Қазақ блогсферасының даму қарқыны қандай?
Наурыздың 23-24-і аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласында қазақ блогшыларының ІІІ Блогқұрылтай-2013 шарасы болып өтті. Екі күнге созылған алқалы жиынға Қытай, Түркия секілді шетелдердегі қазақ блогшылары мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған ғаламтор белсенділері қатысып, интернет кеңістігіндегі біраз өзекті мәселені талқылады. Біз де соңғы үш жыл бедерінде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан блогшылардың кезекті жиынына арнайы барып, көкейімізде жүрген «Еліміздегі азаматтық журналистиканың бүгінгі арыны қандай?» деген сұраққа жауап тауып қайтқандай болдық.
Әкім мен вице-министр блогшылармен санасады
Әрине, қазір еліміздегі азаматтық журналистиканың тәй-тәй басып, ақырындап дамып келе жатқаны рас. Сол үшін де соқырға таяқ ұстатқан болмай, «Осы құрылтайда қазақ блогшылары қандай биікке қол жеткізе алды?» деген сауалға ғана жауап бере кетелік. Мәселен, аталмыш шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов келіп, блогшылардың жұмысына табыс тілеп, олардың барлық сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар блогқұрылтайға жылдағы әдетімен ҚР білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов те қатысып, қазақ контентіне қатысты өз ой-толғамдарын жастармен бөлісті. Біз бұдан билік тізгінін ұстағандардың азаматтық журналистика өкілдерімен айтарлықтай санаса бастағанын аңғардық. Демек, бұл, біріншіден, ғаламтор кеңістігіндегі азаматтық ойларға, пікірлерге, толғамдарға билік өкілдері де құлақ аса бастағанының көрінісі. Екіншіден, осы уақытқа дейін ресми журналистика саласы мамандары неше рет қазақ журналистерінің құрылтайын өткіземіз деп талпынғанымен, нәтиже шығара алмай келе жатыр. Ал блогерлер қазақ журналистері бағындыра алмаған құрылтайды қатарынан үш жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіп, төртінші билік өкілдерін шаң қаптырып кетті. Үшіншіден, еліміздегі 300-ге жуық қазақ блогері заманауи ІТ технологияны пайдалану арқылы ресми журналистикаға айтарлықтай бәсекелестік туғызып, өз блогтарын демократиялық ой айтудың ашық алаңына айналдырып үлгерді. Яғни қоғамдық пікір туғызуда бұл саланың қал-қауқарын көрсетті. Бірақ...
Алаңдарлық мәселе де жетерлік
Біз осы блогқұрылтайға басынан аяғына дейін қатысу арқылы біраз жайлардың тігісін жазуға мүмкіндік алдық. Сан болған жерде сапа да болады дейміз. Десек те, интернеттегі азаматтық журналистиканың өкілдері сол сапа мәселесіне келген кезде ақсайтын секілді. Мәселен, құрылтайда блогшылар алты сессия барысында шеберлікті шыңдау, яғни блог ашу, жүргізу тәжірибесі, қазақ сайттарындағы веб-дизайн және функционал мәселесі, монетизация, яғни сайтпен ақша табу, блог жүргізудегі шетел тәжірибесі деген сынды жайттарды талқыға салды. Сол жерде жекелеген блогерлер тарапынан блог-тілі жайлы ойларын да тыңдадық. Өкініштісі, олар осы уақытқа дейін Ахмет Байтұрсыновтар қалыптастырып кеткен көркем әдебиет, публицистика, ауызекі cөз секілді үш стильді өз ыңғайларына қарай икемдегісі келетінін аңғартып қалды (тіпті блогсферадағы бейпіл сөздерге де дұрыс көзқараспен қарау қажеттілігі де сөз болды). Мұны айтып отыруымыздың басты себебі, бұл жайт «Не істеп жатырсың?» деген толыққанды сұраулы сөйлемді «нестеватсын» дейтін бүгінгі қоғамда кім қалай ойласа, солай жазатын, ешбір филология заңдылықтарына бағынбайтын үрдісті қалыптастырып жіберуі мүмкін. Яғни, біріншіден, мұның нәтижесінде көп ұзамай шала сауатты ұрпақтың төбе көрсететінін қазірден бастап ойлап, тікелей осы мәселе айналасында блогерлердің тізгінін бір тартып қою керек. Екіншіден, журналистикадағы бәсекелестік өшпенділікке ұласпауын қадағалайтын кез жеткен сияқты. Бұлай көсілуімізге «Керекинфо» сайтындағы Rafaello бүркеншік есімді блогердің «лаңы» себеп. Құрылтайда блогерлер бұл жайтқа да тоқталып, Rafaello-ның ойдан құрастырған ақпараттарын (блогшылардың тілімен айтқанда, деза) пайдаланған «ұры журналистерді» қысқа да нұсқа сынап өтті. Әрине, бұл жерде ойдан «күйдірілген» Rafaello-ның «тәтті кәмпитін» талғажау еткен, ақпараттың шындығына көз жеткізбеген кейбір сауатсыз әріптестеріміз үшін бүкіл ресми журналистиканы қаралауға болмайтынын да ескергеніміз жөн.
Мәселен, кез келген ресми ақпарат ең алдымен ресми БАҚ арқылы тарап, сонан кейін ғана бейресми пікірлер, бейресми ойлар айтыла бастайтынын ұмытпауымыз қажет. Демек, сөз бостандығына бет алған кезеңде сол журналистер таратқан ресми ақпарға бейресми ой білдірген блогшыларды кінәлауға хақымыз жоқ секілді, олар да қандай жағдай болсын, жалпы, журналист қауымды кінәламауы керек. Ал «ақпараттық ұрылардың» тізесін заң алдында бүккізуге кімнің болсын хақы бар. Блогерлерге біздің айтпағымыз осы. Сонымен қатар, үшіншіден, соңғы кездердегі блогсфераның басты мәселелерінің бірі ретінде айтылып келе жатқан авторлық құқық мәселесіне де кең көлемде талқылау өткізіп, блогерлер мен жалпы журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіндіре алғанымыз жөн. Төртіншіден, біздің ойымызша, блогсфера да теле-радио, газет-журнал секілді жалпы журналистиканың қоғамдық пікір туғызатын ашық алаңы деп білмек керек. Яғни блог – интернет журналистиканың тікелей азаматтық журналистикаға апаратын, сөз бостандығына мейлінше жол ашатын бір тармағы ғана. Сондықтан да «қос ішінен қос тіккендей» болмай, блогсфераны да журналистиканың төл баласы деп қабылдауымыз қажет.
Сіз не дейсіз?
Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мұндай басқосулардың маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені қандай заман, қандай қоғам болсын бұқаралық ақпарат құралдары өз мәнін жоғалтпақ емес. Заманның, технологияның дамуына байланысты БАҚта дамып отырады. Интернеттің дәстүрлі ақпарат құралдарынан өзгешелігі – олар оқырмандарымен пікірлесе алады, ақпарат таратуда да айтарлықтай жылдамдыққа ие. Осы мәселеге қатысты мәліметтерді қарап отырсам, қазақтар тілінің интернет журналистикадағы үлес салмағы 15 пайыздан аспайды екен. Біз сол үлес салмақтың артуын қалаймыз. Сол себепті де блогерлердің Наурыз мерекесіне орай оңтүстікте басқосуы жақсылықтың нышаны деп білемін.
Блогерлер ұлттық құндылыққа келгенде ерлеп тұр
Құрылтайда бізді қуантқан бірнеше оқиға болды. Оның біріншісі шара барысында жастар өздері дайындаған «стартап» жобаларын (яғни болашақта ашатын блогтары, сайттары) қорғады. 15-ке жуық жобаның ішінен ұлттық дәстүрлі музыкаға қатысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті студенттерінің еңбегі жеңімпаз атанды (алғашқы орынға ие болған үш жобаға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді). Блогшылардың жаппай ұлттық жобаға дауыс беруі көңілімізді көтерді. Екіншіден, құрылтайдың ресми бөлімі біткен соң, блогерлер Ленгір ауданына қарасты Біркөлік деген жердегі «Бәйшешек» лагеріне барып, құрылтайдың бейресми бөлімін жалғастырды. Алғашқы күні блогерлер дәстүрлі «Домбыра-пати» сауық кешін өткізді. Яғни ортаға алаулата жаққан отты айнала отырып, ұлттық домбырамыздан күй кернеп, ұлттық әндеріміз орындалды. Талантты қыз-жігіттердің кеші ұлттық өнеріміз аламан айтысқа ұласып, нүктесі ән айтыспен қойылды. Екінші күні «блогер-бозбалалар» қыздарға «селтеткізер», ал «блогер-бойжеткендер» арда жігіттерге «ұйқыашар» салтын орындап, тағы да ерледі. Әрине, осы бір кішкене ғана бастамалардан блогерлердің ұлттық құндылыққа келгенде ерлеп тұрғанын аңғаруға болатын сияқты.
Түйін
Шымқалада өткен блогерлердің құрылтайы әркімге әрқандай тың идеялар қосқаны сөзсіз. Сондықтан да сөз соңында осы бір шараны ұйымдастыруға белсене кіріскен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі қызметкерлеріне алғыс білдіре кеткен жөн секілді. Өйткені әр облыс дәл осындай айтулы шараны жиі өткізіп тұратын болса, жыртығымыз жамалып, жоғымыз түгенделер еді. Ендеше, сол жоқты іздеу сіз бен біздің міндетіміз деп білейік.
Тақырыпқа орай
Ақжүрек Таңатаровтың блогерлерге қатысты әзілі «Бәйшешек» лагерінде Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров бастаған бірқатар қазақтың балуандарымен кездестік. Балуандар табиғаты тамаша осы бір демалыс орнында спорттық жаттығуларын өткізіп жатыр екен. Лагерьде болған бір тәулік ішінде блогерлер мен күрескерлер арасында кереметтей достық қарым-қатынас орнады. Біз Ақжүрек Таңатаровпен әңгімелесіп тұрғанда, қазақтың маңдайына біткен талантты балуаны бір кезде: «Осы блогерлер деген кімдер? Анау агенттің блогына жылтыңдатып ойына келгенін жаза беретіндер ме?» деп бізді ду күлдірді.
Құрылтайда айтылған үзік ойлар
Блог баспасөзде айтылмайтын мәселелерді қозғауға қауқарлы болуы керек.
Блог қыз бен жігіттің қойын дәптеріне жазылуы тиіс «күнделік жүргізу» (ешкімге маңызы жоқ, басынан өткен оқиғаны баяндау) стилінен айырыла алғанда ғана биікті бағындыра алады.
Блог ұлттық идеологияның жанайқайын естірте алса ғана блог.
Блог дәстүрлі қазақ руханияты (тіл, дін, тін) тақырыбы үдесінен шығып, оған қазақ саясаты, қазақ экономикасы, қазақ өнеркәсібі деген секілді салаларды қоса алғанда ғана оқырман көбейеді.
Блог шетелдегі қазақтармен бір атмосферада дамуымызға, руханиятымыздың біте қайнасуына септескені жөн.
Блог блогшының ғана емес, қазақтың ойы болмағы шарт.
Қазақ блогерлері осы айтылған үделерді бағындыра алды ма?
Жауап сізден болсын!