Қазақ романстары іріктелмек
Таяуда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры қазақ романстары циклын құруға байқау жариялады. Байқауға жасы 18 бен 40 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сондай-ақ арнаулы орта және жоғары оқу орындарының композиция кафедрасының студенттері мен түлектеріне де байқауға қатысуға мүмкіндік бар.
Бекітілген ережеге сәйкес, қатысушылар мемлекеттік тілдегі 4-7 әндік туындылардан тұратын романстар циклын ұсынулары керек. Өтініш биылғы жылдың 15 қазанына дейін қабылданады. Іріктеу комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, ҚР тұңғыш Президенті қоры жанындағы Жастар шығармашылық кеңесінің мүшелері және ұйымдастыру комиссиясының мүшелері енген. Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйақыға ие болады. Байқау қорытындысына орай, I орынға – 300 000 теңге, II орынға – 200 000 теңге және III орынға 100 000 теңге сыйақы тағайындалған. Ал дипломаттар 50 000 теңгеден алмақ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жұмыстары «Таңдаулы романстар» жинағына енгізіледі деп жоспарлануда. Қазақ романстарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың негізгі міндеті – ұлттық дәстүрлердің орындалуын сақтау және қайта жаңғырту, отандық сазгерлерге қолдау көрсетіп, отандық ән туындыларын жасау, жаңа дарынды сазгерлерді анықтап, олардың шығармашылығын халыққа таныту.