Қазақ әдебиеті Таласбегінен айырылды
Қазақ әдебиеті тағы да бір алыбынан көз жазып қалды. Бүгін белгілі жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұлов дүниеден озды.
Таласбек Әсемқұлов 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аягөз ауданы «Ақтоғай» теміржол стансасында дүниеге келген.
1976-1980 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогика институтының филология факультетінде оқыған.
1980-1983 жылдар аралығында Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар музейінің ғылыми қызметкері, 1984-1987 жылдар аралығында Республикалық «Жазушы» баспасында әдеби редактор, 1987-1998 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі, 1998-2006 жылдар аралығында Республикалық «Жұлдыз» әдеби журналы сын бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Жазушының республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген. «Көкбалақтың өлімі», «Біржан Сал», «Жезтырнақ», «Алматы – Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген.
1973 жылы «Бәйжігіт күйлері» деген жеке гранд-дискі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сарын» атты антологияға 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009) атты антологияға 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» СД-дискісі шыққан.
«Алаш айнасы» басылымы жазушының туған-туысына, отбасына, жақын достарына қайғырып көңіл айтады.