Қазақ қолөнерінің классигіне бір клубты қимай отыр
Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Құрманғазы және «Отырар сазы» көне аспаптар оркестрі мен кейінгі кезде құрылып жатқан көптеген ерекше үлгідегі ансамбльдердің өнерін әр кез тамашалап көрген сайын олардың тасасында бір бейне ылғи да елестеп отырады. Ол - Қамар Қасымовтың бейнесі» деп жазған едi.
Атақты шебер Қамар Қасымов 1893 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, қазіргі С.Торайғыров атындағы ауылда дүниеге келді. Қамар жас күнінен өнерге ынтық болады. Домбыра жасауды да ерте қолға алады. Алғашқы домбыраларының бірін өзінiң құрдасы және туысы Сұлтанмахмұт ақынға арнаған. Қамар мен Сұлтанмахмұт түйдей құрдас, дос, өте сыйлас болып өскен. Сұлтанмахмұт Троицкіге оқуға баруға қаражат таппай қиналып жүргенде Қамар өзі жасаған ағаш бұйымдарын сатып, ауылдастарынан қаражат жинап, қаржылай көмек көрсетеді.
С.Торайғыров атындағы ауылдың тумасы, Павлодардағы Майра музейінің меңгерушісі Ерлан Рахимов әйгілі шебер туралы былай әңгімелейді:
«1931 жылдың аштығына душар болған Қасымовтар отбасынан аман қалған жалғыз Қамар арып-ашып, жадап-жүдеп, өлім халіне келген шағында «таныс біреу табылар ма екен?» деген үмітпен теміржол вокзалында теңселіп жүреді. Бағына қарай, ағайыны Ағзам Боқанов ұшыраса кетедi. Өзінiң отбасын көшіріп алуға келген Ағзам өзімен бірге Қамарды да ала кетеді. Семей өңірін басып өтіп, Оңтүстік Қазақстандағы Өзген каласына апарып, жұмысқа орналастырады. Кейіннен олар 1934 жылы Алматыға көшіп келеді.
Бұл қазақ өнерiнiң жаңа өрлеу ала бастаған, өнерпаздар сайысын өткізіп, тума таланттарды iрiктеу жүрiп жатқан кез болатын. Осы сараптауда ерекше өнерімен танылған Қамар қазақ аспаптарын жасау шеберлерi қатарына қосылады. Жай ғана шебep емес, соның ұйымдастырушысы болады. Сондықтан да Қамарды «қазақ музыкалық аспаптарының атасы» деп атау өте орынды».
Сол кезеңдерде Темірбек Жүргенов оркестр ұйымдастыруға тікелей басшылық жасайды. Ол туралы Қамар Қасымовтың естелігінде былай деп жазылған: «...Мені Темірбек Жүргенов шақырып алды да: «Ей, шебер адамсың, басқа елдiң аспабын көріп, ұлт аспаптарын дамытудың кәсібіне түс, әр жағын өзіме қоя бер» деді. «...Жарайды!» дедiм. Бұдан кейін мамандармен сөйлесіп, орыс оркестрiнiң аспаптар құрамын көріп, танысып, Мәскеуде iссапарда болып, біраз тәжiрибе жинақтадым. Орыс оркестрінің бұрауы біздің ұлттық оркестрімізге халықтың саз ерекшелігін, ұлттық табиғатын бере алмайтынын білдiм. Содан барып олардың үлгiсiмен жасамау керектiгiн түсiндiм».
Бұл арада Қамардың Мәскеуде бүкіл Одақтағы барлық республикалар үшін үлгі-өнеге ретіңде көрсетілген Чайковский атындағы консерваторияның және Андреев атындағы шулы оркестрдің шеберханаларында болғанын ескерте кеткен жөн. Барлық жағынан «Ұлы орыс халқынан өнеге алыңдар» деп насихатталған кезде музыка аспаптарын жасауда да сондай үлгі ұсынғаны белгілі. Бiрақ қазақ аспаптарының көне түрiн сақтауды мұрат тұтқан, әрi ұлттық мәртебенi бәрiнен жоғары санаған Қамар Қасымов «Ол аспаптардың түрi де, үнi де бiздерге жанаспайды, жараспайды» деп орыс аспаптарынан үлгi алудан бiрден бас тартады және ойын ашық жеткізеді.
Мiне, осыдан бастап шебер өзiнше iздену жолына түседi. Оркестр жасау үшiн әртүрлi аспаптар керек. Ал көне музыкалық аспаптар түрiнiң сақталғандарын қалпына келтiру, жоқтарын қалыптастыру Қамарға оңайға түспейдi. Бiрақ шебердің алтын қолы мен жүйрiк қиялы жеңiске жеткiзедi. Сөйтiп, Қамар жасаған сазды аспаптар негiзiнде құрылған қазақ оркестрi Мәскеуде өткен бiрiншi онкүндiкте тамаша өнер көрсетiп, бүкiл Одаққа танылады.
Кейбiр деректерге қарағанда, Қамар қазақ саз аспаптарының он алты түрiн қалпына келтiрген көрiнедi. Бұл, әрине, үлкен табыс. Осы арада Қазақстан Жазушылар одағының бiр құжатын мысалға келтiре кеткен жөн сияқты. 1940 жылы осы басқарма: «Қамар Қасымов жасаған музыкалық аспаптар - қазақ халқының саз аспаптарын дамыту жөнiндегi жаңа табыс. Қ.Қасымов жолдасты қазақтың ұлт аспаптарын дамыту жолында қажырлы еңбек сiңiрiп келе жатқанын ескерiп, ол жасаған бас қобызға - «Қамар-қобыз» деген ат беру қажет» - деген шешiм қабылдаған. Бұл ұсыныс мақұлданып, бас қобыз Қамар шебердiң атымен аталатын болды.
Қамар шығармашылығын зерттеушiлер ерекше атап жүрген бiр жай - шебердiң жан-жақты таланты арқасында аспаптанушы дәрежесiне жеткендiгi. Бiртуар қолөнер шеберi қазақ ұлт аспабының ұлттық табиғатын, болмыс-бiтiмiн, сырт келбетiн, үн ерекшелiгiн бұзып алмау үшiн iздене жүрiп, аспаптанушы-оргонолог дәрежесiне дейiн жетеді. Мұндай ғылымнан хабары жоқ Қамардың жасаған саз аспаптарының құрылысы, жасалу әдiс-тәсiлi, дыбыс ауқымы, дыбыстық тембрi мен тербелiсi, аспаптың әр бөлшегiнiң өлшемдiк дәлдiгi оргонологиялық ережелерге сай келгенi шет елдің аспап зерттеушiлерін мейлiнше сүйсiндiрген. Бұл Қасымовтың аспап жасаушы ретiндегi еңбегi болса, оның қазақ аспаптарын насихаттаушы ретiндегi еңбегi - және бiр төбе. Саз аспаптарын сұраныс дәрежесiне көтеру үшiн Қамар шебер бiраз уақыт Қарағандыдағы домбыра жасайтын Осокаровка комбинатында болып, бұл iске басшылық жасады. Қамар Қасымовтың аты елiмiзден сырт жерлерге де жақсы таныс. Айтулы шебер Монғолияның Баян-өлгей аймағына барып, өзi құрған қырық адамдық ұлт-аспаптар оркестрiнiң барлық аспаптарын да өз қолымен жасайды. Сонымен қатар, сол елде көптеген шәкiрттер тәрбиелеп шығарады. Бұл еңбек жайында 1961 жылы Монғолия Үкiметiнiң өнер iстерi жөнiндегi төрағасы Д.Дамдин: «Баян-өлгейлiктердiң өнерi мен мәдениетiндегi ерекше бетбұрыс кезең – ол қырық адамдық ұлт-аспаптар оркестрiнің құрылуы едi. Мұны Қазақстанның музыкалық аспаптарының айтулы шеберi Қамар Қасымов жасаған едi», – деп жазған екен.
Алматыдағы республикалық саз аспаптары мұражайының деректерiне қарағанда, атақты шебер жасаған дүниелер бірқатар шет мемлекетке танылып, талай елдер аттай қалап алған. Бұл ретте оған моңғолдықтар, қытайлықтар, үндiлiктер бiлдiрген сұраныстарды айтсақ та жеткiлiктi.
Аспаптың әдемiлiгi мен үндiлiгi жағынан ерекше тартымды болуы нәтижесiнде Қамар шебердiң қолынан шыққан домбыра мен қобыз талай әдебиет пен өнер тарландарына тарту-таралғы ретiнде сыйлыққа берiлдi.
Құрманғазы ұлт аспаптар оркестрi 1957 жылы Қытайда концерт көрсеткенде Қытай халқының басшысы Мао-Цзе-Дунге оркестр жетекшiсi, дирижер Шамғон Қажығалиев Қазақстан Үкiметi атынан Қамар Қасымов жасаған қобызды сыйға тартады. Қамар өрнектеп жасаған әсем музыкалық аспаптар бүгінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей мұражайларында сақтаулы.
Қамар Қасымовтың еңбегі әділ бағаланып, Қазақ КСР-нiң еңбек сiңiрген өнер қайраткерi атағына ие болды. Еңбек Қызыл Ту орденiмен және медальдармен марапатталды.
Өкініштісі, шет ел ғалымдарына таңдай қақтыртып, «Қазақтың Страдивариусi» атанған Қамар Қасымов есімі өз елінде сирек аталады, тіпті қазіргі жастар Қамардың ерен еңбегінен бейхабар десек те болады. Осы олқылықтың орнын толтырмақ мақсатта Торайғыр ауылында тұратын қарт ұстаз Шолпан Әбілғазықызы Жақыпова бірнеше жыл бұрын баспасөз беттеріне және билік басындағыларға хат жазып, осы ауылдағы клуб үйін Қамар Қасымов атымен атауды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс бір топ ауыл тұрғындары тарапынан қолдау тапқанымен, неге екені белгісіз, клуб үйі кезінде мұғалімдік қызмет жасаған, бірақ жасаған еңбегін халық жөнді біле қоймайтын қатардағы бір азаматтың атымен аталып кете барды.
Клубымыз Ж.Солтанбаев есімімен аталады. Алайда ол кісінің есімі жазылған тақтайша салтанатты шара өтетін уақытта алынып тасталып, жай күндері қайта ілінеді, - дейді ауыл тұрғындары.
«Сұлтанмахмұт пен Қамар атамызды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, екеуі - бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып, жақын жүрген адамдар. Тіпті, С.Торайғыров оқуға баруға қаржы таппай қысылған кезде Қасымовтың қаржылай көмек көрсеткенін де білеміз. Осыған ризашылығы ретінде ақын Қамар досына «Алғыс хат», «Досыма» атты өлеңдер арнайды және әйгілі «Қамар сұлу» шығармасындағы басты кейіпкер - Гүләйімнің есімін өзгертіп, Қамардың атымен атаған екен. Бұл - біздің төл әдебиетіміздің тарихында кездесе бермейтін сәйкестік», - дейді Шолпан Әбілғазықызы.
Былтыр, Қамар Қасымовтың туғанына 120 жыл толуына орай Торайғыр ауылында мерекелік шара өтті. Сол шарада облыс орталығынан Қамар Қасымовтың атындағы шеберхана ашылатыны айтылған еді. Иә, құптарлық іс!
Десе де, өз ауылдастарының дүйім жұрт мойындаған Қамарға аядай клубты қимағандары түсініксіз жайт...