"Қарақшы боламын десең" теледидар қара...
Жаңалықтар тізбегін көргіміз келеді кешкісін. Алайда соңғы жаңалықтарды ести салысымен-ақ құйқа тамырларың шымырлай бастайды. «Анау жерде атып кетіпті, мына жерде шауып кетіпті» сынды бір сарынды ақпараттар. Ақпарат деуге ауыз барыңқырамайды. Тап бір ішкі істер органдарының қанқұйлы жаңалықтары, не болмаса «Қанды оқиғалар тізбегі» деп атаған дұрыстау сияқты. Ойпырмай осындайларды «көре көре көсем» болып, бүгінде жүрегіміз селт етпейтін болдық. Ең сұмдық деген елдің есін алатын масқара болып жатса да елең етпейтін дәрежеге жеттік. Оның бәрі де көгілдір жәшіктің арқасы. Талғамсыз, талғаусыз бере беретін, жоқ жерден сенсация жасағыш жаңалық жаршыларының арқасында. Расы осы.
Оған түрлі тақырыптағы «Қылмыстық оқиға ізімен» атты тағы бірнеше хабарларды қосыңыз. Қарақшы болуды «армандайтын» кейбір балақандарға қылмыскер болудың түрлі айла тәсілдерін соқырға таяқ ұстатқандай үйретіп отыр демеске амал кем. Расында бүгінгі теледидар ұстаздың ролін атқаруда...Телевизионщиктердің тілімен айтанда стэндап деген де бір әзірейіл. Ауыр, қайғылы жағдайлар туралы түсіргенде дәп соның қасында тұра қалып, «сүйіншілеп» жатады. Апыр-ау, онсыз да қайғылы жағдайда жылт-жылт етпей ақ экранның ар жағынан көрінбей-ақ айта берсе болмай ма? Әлде сәні келіспей ме? Осындай тым шектен шыққан қылықтарымен-ақ жиіркеніш туғызатынын солар түсінбейді-ау дейм. Бүйте берсе алдағы уақытта қайтыс болған адамның қасында тұрып стэндапшылайтын шығар бұлар?.. Осыдан аз уақыт бұрын Төле би ауданындағы бір ауылда бақуатты тұратын бір отбасының үйі тоналды. Сандықтың түбіне тыққан алтындары мен бір уыс ақшасын сыпырып кетіпті ұрылар. Содан әлгі жәбірленуші аудандық ішкі істер бөліміне арызданады ғой. Әншейінде ұрыны ұстамайды деп сыртынан әбден сыбайтын полицейлер бұ жолы жарады. Ұры алыстан келмепті. Үйінің арасында үй де жоқ ауыз ба ауыз отырған көршісі түсіпті ұрлыққа. Несиесін төлей алмай, одан қалса балаларына нан тауып бере алмай қиналған аяғы ауыр көрші келіншек осылайша қарызын жаппақ болған құсайды. Оқиға орнынан саусақ іздерін алған орган қызметкерлері көрші келіншекті тап басып тауып берген болатын. Сонда қараңғы деп кейбіреулер қолын шошайтып күлетін ауыл қазағы айтып еді «Ойбай-ау, шетелдің киноларынан күнде көрсетіп жатыр ғой, ең болмаса қолына қолғап киіп алып ұрламады ма?» деп. Ия, міне сізге теледидар-ұстаздың «сыйы»... Айтпағымыз «КТК» арнасынан апта сайын көрсететін Дина Төлепбергенованың «Астарлы ақиқат» бағдарламасының да атын ауыстырса дұрыс болар еді. «Ақиқат жалғыз...» деп басталатын бағдарламасында ақиқаттың астарына үңіліп жүрген әріптесіміздің де кейде қуып кететіні бар. Жын шайтандарды қуып, одан қалса әулие аралап, мистикалық әлеммен «байланысқа шығып», тіпті кейде кейбіреулердің көрпесін көтеріп көрсетпек болған кездері де жоқ емес. Соңғы кездері тіпті сенсация қуып, екеудің арасындағы айқай шудың айналасынан шықпай қалды. Үйге таласқан, балаға таласқан отбасылар аз ба арамызда? «Екеудің арасына есі кеткен түседі» дегенді ескерсек бұны көріп отырып, теледидардың тәрбие құралы болудан әлдеқашан-ақ алыстап кеткенін байқаймыз. Әрі осындай ұсақ тақырыптармен көрермендерін әбден жалықтырып болды демеске де лаж жоқ. Жуырда ғана елімізге белгілі бір сатира театры әртісінің отбасына қатысты сюжет берді. Қыз бен жігіттің танысқанынан бастап, табысқанына дейін егжей-тегжейлі жіпке тізгендей тізбектеп берді. Арасында монтаж жасап, тап бір деректі фильм жасағандайын қайтерсіз? Тілші қыздың аяғы ауырлап қалғанына байланысты «ол қай жерде болып еді?» деп сұрақ қоюдан да арланбады. Бұрынғы күйеуіне күйе жағып отырған келіншек те тартынбады. «Квартирада» дейді. Экранның аржағында аймаласқан екеудің сұлбасын көрсетеді. Монтаж болса да бер жақтағы көременді сендіріп бағуа барын салғандары көрініп тұр. Беріп отырған хабарларының бояуын қалыңдатып, көрерменін еліктірмек әрекеттері далаға кетті дей алмассыз. Осынысымен ресейлік әріптестерінің шаңын қауып қалмасты ойлайтын сықылды. Хош, көк көрпенің бүлкілін бүкіл көрерменге көрсетуде көздегендері не сонда? Түсінбедік. Өздері «қараңғы түсініктегі» деп ойлайтын қалың көрерменнің көзін ашып, жаһандану заманында өмір сүріп жатқанын миына тоқылдатып құю ма әлде? Әйтеуір азғынданған қоғамның абыройын одан бетер айрандай етпек ниеттері бары байқалады... Ал бір жолы тіпті қыздық перде туралы арнайы сюжет берді. Дина ханым көзі күлімдеп тұрып, «енді жыртықтың жайын сөз етсек...» деді. Сөйтіп тағы да «қараңғылау» көрерменнің көзін ашуға көмек қолын созды. Өзі «Саз әлемінде» сарапшы болып отырып «Кешіріңіз, сіз «Кешір мені» деп ән айтып тұрып неге күлесіз?» деп сын айтып, мін таққанда өзіміз жағамызды ұстағандай болғанбыз. Айпырмай, «Астарлы ма, астарсыз ба ақиқатында» Динаның өзі де қанқұйлы оқиғаны суреттеп тұрып, селк етпейтіні, тамашалаңыз деп тұрып көздерінің күлімдейтінін өзі де аңғармайды ма деген ой санамызды тілгілейді... Бұл ақиқатты жабылып іздеуге шақыратын әріптесіміздің хабарынан келтірілген бір-екі «сюжет» қана. Айта берсек әңгіме де көп, «ақиқат» та көп... Тоқ етері, онсыз да қан құйлы оқиғаларды көре-көре шаршаған сананы одан бетер сансыратпаса екен деген тілек.