Қазақ сахнасының Серкесі

Қазақ сахнасының Серкесі

Тұңғыш қазақ театрының қара шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейтуге аянбай еңбек сіңірген тарландардың бірі Серке Қожамқұлов еді. Қостанай облысының Қарабалық ауданында 1896 жылы дүниеге келген Серағаң 17 жасына дейін мал баққан. Анасы Айкүн қозы-лақ бағып жүрген кiшкентай баласын еркелетiп: «Серкем менiң!» – дейдi екен. Алғашында кiшкентай Сералыға бұл есiм ұнамайды. «Балалар келеке қылады», – деген Серәліге анасы: «Ержеткенде қатарыңның алды, яғни серкесi боласың. Құдай сол күндi көруге жазсын!» – деп ұлына батасын берген екен. Өмiр көрсеткендей, қазақ халқы өзінің талантты өнерпазын еркелетіп, «Серке», «Сераға» деп атап кетті.

Залымдарды әшкерелеуді арман еткен
Троицкідегі орыс-татар мектебіне түс­пек­ші болғанымен, жасы асып кеткен Сер­кені мектеп басшысы «Уәзипа» мектебіне жі­береді.  Жездесі Жүсіп Темірбековтің ық­па­лымен ағартушылық бағыттағы мұ­сыл­ман мектеп-медреседе оқиды. Оның үш кла­сын бітіргеннен кейін Торғайға келіп, оқуын әрі қарай жалғастырады. Өнерге қызығушылығының оянуына сол жердегі «Уәзипа» драма үйірмесі ерекше әсер ет­кен екен. Серке Қожамқұлов өнерге келу жо­лын өз естеліктерінде: «Жездем осы үйір­меде артист болып ойнайтын. Үйге кел­генде рөлін жаттап айтып беретін, мен тың­дап отыратынмын. Ол кісімен ре­пе­ти­ция­ға бірге барам, киноға алып барады, ме­нің артист болуыма үлкен әсер еткен – осы кісі. Тұңғыш рет сахнаға «Бірлік» кол­хо­зы деп аталатын өз ауылымда шықтым. Мі­не, өнерге келуім осылай басталды», – деп  еске алғаны бар.
Қызмет жолын тергеушіліктен бастаған Сер­ағаң қазақ театрын ұйымдастыру мә­селелері қолға алынып, шақыртулар түс­кен­нен кейін өнер жолына түбегейлі бет бұ­рады. Театр жұмыстарының басы-қа­сында жүріп режиссерлік қызметті де қоса ат­қарады. Сөйтіп, бойындағы талантын шыңдап, өзіндік болмысымен, актерлік ше­берлігімен шынайы таныла біледі. М.Әуезовтің «Бәйбіше мен тоқалын», «Ең­лік – Кебекті», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұң­қарларын»,  Б.Майлиннің «Неке қияр», «Шан­шар молдасын» т.б сахналап, ірі сах­на­лық бейнелер жасайды. Сол алғашқы қа­дам­дарынан-ақ Серкенің шын та­лантына тәнті болған М.Әуезов: «Тә­жі­ри­бесі күшті, сахна техникасын меңгерген... бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты», – деп зор бағасын береді.   
Кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда психологиялық тереңдікке барған Серке Қо­жамқұлов өз естеліктерінде: «Жас­та­йымнан небір аяр, зұлымдық істерді ойлап та­батын билерді көп көріп өстім. Жаным жек көріп жүретін еді. Әттең, театрда осын­дай залымдардың бетін ашып ойнасам деп арман ететін едім», – деп жазған екен.
Әріптестерін ұршықша иіретін
Серағаң әрбір ойнаған рөліне ерекше жа­уапкершілікпен қарайтын.  Кейіп­кер­ле­рінің жан дүниесіне еніп, сол болып қуа­нып, сол болып қайғыра білетін және бас­қалардан да соны талап ететін. «Театрға артист ойнап-күлу үшін, анекдот айтып қай­ту үшін келмейді, актер адам үлкен өнер жасау үшін келеді, сондықтан да ең­бек ету керек, тер төгу керек, ежіктеп отыру ке­рек» деп, айналасындағы әріптестерін ұр­шықша иіріп, ағалық үлгі-өнегесін әр­қашан саналарына сіңіріп отыратын-ды. Ал өзі қандай рөлді ойнаса да, ой мен әрекет тұтастығын таба білді, кейіпкерінің бойына өзінше жан бітіруге талпынды. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясында Серке Қожамқұлов байлық көзіне шел болып жабысқан сараң Қара­бай­дың образын сомдайды. Осы спектакль туралы қазақтың белгілі актрисасы Бикен Римова өз естелігінде: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінің бірінші көрінісі жүріп жатқан еді. Баян жауға аттанып кетерде шы­мылдық жабыла бере оқыс күлген бір да­уыс естілді. Жасырақ кезіміз ғой, елең қыл­май өте бергенімізде арғы жақтан Сер­ағаң шыға келіп, қолындағы құрығымен бә­рімізді үйіре жасқап: «Трагедияны ойнап жүріп те беталды күле ме екен?» – деп ақыр­ғанда, кірерге жер таппай ұялғанымыз әлі есімде. Басқаны қайдам, бұл оқиға мен үшін үлкен тағылым, өнеге болып өмір бойы ойымда қалып қойды», – деп еске алады.
Серке ағамыздың күйеубаласы Ахмет Ос­панұлы «Қара қыпшақ Қобыланды» спек­­таклі туралы қызық деректі тө­мен­дегідей өрбітеді: «1969 жылы М.Әуезовтің «Қа­ра қыпшақ Қобыланды» спектаклі Мәс­кеуде Орталық телевизияның тас­па­сына жазылып алынатын болады. Соған дайындықты тексеріп жүрген телеэкранға шығарушы жауапты режиссер Көбіктінің рөліндегі атамыздың үлкен мұрнын байқап қалып: «О-о, жолдас, мынандай мұрын жа­рамайды. Қайта гримделіңіз. Бұлай болмайды», – деп, бұл кісі қозғала қой­ма­ған соң тағы бірқатар сөздер айтып, да­уы­сын көтере бастайды. Бұған шыдамаған атамыз режиссердің алдын кес-кестеп: «Ей, дорогой, что вы говорите? Этот нос – мой собственный, так что вы с ним ни­чего не сможете сделать!» – деп түтіге ашу­ланып, мұрнын жұдырығымен бір періпті. Бұл кісінің қолағаштай мұрнын қолдан жап­сырған грим деп ойлаған режиссер қат­ты сасып, иіліп кешірім сұрап, қолын алыпты».
Қателескенді өзіне кешірмейтін
Серағаң қандай кейіпкерді сомдаса да, оны шынайы көрсетуге, заман шыңдығын алға тартып бейнелеуге тырысқан. Осын­дай талантына тәнті болған Махпуза Бай­за­қова: «С.Қожамқұлов – өте еңбекқор із­­денімпаз актер еді. Оның ең үлкен ұстазы – өмір және кітап. Бүгін ол қара ниетті – Ошаған рөлінде, ертең қарапайым да адал жан­ды «Абай» трагедиясындағы – Бай­мағамбет немесе момын – Қоңқай, келесі кү­ні сотқар, озбыр би – Еспембетті келіс­ті­ре ойнайтын. Міне, бұл образдардың бәрі, тіп­ті қарама-қайшы келетін кейіп­керлер, шынайы таланттың тапқырлығы, ше­берлігі арқасында әрқайсысы бір-бірін қай­та­ламайтын сом тұлғалы образдар бо­лып шыққан», – деп өнеріне бас иген.
Қара басының қамынан театрды, өнерді биік қойған Серағаң ержеткен ұлы қайтыс болып, қайғыдан қан жұтып жүр­ген шағында Лениндік сыйлыққа ұсы­нылған «Ана – Жер-ана» спектаклін Мәс­кеуге, Лениндік және КСРО Мемлекеттік сый­лықтары комитетінің мүшелеріне көр­сетуге алып барады. Қайғыға қайыспай же­ке басынан өнер қасиетін биік санайды. Саналы ғұмырын театр өнері мен кино саласына арнаған актер 84-ке қараған шағында «Ана – Жер-ана» спектаклінде Ақсақал рөлін ақырғы рет ойнап, алты күннен кейін мәңгі ұйқы құшағына кетеді.
Театр сахнасымен қатар кино әлемінде де көп жұлдыздың бірі емес, нағыз шоқ жұлдыз екендігін «Абай әндерінде» – Бай­мағамбеттің, «Амангелдіде» – Бекетті, «Махаббат туралы дастанда» – Қарабайды, «Біз­дің сүйікті дәрігерде» – Серкені т.б. об­раздары айқын аңғартады. «Аспаннан қай­тып оралу» атты фильмде Серағаң ди­ректор рөлін ойнайды. Осы кинода ре­жиссер бейнесін кейіптеген Кәукен Кен­жетаев: «Серағаң репетицияда болсын, спек­такльде болсын өзінің шы­ғар­ма­шылығына үлкен жауапкершілікпен қарап, ша­быттың шалқуын, өзінің көңіліндегідей төгіліп жатқанын жақсы көретін. Бір ға­жа­бы – өзіне қателескенді кешірмейтін адам болатын. «Аспаннан қайта оралу» фильмінде кішкентай сюжетті өзінің ойын­дағыдай шығара алмай қатты күйзелді. Сол сәтте ызаланып тұрған Серағаң:  «Сер­ке қартайған! Серке артист емес, бұдан түк шық­пайды, керек-бит! Басқа біреуді ша­қыр, сол ойнасын! Серке бітті! Бітті! Керек-бит!..» – деп қатты ашу шақырды. Бірақ сю­жет ойындағыдай шыққанда балаша қуа­нып, мәз болды», – дейді Серағаң туралы естелігінде.
«Күлкінің атасы» атанған Серағаң күлкі құдіретін өнерімен астастыра білген. Ұсақ-түйекке ыржақтай беру мен жағымпаздық күлкіге жаны қас еді. Сатирик Сейіт Кен­жеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген жақ­сы сөзі бар. Бұл ретте, Серағаң – қоғамның жат қылықтарын күлдіру арқылы көрсете біл­ген  шебер актер. Шығармашылық ты­нымсыз ізденістері, сомдаған сахналық бей­нелері, осы өмірден алған мол тә­жірибесі актердің сахнагерлік беделін арт­тырып, халқына, ел-жұртына өнер май­талманы ретінде танытты. Серке Қо­­жамқұлов – қазақ халқының ғасырлар бо­йы жалғасып келе жатқан мәдениеті мен өнерін жаңа арнаға салып, шын мә­нін­дегі халықтық, ұлттық өнерге, ұлттық мәдениетке айналдырды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста