Қазақ телевизиясының жауынгер басшысы
«Провинцияда туып, Парижде өлетіндердің» қатарын тек ақындармен шектеледі деу қате. Себебі өз ұлты, өз елі, тіпті адамзаттың көгіне Күн болып көтерілген қандай алыптың болсын кіндігі ауылда кесіліп, қара ағаштың түбіне көмілері хақ. ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақтың қараша ауылында туып, қара шалғынында жалаңаяқ жүгіріп өскен қара баласынан ұлтының қамын ойлап, сол үшін жанын сала қызмет қылған данасына айналған ұлдарының бірі кейбір тұстас қаламгерлер жағы «ХХ ғасырдың Құнанбайы» атандырған Кенжеболат Шалабаев еді. Неге Құнанбай? Ол жағы кейінірек. Алайда алғашқы қазақ телевизия өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, тұлғасы да, ісі де ірі осы бір есім иесі тірі болғанда тамыздың 15-і күні 90-ға толады екен...
Соғыс майданының солдаты, ақпарат майданының генералы
1921 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданында (қазір Алматы ауданы – автор) дүниеге келген Кенжеболат Нұртазаұлы ел басына күн туған заманның ұланы еді, сонысына лайық өз еркімен Отан соғысына аттанғандардың бірі болды. Рейхстагқа ту тігіп, майдан даласынан елге оралған ердің кейінгі тағдыры ақпарат майданында жалғасып еді. Осы саланың солдатынан генералына өскен Кенжеболат Шалабаевтың еңбегін тек қазақ телевизиясының басшылығымен өлшегеніміз білімсіздік, көргенсіздік болар еді. Бүгін қалам ұстап жүрген әрқайсымыздың ол кісіге алғыс айтар ретіміз бар, себебі қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің ашылуына тікелей мұрындық болған осы бір аяулы жан болатын. Әрине, қазақ телевизиясы мен радиосының тәй-тәй басқан тұңғыш қадамдары дерлік жетістіктер, жаңалықтар бастауында Кенжеболат Шалабаевтың тұрғаны – даусыз ақиқат. Қазақ радиосында неміс, ұйғыр, корей редакциялары құрылып, телерадиокешенге қарасты төл эстрадалық оркестр, телетеатр құрылып, «Өткір объектив» сынды заманында ел сүйіп көрген сатиралық журналдың дүниеге келгені де – осы азаматтың қолтаңбасы. Майдан көрген, соғыстың сұрапыл қиындығына қаймықпаған қайсарлығын ол осы қызмет барысында, ұлттың үлесіне іс шешуде де дәлелдеген еді. Атап айтқанда, орыс тілінің түкірігі жерге түспей тұрған тұста қазақ телевизиясының 50 пайыз хабарларын қазақша жүргізуге қол жеткізді. Ол кез – қазіргідей телевизияның тәуелсіз ақпарат құралы емес, тікелей мемлекеттің, компартияның құралы болып тұрған кезі, яғни Кенжеболат Нұртазаұлы жай телевизия басшысы емес, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Телевизия және радио хабарларын тарату мемлекеттік комитетінің басшысы болды. Нағыз билік органы, нағыз министр бола тұра, қазақ тілін қаймықпай көтеруі көзсіз ерлік емес пе?!
«Жиырмасыншы ғасырдың Құнанбайы»
Ол – Қазақ телерадиокомитетінің тасы өрге домалап тұрған кез. Бұрын бағдарламада жаңалық қана – қазақша, қалғаны түгел орыс тілінде берілетін. Енді хабарға қазақша жан кіріп, орысша мен қазақша бағдарлама тепе-тең болуға алғаш қадам басқан. Жұмыссыз жүрген қазақ журналистері нәпақа тапқан. Бұл Кенжеболаттың Кенжеболаттығымен ғана іске асқан еді. Ол орысша-қазақша сөйлегенде болат шегедей қадап сөйлейтін, айтқанын орындатпай тынбайтын өткір азамат еді. Енді өткенді сараласам, Жақаңның «Құнанбай қажы» деуі үйлесімді екен. Құнанбай қажы Меккеге мешіт, қонақүй салса, Кенжеболат орыс болуға шақ қалған бауырларына қол созыпты. Соғыс уағында Ленинградтан, Мәскеуден келген, радио, теледидардың жілік майының дәмін татқан, содан соң жылы, жайлы Алматыда қалып қойған Сацук, Иза Фидел, Рапопорт, т.б. секілді білгір орыс журналистерін тасқа отырғызатын. Оның халқым деп соққан жүрегі заман, партия, уақыт алға қойған талапты мінсіз адал атқарумен бірге, туған ұлтын да ұмытпады. Сөйтіп, тар, тайғақ заманның жолында қазақша бағдарламаға кеңістік ашты. Ол заманда қиыннан қиыстырып, батыл қадам жасау оңай емес еді. Егер теледидар бүгін егемендік алғаннан кейін табысқа жетсе, оның бастауы Кенжеболаттан басталады.
1968 жылы Қазақ радиосы қазіргі ел сүйіп тыңдайтын «Шалқар» бағдарламасын ашты. Бұл да – Кенжеболат Шалабаевтың еңбегі.
Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, ол кезде Алматыда үй алмақ түгіл, тұрақты тұрғын болып тіркелу қазақтарға өте қиын еді. Кенжекең көп қызметкерді жұмысқа тіркеусіз қабылдады. Жыл айналдырмай үй әперді. Сол жұмысқа тұрғандардың көбінің әкесі – 1941 жылғы соғыстан қайтпай қалғандар. Әкелері жасай алмай кеткен жақсылықты көрді.
Досан ЖАНБОТА, жазушы «Жиырмасыншы ғасырдың Құнанбайы» (эссе) // «ҚӘ», 24.12.2010
Бүгінде телевизия сыншысы ретінде танылған Құдайберген Тұрсынбаев ХХ ғасырдың 70-90 жылдарын қазақ теледидарының алтын ғасырына балайды. Десе дегендей-ақ, сол тұста телерадиокомитет төрағалығын Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сынды халыққа танымал тұлғалар басқарып, көгілдір экранның төріне республиканың түкпір-түкпірінен, Семейден – Ф.Бегембаеваны, Ақтөбеден – Қажы Қорғанов пен Мәриям Айымбетованы, Қарағандыдан – Ласкер Сейітов пен С.Татенконы, Жезқазғаннан – Жүрсін Ерманов пен Бақытжамал Ерманованы, Ташкенттен Тыныс Өтебаевты т.б. шақыртқан еді. Кеңестік журналистиканың ірі теоретиктерінің бірі, профессор Марат Барманқұловтың Алматы ауыр машина жасау зауытынан жүргізген тұңғыш тікелей репортажы, Сұлтан Оразалинов өмірге әкелген «Сұхбат», «Кездесу», «Қымызхана», Ғаділбек Шалахметовтің «Ритм операциясы», «Екібастұз проблемалары», Қажы Қорғановтың «Бір хаттың ізімен», «Үш бәйтерек», Н.Иманғалиұлының «Көкпар», Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» т.б. телехабарларының әрқайсысы көрермен көзайымына айналған заман сол тұс еді.
Ұлағатты ағаның қамқорлығын көргендер лебізі былай өрбиді:
Қажы ҚОРҒАН, ардагер тележурналист:
– 1963 жылдың наурыз айының орта шені. Батыс Қазақстан өлкелік телерадиокомитетінде дикторлық қызметте жүрген кезім. Ақтөбенің қалтарыстау көшесімен келе жатсам, қарсы алдымнан Әлекеңнің (Әлқожа Мұхамеджанов) көк волгасы көлденең тұра қалды.
– Ал сүйіншіңді дайындай бер, Хайдолла бөлеңді көретін болдың, ол аз десең, министр ағаймен де танысасың.
– Сүйіншіңіз дайын, Әлқожа Мұхамеджанов, Шалабаев ағай келетін болып па? – деймін өлкелік телерадиокомитет төрағасының орынбасарына қуанғанымды жасыра алмай.
– Иә, бүгін Мәскеуден шығып, Оралға кідірмек, одан соң бізге аялдамақ.
Дастарқанның етек жағында отырып, қонақтарға қызмет көрсетіп жүріп, Кенжағаңа ұрлана қарап қоямын. Кенжағаң алдына келген бастың әр мүшесін дастарқан басындағыларға ретімен үлестіріп жатыр. «Ауылдың қомағай шалдары «былжырап кетесіңдер» деп ауыз тигізбейтін мипалау осы болады. Ал енді бастықтың миы толы болмаса, несі бастық?! Сондықтан екеуміз ауыз тиелік те, мына отырған орынбасарларымызға молырақ асаталық. Бұлардың миы толық болса, екеумізге жұмыс істеу жеңілірек болады. Солай емес пе, Михаил?» – деп жымияды Кенжағаң.
– Солайы солай-ау, Кенжеболат Нұртазинович, бірақ миға тойып алып, «ал біздің ақылымыз көбейді, сондықтан креслоны босатыңдар» деп жүрмесе...
– Мұныңа келісу қиын. Ақылы көп адам кез келген пендешіліктен биік тұрмақ. Өзгелерден ақылды екендігін де сездірмеуге тырысады. Алайда оны сезген бойда күндердің бір күні ақылды замды өзің әкеліп, креслоңа отырғызғаның жөн. Менің басты принципім: «помогать нужно талантам, а бездарные сами пробьются», – деді.
Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ, «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академиясының академигі:
– Мені 1964 жылы телевизияға шақырған Кенжағаң болатын. Негізінде, мен политехникалық институттың студенті едім. Журналистер көп қой, әйтсе де политехникалық білімі бар адамды жұмысқа тарту жаңалық еді. 1967 жылы Мәскеуде Қазақ теледидарының күндері өтті, сонда өндіріс туралы 50 минуттық хабарды тікелей эфирде жүргізуді маған тапсырған еді. Ешқандай қағазға қарауға болмайды, барымды салып жүргізіп шықтым. Мәскеуліктер сонда жап-жас студенттің таза орысша мүдірмей хабар жүргізгеніне таңғалып, «бұл жігітті кім тапты екен» дескенге ұқсайды. Мұндағы айтпағым – Кенжағаңның жастардың бойындағы дарынын көре білетіндігі, жас қой демей, соның көкірегіне от жаға білетіндігі. Атом энергетикасы, жалпы өндіріс деген әлі игерілмеген тың сала болғандықтан, не де болса оны игеру, ол жайлы халыққа түсіндіру, жеткізу жастардың ісі деп қарағандығы көрегендігі емей, немене?! Жалғыз мен ғана емес, телевизия саласында бағы жанып, өзін-өзі тапқан, халыққа қызмет еткен сол тұстағы талай жас Кенжағаңа дән риза, алғысын тауыса алмайды деп сенемін. Сондай жас толқын, яғни біздің буын өкілдері арасында телевизияға шақырылғандардың арасында тіпті Алаш ардақтыларының ұрпақтары, атап айтқанда, Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы Ескендір (бас оператор), сондай-ақ Ілияс Жансүгіровтің ұлы Болат болды. Ал ол кезде «халық жауының» ұрпақтарына қамқорлық көрсету, басын бәйгеге салғандар болмаса, анау-мынаудың батылы бара бермейтін іс болғаны белгілі. Ал олар маған көп нәрсені үйретті.
Кенжеболат Шалабаев бізге тек жұмыс барысында ғана емес, жеке өмірде де жақсы үлгі бола білді. Кенжағаңның Ләзиза Аймашеваға деген ілтипаты, сол жолдағы шешімі бізге әйел сыйлауды, махаббатқа деген адалдықты үйретті. Сондай махаббаттан туған Гүлмира Шалабаева бүгінде қандай тұлға! Өнертанушы, мәдениеттанушы, ұлттық өнердің жанашыры.
Нағыз талант иесінің сегіз қырлы болатынын қаперге алсақ, Кенжеболат Нұртазаұлы журналистика, телевизия саласынан да бөлек, әдебиетте, кинематографияда, тіпті сахна өнерінде де өз ізін, өз қолтаңбасын қалдырып үлгеріпті. Мәселен, Джон Ридтің «Дүниені дүр сілкінткен он күнін», әйгілі ақын Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстанымын», сондай-ақ Борис Полевойдың кітаптарын қазақ оқырманына сыйлаған – осы бір ғазиз жан. Ал Кенжағаң басқарған жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры қалай түрленді деңізші! Әлемдік сахналарда ғана қойылатын А.Хачатурянның «Спартагы» қазақ жерінде қойылып, Рамазан Бапов, Раушан Байсейітова сынды қазақ жастары әлемдік балет өнерінің әлемдік жұлдызына көтерілді. Сондай-ақ Ахмет Жұбановтың «Еңлік-Кебек», Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» сынды туындылары сол тұста тұсауын кесіп еді. Осындай ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ, «Құрмет ордені» т.б. көптеген марапаттауға ие болып, одан да жоғары халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленді.
«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын»...
немесе нағыз биік азаматтар тік тұрған күйінде мерт болады
Қазақтың тау тұлғалы азаматтарының бірі, ұлт жанашыры Кенжеболат Шалабаевтың кенеттен келген ажалы жайлы ағаның бар жақсысын бойына жұқтыруға ұмтылған ізбасар інісі дерлік, өзі де кемел тұлға Камал Смайылов мынадай естелік қалдырыпты: «... Бір күні түске қарай киностудияға хроника бөліміне келіп, жай-жағдайларын сұрастырып, әңгімелесіп, болашақ істер, жоспарлар туралы пікірлескенбіз. Әдеттегідей бәрі айқын, бәрі түсінікті. Кенжекеңнің тіп-тік, әп-әдемі келбеті күлімсіреп отырды. «Кешке футболға барамыз. Бүгін жақсы ойын болады», – деді. Көңілі көтеріңкі, бойы сергек қалпымен. Қоштасып, кетіп қалдым. Арада көп өткен жоқ, телефон соғылып, қорқынышты қаралы хабар жетті. Үйіне түскі тамаққа барған Кенжекең тік тұрған бойында құлап түскенін балдызы Кеңескүл көріп үлгерген. Нағыз биік азаматтар биік ағаштар секілді тік тұрған күйінде құлап түсіп мерт болады екен ғой! Ол өмірін үнемі биікке ұмтылып, биікте өткізген адам еді-ау!»
Осы ретте Абайдың Гетеден аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңі ойға оралады екен. Сондай-ақ қайран ақын Төлеген Айбергенов те «Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді, Мен өлемін өзімнің биігімде» деп тегін айтпаған екен-ау дейтіндейсің...