Қазақ тілінің иммунитетін күшейтетін «дәрумендер» шықты
Кітап дүкендеріне кіре қалсаң, ағылшын не орыс тілін үйрететін сан түрлі оқу құралдарына көз сүрінеді. Балабақша жасындағы баладан бастап, ересек адамдарға дейін көз тартар түрлі қызықты кітаптар сөрелерде самсап тұр. Ал қазақ тілін үйрететін оқу құралдары өте аз. Кейбір кітап дүкендерінен ондай оқулықтарды емге де таппайсың. Мультимедиялық құрал дейтін атымен жоқ. Қазіргі балалардың көңілі кітап емес, компьютерге ауған шақта мультимедиялық құралдардың ауадай қажет екенін қазақ әлі дұрыс сезінбей келеді.
Кеше Астанада Тілдерді дамыту басқармасы мен «Руханият» орталығы «Қазақ тілін үйренудің бастапқы буыны – балабақша» деп аталатын балабақша меңгерушілері мен әдіскерлеріне арналған семинар өткізді. Семинардың негізгі мақсаты – орыстілді балаларға, мемлекеттік тілді үйренушілерге арналған қазақ тілін оқыту құралдарын насихаттау, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру жолдарын қарастыру, тіл тағдырының болашағы жас ұрпақ қолында екендігі жөнінде ой қозғау, тәжірибе алмасу.
Осыған байланысты Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасы, «Руханият» пен «Зерде» тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталықтары «Көңілді қазақ тілі» және «Қазақ тілі – болашағымыз» деген екі мультимедиялық бағдарламасы мен «Суретті қазақ тілі» кітабын шығарыпты. Семинарда осы оқыту құралдарының тұсауы кесілді. «Бұл құралдарды шығару арқылы біздің ең басты көздегеніміз – баланың сөйлеу қабілетін қалыптастыру. Бұлар негізгі оқулықтарға көмекші құрал ретінде ұсынылып отыр. Сондықтан біз ешкімге міндеттемейміз», – дейді жобаның жетекшісі, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ербол Тілешов. Оның айтуынша, қазақ тілін үйрететін мұндай мультимедиялық оқулықтар елімізде жоқтың қасы. «Мен білетін алты-жеті-ақ құрал бар шығар», – дейді ол.
«Суретті қазақ тілі» кітабы 12 тақырыптан тұрады. Онда балалар ең жиі қолданатын 520-дан астам сөз енгізілген. Кітаптың алғы сөзі Елбасының: «Қазақ тілін оқытуды біз бірінші сыныптан бастаймыз. Бұл – кеш. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде қазақ тілі бөлекше орын алуға тиіс» деген сөзінен басталады. «Сондықтан да тіл үйретуде біз барша әдістемелік білігімізді бүлдіршіндердің қазақ тілін еркін меңгеруіне жұмсағанымыз абзал», – дейді оқулық авторлары.
Мультимедиялық құралдар да қызықты жасалған. «Көңілді қазақ тілі» мультимедиялық бағдарламасы балалардың жас ерекшеліктеріне қарай оқу мәтіндерімен бірге ойын түрлері мен викториналық сұрақтар арқылы қазақ тіліне машықтандырады.
Ал «Суретті қазақ тілі» оқу құралында, негізінен, жекелеген атаулар мен ұғымдар, сол жеке сөздерден құралған сөз тіркестері мен сөйлемдер суреттер арқылы берілген. Оқыту әдісі, негізінен, баланы жалықтырмайтын ойын түрлерімен жасалған. Баланы еліктіріп әкетеді десе де болады.
Міне, бізге дәл қазір осындай құралдар қажет. Себебі рухани кеңістігіміз ашық заманда ағылшын мен орыс тілі өзінің қолданыс аясының кеңдігімен-ақ үстемдік етіп отыр. Сондықтан ол тілдермен терезесі тең, керегесі кең болу үшін қазақ тілі бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Ол үшін осындай құралдарымыздың көптеп шығарылғаны абзал. Яғни қоғамдағы қазақ тілінің иммунитетін күшейту арқылы ғана ана тілімізді сақтап қала аламыз. Ал мұндай оқулықтарды иммунитетті күшейтетін дәрумендер десе де болады.
Ербол ТІЛЕШОВ, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Бүгінде ағылшын, испан, қытай секілді тілдерді үйрететін оқу құралдары нарығымызды жаулап алды. Мәселен, «Астана-кітап» дүкеніне кірсеңіз, каталогінде ағылшын тілін үйрететін 42 оқу құралы бар. «Меломан» кітап жүйесінде де ондай оқулықтар самсап тұр. Ресейдің өзі өз тілдерін дамыту үшін қолдан келген шараларын аянып қалмауда. Былтыр Мәскеудегі «Русский мир» деген компанияға да бардым. Олар бір жылдың ішінде Ресейден басқа әлемнің 57 елінде, мына жағы Малайзиядан бастап, АҚШ-қа дейін барып, орыс тілінің күндерін өткізген. Осы 57 шараның 52-сі балаларға арналған. Осылайша орыстар өзінің тілін, ділін, тарихын насихаттап жатыр. Олай болса, біз неге өзіміздің нарығымызда оларға ерік беріп қоямыз? Сондықтан біз де өз тілімізді нарықта бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Ол үшін осындай оқу құралдарын көптеп шығаруымыз қажет.