Қазақ театрының жанкешті актері

Қазақ театрының жанкешті актері

Шахан Мусиннің туғанына – 100 жыл
Биыл қазақ театры тарихының бастауында тұрған айтулы тұл­ғалардың бірі, көрнекті актер, өрелі өнердің белді өкілі Шахан Мусиннің туғанына 100 жыл толып отыр. Осы орайда ертең, 30 қазан күні, сағат 18.30-да Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры шаңырағында осынау өнер өкілінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш өтеді.
Жуырда «Арыс» баспасынан өмірдің тар жол, тайғақ кешуінде талай қиыншылықтарды басынан кешіп, ғұмырының 15 жылын қапас түрмеде өткіз­ген талайлы тағдыр иесі туралы естеліктер кітабы жарық көрді. Ұлт­тық намысқа от тұтатқан өр рухты өлеңі үшін Мемлекеттік қауіпсіздік коми­теті­нің тырнағына ілігіп, тар қапасқа қамалса да, өзінің өнерге деген шексіз сүйіс­пеншілік, қуат-жігерімен еңсесін бастырмаған Шахан Мусиннің өнері мен тағ­дыр-талайына үңілген жазбалардың бір парасы ретінде Қазақ­станның Халық артисі Асанәлі Әшімовтің естелігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ахан Серіні сомдаған Шахан Сері
Шахан – ақынжанды, өткір ойлы, тілге шебер, әзілі жа­расқан, ер көңілді, өсек-аяңмен ісі жоқ, сері адам. Оның әзілі – күлдіріп отырып, өзіңді еркін се­зіндіріп, жа­ны­на құрдасындай баурап ала­тын жеңіл, ғажап әзіл. Ол екеуміз бір-екі рөлде бір­ге дублер болдық. Мұх­тар Омарханұлының «Абайында» – Ай­дарды, Та­ха­уи Ахтановтың «Бо­ран» спектаклінде Қас­болатты ой­на­дық. Актер­лердің арасында бір рөлге түсіп қалған кез­де бір-бірімен керісіп қалып, ұрысып жүретін, тіпті көріс­пей кететіндер болады, ал Шахаң мұндайда өте жайлы. Менің өзі театр та­бал­дырығын аттағандағы ал­ғашқы рөлім де сол – Ай­дар. Жас кезіміз ғой. Ша­хаң­ның ойнағанын кө­ріп, Шахаңның «Ақан серісін» та­ма­шалап өстік. 1958 жылы Мәскеуге де­ка­даға бірге бар­дық. Ша­хаң мен Шәкен «Қара­гөз­дегі» Сырымды дуб­лер бо­лып ойнады, біз сахнада көпшіліктің қата­рында жүр­дік.
 Ол мені еркелетіп Әскентай дейтін. Біреулер өзінің үлкендігін аңғартып дистанция ұстайды ғой, Шахаңда ондай болмайтын. Қайтыс болардан бір жыл ма екен, әйтеуір, көп емес бұрын ол «Әскен­та­йым, саған бір сурет сыйлайын!» деп әлгінің сыр­­тына жазып алып келіпті. Өзінен-өзі, енді бір­ түр­лі қоштасуы ма, әлде маған естелік қалсын дегені ме?
Атағың бар әлемге болған мәлім,
Ардақты асыл бауырым Асанәлім,
Бір сырлы, сегіз қырлы ардагерім
Өзіңсің Ақан серім, Біржан салым.

                                      Ағаң Шаханнан, 14 сәуір 1992.
Бұған кезінде онша мән бермесек те, қазір үлкен естелік болып қалып отыр. Онымен түскен су­реттеріміз бар: Мәскеуде, Қазанда, Уфада, рес­публиканың об­лыс­тарында гастрольдық сапарда бірге жүрдік. Барған жерде ол құрметті, сөзін айта білетін, өлеңін оқи біле­тін. Шахаңдарды арқа тұ­тып, бетке ұстап, еркелеп жүріп біз біраз іс бітірдік. Біздің аренаға шығып таны­луымызға осы қазақ өнері корифейлерінің үлкен үлесі бар. Енді өзіміз де ақсақал болдық. Өзі білмеймін, театр ұжымы со­лай ма, әлде, жалпы, қауымы солай ма, май­дала­нып, сиырқұйымшақтанып бара жатқан сияқ­ты. Шахаң сынды ақсақалдар бар кезде театр ірі еді, әрі олардың өзі бір-бір мектеп болатұғын, біз со­лар­ға қарап өстік. Қазір ондай сирегендей, актер­лердің бі­рін-бірі сыйлауы мен мойындауы, ав­тор­дың идеясы мен спектакль мәтінін ашу азайып ба­рады. Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Абай» спектакліндегі Айдар әлі күн­ге дейін менің есімде. Қай сөзді қалай айтуды, бұ­ның неге айтылып тұрғанын, осы­ның аста­ры­на мән беріп, түсін­беген тұстарын аға буын ақсақал­дардан қай­талап сұ­рап, ұғып алатын­быз. Сондайда ғазиз аға­лар қа­зақ теат­рының ша­ңы­рағын кө­тер­ген дәуірдегі Әли­хан Бөкей­хан, Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы, Мір­жа­қып Дулатұлы, Жүсіпбек Ай­ма­уытұлы, Жұмат Шаниндер­мен тізе қо­сып, бірге қыз­мет ат­­­қарған тарихтан сыр шертетін, со­лардың айтқанда­рын келтіріп, қызықты жадыңа жат­талып қа­ла­тындай әдемі әрі әсерлі етіп баян­дайтын. Қазіргі жаста­ры­мыз­дың көпші­лі­гі, сұрай қал­саң, Жұмат Шанин деген кім екенін біле бермейді. Атақты теа­тр өне­рінің клас­сиктері Ста­нис­лав­ский, Дан­ченко-Не­ми­ро­вич­тер­дің дәрісін тың­дап, шә­кірті бол­ған про­фессионал ре­жис­сер Ас­қар Тоқпа­нов­тың сай­қы­мазақ кей­бір мінез­деріне де­йін сағына бастадық. Шыны керек, тіптен ұрысатын да адам қал­ған жоқ. Өзің біреуге бас са­лып ұрысайын десең, қи­сынсыз болып тұрады.
Шахаңның бір шумақ өлеңге бола өрімдей жас кезінен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндердің ізін баса, со­лар­дың қатарында Колымаға концла­герь­ге айдалуы бұл қазақтың бас кө­тер­гендерін қырқып тастап отыруды көз­деген бұрынғы отар­шылдық жүйенің қатал режимі ғой. Сондықтан да халқы­мыз тым майдаланып кетті ме деймін. Мық­тылардан ұрпақ қалдырмай сылып отырса, әрине, майдаланады. Даладағы егістікті дер кезінде суар­май, қырқып тастап, топырағын күтіп-баптап мә­пе­ле­месе, астық та тырбық болып өседі ғой. Одан алынған дән де сапасыз, калориясы да төмен. Сол сияқты халық та сондай. Табиғатта бәрі бір-бірімен өзара байланысты. Шахаңның сұрапыл заманның қаһарына қайыспай, майыспай, туған елі мен же­рі­­не аман оралуы, ақындық жағынан өнердің ар­найы мектебін бітірмесе де, нақ сол қасиетті өн­ер­ге қосылып, биік шыңға шығуы – мән беріп ғылы­ми талдау жасауды, терең зерттеуді қажет ететін бірегей тақырып. Әйтпесе ол сапардан тірі қайт­қандар шамалы, талайлар өліп кетті.
Шахаңның өзі айтып отыратын:
– Мені сақтап қалған – жастық елгезектігім. 16-­17 жастамын. Әп-әдемі жас баламын. Ондағылар­дың көп­шілігі – шеттерінен ақылды, білікті, оқыған адам­дар. Са­ры­ауыз балапан менің жазығымның жоқтығын, бей­күнәлігімді ескеріп, аяушылықпен қарап қамқор бол­ды. Ондағылар мені «Балақай!» деп лақап атпен атай­тын. Әсіресе бір грузин мені ауыр жұмысқа жі­берт­тірмей, үнемі жеңіл жағына жұмсататын, – деп. Міне, сол саясаттың құрбаны бол­ған ақылман жандар­дың көрегендігі ақталып, Шахаң халқына бойындағы бе­ре­рін беріп, еңбегін сіңіріп кетті. Ол кісіні ақтық жол­ға шығарып салып тұрып: «Ең соңғы могикандардың бірі, мінеки, бүгін «Шахаң кетті» деген едім.
– Шәкендермен «Мы здесь живем» тағы басқа фильмдерде ойнағанымыз бар. Ал Шахаңмен «Се­реб­ряный рог Алатау» деп аталатын кино­фильм­ге қыстың күні таудың ішінде түскеніміз есім­де. Жет­піс­тен асқан шағы ғой. Қырғын күлкіге батырған сәт­тер болған. Қалаға қайтарда Шахаң жүк таси­тын мәшиненің ас­та­уына отырған, келе жатып, бір уа­қытта қарасақ, ақ­са­қалымыз жоқ. Айнала қа­лың ом­бы қар болатын.... Сөйтсек, ол әл­гі омбы қарда отыр.
– «Ойбай-ау, Шаха, қалайсыз өзі?» – деп қо­рық­қанымыз сонша – есіміз шығып, бәйекпіз.
– «Ой, өзім бір құлағым келді, бұрын мәшинеден құлап көрмеп едім, қалай болар екен, байқа­йын деге­нім ғой!» деп орнынан тұрып жатып қал­жыңдайды. Сол бір эпизодты көпке дейін айтып, күліп жүрдік.
– «Аске, Аскентай, картина болса, бізді ұмытпа! Біз әлі жараймыз, есіңнен шығарма» деп қоятын қайран аға үні бүгінгідей құлағымда тұр...
Рәбиға – Рекеңмен Шахаңның достығы өте әде­мі еді. Ол кісі де мәдениетті, бұ да. Екеуі бір-бі­рі­не сай қосылды. Біз туысқандық жағынан Рекеңе жақындау­мыз, бір елденбіз. Соны пайдаланып, оны жезде дейтін кездерім де болатын. Әрине, ыңғайы келгенде бол­маса, Шахаңды аға тұтып өстік қой. Ертеректе сахнаға «Қобыландыны» да дайындаған тұста Шахаңның мұ­рындық болуымен Рекеңді театрға шақырып, спек­такльдегі жастар­дың түсінбейтін архаизм сөздерге бай­ланысты арнайы екі-үш мәрте лекция оқытып, ма­ғы­насын талдатып бергені бар. Сөйтіп, өте бір тар­тым­ды, мазмұнды кездесудің куәсі болғанбыз.
– «Шаха, қал қалай?» – десең, «Ни қалай» деп жа­зып беретін. Құлаққа жартылай орысша, жар­ты­лай қа­зақша естілгенімен, орысша ат болып шы­ға­ды. Осын­дай өзінің айтатын қуақы сөздері көп еді.
«Шахаң 80-нен асып, бір адамның ғұмырын сүрді де­генге қимайсың. Шәкен Айманов, Мәжит Бега­лин­дермен жақсы дос еді. Солармен опера теат­рының жа­нындағы Мұхтар Әуезовтің ескерт­кіші орналасқан гүлзарда кездесіп, әңгіме-дүкен құ­рып, қалжың-әзіл­дері жарасып жүруші еді. Әде­мілік не десе, осындай үн­дестік, жарастықты айту­ға болады. Қасында жүр­генде қадірін біле бер­мей­ді екенбіз... Енді сезініп отыр­мын... Бәрі кетті... Ана дүниедегі шығармашылық құ­рам анағұрлым күштірек қазіргі тірі жүргендерден, бізден. «Өлі арыс­таннан тірі тышқан артық» дейді ғой. Алайда о дүниедегі шығармашылық құрам әлдеқайда күштірек...

Аз-маз болымсыз дүниесін дабырайтып, жер-көкке сыйғызбай марапаттап, теледидардан көр­се­тіп, газет-журналға суретін тықпалап, у-шу ғып жүретін жігіттер бар. Интеллектісі төмен, жарнама­лап жүргені – түкке тұрмайтын дүние-көбік. Сосын көбіктің аты – көбік қой, онда нәр жоқ.
Шахаң сияқты қазақ мәдениетінің қайраткері, ірі тұлға, майталман өнерпаз туралы айтылар әң­гі­ме таусылмайды. Өйткені ол жасампаздық өн­е­рімен арамызда тірі жүре береді.

Өмірдерек
Шахан Мусин – 1913 жылдың 27 желтоқсанында Павлодар облысы Май ауданы Үлкен Ақжар ауы­лында туған. Актерлік жолын 1934 жылы Семей об­лыстық Қазақ драма театрынан бастап, осы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихта ізін қалдырды. Сахнадағы алғашқы рөлі І.Жансүгіровтің «Кек» пьесасындағы Бидах­мет рөлі болды. Семей қазақ драма театры сахн­асын­да Айдар (М.Әуезов. «Абай»), Ақан (Ғ.Мүсі­ре­пов. «Ақан сері – Ақтоқты»), Ян Грубек (К.Симо­нов. «Прага талшын­дары астында», Темір (Ә.Әбі­шев. «Достық пен махаббат») т.б. рөл­дерді ойнайды.
Ш.Мусин саяси қуғын-сүргін азабын тарта жү­ріп (Колымада, 1937-46; Сібірде,1948-54) көп­те­ген өлеңдер жазды. 1958 жылы Мәскеу қаласында өт­кен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатыс­ты. 1954-1957 жж. Қазақтың мемлекеттік ака­демия­лық жастар мен балалар театрында ак­терлік қызмет атқарып, ал 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Қа­зақ­тың мемлекеттік академиялық драма теат­рының сахнасында алуан түрлі кейіп­керлерді сахналады.
Сонымен қатар қазақ киносының өсіп-өр­кен­деуіне сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда: «Бұл Шұғылада болған еді». «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында», «Шоқан Уәлиханов», «Ұлан», «Қо­сымша сауалдар», «Жол торабы», «Ама­нат», «Шешу­ші айқас», «Даладағы дабыл», «Кек», «Талтүс», «Жау­шы», «Құлагер» сияқты көп­те­ген көр­кем фильмге түсіп, дара ойын үлгісімен өнер­сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Қа­зақ театры мен киносына ұшан-теңіз еңбек сіңір­ген қайраткер 1999 жылдың 26 желтоқ­са­нында 86 жасында дүниеден өтті.

Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста