Қасымның ән-жыр кешін өткізу үшін 110 жылдығын күту міндет пе?
Гүлбаршын Тергеубекова, әнші:
Мына «тәкаппар» дүниеге, тура сол дүниенің өзіне тартқан тәкаппар, паң мінезімен тіл қатып: «Танимысың сен мені, мен – қазақтың баласы!» – деп қасқая жырлау дәл сол тұста Қасым сынды өр ақынның болмаса, басқа ешкімнің қолынан келмесі анық еді. Мұқағали да ағасының сол ерекше мінезіне: «Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің әмбесінен Қасымның десі басым», – деп дөп басып, баға берген. Сондай ардақты тұлғаның ғасырлық мерейтойын былтыр Алаш жұрты дүркіретіп атап өтті. Ал биыл көктем туысымен Аманжолдың Қасымы қазағымен қайта қауышпақ. 17 мамырда өтетін Қасымның ән мен жыр кешінің өтуіне ұйытқы болып отырған бастамашы топтың төрайымы белгілі әнші Гүлбаршын Тергеубековамен сұхбаттасқан едік.
– Білуімізше, Қасым жырларынан негіз алған, жалпы әуенін де Қасым жазған әндер кеші елімізде бұрын-соңды болмаған көрінеді. Жауапкершілігі мен сыны да мол бұл бастаманы қолға алуыңызға не түрткі?
– Мен өзім Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында дүниеге келгенмін. Ең алғаш бірінші сыныпқа барған кезімде, әлі әліпбиді де толық танып үлгермей жатып, осы Қасым ағамыздың «Өзім жайлы» деген әнін домбырада орындап, ел алдына шыққаным есімде. Сол тұста газет бетіне шыққан да болатынмын. Яғни бала күннен таныс, құлаққа құйып өскен Қасым әні мені үлкен өнерге жетеледі десем болғандай. Тек мен ғана емес, кеудесінде жүрегі қазақ деп соққан әр адамның Қасым поэзиясынан бейхабар болуы мүмкін емес.
Былтыр Қарқаралыда дүйім қазақтың басын қосқан ақынның 100 жылдық мерейтойына, өкінішке қарай, мен бара алмадым. Бірақ, шыны керек, соңғы он шақты жылда мені Қасым шығармашылығы толғандырып жүретін. Ақынның өлең-жырлары қоғамда кейінгі кездері дұрыс насихатталмай, әр жерден бір үн ғана шығып, ал әндерінің тіпті бас-аяғы құралмай жүргенін байқайтынмын көп жерде. «Дариға, сол қыз», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Сарыарқа» секілді ақын ағамыздың сөзіне жазылған (кейбірінің тіпті әнін де, сөзін де Қасымның өзі жазған) әндері ел арасында жүргенімен, бір қызығы, көп орындаушылардың тіпті өздері соның авторы Қасым Аманжолов екендігін білмейді екен де. Міне, осы секілді мәселелер бар, сондай-ақ ұлттық арна түсірген Қасым өмірі мен шығармашылығына арналған «Дариға, сол қыз» атты деректі фильмді көргенде, тіпті қатты толғандым. Көзін тырнап ашқаннан көрген жетімдігі, нағашы жұртта өсуі, адам ретінде көрген қиындықтары – барлығы да жүрегімнің түбіндегі онсыз да ақынның поэзиясына деген құрметпен астасып, көзіме жас толтырды. Жалғыз өзім оңаша көріп едім, егіле жылап та алдым. Ойландым қатты, рухтандым, ең алғаш «Қасым кешін қалай да жасау керек» деген батыл ой сол сәтте нық шешім болып, көкейге орнықты. Қазақ өнеріне жаны ашиды-ау, Қасымның асқақ тұлғасын қастерлейді-ау деген азаматтарға хабарласып, ойымды айтып ем, шүкір, барлығы қолдап, көмектерін аямайтындықтарын айтты. Енді содан бері біреу сенер, біреу сенбес, жатсам-тұрсам басымда «осы кешті қалай өткіземін?» деген ой тұрады да қояды. Үлкен жауапкершілікті мойныма алып отырғанымды сеземін. Қасым Аманжолды танымайтын, оның өлеңін білмейтін қазақ жоқ, соның барлығы да ең алдымен сынай қарайтыны сөзсіз.
– Сынай қарайтыны рас, бірақ ол сыннан ақын шығармаларының өзі, яғни шоқтығының биіктігі өз алдына, жүректі бірден баурап аларлық құдіреті құтқарады деп ойлайтын да боларсыз? Жалпы, Қасымның ән-жырларындағы қандай ерекшелікті байқайсыз?
–Қасымның қай өлеңін алсақ та, ойландырмай, толғандырмай, жүректі селт еткізбей қоймайды. Себебі онда жүрексіз, сезімсіз дүние жоқ. Әндері де тура сол секілді, «құлақтан кіріп, бойды алар» Қасым әндерінде қазақ даласы секілді дарқандық, кеңдікпен қатар, сезім дірілі, көкірек тынысы жатыр. Соғыс жылдарында туған «Дариға, сол қызы» қандай?! «Жас дәурен», «Өзім жайлы», «Айтшы, жаным» секілді Қасымның сөзіне жазылған (кейбірінің әні де өзінікі). 40-қа тарта әндері бар екен. Мұны қарапайым халық түгіл, шығармашылық адамдарының бәрі бірдей біле бермейді, әрі бізде қандай тұлғаға болсын, тек мерейтойы қарсаңында көңіл бөліп, қалған кездері ұмыт қалдыру деген үрдіс дарып барады. Тіпті осы шығармашылық кеш өткізбек ойымды айтқанымда әлдекімдер маған: «Сіз не, Қасымның 101 жылдығын өткізбекшісіз бе?» – деген сұрақ қойды. Мен оған былай деп жауап бердім: «Айналайын, мен өнерде жүргелі бір рет те болса, Қасымның ән не жыр кешінің өткізілгенін көрген емеспін, не теледидардан да сондай бір кештің бір жерде өткізілгені жайлы да естігенім жоқ. Сондықтан 100 жылдығы тойланса – өз алдына, енді оның шығармашылығынан құралған кеш өткізу үшін 110 жылдығын күту міндет пе?» – деп қарсы сұрақпен жауап бердім. Бір ғана Қасым емес, бізде жалпы ұмыт қалып жатқан, ескерілмей жатқан тұлғалар көп. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин секілді асылдарымыз, арыстарымыз сонау репрессия жылдарында құрбан болды. Шүкір, бүгінде ол есімдер ақталды, бірақ шығармашылық тұрғыда еске алып, кеш арнап жатырмыз ба? Әйтпесе, Сәкеннің қаншама әндері жатыр?!. Болашақта, бәлкім, осы тұлғалардың да кешін ұйымдастыруым мүмкін. Бірақ әуелі, әрине, Қасым кешін абыроймен өткізу деген жауапкершілігі мол іс жатыр.
– Қасым Аманжолдай отты ақын, ұлт намысы дерлік тұлғаның соңында тұлпар мінері қалмағаны – қасіретті, бірақ Дариға деп өзі жанындай жақсы көрген жалғыз қызы қалғанын білеміз. Сол кісі хабардар ма, бұл бастама жайынан?
– Әрине, Дариға апаймен хабарласып, рұқсатын алдық. Ол кісі тіпті жылда өткізілетін шараға айналса дегендей де ниет танытты. Олай ету қолдан келсе, тіпті жақсы. Қазір шүкір деу керек, Шәмші ағамыздың ән кеші жыл сайын өткізіліп тұрады, Мұқағали кеші де дәстүрге айналды. Енді Қасым ағамызды да дәл сол дәрежеде дәріптей білсек, тіпті керемет емес пе?!. Жыл сайын болмаса да, екі жылда бір, себебі жаңалық болуы керек қой әр кеш сайын. Мысалы, бүгінде Қасым ағамыздың өзіне арнап өлең шығарып, ән жазып жатқан азаматтар бар. Мүмкін, ондайлар жыл санап көбейер. Бастысы – біз өз ақынымызды өз жүрегімізден тастамай, үнемі жадымызда ұстап, тірілте білуімізде. Қасым қашанда тірі, оны өлтіріп отырған өзіміз, яғни ұмыту арқылы осындай керемет арысымыздан ажырап қалып отырған біздер.
– Жаныңыздан табылып, қолдау көрсетіп жатқан жандар бар ма, әлде жалғыз жанұшырып жүрмісіз?
– Әрине, бар. «Жалғыздың үні шықпас» деп қазақ тегін айтпаған. Бір өзім ештеңе жасай алмаймын ғой. Қазір кештің жарнамасымен айналысып жатырмыз, шүкір, БАҚ атаулының теріс қарап жатқаны жоқ. Телеарналардың бірқатары келіп, түсіріп, эфирден береміз деп отыр. Журналистер қауымына мың алғыс. Сондай-ақ әнші, әртіс, жалпы өнерпаздар да барынша қатысуға ниетті. Алайда кімге не айтқызу керектігін өзім пайымдап, әркімнің қабілетіне қарай беріп жатқан өзім. Себебі Қасымның әуен жағынан болсын, мағынасы жағынан да күрделі әндері бар, сондықтан оны тыңдаушыға, көрерменнің құлағына ғана емес, жүрегіне жеткізе білу керек.
Жалпы, мінезі өткір болғанмен, Қасым ақынның жүрегі өте нәзік болғаны әндерінен бірден байқалады. Өзі скрипка, баян, домбыра секілді бірнеше аспапта ойнай білген екен. Өзімізде еліктеуге тұрарлық, жатқа оқып, өмір жолыңа қазық етуге тұрарлық Қасымдай тұлғаны жастардың санасына сіңіру керек. Әйтпесе, бүгінгідей жеңіл әндермен ешкімді тәрбиелеу мүмкін емес, олар қазақ болуға жарайтын тіпті мардымды дүние ала алмайды да бүгінгі әндердің көбінен. Қазір, бәлкім, олардың қажетін өтер, бірақ есейе келе, адам өзіне жаназық іздейді, сол кезде салмақты дүниелер қажет болады.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.