«Қатыным» деген ән шықты
Ендігі жетпегені осы еді...
Соңғы кездері эстрада әншілері халықты таңқалдырудан алдына жан салмай келеді. Плагиат әндер, шашын бояп, сырға таққан жігіттер, жартылай жалаңаштанған қыздар, даусы жоқ әншілер – бәрі де бүгінгі қазақ эстрадасының сахнасында араласып жүр. Халықтың көңіліне аса жаға қоймаса да көпшілік мұның бәріне үйренгендей еді.
Жуырда «Қатыным» деген жаңа ән жарық көрді. Орындаушысы – «Алашұлы» тобының әншісі Әзімбек Байлин (суретте). Атауы құлаққа жайсыздау естілетін бұл әнге қатысты пікір білдірушілер де аз болмады.
«Масқара, қазақ эстрадасы не болып бара жатыр?! Мәдениет қайда? Әлде осымен атыңды шығарғың келді ме?», «Басқа атау жоқ па?», «Әйелім» деген тәуірірек естілер еді-ау...» деп қарсылық білдіргендерге Әзімбектің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында: «Мен әр әнімнің сөзіне мән беремін. Қалай болса солай қылып мәтін шығарғым келмейді. Бұл постты әнді толық тыңдамай жатып, мән бермейтін тыңдарманға айтқым келеді. Ал ендеше, уақытыңыз болса, бір оқып көріңіз», – деп ән мәтінінің жазбаша нұсқасын қалдырыпты. Онда жарына деген ризашылық айтылып қана қоймай, «қатын» сөзінің мағынасына да тоқталған екен.
«Ақылын айтып хандарға,
Үлгілі болған бар жанға,
Еліне сыйлы әйелді,
Теңепті биік заңғарға.
Атаған екен «қатын» деп,
Бала да, кемпір, шалдар да.
Ел аналары қуанған,
Бұл сөзді естіп қалғанда.
Түсінбей көбі күледі,
Тарихы терең, таңданба.
Білгенге бұл сөз – мәртебе,
«Қатын» деп айтса, шамданба», – дейді өлең шумақтары.
Расында да ғаламтор бетінде жарияланған кей деректерде ертеректе елдің ұйытқысын, ел анасын «қатын» деп атағанын, мұнан бөлек, ерте көктемде гүлдейтін бәйшешек гүлінің хош иісін «хотун» дегенін, М.Қашқаридің сөздігінде де «қатын» сөзі әуелде хан, бек, төре мағынасында, кейін келе ерге шыққандарға қатысты қолданылғанын айтады. Тіпті ақиық ақын М.Мақатаев та «қатын» сөзін: «Қ» дегенім – қадірлім, «А» дегенім – ардақтым, «Т» дегенім – тынысым, «Ы» дегенім – ырысым, «Н» дегенім – намысым» деп талдаған екен.
Десе де бүгінде бұл сөздің мағынасы бұрынғыдай емес. Ел анасын «қатын» деп атау келмеске кеткелі қашан. «Қатын» деп сөйлегендерді әйел адамдар да онша ұната бермейді. Біреуді жақтырмасақ та, менсінбесек те «қатын» деп қалатынымыз бар. Ал көпшілік ортада, баспасөз беттерінде бұл сөздің орнына «әйел», «келіншек» сөздерін қолдануға тырысамыз. Себебі солай мәдениеттілеу болып көрінеді. Әрине, «қатын» дегендерді шетінен мәдениетсіз дей алмаймыз, дегенмен оның құлаққа ерсі естілетін сөздердің қатарына әлдеқашан қосылып кеткені рас. Солай бола тұра: «Қатыным менің, қатыным!», «Ұнайсың, қатын, ұнайсың!» деп әуендету қаншалықты орынды?
Ән – көпшіліктің назарына ұсынылатын дүние. Сондықтан мән-мағынасы дұрыс болуы керек. Әр сөздің өзінің қолданылатын орны болады. Әркім өз білгенінше шырқай берсе не болмақ?
Әншінің мақсаты – адамға әсерлі сөзі бар әдемі ән сыйлау емес пе? Ал жаңағыдай әндер қазақ шоу-бизнесінің деңгейін қаншалықты жоғарылатады? Тіпті көңілде осылай ән шығарудың арғы жағында қандай да бір «пиар» тұрған жоқ па екен деген күдік те жоқ емес. Әйтпесе қазағымның нәзік жандыларға қатысты құлаққа жағымды, көңілге қонымды сөздері көп емес пе? Әйтеуір «атың шықпаса, жер өртенің» кебі болмаса екен.
Бұл елді елең еткізудің амалы болуы да мүмкін. Олай болса, әншінің мақсаты орындалған сияқты. Естігендер «ойпырай-ә?!» десуде. Бірі мақтаса, енді бірі даттап та жатыр. Десе де «Қатыным менің, қатыным» деп әндеткен бәрібір біртүрлі секілді.
Әннің де естісі бар, есері бар. Бұлай деп өз заманында Абай атамыз айтып кеткен. Сол айтқандай, эстарадамыз есер емес, есті әндермен көбірек толықса екен.
М. ЫБЫРАЙ.