Қазақ әншісі «Өзбекстан халық әртісі» атағын алды

Қазақ әншісі «Өзбекстан халық әртісі» атағын алды

Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кеше Өзбекстан Республикасы Президентінің бір топ өнер, мәдениет, спорт және қоғам қайраткерлерін мемлекеттік атақтармен марапаттау туралы Жарлығы шықты. Солардың арасында этникалық қазақ, әйгілі опера әншісі Жеңісбек Пиязов «Өзбекстан халық әртісі» атағын алды. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі Өзбекстандағы опера әншісі және оның өнер жолына келуіне тікелей әсер еткен Пиязовтар әулетінің танымал тұлғалары туралы оқырмандарға мағлұмат ұсынады.

 

Пиязовтар әулетінің 30-ға тарта мүшесі өнердің өрінен өмірлік өзек тапқан жандар. Осының бастауында Нөкістегі Станиславский атындағы мемлекеттік драма театрына бүкіл саналы ғұмырын арнаған Зейнел Пиязов өнегесі тұр.

 

Ал, бұл әулеттің арғы атақонысы Қызылорда облысының Қазалы ауданы саналады. Кешегі аласапыран ашаршылықта жан-жаққа тарыдай шашыраған қазақтың бір бұтағы сонау Бесқалаға барып шаншылған еді.

 

Зейнел Пиязов 1932 жылы Тақтакөпір ауданының Бөршітау ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірер тұста ауылға Нөкістен әртістер келіп, спектакль қояды. Олардың өнеріне тәнті болған бозбала Зейнел ата-бабасы бұрын кәсіп етпеген мамандықты таңдады.

 

Бағына орай, 1951 жылы Островский атындағы Ташкент театр және көркемөнер институтында Қарақалпақстан жастары үшін арнайы сынып ашылған болатын. Ойланбастан осы оқу орнына құжаттарын тапсырып, сынақтан сүрінбей өтті. Актерліктің қыр-сырын үйреніп, 1955 жылы институтты аяқтаған соң Станиславский атындағы қарақалпақ мемлекеттік драма театрында еңбек жолын бас­тап, өмірінің соңына дейін сол театрға тер төкті.

 

Сол кездегі театр режиссері жалындап тұрған жас маманның дарынына сенген болуы керек, бірден «Ғашық Ғаріп» қойылымындағы Шаһаббастың рөлін ойнауды ұсынды. Шығыстың атақты эпосындағы патшаның бейнесі Зейнелдің орындауында өте сәтті шықты.

 

Сондықтан болар, жас актер бірден көрерменнің жүрегіне жол тапты. Көп өтпей Шекспирдің «Отеллосында» – Яго, З.Раннеттің «Адасқан ұлында» Лембит Федаяс сияқты күрделі образдарды сомдады.

 

Оған 1966 жылы Қарақалпақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1969 жылы Қарақалпақстанның халық әртісі, ал 1977 жылы Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі атақтары берілді.

 

Ол КСРО халық әртісі А. Шамұратова, Өзбекстан халық әртістері Т.Алланазаров, Ш.Өтемұратов, Қ.Әбдірейімов, Н.Аңсатбаев сияқты саңлақтармен бірге 80-нен астам рөлді сомдады.

Зайыбы 47 жасында өмірден озған соң, 9 ұл-қыздың тәрбиесімен жалғыз өзі айналысты.

 

Үлкен қызы Әзиза бүгінде Станиславский атындағы театрда, ал Роза Нөкістегі жастар театрының актрисасы. 2007 жылы Мысырда өткен экспериментальды театрлар байқауына қатысып, ұжыммен бірге лауреат атанған. Күйеуі Елмұрат Есемұратов Қарақалпақ радиосында режиссер.

 

Лиза – Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Күйеуі Әбунасыр Серіков «Нысана» әзіл-сықақ театрының директоры.

 

Ұлы Мансұр «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағын сомдаған.

 

Пиязов әулетінің тағы бір мүшесі – Марал сүйген жары Алтай Тәуекеловпен бірге Алматыдағы қуыршақ театрында өнер көрсетеді.

 

Ұлдардан Бүркіт өнер саласын таңдаған. Нөкіс қаласындағы музыка мектебінде домбырадан сабақ береді.

Бүркіттің зайыбы Інжігүл Сабырова белгілі қобызшы, Қарақалпақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

 

Қыздары Бақыт – әнші, Айнұр – биші. Ұлдары Нұрлыбек – мәдениет колледжінде оқытушы, Ақылбек – күйші-домбырашы, 2007 жылы Ташкентте өткен «Жаңа ұрпақ» («Янги авлод») республикалық байқауының 1-орын иегері, Жәнібек – қобызшы, Өзбекстанның мемлекеттік «Нихол» жастар сыйлығының лауреаты.

 

Ал, опера әншісі Жеңісбек Пиязов осы Бүркіт пен Інжігүлдің екінші ұлы. Жеңісбек Пиязов Президент Ислам Каримов сыйға тартқан пәтерде тұрады. Тамырында текті әулеттің қаны ағып тұрған Жеңісбек 1988 жылы Нөкіс қаласында дүниеге келген.

 

Өзінің айтуынша, екінші сыныпта оқып жүрген кезінен бастап тойларда ән салған. Алайда, ол әнші емес, атасы сияқты актер болуды армандайды. Сол себепті, 2004 жылы Нөкістегі Жапақ Шамұратов атындағы училищенің актерлік бөліміне оқуға түседі. Осы бөлімде вокалдың қырын-сырын меңгереді.

 

Ұстаздары оның даусының ерекшелігін байқап, мұндай дауыспен кез келген сахнада өнер көрсетуге болатынын айтады. Алғашында бұл сөзге ол онша мән бермегенмен, бірте-бірте ынта-жігері сол өнерге қарай ойыса түседі.

 

Сөйтіп жүргенде А.Қалиевтің сыныбына ауысады. Опера өнерінің есігін ашқан күннен бастап, бұрынғыдай той-томалақта ән салуды бірден тыяды.

 

2007 жылы Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының академиялық ән кафедрасына, профессор С.Цойдың сыныбына оқуға қабылданады. Үш жылдық үзілістен соң алғаш рет үлкен сахнаға шығып, Өзбекстан вокалистерінің республикалық байқауына қатысып, 1-орынды жеңіп алады. Операдағы қадамын сәтті бастаған Жеңісбекке сол жолы Өзбекстанның талантты жастарына арналған «Нихол» сыйлығы беріледі.

 

2008-2009 жылдары Франция, Испания, Малайзия, Португалияда өткен фольклорлық фестивальдарға қатысып, биік белестерден көрінсе, XII халықаралық «Қазақ романсиа­дасы» және Мәскеуде өткен орыс романстарын орындаушылардың XIII байқауында 1-орынды иеленеді.

 

2010 жылы тамыз айында, яғни Өзбекстанның тәуелсіздік күні қарсаңында жас опера әншісінің итальян, орыс, өзбек операларынан белгілі арияларды орындайтыны ескеріліп, «Шухрат» медалімен марапатталды.

 

Сол жылы ТМД елдері музыка академияларының Минскіде өткен шеберлік сабағына қатысты. Қараша айында Бакудегі Полат Бұлбұлоғлы атындағы вокалистердің V халықаралық байқауына қатысып, М.Бұрхановтың «Әлішер Науаи» операсындағы Герат патшасы Хұсайын Байқараның ариясын орындағаны үшін 2-орынды және «Әзербайжан үміті» атты арнайы сыйлықты жеңіп алды.

 

Өзбек операсының өркендеуіне СССР халық әртісі Берта Давыдова, Өзбекстан халық әртісі Кәрім Закировтер мол үлес қосқан десек, ал эстрада жұлдыздары Батыр, Фаррух, Навфалдарды дүниеге әкелген ардақты әке әрі құдіретті дауыс иесі Кәрім Закировтен соң «Әлішер Науаи» операсынан ария орындау және оны халықаралық сахнада мойындату тек хас шебердің ғана қолынан келетін іс еді.

 

Ресейдің Саратов қаласында өткен Собинов фестивалінде қазылар алқасы оның асықтай пішінінен асып түсер дауыс диапазонына таң қалды. Өйткені, Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» операсындағы Дон Базилио ариясын осыған дейін әлемде тек алып денелі әншілер ғана шырқаған. Қазылардың бұра тартқан шешіміне көңілі толмаған көпшілік қарсылық білдірген соң, олар «Көрермен көзайымы» жүлдесімен бірге Германия операсына жолдама беруге мәжбүр болған еді.

 

2011 жылы Мюнхен опера фестиваліне қатысып, соңынан немістердің арнайы шақыртуымен бір жыл Германияда еңбек етіп келді. Осы арада тағы бір жайтты айтпай кетуге болмас, ол консерваторияда оқып жүрген кезінен-ақ Әлішер Науаи атындағы үлкен опера және балет театрында өнер көрсетті.

 

2012 жылы елге оралған соң қазанда Мәскеудің Крокус сити Холл концерт залында өткен Муслим Магомаев атындағы II халықаралық вокалистер байқауына қатысты. Құрамында КСРО халық әртісі, профессор Елена Образцова, Латвия және Ресей эстрада жұлдызы Лайма Вайкуле, КСРО және Әзербайжан халық әртісі, Баку музыкалық академиясының ректоры Фархад Бадалбейли, Ресей халық әртісі, «Геликон-опера» театрының көркемдік жетекшісі, профессор Дмитрий Бертман, Италия опера академиясынан арнайы келген Винценцо Де Виво сияқты майталмандар бар қазылар алқасына КСРО халық әртісі, үлкен театрдың солисі, профессор әрі Муслим Магомаевтың жесірі Тамара Синявская басшылық еткен болатын.

 

Бұл байқауға әлемнің көптеген елдерінен 200 әнші қатысуға өтініш білдіргенмен, 17-сі ғана іріктеуден сүренбей өтті. Екінші турға АҚШ, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Беларусь, Грузия, Германия, Моңғолия, КХДР сияқты елдерден келген 10 әнші ғана жіберілді. Бұл байқауда Жеңісбек Пиязов Саратовтағы Собинов фестивалі мойындай алмаған Дон Базилио ария­сын тағы бір қайталап орындағанда жұрт орындарынан тік тұрып, қол соқты. Тіпті, италиялық Винченцо Де Вивоның өзі онымен қосыла шырқап жібере жаздап, орнына жайғасты. Сөйтіп, ол алапат зор дауыс әншінің денесіне қарап өлшенбейтінін дәлелдеп шықты.

 

А.Бабаджанянның «Верни мне музыку» әнін орындаған сәтте Тамара Синявская мен Елена Образцова таңданыстарын жасыра алмады. Өзбекстан атынан байқауға қатысқанмен қандас бауырымыздың үлкен додада гран-приді жеңіп алғаны біздің де ортақ жеңісіміз сияқты түйілді.

 

«Этот совершенно потрясающий худенький мальчик из Узбекистана с таким мощным голосом поразил нас еще на прослушивании. Он обладает удивительной музыкальностью и, думаю, подсознательным и природным чувством сцены. Он ни на кого не похож и не стремится никому подражать. Это большая редкость и наше мнение было единогласным!» – деді сол жолы Елена Образцова.

 

Елге жеңіспен оралған Жеңісбек Пиязовқа Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Мұса Ерниязовтың жарлығымен «Қарақалпақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.

 

Жеңісбек сол жылы Спиваков концертінде, келесі жылы Мәскеудегі Чайковский залында атақты В.Федосеевпен бірге өнер көрсету құрметіне ие болды. Сол концертті Мәскеуде ресми сапармен жүрген Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведовпен қатар отырып тамашалады. Бұл телеарналар арқылы паш етілді.

 

Өзбекстан басшысы арада апта өтпей жатып опера әншісіне Ташкент қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстағанын естідік. Күніне 7-8 сағат дауыс жаттықтыратын Жеңісбек Пиязов жетістіктерге масаттанып, тоқмейілсуді білмейтін еңбекқор жан.

 

Тынымсыз еңбегінің арқасында 2013 жылы Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының магистратурасына гранттық негізде оқуға түсті. Сонымен бірге, консерватория жанындағы «Музыкалық театр студиясында» опера әншісі ретінде қызмет етуде.

 

Сондай-ақ, Жеңісбек Пиязов Ла-Скалада өнер көрсеткен тұңғыш орта азиялық әнші. Бүгін Өзбекстан Президенті Ш. Мирзияевтің қаулысымен Жеңісбек Пиязов бауырымызға «Өзбекстан халық әртісі» атағы берілді. Қандасымыз 33 жасында осындай құрметті атаққа қол жеткізіп отыр.

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста