кенішіне бұрылар тұста кездеседі. Сол дөңге шыға берістегі жалпақ тастағы атының ізі, денесінен тамған қаны әлі күнге дейін қап-қара болып өзгеріссіз сақталуда.
Хабарды ести сала, Қарабас батыр жинаған қолымен қазіргі өзінің атымен аталып қалған Көкен тауының күнбатысындағы Ащысу өзенінің бойындағы дөңге келеді. Кескілескен ұрыста жауды жеңіп, қатты жараланған Қарабас батыр қайтыс болады.
Қарабас батыр жерленген қазіргі «Қарабас егін қырманына» 1958 жылы менің әкем Қали Әймышұлы бастаған Байғазы балалары, батырдың ұрпақтары арнайы құлпытас тұрғызды. Ол кезде мен 11 жаста едім. Сол уақытта батырдың қолшоқпарын өз көзіммен көрген едім.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» дастанында айтылатын Байғазы біз әңгімелеп отырған Қарабас батырдың әкесі болған. Сол Байғазының 15 жастағы сұлу әрі ақылды қызы Мамыр туралы жырда айтылады. Үлкен адамдар Қарабас батырдың қатысуымен алынған жерлер жайлы мағлұматтарды үнемі айтып отыратын. Кейін жігіт ағасы болған уақытта сол деректердің кейбіреуін қағаз бетіне түсіруге тырыстым. Қарабас батырдың қатысуымен алынған жерлер: Көкен тауының шығысындағы Кеңгірбайдың тас үйгені тұсынан бастап, осы Қарабас алқабы, Семей-Саржал тас жолы бойындағы Жырық, Жанан, Аяқшат, қазіргі Қаражыра, Жел-Ши, Шүрек батырдың зираты, Шөладыр бұйраттары мен Сұңқар биігі, Айнабұлақ, Самай биігі, Сарышоқы, Ащысу бойындағы Сартай Төренің зираты, Шөптіқақ көлі арқылы жайлауға шығатын жерді қамтитын кең өңір.