Қазақ хакерлерінің қарымы қандай?

Қазақ хакерлерінің қарымы қандай?

Компьютерлік технология дамыған сайын хакерлік те күш алып келеді. IT-сферадағы қылмыс қазір елімізге таңсық емес. Хакерлер банктердегі сейфті кілтсіз ашатын мықты механиктерге балама іспетті, күшті қорғанысы бар деген мемлекеттік органдардың жүйелерін бұзып кіру олар үшін түк емес. Электронды ақша істеуге құныққан хакерлер шабуылынан жеке фирмалар түгіл, мемлекеттік органдар да сақтандырылмаған. Мамандар соңғы кезде виртуалды әлемде киберқарақшылықтың ғарыштық жылдамдықпен өсіп бара жатқанына алаңдаулы. 2003 жылы елімізде 17 веб-қылмыс орын алса, екі жылдан кейін 713-ке жеткен. Өткен жылы ғана ІІМ мұндай қылмыстардың саны 2000-ға жеткенін мәлімдеді.
Виртуалды қарақшыларды қылмыс үс­тінде қолға түсіру мүмкін емес. Кінәсін мойнына қойып, дәлелдеу де – қиын шаруа. Тәртіп сақшылары көбіне провайдерлердің көмегіне жүгінеді. Бүгінде осы провай­дерлердің көмегімен киберқарақшылардың ізін аңдуға болады. Бірақ олардың басым бөлігі кодты бұзудың құпиясын аша бермейді. Осындай қылмыс түрінің өсуіне қарап, елімізде хакерлердің бүтін бір мектебі қалыптасқан деп болжам жасауға болатын сияқты. Бөтен бағдарламаларды бұзушы­ларды үш топқа бөлуге болады. Олар: хакер­лер, фрикерлер, крэкерлер. Компью­терлік бағдарламалардың ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген олар тіпті миы мықты дамы­ған ғалымдарыңның өзін жолда қалдырады екен. Мысал да жетерлік.
Расында, бүгінде қазақ хакерлерінің әлем бойынша атақтары жер жарып тұр. Бір ғана мысал, Степногорскідегі 20 жастағы жігіт банк­тің есепшотынан ірі көлемдегі ақшаны аударып алып, Мәскеуге қашып кетпек бол­ған. Қостанайлық хакер кеденшілердің ком­пью­терлерінің желісіне жасырын кіріп отырған. Интернетті қажетінше пайдаланған ол әлемдік электрондық желімен байланысқа шығудың таңғаларлық жолдарын ойлап тауыпты. Мұрат Өртембаевты алғашқы қазақ­стандық хакерлердің көшбастаушысы десе де болады.
Ол Ресейдегі алып зауыттың жүйесін бұзып кірген. Соның салдарынан зауыт үш күнге жұмысын тоқтатқан. Әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазған сенсацияға кезінде шетелдік хакерлеріңнің өзі таң­ғалған екен. Мұрат Өртембаевтың осы әре­кетінен кейін дүниежүзі елдерінің заң жүйесіне өзгерістер енгізілді. Тек осы оқи­ғадан кейін ғана бағдарлама жасау­шының қатардағы қарапайым мамандық емес, мықты кәсіп иесі екендігі мойындал­ды.
«Заманына қарай – амалы» деген, бүгін­де хакерлердің «заманауи» түрі пайда болды. Бұрынғы кезде компьютерді тек майда-шүйде алаяқтық жасап, былапыт сөздер таратып, ермек үшін пайдаланса, қазір онымен қап-қап ақша тауып, тіпті лаң­кестік әрекеттерге жол беретін тап­тырмас құралға айналдырып алды. Мем­лекеттік құпия сақталған сайттарға шабуыл жасап, саяси қоқан-лоққы жасайтындар да бой көрсете бастады. Хакер-терроршы­лар тобы да көбеймесе азаймай тұр.
Хакер қорғаныс
Құқық қорғаушылар байланыстың элек­трондық жүйесі хакерлер үшін ақша табудың таптырмас құралы бола ала­тындығын әлдеқашан-ақ мойындап қой­ған. Хакерлердің негізінен банк жүйе­сіне «аңсары ауып» тұратыны айтпаса да түсі­нікті. Олар аз-маз дүниеге бола қол­дарын былғамайды. Әрине, хакерлерден аузы күйген банктер үрлеп ішуді үйреніп, бүгінде қомақты қаражат­тарын өз хакерлерімен күзетуді қолға алды. Мұндай «милы бас­тарға» банк жоғары жалақы төлейді. Тура­сында олардың ішкені – алдында, ішпегені – артында. Басқа да ірі компаниялар құ­пия­­ларының қауіпсіздігі үшін хакер ұстайды. Олар өзі жұмыс істейтін нысанның техноло­гиялық процестерін бақылап, «сыртқа сыр» шашпаудың барлық жағ­да­йын жа­сай­ды. Хакерлердің қоғамға тигізер бір ғана «пайдасы» бар. Ол бағдарлама жасаушылардың біліктілігін шыңдай түсуі­не ықпал етеді.
Киберқылмыс пен жаза
Киберқылмыстың алдын алумен елі­мізде ҰҚК, Қаржы полициясы, ІІМ айна­лысады. ІІМ-де жоғары технологиялар саласындағы қылмыспен айналысатын «К» атты арнайы басқарма бар. Маман­дардың айтуынша, хакерлердің шабуылы­нан 100 пайыз қорғану мүлдем мүмкін емес. Жуырда ТМД елдерінің құқық қорғау органдары бас қосып, хакерлерден қорға­ну шараларын талқылады. Әу баста бұл қазақстандық мамандардың ұсынысы болған екен. Хакерлікпен айналысу кез келген мемлекетте заңмен қудаланады. Жаза мәселесіне келсек, көпшілік елдер­дегідей бізде де үкіметтік құпияны сақтау­шы органдардың электрондық жүйесіне заңсыз енген адамдар қатаң жазаланады. Ал көрші Ресейде осы қылмысқа қарсы күресті «Р» және «К» басқармалары жүр­гізеді. Аталған басқармалар 1999 жылы құрылған. Ресейлік хакерлер көбіне-көп компьютер желісі көмегімен бай-манап­тардың жеке өміріне қол сұғу арқылы бар құ­пияларын өздеріне қарсы қару етіп, боп­салайтын көрінеді. Әрі банктерден «ақша саууды» да бірінші кезекке қойып отыр. Бізде де жағдай мәз емес. Дәл қазіргі кезде осындай қылмыскерлермен күреске айрық­ша күш жұмсалуда. ҰҚК-нің заңдық базасы­на осындай қылмыстарға қатысты істерді қарайтын арнайы бап та енгізілген. Сонда­ғысы «компьютерлік жүйені бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Беріле­тін жаза – екі-ақ жыл. Екі жылдың ішін­де есі кіріп, хакерліктен қатарға қосы­латын пен­дені көрген көз жоқ. Сондықтан да ха­кер­ліктен аяқ тартатындай жазаның да қатаң болуы тиіс. Интернетке, жоғары тех­но­логияның сан тарауына қатысты заң қа­был­дануы керек деп біраз шу шыққаны­мен, түйенің етін жеп қойғандай әлі тол­ғағы басталмай тұр. Бәлкім, қашпа­ған сиыр­­­дың уызынан дәметіп жүргенде, хакерлер тұзақ­қа түспеудің басқа амалын ойлап табар...

Хакер-ақпарат
 «Хакер» сөзі ағылшынның «hack», яғни шабушы, бұзушы деген сөзінен шыққан. Ол – компьютерлік технологиялардың қыр-сырын терең меңгерген, білікті IT маманы. Негізінен, әу баста, әлемдегі ең ірі әрі күрделі саналатын компьютерлік желілерді пайдалануды жетік меңгерген, технологияның дамуын бүге-шігесіне дейін білетін «алтын милы» адамды айтады. Алайда көпшілік үшін қандай да бір электрондық жүйеге заңсыз шабуыл жасаған адам біздің қоғамда хакер деген атқа ие болған.

Хакер-дерек
 Life Newsтің жазуынша, LulzSec және Anonymous хакерлік топтары кімнің күшті екенін дәлелдеуді қойып, енді бір мақсат жолында бас біріктірмек. Олар үкіметтік сайттар мен банк есеп шоттарын бұзып кіруді көздеп отырған көрінеді. Олардың операциясы «Антиқауіпсіздік» (Anti Security) деп аталады. Олардың бағдарламасында – ақпараттық салада олардың үстемдігін жою мақсатында және барлық үкіметтік сайттарды бұзып кіріп, оларды біраз қорқыту.

Жексен ҚАСЕНОВ, бағдарламашы:
– Киберқарақшылықтың көбейіп кетуінің басты себебі – хакердің кәсіби­лігі, мәліметтің құндылығы, ең бастысы, қауіпсіздікке жеткілікті түрде мән берілмеуі. Компьютердің «құла­ғында ой­най­тын» кез келген бағдар­ламашы бөтен­нің бақшасына түсе алады. Бірақ көбіне оның заңды жақ­та­рына көңіл бөлгендер аяғын еппен басса, құнық­қандары қазынаға қолын молынан салып, аяғында темір торға қамалып жатады. Сондықтан да хакер­лердің торына шырмалмас үшін қауіпсіздікке көп көңіл бөлінгені жөн.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста