Қазақ театрына абсурд келді
Қазақ театрына жаңа бір жанр келді. «Абсурд» деп аталатын көркемдік шығармалардың оқиға желісі өмір шындығымен ешбір ұйқаспайды. Бірақ оның астарында адам психологиясының «шындығы» бар. Осындай туынды жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанды. Жас режиссер Балтабек Нұрғалиев астаналық өнерсүйер қауымның назарына «Әзәзіл» атты абсурд қойылымын ұсынды.
Бұл туынды – Жапонияның белгілі драматургі Бэцуяку Минорудың «Көше қиылысындағы драма» атты диологиясының бір бөлімі. Шығарманың екі бөлімі де көше бойымен келе жатып, келеңсіз бір жағдайларға тап болған жолаушылар туралы баяндайды. Бірінші оқиғада бас кейіпкер көше қиылысында отырған біреулердің әңгімесін тыңдап, өмірден түңіліп кетсе, екінші бөлімнің оқиға желісі көшенің қақ ортасында ашылған жедел жәрдем бекеті аясында өрбиді. Ондағы медбикелер үйіне бара жатқан сап-сау адамның есін шығарып, ақыр аяғында ауру қылады. Былай қарасаң, бұл – абсурд: көшенің қиылысында жедел жәрдем бекеті қайдан болсын? Болса да, адамның миын айналдырып, есін шығаратын медбикелерге кім сенеді? Ақылы бар адам оған ешбір мән бермей, өз жайымын кете береді ғой. Бірақ табиғатынан нәзік әрі кез келген нәрсеге имандай сене беретін жандар бар емес пе біздің қоғамда? Оларға қазіргі күйбең тіршіліктегі сан алуан келеңсіз жағдайлардың қатты әсер ететіні рас. Әсіресе әйел адамдар ондайға жиі душар болып жатады. Себебі олардың психологиясы «абсурдқа» жақын. «Әзәзіл» пьесасында барлық кейіпкерлердің аты жоқ. Оларды тек «бірінші әйел», «екінші еркек» деп шартты түрде атаған. Өйткені шын өмірде ондай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Біз өз қиялымыздың түбіне жете алмаймыз. Ал оның да бұрылыс-қиылыстары көп қой. Кім біледі? Ойлаудың жоғары сатысына шығар жолда сол бір қиылыста тұрған «жедел жәрдем бекетінің» көмегіне жүгінуге тура келетін шығар...
Біздіңше, жапондық шығарма абсурд, өмірде болмайтын оқиға ретінде жазылса да, оның реалистік тұсы да бар. Мәселен, жедел жәрдем бекетінде істейтін медбикелер қақпанға түскен әйел жолаушының басын айналдырып, барлық киім-кешегі мен ақшасын алып қойып, тақырға отырғызып кетеді. Бұл жерде жекеменшік бизнеске айналып бара жатқан медицинаның бүгінгі бет-бейнесін анық байқауға болады. Дегенмен қойылымның режиссері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Балтабек Нұрғалиевтің айтуынша, бұл шығарма қазіргі медицинаны сынап отырған жоқ.
Балтабек НҰРҒАЛИЕВ, «Әзәзіл» пьесасының қоюшы режиссері:
– Бұл – менің жапон драматургиясына екінші рет келуім. Оның алдында жапон халқының белгілі жазушысы, драматург Кобо Абенің «Құм құрсауындағы әйел» романы бойынша инсценировкасын жасап, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық Қазақ драма театрында қойдым. Өз басым жапон драматургиясына қатты ғашықпын. Сондықтан жапон драматургі Бэцуяку Минорудың шығармасын екінші туынды ретінде таңдап, Астанаға алып келдім. Бұл шығарма арқылы біз медицинаны сынап отырған жоқпыз. Қойылымның негізгі идеясы – жазықсыз адамды өлтіру проблемасы. Бұл – қарапайым адамның трагедиясы. Негізі, қазақ театры үшін абсурд – ол жаңа жанр.
Күлия ҚОЖАХМЕТОВА, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, әртіс, қойылымдағы «бірінші әйел»:
– Енді, «абсурд» деген сөздің өзі өмірде болмағанды білдіреді ғой. Ал оны жеткізе білу – әртістердің жеке шеберлігіне байланысты. Абсурдқа жан-тәнімен беріліп, шынайы ойнасаң, көрермен оған сене бастайды. Әрине, бізге ол бас кезінде жеңіл көрінді. Бірақ дайындық кезінде абсурдтың қиыншылығын түсіндік. Біз оған бағынбадық па, ол бізге бағынбады ма, білмеймін? Дегенмен соңында бәрі ойдағыдай шықты деп білемін. Әрине, біз үшін ол – жаңа жанр. Көрерменнің де оны түсінуі екіталай. Бірақ бүгінгі қойылым кезінде мен көрермендердің ілтипатын байқап, олардың бұл спектакльді түсінгендігіне көз жеткіздім. Жалпы, мұндай туындылар бізге керек. Себебі оған жастар көптеп жиналады.