Қазақ аниматорлары неге қапалы?
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміне – 45 жыл. Көрермен көңіліне жылылық ұялатып, қазақ мультфильмінің өміршеңдігін дәлелдеген бұл еңбектің қуаты мен құны неде болды? Жақсылық пен жамандықты, қуаныш пен қайғыны, мейірім мен зұлымдықты баланың таза түйсігіне өнердің тілімен сіңіру аға буынның қолынан келді. 90-ға таяп отырған аниматор Әмен Қайдардың ерекшелігі де осы ұрпақ алдындағы, ұлт алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінгенінде ме дейсіз. Өкінішке қарай, бұдан кейінгі кезеңдердегі қазақ мультфильмінің қарыштауы көрермен көңілін көншіте алмады. Отандық өнер саласының бұл бос тұрған кеңістігін өзге елдің өнімдерінің толтырып кетуі бұл саланың әуелгі бағындырған биігінен құлдырауына себепші болды.
Қазақтың тұңғыш мультфильмінің мерейтойы тойланған тұста отандық мультипликацияның осындай проблемалары да ортаға тасталды. «Бiз ұлт болып, егемендi ел болып, өзiмiздiң мәдениетiмiз бен салт-дәстүрiмiздi дамытамыз десек, ең алдымен тәрбиенi титтей бүлдiршiндерiмiзден бастауымыз қажет. Өз ұлтының патриот азаматы, елiн, жерiн, тiлiн, дiнiн сүйетiн адам етiп қалыптастыру үшiн балаларды кiшкентайынан тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сiңiре бiлуiмiз керек. Ал ол құндылықтармен бөбектердi сусындатудың бiрден-бiр құралы – қазақ мультфильмдерi» ұстанымымен өмір сүріп келе жатқан қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдардың өнегелі ісінің жалғасын таба алмай келе жатқаны айтылды. Бүгінгі таңда «өлместің күйін» кешіп жатқан қазақ мультфильмі Алпамыстай, Қамбар мен Қобыландыдай қаһарман кейіпкерлерінсіз қалды. Тұңғыш мультфильмнің 45 жылдығының салтанаты аталып өтіп жатқан тұста бұл саладағы соңғы жаңалық ретінде бес жаңа мультфильм көрсетілді. Әрқайсысының өзіндік мағынасы, мақсат-міндеті мен сипаты болса да, көрермен ретіндегі көңілімізді көншітті дей алмаймыз. «Сақ» студиясының «Толағайы» ғана кішкене көрерменді кейіпкерлері мен сюжетінің шынайылығымен батырлыққа, ұлт аңызына жақындатқандай болды. «Балақайлар мен бөжекейлер» мультфильміндегі ұлттық қолтаңба тек бітім-болмысы жезтырнаққа да келмейтін робот кемпірдің үстіндегі камзол мен үй ішіндегі жастықшалардан ғана көрініс тауыпты. «Мақтаншақ қыздағы» персонаждардың түр сипаты тіпті кішкене бала түгіл, үлкен адамды шошытарлық. Батыс мультфильмдеріндегі сұрықсыз кейіпкер кейпінің көшірмесін қазақ баласы қажет етіп отырған өнерге жақындату қиын. Мән-мағынасын жете талдайтын бұл саланың маманы емеспіз. Бұл қарапайым көрермен ретіндегі көзқарас қана. Өзгенің шым-шытырық эпизодтар мен неше түрлі кейіпкерлерін көрумен көзін ашатын біздің бүгінгі кішкентай бүлдіршіндерімізге Әмен атаның «Ақсақ құланы», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» секілді ізгілікті мультфильмдері болмаса да, шымкенттік студиялар шығарып жатқан «Алдар көсе», «Асық пен Қамшы» секілді еңбектері әлдеқайда қызық болары анық еді. «Кезiнде Әмен Қайдар ағамыздың өзiнiң шеберханасы да бар едi. Қазiр ол жоқ. Бұл салаға қаражат аударылады. Қаражат бөлiнгеннен кейiн құнды мультфильмдер де шығу керек. Отандық мультфильм жасаудың орнына, шетелдiң мән-мағынасыз мультфильмдерiн де қазақшаға аударудан танбаймыз. Орыстың, шетелдiң болсын мультфильмдерiн аудару дұрыс дүние емес», – дейді жиналған аниматорлар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» алаңындағы мамандар қазіргі шығып жатқан мультфильмдердің санының аздығы мен бұл салаға деген басшылықтың немқұрайдылығына қапалы.
Нұрбақыт НАМАЗБЕКОВ, аниматор:
– Анимация – бұл өте қиын өнер. Сосын оны жасауда ұлтшылдық жолдарын табу да қиын. Әмен сияқты суретшілер өмірге бір-ақ рет қана келеді. Елдің, жердің, мәдениеттің халін түсініп, оның алдындағы жауапкершілігін сезінетіндер қазір аз.
Алтынбек ӨМІРЗАҚОВ, аниматор, ұстаз:
– «Қазақфильмнің» қорында біраз анимациялық фильмдер бар, жоқ емес. Тек оның көрерменге жетпей жатқаны өкінішті. Телеарналармен бұл мәселеге байланысты келісімшарттар әлдеқашан жасалуы тиіс болатын. Ал бізде оған ниетті ешкім болмады. Биыл ғана аздап жылжу бар. Оған мына «Балапан» телеарнасының ашылуы жақсы себеп болды. Болашақта осы арна қазақтың өз өнімдерімен толса екен деген тілек бар. Қазақ анимациясына үкіметтік қолдау керек. Қазақ анимациясы тек қана қазаққа керек. Өндіріске бекітілетін сценарийлік жобадағы фильмдердің тақырыбын көркемдік кеңес жақсылап, жан-жақты талдау керек. Мен аниматор, суретші есебінде қимыл-қозғалысқа көп көңіл бөлемін. Өкінішке қарай, бұл жағы бізде ақсап тұр. Суреттер қолмен салынатын болғандықтан, көп жағдайда біздегі мамандарға актерді ойнату шеберлігі жетіспей жатады. Кейіпкерді қоюшы-суретші әдемілеп бейнелей алмаса, ол кейіпкер баланы мүлдем өзіне тарта алмайды. Осы жағы бізде ақсап тұр. Шебер суретшіден тартымды кейіпкер шықса, біздің балалар экранға жата жабысып алар еді. Өкініштісі, бізде ондай шеберлік аз. Қазіргі тендерлік жүйе де бұл саланы кенжелетіп тұр. Өйткені тендерде кім арзан, аз бағаны көрсетеді, сол озады. Сығымдалған қаражатқа қайдан сапалы дүние жасалсын? Балаларға қатысты бұл өнер саласынан үкімет қаражат аямауы керек. «Арзанның сорпасы татымайды». Біз сан үшін емес, сапа үшін жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі шараның ұйымдастырылуына аниматор ретінде көңілім толмай тұр. Бізде санаулы ғана аниматор бар, жүз шақты, солардың жартысынан көбі қазақ анимациясының 45 жылдығы өткізіліп жатқанынан да бейхабар. Естімей қалды, ешқайсысы шақырылмады да. Біздің өзіміз кеше ғана аяқастынан білдік. Ұлттық анимацияға деген немқұрайдылық осыдан-ақ көрінеді.