Қасқырдың «некелесу мезетін» көргіңіз келсе, Бурабайға барыңыз!
Ақмола облысы әкімінің назарына!
Бурабай ауданы әкімінің, сондай-ақ Бурабайдағы хайуанаттар бағы әкімшілігінің назарына!
О заманда бұ заман, қасқырдың «некелесу» мезетін көрген жан бар ма? Әрине, құрметті оқырмандарымыз мұндайды көрмеген шығар. Ал біз көрдік. Алда-жалда жол түссе немесе арнайы демалу үшін Бурабайға бара қалсаңыз, сондағы хайуанаттар бағына бас сұға кетіңіз. Қасқырдың «некелесу мезетінен» басқа да небір шыжықты ақпараттарға сонда «куә» болып, ұяттан кірерге тесік таппай кетеріңіз анық.
Қала көшелеріндегі жарнамаларда кездесетін қателерге ренжуіміз бекер екен. Бурабайдағы хайуанаттар бағының әр аңның тұсына ілген тақтайшаларындағы (аңдардың қысқаша сипаттамасы жазылған – авт) сорақы қателердің жанында жарнамадағы жөнсіз сөздер жіп есе алмайды. Ол қателерді өрескел, сорақы десек, тым жақауратқанымыз болар. Ұлтты мазақтаудың, ана тілімізді қорлаудың масқара мысалы деген әлдеқайда дәлірек.
Бурабайға отбасымен демалуға барған жұрттың бала-шағасына көрсететін көп қызығының бірі – хайуанаттар бағы. Өткен жұмада солай қарай біздің де жолымыз түсті. Хайуанаттар бағына кірмес бұрын, алдындағы музейге бас сұқтық. Онда осы өлкеде кездесетін аң мен құстардың керемет шеберлікпен жасалған тұлыптарын көріп тәнті боласыз. Айтары жоқ, ғажап еңбек – келіп көрушілер үшін керемет танымдық дүние. Одан шыққан соң, сырттағы хайуанаттар бағына аяңдадық. Бірінші қорадағы жабайы ешкілер (тау ешкісі) екен. Жұрттың қолынан жем жеп үйреніп қалған-ау, жүгіріп келіп торға тұмсықтарын тықпалап, бірдеңе дәметіп жатқанын көріп, бала-шаға мәз. Одан әрі кербұғы, арқар, «Пржевальский жылқысы» атанып кеткен тарпаң, қодас, бір қорада тұрған ергежейлі жылқы (пони) мен қара есек, сосын түйеқұс – бәрін білгенімше балама таныстырып келемін. Жануарлардың жем сұрап торға тақау келгенін, шыбындап тұрғанын көріп, балалар риза. Олардың мәз-мейрам қуанышымен жүріп, бұл қатардағы жануарлардың ақпараттық тақтайшаларына мән бермеппін. Тек қырғауылдың тұсына келгенде ғана қазақша-орысша жазылған тақтайшаға көзім түсті. Ештеңе түсінбей, қайта оқуға тура келді. Айна-қатесіз былай деп тұр:
Қырғауыл
Жылысүйгіш құс. Орман әрі бидай мәдениетімен қоректенеді. Оңтүстікте мекендейді. 8-12 жұмыртқа салады, отырғызу уақыты 15-18 күнге созылады.
Кім не түсінді? «Жылысүйгіш құс» дегенді бірдеңе етіп түсінуге болар, ал «орман және бидай мәдениетімен қоректенеді» деген ше? Егер бар болса, сондай айрықша мәдениет – рухани азықпен ғана қоректенетін әулие қырғауыл ма десем, кәдімгі қырғауылдар. Бірақ жұмыртқаларын да 15-18 күн «отырғызады». Таңданғаннан жағамды ұстап әрі қарай жүрдім. Сөйтсем, біз кірген хайуанаттар бағының барлық құстары «жұмыртқа отырғызады» екен. Ол-ол ма, тауыстың біз білетін әдемі, көздің жауын алатын құйрығы құрсақпен ауысып кетіпті. Тақтайшасына былай деп жазып қойған:
Тауыс
Жылысүйгіш құс. Қандай да болсын қорекпен тамақтанады. Еркегінде өзіндік сұлу құрсағы болады. 8-10 жұмыртқа салады. Оны отырғызу уақыты 15-20 күн.
Жылаймыз ба, күлеміз бе? Әрі қарай жүрейік. Ең шыжығы қасқырлар тұрған тордың тақтайшасында жазылыпты.
Қасқыр
Орман-дала аумағында мекендейді. Жас жануарлармен қоректенеді. Некелесу мезеті қаңтар-ақпан айларында болады. 3-6 күшік табады.
Ал керек болса, қасқырлар адам бола бастаған ба әлде хайуанаттар бағының әкімшілігі қасқырларды «некелестіру» қызметін ашқан ба? Бұл не мазақ?
Оу, Бурабай деген шетелдік туристерді былай қойып, өз еліміздің азаматтары күн сайын ағылып келіп жатқан ең көрікті мекеніміз, мақтанышымыз ғой. Хайуанаттар бағының басшылығы сонда осында келген әрбір қазақты мазақтап, ана тілімізді қаншалық сорақылықпен қорлап тұрғанын білмей ме? Сірә, әкімшіліктерінде сөздің мәнін, аң мен құсқа қатысты қазақтың сөз қолданысын ұғатын бір қазақтың істемейтін болғаны ғой. Егер солай болса, саусақпен санарлық қана аң-құстың сипаттамасын таза қазақша жазатын немесе жазылуын тексертіп алатын адам таппағаны ма? Бірақ бүтін Көкшетаудан сауатты адам таппау мүмкін емес қой.
«Жұлын шашты» тарпаң, «даратұяқты, лақтайтын» арқар
Мұндай қателер басқа аңдардың тақтайшаларында да толып тұр. Мысалға, «Пржевальский жылқысы» деп жазылған тарпаң жылқының тақтайшасында оның жалын «жұлын шашы» деп бөссе, шұбар бұғының күйекке түсер мезгілін «қазан айында қудала басталады. Ұрғашылары бірінші төлін 2-3 жасында әкеледі» деп қуып кеткен. Шамасы, қасқырды «некелестірген соң», бұғыларды «құдаластырмақ» болған шығар. Ал арқарды «тау қошқарының бір түрі» дегені былай тұрсын, даратұяқтыларға жатқызып қойыпты. Оған қоса, бұл арқарың «қошқардың бір түрі» бола тұра, ешкіге ұқсап «лақтайтын» көрінеді.
Бұл не? Баяғы сол өздері қазақ бола тұра, қазақтың тіліне келгенде орысшаның сөзбе-сөз аудармасын жаздырта салатын, ешқандай ақтауға келмейтін арсыз салғырттық. Одан басқа ештеңе де емес. Әйтпесе хайуанаттар бағының басшысы да – қазақ. Билет сататын дүңгіршектің жанында тұрған қыз-келіншектерден: «Хайуанаттар бағының директоры кім, қазақ па?» деп сұрағанымда қазақ бола тұра олар да орысша жауап берді. Атын әлемге әйгілемей-ақ қояйын, өкінішке қарай, директоры қазақ екен.
Редакциядан
Жоғарыда айтылған тақтайшалардағы масқара қателерді біз әр қазақтың азаматтық намысын, ұлттық ұжданын мазақтау деп қабылдаймыз. Сондықтан егер бір ай мерзім ішінде түзетілмесе және редакцияға Бурабайға келушілерден кешірім сұраған ресми жауабы берілмесе, тиісті органдарға шағымдану құқығымызды іске асыруға мәжбүрміз.