Қазақ елі Қасым жырымен рухтанды
Биылғы жыл еліміз үшін мерейлі табыстар мен торқалы тойлардың дүбірімен көмкеріліп, ұлтқа қызмет еткен тұлғаларымызды ұрпаққа үлгі етерлік шаралардың молдығымен ерекшеленуде. Жақында ғана ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойын Қарасазда дүбірлеткен халқымыз бұдан соң көп ұзамай дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдық торқалы тойын Қарқаралы басында барынша ақын атына лайықты сән-салтанатпен жан-жақты атап өтті. Осылайша қазақ елі Қасым ақынның отты жырларымен рухтана түсті.
Қазақ өлеңінің мерейі
8-10 қыркүйек күндері аралығында атап өтілген ақын тойына Қарағанды облысының әкімдігі мықты дайындықпен келген екен. Қазақ өлеңінің мерейін асқақтатып, Қасым тұлғасын ұлықтаған салтанатқа шығармашыл зиялы қауым, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Мерекеге сондай-ақ Қасым Аманжоловтың туыстары мен жақындары, соның ішінде екі қызы – Дариға мен Жанна құрметті қонақ ретінде шақырылды. Торқалы тойға сонымен қатар Түркиядан, Ираннан, Әзірбайжаннан, Өзбекстаннан, Татарстаннан 200-ге жуық қонақ арнайы келді.
Қасым тойына алыс-жақыннан қонақтар келгенге дейін қарағандылықтар қарап отырмады. 8 қыркүйек күні таңертеңнен бастап Кеншілер мәдениет сарайында Н.Гоголь атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында Қасым оқулары, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген деректі фильмнің көрсетілімі, «Досымның үйленуі» спектаклінің көрсетілімі болып өтті. Мұнымен қатар Шалқыма концерт залында ақынның өлеңдеріне жазылған «Жыр жазамын жүрегімнен…» атты республикалық ән конкурсы және ақындар айтысы өткізілді.
Тойдың екінші күні облыс әкімі Серік Ахметов қонақтарды қабылдап, оларға тойдан тәбәрік ретінде арнайы төсбелгі, естелік бұйымдар мен кітаптарды сыйға тартты. Басқосуда Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, академик Кенжеғали Сағадиев және Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Делиомероглы сөз сөйледі.
Сондай-ақ облыс басшысы жиын барысында Қасым Аманжоловтың екі қызына Қарағанды қаласынан берілетін пәтер кілттерін табыс етті. Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі:
– Алаштың ардақты ақыны Қасым Аманжоловтың шығармашылық жолы баршаңызға белгілі. Ең бастысы, сүйікті ақынымыздың жарқын бейнесі ел жүрегінде. Биылдың өзінде ақын шығармашылығына арналған төрт кітап жарық көрді. Осындай игі жаңалықтардың қатарында «Қасым» әдеби-мәдени журналының шығуын, ақын туралы деректі фильм мен бейнефильмнің түсірілуін айрықша атаған абзал. Кезінде Қарқаралы ауданындағы Фрунзе кеңшарына Қасым Аманжолов есімі берілген. Қарағанды қаласында ақынның есімімен көше аталған. Енді даңқты жерлесіміздің есімі Қарқаралы орталықтандырылған кітапханасына беріледі, – дей келе, Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы тек қана біздің облысымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға екендігін айрықша атап өтті.
Қасым ақын қасқайып тұғырда тұр
Ресми қабылдаудан соң қонақтар қаланың қақ ортасындағы Сәкен мен Кривогуз көшелерінің қиылысындағы ақын есімін иеленген скверде Қасым Аманжолов ескерткішінің ашылу салтанатына куә болды. Бұдан соң қонақтар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Жастар сарайының кең залында өткізілген «Қасым және жаңа заман поэзиясы» атты мерекелік ғылыми-тәжірибелік конференция ақын шығармашылығын жаңаша саралау бағытында ұйымдастырылған келелі жиынға қатысты. Конференцияны оқу орнының ректоры Еркін Көбеев ашып, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөзді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев жолдап, облыстағы оқу орындарында оқитын бір топ студентке жалпы сомасы 12 миллион теңгені құрайтын Қасым атындағы білім грантын табыстады. Конференцияда қасымтану бағдарында бірнеше баяндама жасалып, құттықтау тілек жұптаушылар ақын шығармашылығы жайында толымды пікірлер білдірді. Сондай-ақ көршілес Түркия, Ресей, Татарстан, Иран, Әзірбайжаннан келген ақындар, әдебиетшілер өз ойларын жеткізіп, өз тілдеріне тәржімаланған Қасым жырларын шабыттана оқыды.
Конференцияның соңын ала Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков осыдан бірер ай бұрын ақын тойына арнайы ашылған «Қасым.kz» әдеби порталының таныстырылымын жасады. Сондай-ақ «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының да таныстырылымы жасалып, көпшілікке таратылды. Әдебиет әлеміне жаңа қосылған журнал ұжымына сый ретінде халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза журналды түрік тіліне аударып, бастырып шығарып, күллі түркі әлеміне тарататынын қуана жеткізді. Алқалы жиыннан кейін кешке қарай Кеншілер мәдениет сарайында «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты республикалық жыр мүшәйрасының қорытынды шарасы мен гала-концерт өткізілді.
Қарқаралы басында...
Тойдың үшінші күні ақынның туған жері – Қарқаралыда жалғасты. Тойға келген ақынның туған-туыстары, әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлері ең алдымен кезінде Құнанбай қажының өзі салдырған мешітке барып, мінәжат етіп, Абай тоқтаған тарихи үймен, қазіргі мұражай әрі өнер мектебімен танысты. Негізгі мерейтойлық іс-шаралар Кент тауының баурайында тігілген ақшаңқан киіз үйлер ауылында басталды. Тойдың салтанатты бөлігін құттықтау сөзімен облыс әкімі Серік Ахметов ашты.
Дүбірлі тойға жолдаған Елбасының құттықтау хатын еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берді. Елбасы өз құттықтауында: «Қ.Аманжоловтың поэзиясы ХХ ғасырдағы ұлттық әдебиеттегі жарқын құбылыс болды, оның шығармаларымен тұтастай ұрпақ сусындап, тәрбиеленіп өсті, олар жүректерге Отанға сүйіспеншілік сезімін ұялатты. Ақын мерейтойы мен ел Тәуелсіздігі мерейтойының тұспа-тұс келуінің айрықша мәні бар»,– деп атап өтті. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай Қасым жайлы терең де мазмұнды баяндама жасады. Қарқаралы жерінде ұйымдастырылған мерекелік шара барысында Қасым Аманжоловтың ғасырлық мерейтойына арналған республикалық жыр мүшәйрасының, ақынның өлеңдеріне жазылған ән конкурсының және ақындар айтысының жеңімпаздары марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен Қасым мүшәйрасының бас жүлдесі қазақтың талантты ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулетке, ән байқауының бас жүлдесі жас әнші Сержан Мұсайыновқа, айтыстың бас жүлдесі танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваға бұйырды. Жүлдегерлердің бәріне де темір тұлпар табыс етілді. Автокөлік кілттері Қасымның екі қызына да тапсырылды.
Бұдан соң салтанатты шара ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихтан сыр шертетін театрландырылған көрініспен және танымал өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты. Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралы, Кент баурайындағы дауылпаз ақынның мерейлі мерейтойында халқымыздың ұлттық өнерлері – қазақ күресі, аламан бәйге, қыз қуу, шабандоздардың өнері және тағы басқа спорттық ойындар өтті. Дүбірлі той кешқұрым Қарқаралы қаласында эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертке, соңы отшашуға ұласты.
Абай тоқтаған үйі
Дүниеге тағы бір Қасым келді!
Қасым ақын мына жарық жалғаннан асқақ арманын аласартпай өтті ғой. Онысы жырында, тұстастары, дүниеден озғанға дейін жанында болған достарының естеліктерінде де кестеленген. «Дүниеге келер әлі талай Қасым...» деп жалындата жазған жырын жатқа айтамыз. Иә, Қасым ақын шыр етіп дүниеге келгелі ғасыр өтті. Дәл сол той күндеріндегідей шыбынсыз жаз, шырайлы кез болған шығар. Сол той дүбірі Қарқаралы, Кенттің аспанын кернеген күндері дүниеге сәби Қасым келді! Тойдың соңғы күні түн ауа, Алматыдан Арқаға барған делегацияны бастай келген талантты ақындарымыздың бірі, «Қаламгер-Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанарбек Әшімжанның ұялы телефоны безілдей жөнелсін. Алматыдан сүйіншілі хабар жеткен. Ақынның шаңырағында маңдайы торсықтай ұл бала дүниеге келген! Жәкең: «Ұлдың есімі Қасым болады!» – деп бір-ақ кесті. Бұл оның шаңырағындағы үшінші ұл болды. Тұңғышы – Ақтамберді, оның өкшесін басқан Дінмұхаммед енді жаңа туған Қасымға аға болды.
Осылайша өмір жалғасып, ұрпақ сабақтасып, ұлылар есімі ұлықталуда. Дүниеге Қасым келді, ғасыр өтті – қазақ даласында Қасым атты қарадомалақтар аз болмауы керек. Дүниеге «Қасым» журналы да келді. Ал той әлетінде дүниеге келген сәби Қасымға арда туған ақынның ары мен арманын, асқақ даңқын берсе екен деп тіледік.
Құнанбайдың мешіті
Тойдан соң...
«Күркіреп күндей өтті ғой...» дескен тойдан соң Қарағанды жұртшылығы әлемге әдеби көзқараспен қарайтын тәрізді. Қала орталығындағы ақын ескерткішінен басталатын ақындар аллеясы бойында қала жұртшылығы қыдырыстап жүр.
Дүбірлі думан тарқаған соң облыс басшысы Серік Ахметов тойға белсене атсалысқан азаматтарды, мекеме басшыларын жинап, қорытынды жиылыс өткізді. Ұйымдастыру жұмыстарына жұмылдырылған жанашыр азаматтарға әкім алғысхат тапсырды. Сол алқалы жиында облыс әкімі ескерткіш орналасқан Кривогуз көшесін Қасым атына ауыстыру керектігі туралы баса айтты. Шынтуайтында, қызыл әскер Федор Кривогузды қарағандылықтар ұмытқалы қашан. Кривогуз түгіл, Ленин ескерткішін алдырып тастағалы біраз уақыт болды. Ал тұғырға қонған мүсін тұрған тұсқа Сәкен Сейфуллин көшесі келіп тіреледі. Қасым мен Сәкен екеуінің көшелері қиысып жатса, ХХ ғасыр басында тағдырлары түйіспеген қос боздағымыздың рухы шарпысар ма еді! Айтқандай, той күндері Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қарағанды жұртшылығына құттықтау хат жолдап, Астанадағы арналы көшелердің бірі Қасым атымен аталатындығын жеткізді.
Дерек-дәйек
• Ақын тойында Кент тауының бөктеріндегі қарағайлы алқапқа 260 ақшаңқан киіз үй тігілді.
• Тойда 10 мыңға тарта қонақ жиналды. Қонақтардың басы Түркиядан, Ресей, Әзірбайжан, Татарстан, Өзбекстан, Ираннан келді.