Қазақ әуендерi нелiктен өзгерiп барады?
Қазақ әндерi өзiнiң қоңыр әуездiлiгiмен және әдемi ырғақтылығымен басқа халықтардың әуендерiнен ерекшеленiп тұрады. Бүгiнгi күнi «халық әнi» деп айтылып жүрген әуендердiң бәрi ортамызға өзгермей, жаһанданудың дауылынан сырылып қалмай аман-есен жетуiнiң өзi қазақ әнiнiң құдiреттiлiгiн көрсетедi. Эстрадалық әндердiң арасында халықтық стильдi әндер мен халық әндерiнiң құлаққа жағымды естiлуi де соның дәлелi. Қазақ эстрада жұлдыздарының халық әндерiне аранжировка жасап, бiрiнен кейiн бiрi таласып орындауы да ұлттық әуеннiң ұлылығын көрсетедi.
Бүгiнгi күнi сол нақышы бөлек халық әндерi мен ұлттық сарында жазылған халықтық әуендердiң орнын иiрiмi ойнақы өзбек пен түрiктiң әуендерi басып бара жатқан сияқты. Басып бара жатыр емес-ау, әнiмiздiң әуенi солай қарай өзгердi. Алғаш естiген құлаққа жағымды тиетiн, бiрақ соңынан есте қалмайтын, тойлардағы биге ғана арналғандай жеңiл, ойнақы сол әуендер қазақ эстрадасын жаулап барады.
Тұрсынжан ШАПАЙ, сазгер:
– Иә, қазақ әуендерiнiң өзгерiп бара жатқанын жоққа шығармаймын. Оны өзбекшеленiп немесе түрiкшеленiп барады деп, нақтылап айту дұрыс емес шығар, бiрақ жалпы алғанда шығыстық, мәселен, «араб» пен «парсы» әуендерiне қарай ойысып бара жатқаны рас.
Әндерiмiздiң осы бағытқа қарай көшуiндегi бiр себеп – әншiлерiмiздiң өзiнде. Өйткенi бiздiң әншiлердiң көбi ойнақы, жеңiл ырғақты әндердi жаздыруға құштар. Мүмкiн, сондай ән айтсақ, халық бiздi тойға көп шақырады деп ойлайтын сияқты. Бұл – дұрыс пiкiр емес. Егер бiз осындай түсiнiктен арылмасақ, өз әнiмiздiң сорына өзiмiз қаламыз.
Той иесi әншiнi «қонақтарды билетсiн» деп шақырмайды ғой, бiрақ соны бiздiң кейбiр әншiлерiмiз дұрыс түсiнбей, халыққа жағу үшiн мiндеттi түрде билететiн ән айтуымыз керек деп бiледi. Егер өзiң танымал, әнiң әдемi, бiрақ биге арналмаған болса да, сенi елдiң бәрi тойларына шақырады. Бұл жағы әншiге байланысты.
Бiз өнерiмiздi шығыстық стильдi әндер жаулап бара жатыр деп байбалам салғаннан аулақ болуымыз керек. Ол соншалық үрейленетiндей қорқынышты емес. Мүмкiн, бiраз уақыт өткен соң, әндерiмiз екiге бөлiнiп, той әндерi өзiнше аудиториямен бөлектенiп қалатын шығар. Десе де өз ұлтының таза өнерiнiң алдында өзi жауап беруi керек.
Нағыз өнер той-томалаққа ғана арналған әуендердi қажет етедi деп айта алмаймын. Дегенмен тойдың аудиториясы сұраныс ететiн және сондай психологияға арналған жеңiл ырғақты әуендер өнерiмiздi жаулап кетпесе болғаны.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, әншi:
–Қазақ әуендерiнiң өзбекшеленiп және түрiкшеленiп бара жатқанын жоққа шығара алмаймын. Бұл, бiрiншiден, кейiнгi кездерi Қазақстанға Өзбекстаннан бағасы арзан, аранжировшиктер мен музыканттардың көптеп келiп жатқанынан. Ендеше, олар мiндеттi түрде өздерiнiң ұлттық музыкаларының бiр элементiн қосып, музыка өңдейдi. Киiм, басқа да өнер иесiне керектi нәрселердiң бәрiнде өздерiнiң «өзбектiк» стилiн сiңiредi. Екiншi бiр себеп – қазiргi тойлардың қалауы билеуге ыңғайлы жеңiл, ойнақы әндер. Ондай әндер қазақ музыкасында саусақпен санарлықтай ғана аз. Сондықтан кейiнгi уақытта әншiлердiң көбi «тойлық әндер» айтуды кәдiмгi өз репертуарына кiргiздi. Әншiнiң қалауы сондай ән болған соң, сазгерлер де сол «терiнiң пұшпағын» амалсыз илеуде. Өйткенi оған да нан керек қой.
Бауыржан ЕСЕБАЕВ, сазгер:
– Қазiр Қазақстандағы музыка саласы заманның көшiмен бiрге батыс пен шығысқа бөлiнiп бара жатыр. Әсiресе, бiздiң ортамыздың сәнi болып жүргенi – шығыстық стиль. Қазақ халқының ең бай дәстүрi той десек, бүгiнгi тойлардың бәрi бисiз өтпейдi. Ендеше, биге келетiн ойнақы, жеңiл музыка шығыстық музыкалық өнерде ғана бар. Бiздiң әншiлердiң көбi жанбағыс, күнкөрiс үшiн той жағалайтыны өтiрiк емес.
Бiрақ сол «той әндерi» қазақ эстрадасын өшiрмесе, өсiрмесi анық. Осындай музыканы естiп өскен ұрпақ ертең қазақтың дәстүрлi әндерiн тыңдайды деу – қате пiкiр.