Қазақ әуенінің ақиығы

Қазақ әуенінің ақиығы

Қазақтың қай өңірін алып қарасақ та киелі. Жері қасиетті. Әр аймақтың өз ақыны мен жазушысы, ғалымы мен өнерпазы, әулиесі, батыры мен биі, шешені және болған. Оның ішінде Жетісу өңірі де қазаққа ұлтымызды әлемге танытқан тұлғаларды аз берген жоқ. Жетісу дегенде әр адамның есіне алдымен басын мәңгілік қар мен мұз басқан Алатау, сансыз өзен-көлдер мен бау-бақшалы Алматы түседі. Ал қазақтың аса көрнекті композиторы, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ елінің Әнұранын жазған автордың бірі – Мұқан Төлебаев үшін Жетісу ол үшін кіндік қаны тамған Лепсі өзенінің жағасындағы құм, онда өскен шеңгел, жыңғыл, жусан мен шырғанақ еді. Биыл – сол Мұқанның туғанына 100 жыл. Түркі тілдес 15-ке жуық елдің мәдениеті мен өнерін дамытумен айналысатын ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2013 жылды Мұқан Төлебаев жылы деп жариялаған-тын. Ал ҚР Үкіметінің қаулысымен жыл басталғалы бері жер-жерлерде ұлы композитордың мерейтойына арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Солардың бір парасы Алматы мен Алматы облысында жалғасын тапты.
  Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фотолар)
Жоспарға сәйкес, маусымның 13-15-і күндері Алматыда ғылыми конференция өтсе, ал облыс аумағында ақындар ай­тысы, ұлт аспаптар оркестрі мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт пен бәйге ұйымдастырылып, Талдықорған қаласында М. Төлебаевтың қоладан құйылған еңселі ескерткіші тұғырға қондырылды.
Аңсар МҰСАХАНОВ, Алматы облысының әкімі:
– Салт-дәстүрімізді жандандырып, оны халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында Алматы облысында нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдардың өзін­де-ақ облы­сымыздың әр түкпірінде ұлты­мыздың ұлы тұлғаларын еске алдыртатын, елге танытатын ондаған ескерткіш бой түзе­ді. Мұқан Төлебаевқа арналған ескерт­кіш – солардың бірі. Қа­зақтың еуропалық үлгідегі кәсіби музыка­сының негізін қалау­шысына қандай құрмет көрсетсек те, артық бола қоймас. Бұл ескерткіш келер ұрпақтың ұлттық өнерімізді сүйіп, отансүйгіштік сезі­мін оятатыны ақиқат. Қаламызда жастар тағ­зым ететін тағы да бір киелі орын пайда болды деп есептеймін.

Әнуар ЖҰМАНОВ, Талдықорған қаласының тұрғыны:
– Менің түсінігімде әр адам маман­ды­ғына қарамастан, өзінің туған өлкесінің, тұр­ған көшесі кімнің атында және сол адам­ды туғанындай жақсы білуі керек. Олай дейтінім – әр азамат жоқ дегенде бір ұлы тұлғаны жан-жақты білетін болса, бар­лық тұрғындар біріккенде тарихымызды то­лық­тай меңгерген болып шығады. Мәсе­лен, мен өзім тұрып жатқан Жансүгіров кө­шесі бойында орналас­қан үйімнің аула­сын­­дағы әр балаға, Абай мен Мұхтарды, І. Жан­сүгіровтің шығармаларын таныстыру­мен келемін. Енді, міне, Иншалла, бұл тізім­ге М. Төлебаев қосылып отыр.

Бір жақсыдан – мың шарапат. Ұлы ком­по­зитордың мерейтойы қарсаңында ескерт­кіш­тен бөлек, өзі туып-өскен Сарқан мен Ақсу ауданындағы бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, ауыл арасында­ғы жолдар жөндеуден өтті, мәдени ошақ­тар қалпына келтірілді.
Осы мерейтойға шашу ретінде Астана қаласының өнерпаздары да өз үлестерін қосуға тырысып бақты.
Сәкен ӘБДІРАХМАНОВ, Астана қалалық филармониясының директоры:
– Бұл той Алаштың абыройын өзгенің ал­дында да, өзіміздің алдымызда да та­ныт­қандай болдық. Жә­не бұл той – жал­ғыз Алматы облысы­ның ғана емес, бүкіл Қа­зақ­стан­ның тойы. Сондықтан біз де қа­тыс­­­қы­мыз келді. Атсалысқымыз келді. Мұ­қан атамыздың жүрген то­пыра­ғын көріп, ауы­лын көріп, му­зейін көріп, көп дүние алдық.
Мерей­тойлық шаралар Мұқан Төле­баев­тың шабыт шақырып, талай туынды­сын жарыққа шығарған Лепсі өзені мен Ме­рей тау етегінің арасында мәресіне жетті. Композитордың ұлы Айдар Төле­баев­­тың айтуынша, сәтті шығармаларының бірінен соң бірінің келуіне өзіндік себеп те жоқ емес.

Айдар ТӨЛЕБАЕВ, «Қазақсәулет академиясы» ЖШС-нің жетекшісі, М.Төлебаевтың ұлы:
– Әкем  ойындағысын жазуға арнайы сәтті, күнді, мезгілді белгілеп отырмайтын. Шабыт оған қай уақытта келсе, сол уақытта істеп отырған ісін тастай салып, бірден жазу-сызуға кірісе кететін. Бір қызығы, әкем жұмысқа кіріскенде электр жарығын мүлде қолданбайтын, шығарма­ла­рын майшамның жарығымен жаза­тын. Одан бөлек, әкемнің өнерге жа­қын болып өсуіне аздаған ақынды­ғы бар әрі әншіліктен де кенде емес анасы Тәжібала мен туысқан ағасы Апырбайдың ықпалы ерекше болды.
Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы:
– Мұқан қанына біржола сіңген табиғат көріністерінен бөлек, осы өлкенің Дәурен­сал, Пышан мен Қалқа әндерінің әуендері, дом­бырашы Қадаудың орындауындағы Бапы, Байсерке күйлерінің иірімдері, аға­сы Апырбай мен әйгілі Шашубайдың төкпе ақындығының нөсері айтарлықтай әсер етті. Осылардың әрқайсысының бір-бір бөл­шегін Төлебаев шығармашылығынан анық аңғаруға болады.
Бала Мұқан жастайынан ауыл-аймақ арасында өтіп тұрған байқауларға қаты­сып, көзге түсіп жүреді. 1936 жылы Алма­ты­да байқау өтетін болып, оған Талдықор­ған өңірінен өнері өзгелерден оқ бойы озық 10 өнерпаз жіберіледі. Оның ішінде Мұ­қан Төлебаев та болған еді. Бұл сайыста да бағы жанып, қазылар алқасының ұй­ға­ры­­мы­мен Мәскеуге аттанады. Мұқаңның Еу­ропаның музыка мәдениетімен танысуы осылай басталған еді. Алайда Мәскеудегі оқуы­ның аяқталуы екінші Ұлы Отан соғы­сының басталуымен тұспа-тұс келеді. Алай­­да денсаулығына байланысты соғыс әре­­кет­теріне толықтай қатыса алмаған ол Ал­­матыға оралып «Соқ, барабан», «Жо­рық», «Татьяна туралы ән», «Комсо­мол» сын­ды көптеген ән-романс жазып шығады. Әсі­ресе «Тос, мені тос», «Кестелі орамал» атты шығармалары қазақ кәсіби музыкасы саласында романс жанрының қалыптасуы­на әсерін тигізген.
Жалпы, М. Төлебаев көзі тірісінде 100-ден астам шығарманы дүниеге әкелген бол­са, соның ішінде «Біржан-Сара» опера­сы­ның шоқтығы биік. Олай дейтініміз – оның дәл осы туындысы 40 жылдай уақыт бұ­рын әр елдің сахнасында сан мәрте орын­далып келген болса, алдағы уақытта да осынша рет шырқала бермек. Бір өкі­ніш­тісі, өмірінің соңғы күндерінде жазуды бас­таған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» опе­расын аяқтай алмай кетті.
Қазақ кәсіби музыкасының негізін сал­ған дарын иесі 1913 жылы 13 наурызда бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Бөрлітөбе ауданы Қарашыған бойындағы Үлгі ауылында туған. Мұқанға дейін анасы Тәжібала 10 құрсақ көтергенімен, нәресте­лер­дің барлығы  бірінен соң бірі шетінеп кетіп отырған. Төлебай көрген түсті жорыт­пақ болып, ауыл молдасынан ақыл-кеңес сұрауға барған екен. Сөйтіп, Төлебай әкей молданың айтқанын бұлжытпай орында­ғ­ан­­нан кейін дүниеге келген сәбиінің есімін Мұхамедсәлім қояды. Бірақ анасы Алла­дан тілеп алған баласын ерке­летіп Мұқа­жан, ал ауыл балалары Мұқан деп атап кеткен екен. Бұл кейіннен қазақ­тың клас­сикалық музыка өнеріне айрықша үлес қосқан, асқан талант иесі Мұқан Тө­лебаев еді.
Жұматай ӘМІРЕЕВ, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын:
– Жалпы, Мұхаммед есімін иеленгендер ішінде осалы жоқ.  Мұндай адамдарға, бір жағынан, Алланың шапағаты түскен де болар. Олардың ішінде бір ғана Бөрлітөбе­ден әлемдік деңгейдегі М.Төлебаев пен оның төл шәкірті Еркеғали Рахмадиевтің қатар шығуы таңғажайып құбылыс емей немене...
М.Төлебаев 1945 жылы арнайы тап­сырыс бойынша Е.Брусиловскиймен бірі­гіп Қазақ ССР гимнін жазған еді. Бұл шы­ғар­мада ол жанр тәртібі мен ережесін жан-жақтылы сақтап қана қоймай, «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» деген ғасырлар бойы қазақ халқының жадында жүр­ген арманын Әнұран арқылы алпыс жыл арқа­лап, сол арманның орындалуына жеткізді.
«Алатау алыстаған сайын биіктейді» деген сөз бар. Таудың саңлақ тұлғасы, көрікті сымбаты алыстағанда ғана өзінің көз­тоймас әсемдігін көрсететіндей. Сон­дай-ақ ұлы композиторға деген көзқарас та, ұғым мен сезім де уақыт озған сайын ұзақ сынақтан өтіп, оның ұлылығын ай­қын­дай түсетіндей. Мұндай мәртебе, мұн­дай бақ екінің бірі емес, ілуде біреудің ғана үлесіне тиетіні сөзсіз. Бұл тұста Мұқан аға­мен бірге Еркеғали Рахмадиевті атауға бо­латындай.
Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы:
– Бір өкініштісі, Еркеғали Рахмадиевке осы салтанатты көруге екі-ақ ай ғана уақыт бұйырмады.
Біз, бүгінгі қазақ композиторлары, Ғазиза Жұбанова, Құддыс Қожамияров, Анатолий Бычковтан оқысақ та, бәріміз шы­ғар­­машылықта Мұқан Төлебаев баста­ған Еркеғали Рахмадиев жалғастырған са­ра жолмен келеміз. «Бұл бағыт – ұлттық әуез­ді жоғары кәсібилікпен көркейтіп, маз­мұн мен форманы тең ұстау». Ұлы ком­позитор Мұқан Төлебаевтың айтқан бұл сөзі барлық кезде жадымызда болмақ.

Тойда айтылған естеліктер
Айдар ТӨЛЕБАЕВ, «Қазақсәулет академиясы» ЖШС-нің жетекшісі, М. Төлебаевтың ұлы:
– Менің байқағаным – әкем ешуақытта ешбір адамға өзінің шығармаларын тыңдауға мәжбүрлемейтін және өзін аяғанды қаламайтын. Одан бөлек, әр адамның қалауымен санасатын. 13-14-ке келгенімде әкем менен қай мамандықты таңдайтынымды сұрады, сонда мен айттым  «маған музыкадан гөрі сурет салған, үй тұрғызған ұнайды. Сондықтан менің осы маман иесі атануыма көмектескеніңізді қалаймын» дегенімде әкем біршама уақыт ойланып тұрды да, «мен саған көтере алмайтын шоқпарды арқалатқым келмейді. Сенен сұрайтыным, таңдаған мамандығыңның шебері бол, ізденісті тоқтатпа», – деп қысқа қайырды.

Роза САДБЕКОВА, Мұқан Төлебаевтың балдызы:
– Жездем қырықтан асқан шағында көлік сатып алған еді. Бірде сол көлікке мен де отырдым. Көшеде кетіп бара жатқанымызда Мұқан ағам тоқтамастан қызылға өте шықты. Ол уақытта қалада көлік аз кез, Құдай сақтап үйге аман-есен жеттік. Мен жартылай шошып, жартылай таңырқап, ол кісінің жүзіне көз салға­ным­да жан-жағына қарамастан рөлге жабысқан бойда мізбақпай отыра берді. Үйге келгенде болған жайтты Дариға әпкеме айтқанымда, әпкемнің көзі шарасынан шығардай адырайып: «Құдай сақтасын. Мен оған айтып едім ғой, абайлап жүр, мұқият бол деп. Өткенде де екеуміз келе жатып бір көшеге бұрылғанымызда, МАИ қызметкері тоқтатып, айыппұл жазып берген еді», – деді. Сөйтсе, жездем көшеге бұрылмас бұрын жағылуы тиіс поворотникті жағуды ұмытып кетіпті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста