«Қарқаралы басында»...
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп Мағжан ақын жырлағандай, қай заманда да әдебиетке жаңа лепті бір ғана жазушы емес, біртұтас буын алып келеді. Қазақ әдебиетіне қай заманда, қандай буын, нендей жаңалық алып келгенін айтып жату артық болар, тек 90-жылдардың жөні бөлек. Басты себебі – Тәуелсіздіктің келуі. Алайда осы тұста «Тәуелсіздік келісімен тәуелсіз әдебиет тудыра алды ма, олай болса, оның өкілдері кімдер?» деген сұрақ туындайды. Күні кеше «Қазақфильм» киностудиясының «Кино алаңында» қазақ әдебиетіне Тәуелсіздікпен бірге келген буын өкілі, бүгінде аты Алашқа әйгілі жазушы Дидар Амантайдың «Қарқаралы басында» атты проза жинағының тұсауы кесілді.
Аталмыш кітапқа Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы, «Мен сізді сағынып жүрмін» повесімен қатар 17 новелладан тұратын Post Scriptum әңгімелер жинағы және автор қаламынан туған мақалалар да еніпті. Айта кетерлігі, бұл жинақ – жалғыз емес, жалғасты, яғни бес томдықтың алғашқысы. Қалған томдарын автор әр жыл сайын біреуден шығарып тұрмақ ниетте.
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы:
– Дидарлардың буынын сонау 90-жылдары біздің әдебиетімізге жаңа үнмен келген Тәуелсіздігіміздің қарлығаштары деуге болады. Әдетте әдебиетте әр толқынға белгілі ат қойып алатын әдет бар, сол бойынша поэзиядағы осы Дидармен тұстас Маралтай, Әмірхандарды алтын көпір деп жүр. Дидарлар – осы прозадағы сондай қарқынмен келген адуынды буын. Бүгінгі жинағы – Дидардың әдебиетке келгелі көз майын тауыса ізденген еңбегінің нәтижесі және бұл оның жетістіктерінің алғашқы да, соңғы да баспалдағы емес.
Сатыпалды НАРЫМБЕТОВ, кинорежиссер:
– Қазір оқырман да, жазушы да тірі, бірақ ол екеуі де бұрынғымен тіпті салыстыруға келмейтіндей мүлдем өзгеше сипат алған. Қауырт тірлік, жұрттың бәрі асығыс, тіпті ойлануға да уақыты жоқ. Соған сай, жазушылар да оқырманның деңгейіне қарай бөлініп кетті. біріншісі – өзінің көрген-білгенін қалай бар, солай жаза салатындар, екіншісі – оқырманмен сырласып отыратындар, ал үшінші бірі элиталық деңгейде жазады. Деңгейі биік, әдебиет жүрегінің түбіне ұялаған осы үшінші топқа мен осы Дидарды жатқызар едім. Дидарды оқу үшін үлкен дайындық керек, яғни алдымен жаңа проза деген не, соны білу керек.
Сондай-ақ тағы бір жақсы жетістік – ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов алдағы жылы Дидар Амантайдың кітабын француз тілінде Парижде шығармақ ойда екен. Сондай-ақ автордың туындылары бүгінде қытай, неміс, түрік, ағылшын тілдеріне аударылуда.