Қазақ театрындағы күй кеші
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында жергілікті күйші, облыстағы дәстүрлі күйшілер ақсақалы Өтеген Жұмашевтің 80 жылдығына орай күй кеші өтті.
Өтеген Жұмашев – күйді нотасыз меңгерген бұрынғы бабаларымыздан қалған саусақпен санаулы өкілдің бірі. Әйгілі Құрманғазы мен Дәулеткерейді туған Нарын құмында дүниеге келген ағамыз – жастайынан ел аралап, бүгінде ұмыт бола бастаған сирек күйлерді өз қалпында жаттап қалған өнерпаз. Өтеген ағамыздың орындауында қазақтың өте сирек тартылатын күйлерінің бір парасы Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылған екен.
Осы кеште сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдың «Шаттық» атты CD дискісінің тұсаукесері өтті. Бұл дискінің шығуына мұрындық болып, демеушілік көрсеткен – кеш иесі Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры. Күйтабаққа Өтеген Жұмашевтың «Шаттық» атты өз күйі мен Құрманғазы, Дәулеткерей, Мәмен, Сейтек, Махамбет тағы басқа күйшілердің 20-дан астам шығармасы топтастырылған екен. Дискіге белгілі күйші, өнертанушы Нұржан Сертеков алғысөз жазыпты.
– Бұл кісінің ерекшелігі – нағыз көненің көзі, құймақұлақ домбырашы. Нақыш, Қожақ, Мүсірәлі секілді күйшілердің шығармаларын бүгінде бұл кісіден басқа ешкім тартпайды. Ақсақалдың жасы 80-ге келсе де, есту қабілеті өте күшті, бұрын естімеген күйін бір тыңдап алып-ақ қайта орындай береді. Тағы бір ерекшелігі, Өтеген аға – ұзаққа шабатын домбырашы, бір-екі күйден ашыла бермейді, күйді екі-үш сағаттап тартады, – дейді Нұржан Сертеков.
Күй кешіне Қазақстанның Халық әртісі, Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бас домбырашысы, күйші, сазгер Тұяқберді Шәмелов, Жайықтың басқа да танымал күйшілері қатысып, әдемі естелігімен бөлісіп, қара домбырадан күй төкті.
Бір қуанарлығы, Орал қаласында осындай керемет күй кеші осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Осыдан бір ай бұрын Қазақ драма театры күйші әрі домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиевтің «Нарын сазы» атты күйтабағын шығарып, осындай әсерлі тұсаукесер ұйымдастырған болатын. Театр директоры, ұлтжанды азамат Құжырғали Төлеуішевтің айтуынша, жақсы дәстүр болашақта да жалғасын табады.