Қазақ музыка майталманына Анкарада
Таяуда Түркияның астанасы Анкара қаласында ТҮРКСОЙ-дың тікелей мұрындық болуымен, осы ұйымға мүше жеті ел консерваторияларының студенттерінен құралған ТҮРКСОЙ студенттер камералық оркестрі алғашқы репитициясын бастап кетті. Оркестрдің музыкалық жетекшісі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Әнуар Акбаров.
Оркестр өзінің концерттік бағдарламасын тамыз айының 2-сінде Анкарада, 4-інде Стамбул қалаларындағы концерттерімен бастайды. Ал 5 тамызда Германияда өтетін еуропалық Студент жастар оркестрінің фестиваліне қатысып, екі концерт бергеннен кейін, бұл түркі елінің жас өнерпаздары еуропалық Студент жастарының құрама оркестрімен қосылып Еуропа қалаларына гастрольдік турға шығады. Оркестр, негізінен, түркі халықтарының музыкалық мұраларын, кәсіби композиторларының камералық оркестрге арнап жазылған шығармаларын насихаттауды мақсат тұтады.
Оркестрді ұйымдастыру идеясының ұсынып, жүзеге асуына белсенді жұмыс жасаған ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, жерлесіміз, белгілі музыкант Дүйсен Қасейіновтің айтуынша, камералық оркестрдің концерттік бағдарламасы ұйымға мүше елдердің танымал музыкалық шығармаларынан түзілген. Анкара қаласында өтетін тұсаукесер кеш жақында дүниеден озған түркі және қазақ музыкасының үлкен жанашыры һәм насихаттаушысы, тамаша музыкант, дирижер Фуат Шәкірұлы Мансұровтың аруағына бағышталмақ. Өткен ғасырдың 80-90-жылдарында консерватория ректоры болған Дүйсен Қорабайұлының бастамасымен Қазақстанда алғаш ұйымдастырылған «Интероркестр» маэстро Ф.Ш. Мансұровтың жетекшілігінде алдымен Қазақстан мен Орта Азияның алты консерваториясын, кейін КСРО 15 одақтас республикалар консерваторияларының студенттерімен толығып, Еуразия кеңістігіндегі аумалы-төкпелі кезеңнің елеулі мәдени құбылысына айналғаны есімізде.
Халқымыз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Осындай аталы сөзді есінде берік ұстаған ұрпақтың алдыңғы қатарлы өкілдері өткеннің мәдени-рухани құндылықтары мен оны жасаушыларды естен шығармай, бүгінгі Еуропа сахнасының төріне шығарып насихаттауы, бүкіл түркі республикаларының, соның ішінде қазақ халқының жарқын келешекке апарар түзу жолдың басы деп білеміз.