Қазақ кітабы pr-дың пырағына қашан мінер екен?
Жуырда Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және институттың 50 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі өтті. Көрмеге әдебиет пен өнердің музыка, театр және бейнелеу салаларында еңбек етіп жүрген ғалымдардың соңғы сегіз жыл ішінде шығарған 250 түрлі кітаптары қойылды. Бірақ... өкініштісі сол, осыншалықты маңызды іс-шара жайлы біреу білсе, қалған мыңымыз білмей де қалдық.
Егер біреу бүгінде «кітап шықпай жатыр» десе, не ол адам өтірікші, не айнала қоғаммен түк байланысы жоқ, руханият мұхитынан лақтырылып, жансыз аралда өмір сүріп жатқан біреу. Әйтпесе кітап деген толассыз шығып жатыр. Сонау көне заманнан бергі тарихымызды түгендейтін шежіреден бастап, жаңа туған сәби күтіміне дейінгі тақырыпты қамтитын дана кітап та, бала кітап та бізде жетерлік. Мысалы, кейінгі кездері Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Бабалар сөзі» атты сериямен 100 томдықтың жоспарланып, соның 65 томы, «Әдеби жәдігерлердің» 20 томдығының 11 томы, «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдығы және де «Қазақ музыкасы антологиясының» 8 томы жарық көргенінен хабарыңыз бар ма? Бұл айтып отырғанымыз – әр қазақ үшін қажет, әр қазақтың үйіндегі кітап сөресінен табылуға тиіс деген кітаптар, ал одан тыс қаншама оқулық, қаншама ғұламалар еңбегі басылып шығуда.
Бақыт Жолдыбайқызы, институттың ғылыми қызметкері, менеджері:
– Бұл көрменің маңызы зор, себебі мұнда біз өте құнды кітаптарды жайып отырмыз. Жай көрсетіп қана қоймай, кітаптар сатылады да. Онда да акция ұйымдастырып отырмыз, яғни акция бойынша өз қызметкерлеріміз кітаптарды 50 пайыз жеңілдікпен, ал жалпы оқырман 35 пайыз жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Бір қуанарлығы, біздің кітаптарымызға Анкара ұлттық кітапханасынан сұраныс бар. Алыс-жақын шетелдерден де сұраныс бар. Бүгінгі мерейтой құрметіне біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы ҰПУ кітапханаларына 204 кітаптан сыйға тартып отырмыз. Тағы да біршама жерге берген кітаптарды қосқанда, барлығының саны 1000-ды құрайды. Мұндағы мақсат – әрине, кітап сатып пайда табу емес, кітапты қажет ететін оқырманның қолына жеткізу. Осы ретте биыл біз институтымыздың сайтына кітаптарды енгізіп отырмыз. Демек, интернет арқылы біздің кітаптарымызға тапсырыс беруге болады.
Жарнама жасай алмасақ...
Бір ғана институт қандай қыруар жұмыс атқарып, қаншама ғалымымыз көз майын тауыса кітап жазып жатыр. Ал одан сіз, оқырман, бейхабар болсаңыз, оған сізді кінәлаудан аулақпыз, себебі... Оның себебі көп. Бәлкім, оның себебі «кітаптардың тиражы аз» дерсіз, бәлкім? Бұл ретте шыққан кітаптың авторы мен оның береріне қарай аз не көп демесек, әйтпесе осы 1000-2000 дананың өзін өткізіп жарытып жатқанымыз шамалы. Неге? Себебі бізде бұл салада PR менеджмент дұрыс жолға қойылмаған. Міне, барлық мәселе, бар кілтипан – осында. Осы көрменің де елеусіз, жұпыны өтуі осыны тағы бір рет дәлелдеп берді. Әйтпесе Әуезовтей ұлы тұлға атындағы еліміздегі бірден-бір институттың 50 жылдығына, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған кітап көрмесінің жарқырап өтетін жөні бар ғой! Ондағы кітаптардың арзандатылған бағамен сатылмай, керісінше, оқырманның өзі іздеп, екі есе бағамен сатып алатын жөні бар ғой! Бірақ неге олай емес? Себебі біз өз еңбегімізді өзіміз дұрыс көрсете алмаймыз, себебі біз РR дегенді әлі күнге меңгермегенбіз. Соның зардабын, мінекей, кітап саласы да тартып отыр. Жалпы, бұл – жарнаманың заманы, ал сол жарнаманы жақсы игерген жандар түкке тұрғысыз болса да, қолында барды жарқырата көрсетсе, жарнаманы игермегендер жұпыны күй кешіп отыр. Бұрышта тұрған баладай, бүгінгі қазақ кітабы, қашан құның асқақтар екен?