«Қаражорға» қарттарға дем беруде
Семейдегі қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық әлеуметтік мекемесінде ерекше клуб ашылды. Клуб «Қаражорға» деген атқа ие. Бүгінде онда отызға тарта адам аптасына екі рет жарты сағаттан «Қаражорғаны» билейді. Ерекшелігі, сол биді тек қарттар ғана емес, жастайынан мүгедектікке шалдығып, арбаға таңылған өрімдей жастар да билейді. Тіпті араларында жасанды аяқ кигендер де бар.
Биді мекемедегі психолог мамандар жүргізеді. Тағы бір айтарлығы, қарттар үйінде төсекке таңылғандар үшін де жағдай қарастырылған. Бұл ретте мамандар әр палатаны аралап, оларға «Қаражорға» әуенін қояды. «Әуеннің кереметі сонша төсек тартып жатқан адамдардың өзі ести сала қуанып, дене бітімін барынша қимылдатқысы келеді. Қазір осы әуенге сай бейімделіп, денелерін қозғалысқа енгізе бастады» дейді мекеме қызметкерлері. Бүгінде «Қаражорға» тек қол-аяқ буындарын қозғалысқа келтіріп қоймай, адамдардың көңіл-күйін көтеруге де барынша көмектесуде.
Динара ҚОНАҚБАЕВА, клуб жетекшісі, психолог:
– Бұл кісілерге мекеме толыққанды көмек көрсетеді. Сондықтан қамқорлыққа алынған жандар жұмыс істемейді. Артық қимыл-қозғалыс жоқ десе де болады. Сондықтан біз би арқылы бұл кісілерді біраз қозғалысқа келтіруді жөн деп таптық. Клубқа келгенде отыз минут болсын терлеп, жаңағы іштегі энергияларын шығарады. Бізге келгенде мүлде қозғала алмайтын адамдар қазір аздап болса да қимыл-қозғалыс жасай бастады. Біз соған қуанамыз.
Бастапқыда «Қаражорға» биі қамқорлыққа алынған жандардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы үшін қолданылған екен. «Артынан олардың ауыр дертінен айығуына септігін тигізіп, өмірге деген құлшыныстарының артатынына көз жеткіздік. Сондықтан биді арнайы жаттығу үшін қолдануды жөн деп таптық» дейді мекеме қызметкерлері. Қазір де қарттар үйіндегі әр мереке «Қаражорға» биінсіз өтпейді. Қарттар мен мүгедектерге арналған мекемедегі таптырмас жаттығуды қаладағы басқа да әлеуметтік мекемелер қолданысқа енгізе бастапты.