«Қарындары шығып кеткен, беттері табақтай»: Ғалымжан Молданазар дәстүрлі әншілерді сынап тастады
Танымал қазақстандық әнші Ғалымжан Молданазар эстрада әншілері мен дәстүрлі әншілерге қатысты өз ойын айтып, қос тарапты да сынап тастады. Тележурналист Ләйлә Сұлтанқызының The Эфир жобасында қонақта болып, сұхбат берген ол әншілердің көбін жалқау деп отыр.
Ғалымжан ешқашан фонограммамен ән айтпайтын әнші. Тыңдармандары оны сол үшін де жоғары бағалайды. Ал, әншінің өзі болса фонограмманы «қылмыс» деп есептейтінін жасырмай айтты. Яғни, халықты ол өзге әншілер секілді алдай алмайды екен. Сондықтан да өзін эстрада өкілімін деп есептемейді.
«Шоу-бизнес ұнамайды, продюсерім жоқ, продюсер ұстамаймын. Ең жек көретінім - фонограмма. Егер ашық айтар болсақ, бұл тыңдарманды алдау. Әнші сахнаға шыққаннан кейін әнді өз даусымен орындауы керек. Бірақ, түсінбейтінім, халықтың да соған көңілі толатын сияқты, оларға артық ешнәрсе керек емес. Талап етпейді әншілерден. Сол себептен де әншілер өздерімен жұмыс істемейді, өздерін дамытпайды. Өйткені, халық қалап тұр соны, көңілі тоқ. Ал, егер халық қарсы болса, фонограмма керек емес деп талап қойса, әншілер де өздерімен жұмыс істейтін еді», - дейді Ғ.Молданазар.
«Жанды дауыспен ән айтып жүргендердің де кемшіліктері көп. Мәселен, дәстүрлі әншілер көп ренжиді, эстрада әншілеріне болсын, басқаларға болсын. "Сендер біздің дәстүрлі әнді ұмыттырып бара жатсыңдар" деп реніштерін айтады. Ол эстрада әншілерінің кінәсі емес, ол дәстүрлі әншілердің өздеріне салақ қарауы. Егер де өзінің дәстүрлі әнін сапалы бейнебан түсіріп, тыңдарманға дұрыстап жеткізе білсе ол өнерді де жаңғыртуға болады. Ал, олар қалай істейді? Сол баяғы киіммен, бір орында тұрып алып домбырамен әндерін айта береді. Еш өзгеріс жоқ. Көбінесе сапасыз дүниелер істейді. Ал, әрбір өнер пиарды талап етеді. Дәстүрлі әншілер болса ешқандай пиарға ақша жұмсағысы келмейді, барлығының қарны шығып кеткен, беттері табақтай. Қазір техника дамыған, адамды қызықтыратындай түрлі дүниелер түсіруге болады. Сол арқылы тыңдарманның жүрегіне жол табу керек. Сонда ғана жастар болсын, басқалар болсын, сіздің дәстүрлі әніңізді тыңдайды», - дейді танымал әнші.