Қарагөз Сүлейменова өзінен 16 жас үлкен актерге қалай ғашық болғанын айтты
Ол туралы:
«Айналайын, Досхан, бұл рөлді Шәкен Айманов сомдағанын көрген адаммын, кем түспегеніңе қуандым..»
Ғабит Мүсірепов ( «Ақан сері – Ақтоқты»)
«Айналайын, Досхан, дүниеге маңдайыңнан сүйетін-ақ кино әкеліпсің…»
Ақселеу Сейдімбеков («Біржан сал»)
«Шынымды айтсам, сахнадағы Ақан – Досханды алғаш рет қатты қызғандым. Ақан–Досхан да жап-жас, Ақтоқты–Райхан (Қалиолдина) тіпті сұлу, сымбатты, тәкаппар…»
Қаракөз Сүлейменова
Тізе берсек, бұл ұзақ-сонар пікірдің соңына жетпеспіз. Біз әдеттегі үрдісімізбен ендігі әңгімені актердің сүйген жары, қазақтың қайраткер қызы Қаракөз Асқарқызымен жалғастырдық.
Сол күні Алматының кеші де қоңыр тартып тұрды. Алқызылданып батып бара жатқан күннің жып-жылы, жанға жайлы реңі кенеттен қарсы отырған актер жарының жүзіне ауғандай, әдемі бір кейіпке енген кейіпкеріміз өткенге аса риза қалыппен әңгіме бастады.
– Шынымды айтсам, мен Досекеңді алғаш рет он екі жасымда көрдім. Үнемі мектептен шыққан соң №5 троллейбуспен үйге қайтамын. Күнде көріп, күнде жүретін көшем болса да, терезеден даланы қызықтап, телміремін де отырамын. Бірде есіктен үстінде ұзын қара плащы бар, басындағы қалпағы ерекше жарасып, өзім кинодан ғана көрген актер кіріп келе жатты. Сол жылдары, яғни 1977 жылы шыққан «Бандыны қуған Хамит» ел арасында жағымды пікір қалыптастыра бастаған-ды. Көзім жыпылықтап, тірі актер көргеніме іштей қуанып , сол жаққа қарай беремін. Әрине, ол мені байқаған да жоқ, тіпті мен жаққа көз де салмады. Ішімнен « үйленген болар, бәлкім балалары да бар шығар» деген бір ой жылт ете қалды. Кейін ойлаймын ғой, қазақ «Он үште отау иесі» дегенді бекер айтпаған-ау, қыз бала бойжете бастағанда оның бойында да, ойында да әйелге тән қасиеттер пайда бола бастайды екен. Содан ол театрдың алдындағы аялдамадан түсті, ізінен мен де түстім. Өйткені біздің үй Мәметова көшесінің, яғни жастар театрының артында. Аялдамадан бірге түстік. Ол алда, мен артта, оның басқан ізін санап, қадамым жетпесе де, соңынан ілесіп келемін. Қызметкерлер кіретін есіктен сұлбасын ұзатып салып, сылбыр басып үйге беттедім.
Жалпы, мен бала күнімнен керемет пысық болдым. Жылдам, қолды-аяққа тұрмайтын, аузы жабылмайтын бала болады ғой, алғыр, тіл алғыш. Анам кейде маған ұзақ қарап отырып: «Құдай-ау, осы қызды шынымен мен тудым ба», – деп таңғалып отырушы еді. Ол кісінің табиғаты бөлектеу, ұстамды, сабырлы, жай, бабымен сөйлейді ғой. Ал мен шапшаңмын. Ол жағынан әкеме де, анама да емес, Айтотыма қатты ұқсаймын. Әкемнің анасы – Айтотым жарықтық, тез шешім қабылдай білетін, кез келген қиындықтың шешуін дәл тауып, кесек сөйлейтін кісі еді. Сондай пысық, ылдым-жылдым, шапшаң қимылдайтын, аузы мен қолы бірдей қимылдап жүріп-ақ талай шаруаны лезде тындырып тастайтын, отбасылық іс-шараларды ұйымдастыруға келгенде де алдына жан салмайтын, былай қараған кісіге кірпияздау болғанымен, өте ісмер кісі болды. Кесек сөйлейтінді.
Сол қылығымнан қорыққан ба, анам мені музыка мектебіне берді. Әлден мынандай пысық, он екі-он үшке келгенде ие бола алмай қаламын десе керек. Музыканы аса жақтырмасам да, ыңғайына көнбей көр?!. Бастауыш мектепті бітірген соң, жай қатардағы мектепке барғым келетінін айтып едім, тыңдаған да жоқ. Бала болып не лагерьге бармадым. Жібермейтін. Қалай жазғы демалыс басталады Ақмола облысындағы Астрахан ауданына, нағашыларыма жібереді.
Бірақ менің адам болып қалыптасуыма ауылдың әсері көп болды. Қазаққа, қазақ тіліне, қазақтың салт-дәстүріне жақындығым, әжелерім мен ауылдың тәлім-тәрбиесі, өнегесі! Оны үнемі айтып та жүремін.
– Сонымен…
– Сөйтіп жүріп мектеп бітіріп, театр және көркем сурет институтының режиссерлік факультетіне оқуға түстім. Алғырлығым, пысықтығым сонша, алғашқы жылыақ қазақ теледидарына қызметке тұрып, телережиссер Асқар Бапышевтің көмекшісі ретінде талай түсірілімдерге қатыстым. Әрі мамандыққа жақын жүремін, әрі өзім қажетіме жарататын ақшамды табамын. Сондай түсірілім тобымен бір аптаға, «Диагноз» телефильмін түсіруі үшін Үшарал жаққа жолсапарға жиналдық. Уәделескен жерге келсем, автобустың жанында сыптай болып киінген Досекең тұр. Іштей қуанып кетсем де, білдірмей амандастым да, алыстау барып, басқаларды күттік.
Шағын ғана автобуспен жолға шықтық. Ол кезде теледидарда қазақтар өте аз, оператор да, киім мен актерлерге грим жасайтындар да басқа ұлт өкілдері, көбі еврей халқы ғой деймін. Олар өздерін еркін ұстайды. Әсіресе, қыздары ашық-шашық жүреді, тіпті тоқтай қалған жерде көк түтіндетіп, мәре-сәре. Досханнан басқа тағы он шақты актер бар. Ол кез сексенінші жылдардың аяғы, қазақ теледидары телефильмдерді түсіруге машықтанып қалған тұс. Бірақ елдің әлеуметтік жағдайы аса мәз емес, әрине. Аудан орталығындағы шағын ғана қонақүйге орналастық. Түсірілім он шақты күнге созылды. Елдің бәрін ұйымдастырып, кімнен кейін кімнің шығатынын, қалай жүріп, қалай тұру керегін айтып, саңқылдап-сайрап мен жүремін. Байқаймын, Досхан мен жаққа жиі қарағыштайды. Ал мен байқамағансып, жұмысымды әрі қарай жалғастыра беремін. Бір-екі күннен кейін әйелдер өзара сөйлесіп отырып, «Досхан әйелімен ажырасып кетіпті» дегенін естіп қалдым. Біртүрлі көңілім құлазыды. Шынымды айтсам, ауырып қалдым. Неге екенін білмеймін, ішім алай-дүлей, мазасыз күйге түстім. Тіпті, қайтатын күні қызуым көтеріліп, басымды көтере алсамшы. Автобустың артқы орындығында сұлап жаттым. Қыздар кезек-кезек басымды алдарына қойып, ыңғайлы жатуымды қадағалап келеді. Ол кезде қайбір қазіргідей жайлы автобус дейсің, жол да оңып тұрған жоқ. Селкілдетіп, онсыз да ауырып тұрған басымды әлкі-тәркі етті. Сөйтіп жатып Досханға көз қиығыммен қарап қоямын. Ол да жиі қарағыштайды. Арасында қыздардан: «Қолдарың талмады ма, Қаракөздің басын мен сүйеп отырайын ба?» деп сұрап қояды. Мен қаншалықты қалап жатсам да, әлгі қыздар жолатпайды. Бір ауылға келген кезде демалып алайық деді ме, автобус тоқтап, ішіндегілер сыртқа шығып-шығып кетті де, Досхан менің жаныма отыра қалды. Басымды тізесіне емес, қолына қойған бойы, қалаға жетіп, үйге дейін сүйеп әкелгені, бас ауырғанын ұмыттырғандай әсерде болдым. Жазылып кеткендеймін.
Бұл – Досекеңді екінші рет көруім, бірге сапарлас болғаным. Әлгі телефильм көрсетіле бастағанда, жалақысына келіпкетіп жүрді. Жиі көріп қаламын. Бірде: «Алтын қыз, театрға шақырсам, келесің бе», – деді. «Әрине», – дедім жұлып алғандай. «Ертең «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымы болады, кел», – деп екі билет қолыма ұстатып кетті. Пысықтығымды қарасаңызшы, келесі айдың келісімшартын қол сөмкеме салып алдым да, спектакльден соң жолығудың амалы ғой, қасыма ағайындас сіңілімді ертіп театрға келдік. Үстімде әдемі көйлек, басымда әдемі орамал! Біз ғана емес, сол тұстары елдің бәрі театрға барын киіп, сәнденіп келетін үрдіс бар еді.
Залда үнсіздік. Спектакль жүріп жатыр. Досхан – Ақан, Райхан –Ақтоқты қандай! Екеуі де әдемі, жап-жас. Шынымды айтсам, бойымды тұңғыш рет қызғаныш биледі. Сахнадағы жүрісі, маңғаздығы, өзін ұстауы, сахна мәдениетіне әбден төселіп алғаны, еркіндігі, несін айтасыз, бәрі-бәрі ұнады. Ұзын бойлы, тіп-тік, көркем жігіт қой. Киген киімдері де жарасымды. Театр сахнасы мен кино әлемінде де атағы дүрілдеп тұрған кез. Жап-жас. Спектакль де бітті. Елдің ризашылығында шек жоқ. Актерлерді сахнадан жібермейді. Ал мен қызметкерлер кіретін жаққа қарай жылжыдым. «Досхан аға, спектакль өте жақсы шығыпты. Шақырғаныңызға рақмет! Егер уақытыңыз болса, мына құжаттарға қол қойып бере саласыз ба, ала келіп едім», – дедім. Ол да: «Ой, алтын қыз, әрине», – деп елпілдеп қалды да, мені гример бөлмесіне бастады. Онда Мәкіл Құланбаев, Айтжан Айдарбеков, Мұхтар аға Бақтыгереев, қазір есімде жоқ, тағы да бірер актер отыр екен. Қызу әңгіме болып жатса керек. Ол кезде әр спектакльдің соңы шағын кештерге ұласып кететінді. Қолымнан ұстаған қалпы, мені «Білесіздер ме, мына Қаракөз Асқар аға мен Алтыншаш апамыздың қызы», – деп таныстырды. Олар да маған бас изеп, құрметпен қарады.
Содан қаптаған қағазды біртіндеп ашамын, ол қол қояды. Арасында елжіреп қарап қояды. Басымдағы орамалыма, жүзіме аса бір мейіріммен қарайды. Қағаз да бітті. Қол қойылды. Отыра беруге ыңғайсызданып, орнымнан тұрдым да: «Аға, мен кеттім», – деп баспалдақпен төмен түсіп бара жатыр едім, бөлмеден атып шықты да: «Алтын қыз», – деді, мен жалт қарадым. «Сен маған ренжімеші, мен сені бүгін шығарып сала алмаймын» деді. Сол сәттегі кейпі әлі күнге көз алдымда десем, сенерсіз бе?.. Өйткені оның сол тұрысы, қимастық танытқан көзқарасы шынайы бір сезімді байқатты. «Басқа бір жерге баруым керек еді» – дегенінен керемет бір қимастықты көргендей болдым. Сездім. Оқыдым. Шынымды айтсам, бақыттан басым айналды. Сезімдеріміздің бір арнаға тоғысқанын сезінгендей, бойымды белгісіз бір қуаныш кернеді. Кешкі Алматымды қызықтап, біраз жерге дейін жаяу жүргенімді де сезбедім.
Тағы бірде Хирургия институтында түсірілім кезінде кездестік. Бір көріністе ұзын коридормен Райымбек аға Сейтіметов пен Досхан келе жататыны бар. Мен кадрдың сыртындамын. Жарасымды киініп алғанмын. Бірақ өтіп бара жатып, екеуі де мен жаққа жалт қарасты. Әсіресе, Досхан көз алар емес. Бұрын қазақи мінез-құлқыма ғана қарап, балалық қимыл-қозғалысыма қызықса, дәл әйел ретінде дәл сол күні көз тоқтатқанын кейін айтады ғой.
Қаракөз сонау алыста қалған, осыдан отыз жылдан аса уақыттағы бақыттың бастауынан қанып су ішкендей, алдындағы кеседен түрлі шөп қосындысымен дайындалған шәйін бір ұрттап қойды да, әңгімесін жалғастырды.
– Сол күні үйге шығарып салды. Екеуміз біраз жерге дейін жаяу келіп, баяғы №5 троллейбусқа отырдық. Одан кейін қазақтың талантты актрисасы Тұрақан апайдың үйінде жолықтық. Ол да бір қызық кездесу болды. Тұрақан апай театрдың жас актерлеріне шәй беретін болыпты да, мені қоса шақырыпты. Ойымда ештеме жоқ, өзіме қатты ұнайтын әдемі көйлегімді киіп, неге екенін білмеймін, сол кездері басымнан орамал тастамаймын. Апайдың үйіне келсем, Досханнан басқа ешкім жоқ. Абдырап қалдым. Апай дастарқанды жайнатып қойыпты. Үшеуміз ғана отырып, кешкі ас іштік. Қоюлатып құйып берген, сүт қатқан шәйін ішіп отырып, кеш қарая бастағанда қоштасып сыртқа шықтық. Тағы да жаяулатып келеміз. Кейін естідім ғой, апайға мені шақырыңыз деп өтінген Досхан екен.
Сол кеште алғаш рет құшақтады. Аялай сүйді. Сосын біраз уақыт үнсіз қалды да: «Алтын қыз, сен менің тағдырымды білесің бе? – деп сұрады. Мен де жұлып алғандай, «Білемін, бірақ ол бала мені қабылдамаса, біз ешқашан кездеспейміз», – дедім. Ол да, мен де үнсіз қалдық. Бірер уақыттан соң ғана, «Қазір үйге жүрші, орамал салайық», – деді. Мен селк ете қалдым. Келіспедім. Оқуымды бітіру керек болды.
Манадан бері, қазақтың талантты ұлы, өзінің сүйіп қосылған жары, ақтаңгер актер Досхан аға Жолжақсыновпен жұптасқан ғұмыры, бақытты сәттері қос жанарынан, алабұртқан жүзінен шиыршық атып отырған Қаракөз бір сәт жанарына келіп қалған жасты сілкіп тастады да, ойға батқан жүзін сыртқа бұрып әкетті. Әлдебір жүрек сыздатқан, жанына батқан сәті есіне түскенін ұғыну аса қиын емес еді. Мен де үнсіз ғана сыртқа көз жібердім.
– Ата-анамның ажырасуы мені тым ерте есейтті. Тоғыз жасар балаға, әсіресе қыз балаға бұл оңай соққы емес еді. Тоғыз жас нағыз балалықтың бал дәурені ғой. Аш-жалаңаш болмадым. Бірақ психологиялық тұрғыдан жеңіл болмады. Мен әкемді де, анамды да, екі адуынды әжелерімді де, екінші әкемді де өзім үшін ақтап алған адаммын. Себебі басқаша өмір сүру мүмкін емес еді. Себебі ол маңдайға жазылған тағдыр! Олардың мінездері, өмірге ді көзқарастары, олардың табиғаты, олардың өмір сүру дағдысы, ұстанымы әртүрлі. Оны түсіну маған оңай болмады. Өмір деген тек күлкіден ғана тұрмайды, өмір арпалыс, тартыстан тұрады. Қиындықтардан құралады. Өмір, бәлкім, сонысымен қымбат, сонысымен қызық! Өмірдің, ғұмыр кешудің осындай пәлсафалық қағидаларын ерте ұқтым. Екі адамның арасындағы сезімнің, махаббаттың, тіпті, сол шынайы сезім арқылы берілетін мейірімнің қандай болатынын Досханның құшағында тұрып алғаш сезіне, түйсіне түстім. Сондықтан да осы бір айқасқан құшағымыздың ажырамауын қаладым.
Бірақ сол күннен кейін Досекем бір апта хабарсыз қалды. Осы бір апта бір ғасырдай болды мен үшін. Санам сан саққа жүгіргені сонша, ойыма не келмеді десеңізші?! Мен әлгі өмірдің шынайылығы, махаббаттың тұрақтылығы, жалпы өмір сүрудің қызығы мен шыжығы – екі адамның арасындағы байланыс… бәрі-бәрі көңілімнен көшіп кеткендей күй кештім. Оның мейірлене қарағаны, аялағаны түсіме айналып кетер ме екен деп қорықтым. Кейін айтады ғой, «сондағы сенің еркін қимылың, құшақтағаныма қарсылық білдірмегеніңе бір жағынан жүрегім шайылып қалғандай болды», – дейді… Менің де шексіз сүйіп қалғаным сонша, ол ойлағандай ұялшақтық танытпай, құшағына еркін, қымсынбай енгенім, оның ішіне «алақұйын» тастаса керек. Сол аралықта Мәскеуге, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» кинофильмінің түсіріліміне кетті. Сағына бастадым.
Қыз бен жігіт болып ұзақ уақыт жүрмесек те, сағынып кездескен кездерім әлі есімде. Қол ұстасып қыдырған кештердің бірінде: «Әйеліңізбен неге ажырастыңыз?» деп сұрадым. «Біреумен көріп қалдым» деді. Өтірігі, не шыны екенін ажырата алмадым. Одан әрі маған да ештеңе керек емес еді. Өйткені маған дейінгі ғұмыр, тірлігіне оның да, өзімнің де бас қатырғым келмеді. Осылай тағдырымыз тоғысып, бас қостық, шаңырақ көтердік. Ол кезде мен жиырма бір, ал Досекем отыз жеті жаста еді. Ойлап отырсам, жарықтық әжем айтпақшы, жап-жас, бала екен ғой. Қазір ол орта жас, елдің сол жастағы балалары әлі күнге үйленбей, сұрбойдақ болып жүр.
– Досхан аға қандай әке, қандай ата, қандай актер?
– Күйеу деген түсінік бір бөлек, әке де бір бөлек, ата деген де бөлек, ал азамат деген түсінік бір бөлек, білген адамға оның жиынтығы – тұлға! Ал Досекеңдей халықтың ықыласына, құрметіне, махаббатына бөленіп, өнердің биік белестерін бағындырған азамат, ол енді тұлға ғана емес, бекзаттықтың үлгісі, тәлімі. Дегдар адам. Сондықтан болар, ол өте мейірімді, балажан. Олармен санасып, ақылдасып отырады. Біржан мен Бекзатты баласы емес, жақын досындай пікірлес, сырлас көреді. Артық қимылын көрсе, дауыс көтермей-ақ, түсінісіп жатады. Жекіп, ұрысып жататын сәттері сирек. Біржанды он төрт жыл бірге тұрып, үйлендіріп, бөлек шығардық. Төрт немереміз бар. Ал Бекзаттан бір немере, алты жаста. Қызымыз Ділдәні ерекше жақсы көреді, еркелетеді. Биыл Мәскеу мемлекеттік халықаралық-экономикалық институтына түсті.
Ал актер ретінде, менің жарым болғандықтан емес, шынымды айтсам, әрине үлкен-кіші актерлер ренжімес деп ойлаймын, Досханнан артық актер жоқ деп есептеймін. Осы жасына дейін алғаш «Бандыны қуған Хамит», «Бастау» мен «Гауһар тас» сынды әлі күнге құндылығын жоймаған қазақ киносынан басқа, екі жүзден астам кино, театр кейіпкерлерінің қайсысын алсаңыз да, Досханның өнерге адалдығын, бар болмысымен берілгенінің куәсі боларыңыз анық. Атаның күші мен ана сүтінен дарыған осынау қабілет-қарымы кейінгі жылдардағы ұлағатты ұстаздарынан үйренген тәлім-тәрбиесіне ұласып, өнердің биік тұғырына көтерілді. Олай дейтінім, ата-енем де өнерден құралақан жандар емес еді. Ал өнер айдынында аңызға айналған Асқар Тоқпанов, КСРО халық әртістері Шолпан Жандарбекова мен Хадиша Бөкеевалардан құралған мемлекеттік комисия алдында қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, өнер институтының студенті атанды. Одан кейін қазақтың кино өнеріндегі шоқтығы биік Абдолла Қарсақбаевтың назарына ілігуі де оның талантын ширай түскен.
Оның «Құнанбайдағы», әсіресе «Билер сахнасындағы» ойыны, анау Қодар мен Қамқаны дарға асамыз деп тұрғандағы «Қодардың туысқандары келіп тұр екен» деген жерінде, «Маған десе, атам Өскенбай тіріліп келсе де» деген диалогі керемет. «Біржан салдағы» Ләйлім екеуінің судан шығып келе жатып, Біржан – Досханның маңдайынан сорғалаған суды сілкіп тастайтыны… «Көшпенділерде» «Ораз, жылқыны таңдап бер» дейді ғой, сонда қақпадан шығып шауып бара жатқаны… аттан секіріп түскені… Бәрі ұнайды, жасандылықсыз, шынайы! Мен үшін ол түскен әр фильмде осындай өзіме қатты әсер еткен, ұнайтын кадрлары жеткілікті. Ал қырғыз ағайындардың қаншама фильміне түсті. Толомуш Өкеевтің «Алтын күз», Сүйменқұл Чокморовтың «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» фильміндегі Біржан салдың «Теміртасын» қалай шырқайды?.. Айта берсек, тізе берсек, бұл тізім жалғаса берері сөзсіз.
– Досхан ағаның үнемі гүл сыйлап жүретінін естіп, көріп жүрміз. Ал өзіңнің ерекше сый-кәдең бар ма?
– Иә, ол рас. Сөз басында айттым ғой, екеуміз қыз-жігіт болып ұзақ та жүрмедік. Бірақ талайлардың махаббатына куә болған әсем Алматының жазғы, күзгі бақтарында қол ұстасып талай қыдырдық, бірақ ешқашан гүл сыйлаған еместін. Жұптасқан отыз үш жылда үйге гүлсіз келгені сирек, үнемі құшақ-құшақ гүл әкеледі. Ал мен ешқашан шығарып салған емеспін. Бірақ қай жақтан, қашан, күннің не түннің қай мезгілі болса да, ұшақпен не пойызбен келсе де, үнемі қарсы алуға шығамын. Ол келетін күні қандай тығыз шаруа-тірлік болса да, алдынан шығып, күтіп алу үрдісі берік сақталған.
– Ұнайтын қасиеті?
– Қалжыңбастығы, тапқырлығы ұнайды. Жігерлілігі ұнайды. Арзан күлкі, арзан ойдан аулақ тазалығы ұнайды. Өте адал, тақуа кісі. Отбасын өте жақсы көреді. Талғамы биік. Өзінің де, менің де жақсы киініп, әдемі жүргенімді қалап қана қоймай, талап етеді.
Бүгінгідей қуаныш-жақсылық, әрине, оңай келмегенін де жасыруға болмас. Адам баласы өз өмірінде көрген қиындықтары, сәтсіздіктері арқылы есейеді, шынығады, ширайды, ширатылады, өседі. Бұл – заңдылық! Әр нәрсеге де қанағатшылықпен қарау керек, ал шыдамдылық, төзім жетпей жатқан жерде, ұйыған ұя да болмайды. Оның бәрін қиюластыратын, қалыптан шығармай берекесін кіргізу, ол – сенің міндетің. Өйткені бұл өмірге әйел болып келдің! Сол ерекше қасиеттеріңді бағалап, құрметтей білген, сыйлай білген, сүйе білген азаматтарымыз аман болғай.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Досхан Жолжақсынов жетпіс жасқа толды. Ол өзі айтатындай, «ішкі сыны» босаңсуға жол беруге болмайтынын, «өмір мен өнерде үнемі ақбоз ат мініп» жүрмейтінін терең жауапкершілікпен сезінген, парасатпен пайымдаған Тұлға! Бүгінгі ықшамдалып беріліп отырған Қаракөз ханымның ақтарыла айтқан әңгімесінен сұрапыл суреткердің қырсыры мол көп қасиетінің біршамасына ғана қанықтық.
Әңгімелескен
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ