Қазақ атын әлемге танытқым келедi

Қазақ атын әлемге танытқым келедi

Стоп-кадр
Аты:
Баһадүр
Тегi: Хәкiм
Ұлты: қазақ
Туған жерi: Түркия, Измир қаласы
Туған күнi: 25.01.1978
Мамандығы: кино және телевизия актерi
Сериалдары: режиссер: Яшар Серинер, «Акасия аялдамасы» (AKASYA DURAGI), режиссер: Метин Гюнай, «Нан қиқымы» /EKMEK TEKNESI/, режиссер: Тайлан Бирадерлер, «Түн қараңғысы» (ALACAKARANLIK), режиссер: Орхан Оғуз, «Шеткi көшелер», (ARKA SOKAKLAR).
Фильмдерi: Режиссер: Өмер Фарук Сорак, «ГОРА» (G.O. R.A), режиссер: Картал Тибет, «Америкалықтар қара теңiзде – 2» (AMERIKALILAR KARADENIZ DE – 2).

Түркиядағы киноактер қандасымызбен Ыстамбұлда ойда-жоқта таныстық. Тарамыс денелi, сұңғақ бойлы бауырымызды түрiкше сөйлеп тұрса да, түрiк ұлтынан емес екенiн ә дегеннен аңғардық. Ол да бiздiң шыдамымызды сынағысы келмегендей, өзiнiң қазақ екенiн ерекше мақтанышпен жеткiздi. Көз ашқалы Түркияда өскеннен болар, бiзбен қазақша еркiн сөйлесуге аздап қиналыңқырады. Дегенмен түбi бiр түркi тiлдерi емес пе, оның түрiкше араласқан қазақ тiлiн бiз еш қымтырылмай ұғып отырдық. Әңгiмеге ашық, жайдары қазақ жiгiтi бүгiнде Түркияда өте танымал екен. Мұны Ыстамбұл көшелерiнде Баһадүрдiң бiзге тiлмәш болып ерiп жүргенiнде көз жеткiздiк. Қазақ киноактердi көшедегi халық жыға танып, жапырласа амандасып жатты. Бiр қызығы, Баһадүрдi жергiлiктi қазақтар Батыр деп атайды екен. Бiз Батыр бауырымыздың танымалдығына iштей қуанып, ретi келгенде аз-кем сұхбаттасуды жөн көрдiк.

– Батыр, Түркияның кино саласына танымал қазақ бауырымыз туралы естiп, қатты қуандық. Өзiң туралы Қазақстандағы қазақтарға бiлу өте қызықты болар деп ойлаймын. Киноға қалай келгенiңіз жөнiнде айтып берсеңіз...

– Киноға түсу бала кезден бергi арманым болатын. Бәрi де мектеп жасынан басталды. Лицейде оқып жүргенiмде Түркияның шағын театрларында актер ретiнде көптеген рөлдер ойнадым. Сондай театрлардың бiрiнде жүргенiмде түрiктiң Османсынау есiмдi режиссерi киноға түсуге шақырды. Ол «Нан қиқымы» деген фильмде кiшiгiрiм рөл бердi. Содан берi түрлi фильмдерге бiрiнен соң бiрiне шақыртулар түсе бастады. Түркия өнерiне тән бiр ерекшелiк, мұндағы актерлер арнайы театралдық жоғары бiлiмсiз-ақ шығармашылықпен айналыса бередi. Ең бастысы, өнер адамына қажеттi түр-сипатың мен ойнау шеберлiгiң мықты болса болғаны. Мен де арнайы бiлiмiм болмаса да, осы уақытқа дейiн үш кинофильм және жетi сериалда рөл ойнаған екенмiн.

– Көбiнесе қандай рөлдерде ойнайсыз?

– Түскен киноларымның көбi комедия жанрында. Бiр айта кетерлiгi, менiң түрiм жапон, қытай ұлтына келiңкiрейтiндiктен, көбiне осы ұлттардың рөлiнде ойнаймын. Бiрақ қазақ болып та рөл ойнағанмын. Фильмдерiмнiң бiрiнде Қайрат деген жiгiттiң рөлiн сомдадым. Түрiк актерлерiнiң көбi жапон мен қытайдың рөлдерiне түрлерi келе бермейдi. Мұндай кезде режиссерлер үшiн мен сияқты таза азиаттық типаж таптырмайды. Сондықтан да менiң қазақы түрiм менi өзгелерден ерекшелендiрiп, өмiрiме азық болар табыс табуыма пайдасы зор. Яғни менiң түрiм менi асырайды. /күлдi/

– Түркиялық қазақ актерi атамекенi – Қазақстандағы кино туралы не бiледi екен?

– Менiң бiр қынжылғаным, қазақ киноларындағы қазақтардың рөлiн қазақтың өзi ойнамайды. Мәселен, «Көшпендiлерде» қазақ Абылайдың рөлiн мексикалық, ал «Моңғолда» қазақтың рөлiн қытай ойнады. Мен Түркияда отырып осының мәнiсiн түсiнбедiм. Қазақтың рөлiн қазақ ойнауы керек. Мұның қандай себептермен осылай жасалғанына, шынын айтсам, аң-таңмын.

– Атажұртыңызға келіп тұрасыз ба?

– Сiздерге өкiнiшпен айтар бiр сырым – өзiм атамекенiм қазақ жерiне әлi бiрде-бiр рет барған емеспiн. Ес бiлгелi актерлiк мамандықтың соңына түсiп келем, әрбiр минутым есептеулi болған соң атамекенге бару арманымды жүзеге асыра алмай келемiн. Бiрақ сәтi түссе, түбi сөзсiз барамын. Бiрақ Қазақстанға түбегейлi қоныс аудару ойымда жоқ. Неге десеңiз, Түркияда киноиндустрия Қазақстанға қарағанда әлдеқайда дамып кеткен. Өзiңiз қараңыз, мұндағы әрбiр телеарна жеке-жеке телесериалдар, кинофильмдер түсiредi. Сонымен бiрге актерлердiң қалың шоғыры қалыптасқан ортада бәсекелестiк қатты болады. Мұндай ортадан өсiп шыққан мен үшiн әлемдiк киноиндустрияны бағындыру да оңай болады. Яғни Түркия – мен үшiн киносы дамыған Еуропа немесе Америкаға ашылған даңғыл жол. Бұл – бiр. Екiншiден, әлгiнде ғана айтып өттiм, менiң азиаттық түрiм менi асырайды. Өзiңiз ойлаңызшы, Түркияда мен ешкiмге ұқсамайтын жапон немесе қытай рөлiндегi актер болсам, Қазақстанда мен кiм болар едiм? Ол жақта мен сияқты қазақи түрлер толып жатыр емес пе? Демек, орнымды басатындар жетерлiк. Ал Түркияда керiсiнше.

– Десе де, өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан болған жақсы емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Бiрақ мен қазақтың атын әлемге танытқым келедi. Бұл үшiн маған Қазақстаннан гөрi Түркияда мол мүмкiндiк берiлетiнiне шүбәм жоқ. Қазiрдiң өзiнде қараңызшы, Түркияда ерекше түрiм арқылы көпшiлiкке едәуiр танылып қалдым, ал Қазақстанда жүрсем солай болар ма едi? Ол жақта көп қазақ актердiң бiрi болып жүре берер едiм. Алайда айта кету керек, егер де келешекте Қазақстанда киноға түсуге шақырып жатса, мiндеттi түрде барамын. Тек әзiрге Қазақстанда менi ешкiм танымайды. Бұл – уақыттың еншiсiндегi шаруа.

– Қазiр немен айналысып жүрсiз?

– Жақында 44 сериялы комедиялық сериалға түсуге ұсыныс түскен болатын. Сол фильмде ойнау үшiн 160 мың долларға келiсiмшартқа отырдым. Бес ай түсiрiлетiн фильмде мен тағы қытайлықтың рөлiнде ойнаймын. Прокатқа шығып жатса, ол сериалды Қазақстандағылар да көре жатар.

– Отызында орда бұзған өзіңіздей жiгiттiң әлi де отау көтермегенiн байқадық. Жуық арада үйлену ойыңызда бар ма?

– Әлбетте, ойымда бар. Бiрақ жуық арада деп айта алмаймын. Өйткенi дәл қазiр менiң бүкiл өмiрiмнiң мәнi кино болып отыр. Ал егер де дәл қазiр шаңырақ көтерiп, балалы-шағалы болсам, киноға шындап кiрiсе алмай қалуым мүмкiн.

– Әңгiмеңiзге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста