Қазақ қыздарының «Қос бұрымы» таныстырылды
Поэзияда шекара болмайтынын қазақтың ақын қыздары тағы бір дәлелдеді. Еліміздегі бірқатар ақын әпке, замандастарымыз бен қарт Тарбағатайдың арғы бетінде өмірге келген қазақтың қара өлеңге құмар алты қызы бірлесіп жаңа кітапты жарыққа шығарды.
«Қос бұрым» деп аталатын жыр жинағын қалың көпшілікке ақындар Несіпбек Айтұлы мен Серік Тұрғынбекұлы таныстырды. Қазақстан-Ресей университетінің Абайтану орталығына жиналған қауым алдында сөз алғандар жаңа кітапқа өлеңдері енген ақындарға арнап құттықтау сөз арнады.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:
– Қазақта ақын қыздар көп. Жалпы, өнер тұтас дүние болғандықтан, ерлердің немесе қыздардың поэзиясы деп бөлуге болмайды. Қазір қолына қалам ұстағанның бәрінің өлеңі жерде қалмайды. Халыққа жетіп жатыр. Бұрындары Сара Тастамбекқызы сияқты қазақтың ірі ақын қыздарының өлеңдері тіпті тасқа да басылмай қалған. Оның қасында бүгінгі күнімізге шүкіршілік айтамыз. Қазақ қай елде тумасын қазақ болып қалады. Біз шекараның арғы бетінде туып-өскендерді бөле-жармаймыз. Мына «Қос бұрым» жыр жинағының шығуы мені қуантып отыр. Бейне бір бір шаңырақтың астында отырғандай. Ақын қарындастарыма сәттілік тілеймін!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын:
– Поэзияға келген әрбір қазақ қызының өзіндік орны, аты бар. Фариза қазақтың қара өлеңінің қыраны болса, Марфуғаны аққуы деп білемін. Ал Ақұштап – поэзияның қаршығасы. Осындай ақын апаларыңыздың жолын берсін!
«Қос бұрым» жыр кітабына қаламы тиген ақындар – Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін елді мекенінен келген, салық инспекциясында қызмет істесе де, әдебиеттен алшақтамаған Амангүл Мұратбекқызы, ұстаз Айгүл Нұрышқызы, Семей қалалық ақындар мектебін басқарып отырған Дәмеш Омарбаева, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, ғалым Сәруар Аблашқызы, Танакөз Толқынқызы және Асылзат Арыстанбекқызы.
Қытайда өскен қандастар туған елге деген сағыныштарын өлең-жырларымен жеткізсе, Тарбағатай аймағынан жеткен тележурналист әрі әнші Жасталап Мүтиханұлы «Сәлем саған, Астана!» атты патриоттық әнді көпшілік алдында орындады.