Қарақат Әбілдина: Мен маймыл емеспін, табиғи болмысым осындай
Қазақтың киелі домбырасын асынып, талай қызға үлгі болған Қарақат Әбілдина Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында жұлдыз ауруына шалдыққан әншілер туралы пікірін білдіріп, соңғы жаңалықтарымен бөлісті.
Күні кеше отандық бағдарламалардың бірінде Ерболат Құдайбергенұлы, Мақпал Исабекова сынды әншілер журналистерге “зекіп” сөйлеп, өздерінің жұлдыз ауруына шалдыққанын білдірген-ді. Әншілердің бірі мұны теріс көрсе, енді бірі әр танымал адамның басында болатын кезең екенін айтып жатыр. Ал өнер жолында бірқалыпты жолмен жүріп келе жатқан Қарақат Әбілдина мұның заңдылық екенін айтады.
“Қыдекең айтпақшы, бір-екі адамғы қолтаңба беріп, суретке түскеннен кейін әншілер өзгере бастайды. Осыған орай, бір мысал келтірсем. Қыдекең өзі жасап шығарған жобаларына анализ жүргізіп отырып, Нұржан Қалжан есімді азаматты есіне алды. Әлгі жігіт – ауылдан келген қарапайым, жағдайы жоқ отбасының тумасы. “Аға” деп Қыдырға көмек сұрап келді. Жолдасым бейнебаянын да түсірді, альбомын да шығарды, үлкен сахнаға жетелеп өзінің продюсерлік міндетін атқарды. Нұржан Қалжанды халыққа таныстырды. Шамалы уақыттан кейін “Бұлбұл құсым” атты әні хитке айналып, барлығы продюсердің жоспары бойынша тамаша жүріп жатты. Күндер өте келе Нұржанның әртүрлі жерде еш ескертпестен өнер көрсетіп, қара нәсілді азаматтармен бейнебаян түсіріп жатқанын да естідік. Оның бұл әрекетін, әрине, продюсер түсінбеді. Артынша Нұржан Қалжанның өзі “Аға менің де сіз секілді Қыдырәлі Болманов болатын кезім келді ғой. Сіздің осы қолдауыңыз мен көмегіңіз жетеді. Ары қарай өзім жылжимын” деді. Күні кеше ғана көмек сұрап келген бала аз уақыт ішінде қатты өзгерген”, – деп кей жастың жұлдыз ауруына шалдыққанда дұрыс амандаса бермейтінін айтты.
Мұнымен қатар, әнші Әбілдина “Мен ешуақытта халық “уау” деп таңқалатындай асқақтап, жұрт назарына қатты іліккен емеспін. Алғаш сахнаға шыққан сәтімнен бері қарай бірқалыпты келе жатырмын. Өнердегі дамуым да, аяқ алысым да күтпеген жерден өзгерген емес. Барлығы да ретімен жүзеге асып жатыр”, – деп мұның барлығының продюсердің арқасында екенін жасырмады.
“Продюсердің жасап отырған еңбегінің, барлық стратегиясының арқасында өз жолыммен сатылап келе жатқан әншілердің қатарындамын. Сырт көз сыншы демекші, барлығы тайға таңба басқандай көрініп тұрады”, – деп ешуақытта жұлдыз ауруына шалдықпағанын жеткізді.
Әншінің көп сұхбатында адам менсінбей, өркөкіректеніп жүретіні туралы айтылады. Бұл жайлы өзінің пікірін сұрағанымызда “Қарақаттың тәкаппарлығы бар деп жазып жатады. Әр адамның табиғи болмысы болады, мен маймыл емеспін ғой. Халықтың алдында қандай болсам, ішкі дүние дәл сондай. Көзқарасымда Алла жаратқан салқындық бар екені рас. Ол табиғи нәрсе, мен оны қолдан жасап алмаймын. Әркімнің көңілінен шығуға тырысатын уақыт жоқ менде. Мен шынайы болмысымды жоғалтпауға барымды саламын”, – деп жасандылықты ұнатпайтынын айтты.
Жігіт қауымы әншіге студент кезінде жүзінің аз салқындығы бар екенін айтып, қарамауды өтінетін кездері де болған екен. Көптің тарапынан түрлі пікір айтылса да, Қарақат Әбілдина өзін тәкаппар адамдардың қатарына жатқызбайды.
“Өзім ашық, сыйласқанның құлы бола білетін, береген қолым алаған жанмын. Мені жақсы танитын достарым ортамыздың гүлі екенімді айтады. Тіпті мен болмаған жерде думан-той жоқ, сенің орның білініп тұрады дейді. Әрине, сырт келбетімнің салқындығы бар екенін жасырмаймын. Ешкіммен бет жыртысып, жанжалдасып жатқаным да жоқ. Қыз баласының жарқырай бергенінен, салмақтылау болғаны артық. Өнер жолында қатты күле берсеңде, көп қиындыққа кез боласың. Қыз балаға етек-жеңін жиып жүрген жарасады. Менің артымнан сөз ермейтіндігі салмақтылығымның арқасында болар. Ауылдағы кісімен ауылша, қаладағы кісімен қалаша тіл табысып, шақырған жерден қалмайтын, шақырмаған жерге бармауды жөн көретін қазақтардың бірімін”, – дейді әнші.
Әнші өзін салмақты санағанымен көпшіліктің олай ойламайтыны белгілі болды. Себебі біраз уақыт бұрын әншінің өзіне Иманғали Тасмағамбетовпен қандай байланысы бары жайлы сұрақ қойылған еді. Әрі бұл жайлы Қарақат Әбілдинаның жауабы көпшілікке өте қызық болған сыңайлы. Өйткені желі қолданушылары айтылған жауапқа қатысты түрлі пікірлерін айтып, үлкен талқыға салған еді.
Әнші жақын күндердің бірінде мектеп ашып, сәуір айының аяғында Нью-Йорк, Германия, Түркия сынды қала мен мемлекеттерге турнеге аттанғалы отыр.
Естеріңізге сала кетсек, Қарақат Әбілдина Мәжілістің шыға салып ән айтып, кете беретін сахна еместігін айтқаны туралы хабарлаған болатынбыз.