Қазақ хандығының мемлекеттік құрлымы: төлеңгіттер институты

Қазақ хандығының мемлекеттік құрлымы: төлеңгіттер институты

Ел аузындағы аңызда Шайқы Бұрқы әулие атанған әулие бабамыздың қызметiне риза болған хан оған қызын берген екен. Сол әулиенiң үрлеген демiнен қыз буаз болып, Мамытты туған екен. Сондықтан ол Мамыт- Желден аталған. Шұбартауда ғана мәлiм осы аңыздың астарында сонау: "арғы атаң сенiң - Шыңғыс хан, пайда болған сағымнан"ежелгi моңғолдардың аңызы негiзiнде жалғасын тапқан. Екі аңыздың да түбi бiр, екеуiнде де арғы аталарымыз желден, яғни сағымнан пайда болды дегендi бiлдiредi.

Өздерін төлеңгітпіз дейтін аталар ұлан –байтақ қазақ жерінің қай тарапынан да кездеседі, олардың ішінен шыққан ұлы тұлғалардың да аттары тарихқа алтын әріптермен жазылған. Қарап отырсаңыз төлеңгіттер қауымы кешелі бері пайда болған құбылыс емес, оның тарихы иісі түрік баласының тарихымен астасып кетеді.  
Қазіргі шұбартаулық төлеңгіттердің арғы аталары ежелгі теле бірлестігі ғұндарға дейін-ақ белгілі болатын, ал олардың ұрпақтары ғұн империясына қызмет жасады. Ғұн төлеңгіттерінің үлкен тобы қазақ даласына шашырай қоныстанып мемлекетке қызмет істеуін жалғастыра берді. Оның бір мысалы Байырғы көктүріктер қағанаты кезінде төлеңгіттердің қайтадан көтерілуі. Бірінші Түрік империясының ұлы көсемі Бумын (Момын) қаған, басқа да мемлекетшіл күштері сыртқы және ішкі жаулармен соғыста төлеңгіт топтарының көмегіне сүйенді. Шыңғыс хан заманында бұл институт қайта жаңғырды және алып империяның бiрнеше жүз жыл өмiр сүруiне тiрек болды. Төлеңгiт өкiлдерi Алтын Орда ыдыраған, Дәштi Қыпшақта Жошы әулетiнiң үстемдiгi құлаған дүбәра кезеңен бастап тағы да ауыр жағдайға тап келдi. Осы кезеңде олардың iшiнен жаңа құрылып, жаңа күшейiп келе жатқан Ресей патшалығына қызметке барғандары орыстардың "дворян" әулетiнiң негiзiн қалады. 18 ғасырдағы қазақтың үлкен хандары Әбілмәмбетке, Абылайға және Әбілпейіз сұлтанға қызмет жасаған – Шұбартау елі ішінде «Қалмақ» атымен белгілі – Мамыт тобы және Дейіт, Құсшы, Тебежін, Оңажіт және Таз рулары да Қазақ хандығы қалыптаса бастаған кезеңдерде, Керей мен Жәнібекке тірек болған ертедегі төлеңгіттердің жұрнақтары болатын. Сондықтан да, кейінгі қазақ хандықтарында да төлеңіт әулеттері жойылып кетпей, ежелгі дәстүрлері мен аттарын сақтап қалды.
Осы бiрнеше ғасырға созылған мемлекет құру және оны сақтауға бағытталған жойқын iс шаралардың басы қасында төлеңгiт қауымының өкiлдерiн көремiз. Тым әрiге бармай XVIII ғасырға қатысты Ресейдiң, Қытайдың, Бұхардың мұрағаттарында сақталған елшiлiк қағаздарын оқысаңыз iшiнен мiндеттi түрде төлеңгiт өкiлдерiн көресiз. Олар айтылған уағдаға берiк, сатқындыққа жоқ азаматтар, өзiнiң қызмет еткен төресi үшiн жанын беретiн жауынгер нөкер, олар өзiнiң ұлыс басшысының бетiн жерге қаратпайтын батыл және тапқыр елшiлер.
Тіпті Алтай телеңгіттері аталатын жеке халықтың өзі де ғұн дәуірінде патшаларға қызмет істеген үлкен саяси-этникалық топтардан қалған ұрпақ деп есептеуге біздің қолымыздағы деректер мұрындық болатын сияқты. Біз әуел баста көптеген ғалымдар сияқты қазақ төлеңгіттері Алтай телеңгіттерімен бір туыстық байланысы бар деген болжаммен жұмыс істеп едік. Енді келіп қарасақ жалпы төлеңгіт деген ұғым тым көнеде төре, яғни мемлекет қызметкері деген ұғыммен бірге қалыптасқан болуы керек. Жақында ғана жарияланған тарихшы Ж.О.Артықбаевтың төре ұғымына қатысты жазбасында «Қазақ ұғымында төре тек ақсүйек емес, ең алдымен мемлекет басшысы, қызметкер. Еуразия атты кәрі құрылықтың негізгі бөлігінде ХІІІ ғасырдың басынан бастап төрелік қызметті Шыңғыс хан кіндігінен тараған әулеттер атқарып келді. Сол себепті қазақ ұғымында «төре» және «Шыңғыс хан әулеті» бір-бірімен біте қайнасқан, бірінсіз бірі жоқ түсініктер. Ал тарихи тұрғыдан келсек «төре» институты Шыңғыс ханға дейінгі дәуірлерде де толық қанды өмір сүрген билік қызметі. Оның шығу тегі қазақ даласында мемлекеттік биліктің, саяси басқару жүйесінің пайда болуымен тамырлас. Осы себептерге байланысты біз «төре» сөзінің этимологиясы алғашқы бақташы тайпалардың Еуразия даласында билік құрған дәуіріне кетеді деп жоспарлаймыз.
«Төре» сөзінің көнелігіне дәлел көп. Оның этимологиясының «тұра» түрінде түркі халықтарының тұрақты қоныстары мен қалаларына (Чимгу тұра, Аба тұра, Яш тұра т.б.), немесе жылжымалы күймелі үйлерге (араба тұра), біздің заманымыздан екі мың жыл бұрын біздің Ұлы даламызда өмір сүрген «Тұран» қауымына, семит қауымдарының қолданысында сақталған «Тора» яғни көне заңдар жинағына т.б. көне дүниенің жәдігерліктеріне жалғасып кететіні де осы себептерге байланысты. Қазақтың «төре» сөзінің билік, әділ сот ісі сияқты ұғымдардың баламасы есебінде қолданылуы да оның түпкілікті мән-мағынасына байланысты.
Осылайша бірнеше мыңжылдық аясында саяси және құқықтық билік қызметінің негізгі атауы есебінде өмір сүрген «төре» сөзі біздің заманымызға дейін өзінің бәз баяғы мазмұнын сақтап қана емес, сонымен бірге түрленіп, тіршіліктің әр соқпағына ілесіп мазмұны кеңіп жетті. Ресей империясының отаршылдық саясаты қазақ даласында бірнеше ғасыр билік ісіне жауап берген Шыңғыс тұқымын басқару жүйесінен біртіндеп ығыстырған соң да «төре» сөзі қолданыла берді. Ол алдымен Ресей империясының қызметін атқаратын шенеуніктер мен екі ортадағы делдалдыққа тілмәш, көмекші т.б. түрде кіріскен қазақтың оқыған мемлекет қызметіндегі жігіттеріне, кейін ХХ ғасырдың басында қазақтың өз ішінен шыққан қаратаяқ азаматтарға қатысты қолданылғаны саяси өмірден белгілі. [Артықбаев Ж.О. Қазақ мемлекетінің тарихындағы төре институты және төре сөзінің мағынасы туралы // Еуразия халықтарының тарихы мен Л.Н.Гумилевтің ғылыми шығармашылығы. Астана, 2011. -75-76 бб.].
Қандай да бір мәселеге кіріспес бұрын, оның қаншалықты зерттелгенін анықтау керек. Осы зерттеу еңбектерге қатысты пікірімізді білдіре кеткенді жөн санадық.
Ең әуелі ескертетін мәселе XVIII-XIX ғғ. тарихына қатысты орыстық және шығыстық дерек көзерінде «төлеңгіт» атауы жиі кездеседі. Көрсетілген уақыт межесінде төлеңгіттер хан мен сұлтандар төңірегінде жүрген ерекше топтық құрылым болып табылды. Осыдан-ақ төлеңгіттер институтының дамуы сол замандағы Қазақ хандығының саяси ұйымдасуы, экономикалық дамуымен тығыз байланысты болды деген ғылыми болжам жасауға болады. Себебі төре әлеуметтік-саяси тобы мемлекеттік қызметкер деген мағынаны беретіні жоғарыда айтылды.
ХІХ ғасырда қазақ тарихына байланысты жазған Ресей тарихшыларының ішінен А. Левшин, Н. Небольсин, Л. Мейер, М. Красовский, А.Харузин, Н.Аристов, Н.Крафт, А.Янушкевич, А.К. Гейнс, Н. Гродеков, М.Бродовский, Ш.Уәлиханов, Ф.Зобнин т.б. төлеңгіттер туралы пікірлер мен мәліметтер қалдырған. Осылардың ішінен қазақтар туралы толық сипаттаманың авторы А.Левшин «мы не составляем особый класс из теленгутов или прислужников ханских и султанских...(они) принадлежат вообще к простому народу и пользуются одинковыми с ними правами» дейді [1 с.292].
Осыдан-ақ Ресей тарихшыларының қазақ мемлекеті туралы ХІХ ғасырдың басындағы түсінігі тым жұтаң болғанын байқауға болады. А. Левшин төлеңгіттерді хандар мен сұлтандардың қызметкері ретінде ғана қарастырады, ал шын мәнінде бұл жерде мемлекет мәселесі маңызды орынға ие. Хандар мен сұлтандардың өзі де мемлекет қызметкері емес пе ?
ХХ ғасырдың басында да төлеңгіттердің шығу тегі, әлеуметтік институттар ішінде орны мен маңызы, құқықтық қатынастары т.б. бойынша зерттеушілердің ішінде бір жақты пікірлер қалыптаса қоймаған жоқ. Дегенмен қазақ жерінде қызмет істеген орыс шенеуніктерінің арасында төлеңгіт мәселесіне қызығушылық танытқан зертеушілер пайда болды. Солардың бірі Ф.К.Зобниннің «К вопросу о невольниках, рабах и тюленгутах в киргизской степи» деген еңбегін ерекше атап өткен жөн. Себебі бұл төленгіт мәселесіне арналған және төлеңгіттер мен құлдардың ара жігін ашып береген еңбек. Қазақ жерін отарлау, саяси институттарды жою барысында Ресей командирлері де төлеңгіттер институтын біржолата құрту үшін, оларды құлдардың тұқымы деп жариялаған кездері болды. Осыны пайдаланып Қарақаралы дуанының басшысы Жамантай (Тұрсын) Шыңғысұлы өз қарамағындағы төлеңгіттердің малын тартып алмақ болып, оларды орыстар өткізген санаққа құл есебінде кіргізеді. Осылайша ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары Қарқаралы аймағында Жамантай Шыңғысұлы мен Шама Абылайханұлы т.б. төрелер мен төлеңгіттердің әр түрлі әулеттерінің арасында ауыр күрес басталды. Патша үкіметінің күшін пайдаланып шенеунікке айналған сұлтандардың әуел бастан жеке ту тіккен және ұжымы күшті Шұбартау төлеңгіттеріне тісі батқан жоқ, бірақ өз жанына ертеден қоныстанған төлеңгіт ауылдарымен қатты жанжалдасты. Ф.Зобнин өз кітабын осы жанжал туралы деректерді мұрағат қағаздарынан көтеруден бастаған: «дело старшего султана Каркаралинского окружного приказа подполковника Турсуна Чингисова с тюленгутами его Тлеугабыловыми и прочими по своей полноте и богатству содержащихся в них бытовых подробностей занимает первое место в ряду архивных дел...»[5-68 с.].
Дау тым асқынып кеткен себепті орыс заседателдері қазақтың билерінен төлеңгіттер туралы мәліметтер жинай бастады. 80 жастағы Әлтөбет болысының биі Өжет Көтенұлының жауабы: «Название тюленгут не составляло в прежние времена такого значения, чтобы именующие себя тюленгутом какого либо султана был оному крепок наровне с кулом и стеснялся бы свободы. Напротив, название сие в прежние времена было еще в уважении, ибо служило, как охранением личности от разных притеснений посторонних казахов, так и в сбережении скота. Для чего многие искали сего звания и на скот свой налагали султанскую тамгу. Но впоследствии вновь оставляли султанов, по каким либо обстоятелствам и избирали места для себя по собственному желанию». Байбөрі болысының биі Төлеген Таныбайұлы «в прошлом самые лучшие люди из казахов назывались тюленгутами, когда кочевали поблизости от султанов или когда отлучались на линию и в другие дальние места. В этом случае название сие служло некоторым охранением от обид» деген жауап берді. Өзге де кәрі билердің айтқандары осы мазмұнда болып шығады, яғни төлеңгіт өз еркімен төреге келіп қызмет ететін адам.
Ф.Зобниннің екінші бір жазғаны қазақ төлеңгіттері Алтай телеңгіттерінің тұқымы деген мәселеге қарсылығы, ол «казахские тюленгуты не могли быть прямыми потомками теленгитов...» [5. 45 б.]. Бұл біздің ойымызша дұрыс пікір. Алтай телеңгіттері Ғұн империя ыдыраған уақытта тау қойнауларында аман -есен сақталып қалған патшаларды, яғни шаньюйді қолдаушы топтар мен қызметшілерден құралған қауым болуы тиіс.
Ф.Зобниннің бізге қызықты үшінші мәліметі Шұбартау төлеңгіттерінің ХІХ ғасырдың ортасында ресми қағаздарда арғынның көз басын (о о) қолдануы.
Патша замынанда Семей облысында еңбек еткен тамаша өлкетанушы Н.Коншин төлеңгіттерді «хан мен сұлтандарға жартылай тәуелді жағдайда болған адамдар...Олардың шығу тегі және құқықтық жағдайы осы күнге дейін белгісіз» деп жазады. 1884 ж. Дала генерал-губернаторының тапсырмасы бойынша Қарқаралы уездік басқармасынан Н.Коншин болыстықтардың тізімін, рулық құрамын және үй санын алып оны жариялайды. Ә. Бөкейханов 1902 жылғы Ф.Щербина жүргізген санаққа қатысып, төлеңгіттердің Қарқаралы уезінде қанша отбасы барын анықтап, шаруашылықтары жөнінде шағын сызбасын келтіреді. Бұл мәліметтер де Шұбартау төлеңгіттеріне қатысты дерек көзі ретінде аса пайдалы.
Семей өлкесін зерттеушілердің бірі Н.А. Логутов «төлеңгіттер әскери жорықтарда хандардың негізгі сенімді арқа сүйер тіректері, әскери күш ретінде қызмет жасайтын жартылай тәуелді адамдар. Қалайда болсын жартылай тәуелді болып қалып, бір ханнан басқа бір ханға өтуіне немесе тіпті қожайынынан бір жола кетуге ерікті болды» деген біздің ойымызша салмақты пікір білдірген.
Төлеңгіттер тақырыбы бойынша революцияға дейіңгі жеткен жетістік кеңестік кезеңде осы тақырыппен айналысқан бірқатар зерттеушілер үшін үлгі болып қалды. Бұл тақырыптың шешілмеген даулы тұстары, түйіткілді сұрақтары өкінішіке орай арнайы тақырыпқа айналмай қала берді.
XX ғ. басында қазақ даласын зерттеушісі А.П. Чулошниковтың байырғы түрік заманынан бастап XVIII ғ. дейінгі аралықтағы саяси құрылысы, көшпелі өмірі, этнографиясы мен экономикалық тарихы еңген еңбегі «Қырғыз-қазақ тарихының очерктері» деп аталады. Өз еңбегінде зерттеуші төлеңгіттерді «жартылай тәуелді, жартылай еркін топ» ретінде қарастырған.
ХХ ғасырдың 40-50 жылдары қазақ тарихы бойынша өнімді еңбек еткен М.П. Вяткин «XVIII ғасыр төлеңгіттері» атты мақаласында: «XVIII ғ. төлеңгіттер саны шамалы ғана болған. Сол кезеңнің материалдарында төлеңгіттердің саны жөнінде кездейсоқ мәліметтер кездессе, олардың өзі хан төңірегіндегі төлеңгіттер еді. Төлеңгіттер әлеуметтік жағдайының өзгеріске ұшырауы қазақ қоғамының феодалдануына әсер еткендіктен, біз төлеңгіттердің орнын анықтап алуымыз қажет» деп жазады. XVIII ғасырда төлеңгіттер көбінесе хан мен сұлтандардың әскери жасағы ретінде белгілі болды. Ғалым мұндай жағдай қазақ арасындағы төлеңгіттерді XVIII ғасырдағы моңғол және өзбек «нөкерлерімен» жақындастыруға болатындығын келтіреді.
1930-1960 жж. Орта Азия мен Қазақстанды зерттеуге ат салысқан К.Л. Задыхина 1941 ж. Ресейде «XVIII-XIX ғғ. қазақ хандары мен сұлтандарының төлеңгіттері» атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны қорғады. Төлеңгіттер жасақ ретінде хан мен сұлтандардың қуат көзі ретінде қызмет жасады дейді зерттеуші. Төлеңгіттер қазақ халқының рулық қауымынан тысқары тұрды. К. Задыхина төлеңгіттерге деп қазақ төрелерінің патшадан келген сыйлықтардан, ұрыста олжаға түскен мал-мүліктен үлес, жылқы, киім, қару түрінде беріп отырғанын жазады. Тағы бір қызық дерек Ресейдегі император сарайына барған төлеңгіт өкілдерінің күнделікті шығындарына қаражаттың қара қазақ өкілдерінен көп бөлінуі.
Кеңестік кезеңде төлеңгіттерге алғаш көңіл қойған кәсіби қазақ тарих ғылымының негізін салушы Е.Б. Бекмаханов болды. Ол өз еңбектерінде Қазақстанның Ресейге қосылуын, Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісін жан-жақты қарастырған. Бекмаханов XVIII ғ. төлеңгіттерді тек ақсүйектер ғана иелентін болды десе, ал ХІХ ғасырда кейбір сұлтандар төлеңгіттерді өздерінің басыбайлы шаруалары ретінде ұстағысы келгенімен, бұл шаралары жүзеге аспағандығын көптеген мұрағат құжаттарына сүйеніп жазады.
Кеңестік кезеңде төлеңгіттер тақырыбында айтарлықтай жұмыс атқарған В.Шахматов деген тарихшы болды. Оның пікірінше төлеңгіт құрамы негізінен кедейленген адамдардан, сонымен қатар әсіресе шапқыншылықтар тұсында өздерін қорғау мақсатында сұлтанның қарамағына өтушілерден құралды. Зерттеуші Қазақстандағы төлеңгіттер институтының шығуы феодалдық қатынастардың қалыптасуымен байланысты деп атайды. Бұл жерде феодализм деп автордың еңі алдымен мемлекеттік құрылысты айтып отырғаны даусыз. Шын мәнінде төлеңгіт институты мемлекет құрушы, соған қызмет етуші күшті тетіктердің бірі. Тіпті арғы заманды айтпағанның өзіндік ХІХ ғасырдың ортасында Ресей империясына қарсы он жыл бойы соғысқан Кенесары ханның да сүйенгені өзіне аталарынан қамқорлық жасау міндеті қалған мың үйлі төлеңгіт болатын. Кенесары қозғалысы қазақ халқының ең соңғы ірі бас көтеруі, тәуелсіз мемлекетті қайта жаңғыртпақ күресі болды. Бұл күреске төлеңгіт қауымының түгелдей қытысуы да көп мәселені аңғартса керек. Біз ғалымдар тарапынан айтылып жүрген төлеңгіттердің әскери міндеткерліктері ХІХ ғ. 20 жылдарындағы «Жарғы» реформасымен шектеліп, ХІХ ғасырдың 60 жылдарындағы «Уақытша Ережеден» кейін ғана тоқтады деген пікір дұрыс деп санаймыз.
 Қазақ зерттеушілерінің ішінен С.З. Зимановтың «Общественный строй казахов первой половины XIX века» монографиясын ерекше атаған жөн. С. Зиманов өз зерттеуінде ХІХ ғасырдың басында әлі де болсын қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси қатынастарында төлеңгіттерді басыбайлы шаруа есебінде қылатындай өзгерістер мен дәлелдер болмағандығын атап өтеді. Зимановтың пікірінше төлеңгіттерді тек қана жоғарғы тап ақсүйектер өкілі хан мен сұлтандар ғана иеленді. Тіпті қандай батыр, би, тархан – болмаса олардың ішіндегі байлығымен немесе абыройымен асып тұрғандары да маңайына төлеңгіт ұстауға құқықтары болмағандығын жазады. Бұл зерттеу жұмыстарынан біздің түсінгеніміз ең бастысы қазақ төлеңгіттерінің тарихы зерттелмегендігі. Ресей және Қазақстандық тарихшылар мен құқықтанушылар төлеңгіттерді ХУІІІ ғасырдан әрі асырмайды, оны мемлекеттік құрылыспен байланыстра алмайды.
Ресей тарихшыларының ішінде кейіңгі жылдары (1990) төлеңгіттер тақырыбына В.П. Курылев деген этнограф «К вопросу об институте толенгутов у казахов» мақаласын арнады. Ғалым төлеңгіттер институтының мәселесі бойынша революцияға дейін және революциядан кейін бірнеше авторлар жазса да, әлі де болсын бір пікір қалыптаспағандын жазады. В. Курылев П.Е.Маковецкийдің 1882 жылы Семей, Павлодар, Қарқаралы уездерінде сауалнама жүргізу барысында, өзінің жинаған материалдарын қортындылай отырып төлеңгіттерді әсіресе әскери жасақ ретінде қарастыруды мақсат тұтады. В. Курылев жазбаларында сұлтандардың төлеңгіттердің балаларын бауырына салып тәрбиелеген мысалдары келтірілген, В. Курылев В. Шахматовтың Патшалық Ресей тарапынан ХІХ ғ. екінші жартысында төлеңгіт атауын атауға тиым салды деп жазғанын теріске шығарады. Оның пікірінше төлеңгіт атауы ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында да кеңінен аталынды. Өз материалдарын жинақтап саралай келе төлеңгіттердің шығу тегіне байланысты әлі де болсын арнайы зерттеулер қажеттігін атайды.
Тәуелсіздік кезеңінде ХУІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ халқының қоғамдық дамуының заңдылықтарын ашуды мақсат тұтқан зерттеуші Ж.Артықбаев төлеңгіттер мәселесіне қатысты бірнеше еңбектерінде пікірін білдірді. Ғалым төлеңгіттерді «төрелердің төңірегіндегі тәуелді және қызметші адамдар» болды деп суреттей отырып олардың ХУІІІ-ХІХ ғасырлардың тарихында сіңірген еңбектерін көптеген мысалдармен айшықтаған. Төлеңгіттердің билеуші әулеттерге жақындығы, олардың ішінде аса маңызды саяи-мәмлегерлік шараларға қатысатын сенімді топтар болғандығы т.б. әсіресе Ж.О.Артықбаевтың ХУІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының тарихына арналған еңбегінде орыс, қытай деректерінің негізінде дәлелді суреттелген. Сондай - ақ Ж. Артықбаев 1757 жылғы Түркістанда болған хан кеңесінің шешімімен Өмірзақ бастаған аталықтардың Мамадайыр, Мамашық атты аталарының Әбілмәмбеттің төлеңгіттерімен бірге Әбілпейіз сұлтанның соңына еріп Шығысқа қарай қазақтың көшін бастағанын жазады. Әбілмәмбет ханның төлеңгіттерімен араласып кеткен Арыстан аталықтың Мамадайыр, Мамашық ұрпақтары Шұбартау тобын құрайды деп көрсетіп, Ә. Бөкейхановтың «Әбілмәмбеттің кенже үйі – қарашаңырағы Шұбартау елінде, күнгей Саяқта» деп жазғаны осыларға қатысты деп айтады. «Қарашаңырақты қорғауды міндетіне алған топ өзінің міндетін абыроймен орындады, солардың арқасында біз кәзір Жетісу, Алтай мен Тарбағатайға иелік етіп отырмыз» деп тұжырымдайды[2].
Қазақ шежірешілерінің бірі Х. Маданов «Қазақтың біртуар азаматы Сейітқали Мендешев қалмақ төлеңгіті екенін естігеніміз бар. Оның аталары Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Қалмақ шағыл деген жерді қоныстанған. Осыдан қалмақ-төлеңгіт аталу ғажап емес. Жаңақала ауданының Ұялы ауылында төре төлеңгіттер бар. Олар Көкшетау, Талдықорған, Шығыс Қазақстан облыстарында да кездеседі» дейді. Х. Маданов «төлеңгітті ертеден келе жатқан дербес ру ретінде таратып, оны Шыңғысханмен байланыстыратын көне көз адамдарды да кездестіргеніміз бар. Төлеңгіт тарихындағы даусыз нәрсе-оны тереңдете зерттеп, егжей-тегжейлі біліп алу қажеттілігі» деп қорытындылайды [Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. Алматы,1994.-165 б.].
Керекеулік жас зертеуші Ә.Елемесов Шұбартау төлеңгіттеріне байланысты азды-көпті ой қозғаған Б. Майтановтың мақаласын талдай келе: «Б.Майтанов өз мақаласында төлеңгіттер аталатын Алтайда түркі тілдес халық бар деп атап өткен. Кіші жүзде төлеңгіттер арсында «төре төлеңгіт», «қалмақ төлеңгіттер» болып бөлінсе, Шұбартау төлеңгіттерінің өз ерекшеліктері бар. Олар Абылайханның қалмақтарға қарсы Аягөз, Шар тұсындағы бекініс боп, шекара күзеті есептелген тәрізді» деп ең басты мәселені аңғарып қалған.
«Өкінішке орай осы күнге дейін біздің тарих ғылымы төлеңгіт әулеттеріне қатысты бір салмақты кітап ұсынған жоқ. Төлеңгіттердің шыққан тегі де белгісіз, олардың қоғамда атқарған қызметі де түсініксіз, құрамы да нақты анықталмаған» деп пікір білдірген шұбартаулық Б. Кемелбеков пен Е. Жасымбаевта өз ізденістерінің нәтижесінде бірді-екілі жариялап оқырманның ыстық ықыласына «Шұбартау төлеңгіттері: тарихы, аталары мен тұлғалары, дәстүр салты (2012) және «Қазақ хандығының аталықтары мен төлеңгіттері: мемлекетке қызмет істеу, тарихи оқиғаларға қатысы және шежіресі» (2013) атты іргелі зерттеу еңбектерін ұсынды. Дәстүр салтымен ерекше көзге түсетін Шұбартау елі аталған төлеңгіт қауымына ұйытқы болған мамыт, уанас, дейіт, құсшы, оңажіт және таз ру- әулеттердің тарихтары, шежірелік және мұрғат деректері негізінде дәлелді түрде жазылған. Олардың ішінде тарихы жоғарыда айтылған Сайдалы-Арыстан аталыққа бастайтын Мамадайыр, Мамашық тағдыры ерекше қызық. Арыстан аталық әулетi Әз Тәукеден тарайтын төрелер тұқымының жанында да, қазақтың басқа төре әулеттерiнiң жанында да аз болмаған. Кейiнен олардың көпшiлiгi хан сұлтан жанында төлеңгiт атанып кеткен болатын.
Қазақ мемлекеті тек рулардың конфедерациясы ғана емес, сонымен біртұтас орталыққа бағынған мемлекет құрған ағза деп дәлелдегіміз келсе біз бұл мәселеге аса көңіл бөлуіміз керек.
Жақында ғана жарияланған Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Шамғоновтың Темірхан Оразбековпен бірлесе отырып жазған «Атыраулық төлеңгіттер» (2012) атты тамаша кітабында Бөкей Ордасының қалыптасу тарихы және атыраулық төлеңгіттер қауымына ұйытқы болған Мамадайыр төлеңгіттерінің арғы-бергі тарихы қарастырылады.
Мамадайыр балалары да қазақ пен жоңғар арасындағы жүз жылдан аса уақытқа созылған соғыстардың бар ауырпалықтарын бастарынан өткердi. Осы жаугершiлiк кезеңде Мамадайыр ұрпақтары Мәуереннахр қалалары үшiн де, Ертiс пен Едiл арасындағы кең байтақ өлке үшiн де, Үстiрт пен Маңғыстау үшiн де соғысты. Оның бiр мысалы, Мамадайырдың үлкен ұлдарынан тараған тұқымдарының бiр шетi бүгiнгi күнi - Өзбекстанның Ауғанстанмен шектесетін Сурхандария облысы - Жиделі – Байсын жеріндегі Қызылсу бойында қоныстанса, «Мамадайырдың Анда, Алдасай, Теңізбай, Қалыбай, Қырғызақ аталарынан тарайтын елдің негізгі тобы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында, батысында ресейлiк Астрахан, Саратов, Волгоград облыстары»[6] аумағында да кездеседі. Кішi балаларынан тарайтын елдiң бiрер атасы Оңтүстiк Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Қызылккөлде, «Үш арыс» Мамадайыр: Боран, Жалаң, Өмірзақ аталардан тарайтын ел Балқаш – Шұбартау - Қарқаралы аумағында қоныстанған[4].
Қазақтың асылы Әлихан Бөкейхановтан "Өмiрзақтың құтына, Жаназардың туына жиналған ел" деген аталы сөз қалған. Бұл Өмiрзақ Шұбартау жерiне қазақтың атақты төресi Әбiлпейiз сұлтанды бастап келген, қалың елге құт болған атақты адам. ХVIII ғасырдың аласапыран кезеңiнде, Шар Құрбанның бойында ұйлығып, әрі баруға қытайдан қауыптеніп отырған қалың елді бастап, Алтай мен Тарбағатайды игеруді хан Кеңесі Әбілпейіз сұлтанға жүктеп, жанына мың шаңырақ аталық әулеті Өмірзақ пен Әбілмәмбет хан төлеңгіттерін бастаған Жаназар батырды бірге жібереді. Қазақтың ту тiккен, алтын тағы орналасқан Түркiстаннан Әбiлмәмбет ханның төлеңгiттерiн бастаған Жаназар батыр да Әбiлпейiз сұлтанға ерiп келгенде олардың алғашқы қонысы Шұбартау болғанын, одан кейiн Әбiлпейiз сұлтан басшылығымен Шыңғыстау, Шар Құрбан, одан Тарбағатайға қарай жылжығанын ескерсек, онда шекаралық үштiк бағытта орналасқан әскери күзет қосындарын көремiз. Олардың ХVIII ғасырдағы ең ауыр шекаралық алқапқа «Ақ – табын» батыс, «Сары – табын» орталық, ал шығыс алқапқа «Қара – табын» атауымен орналасуы осы мәселеге байланысты. Қара басының қамын кейiнге қалдырып, төре әулетiне, яғни қазақ мемлекетiне қызмет жасаған осы азаматтардың арқасында елiмiздiң Шығыс өлкелерi Қазақ хандығының құрамына ендi. Бұл әулеттiң қазақ басына түскен жаугершiлiк замандарда үлкендi кiшiлi соғыстарға қатысып қырылып кеткенi қанша ма? Шұбартау төлеңгіттерінің өзге әңгімесін айтпағанның өзінде олардың ХУІІІ ғасырдың 50-60 жылдарында Әбілпейіз сұлтанның соңынан еріп, ел мүддесі үшін жанын құрбандыққа шалып Алтай, Тарбағатай, Жетісу сияқты жұмақ өлкелерді қазақ қарамағына алу жасаған жанқиярлығы жас ұрпаққа үлгі болар ерлік емес пе ?!
Пайдаланған әдебиеттер:

1. Левшин А.И. Описание киргиз-казацких или киргиз-кайсацких орд и степей. Алматы, 1996. с. 292.
2. Ж. Артықбаев. Шоқан да кезінде: «Ұлы аруақтар қамқорлық жасайды»,- деп айтып кеткен. «Халық сөзі» № 46б 12/ 06/ 2012
3. Жамбыл Омари. Аталықтар әулетi: Арыстан, Барқы, Нияз. - Астана: " Алтын кiтап" 2011.
4. Кемелбеков Б., Жасымбаев Е. Қазақ хандығының аталықтары мен төлеңгiттерi: мемлекетке қызмет iстеу, тарихи оқиғаларға қатысы және шежiресi. Алматы: «Информ-Арна», 2013.-480 б.
5. Зобнин Ф. Рабы и тюленгуты в казахской степи// Библиотека казахской этнографии. Т.36. Астана, 2007.-68 с.
6. А. Шамғонов., Т.Оразбеков. «Атыраулық төлеңгiттер». Атырау. 2012 жыл

 

 

Е. Жасымбаев, төлеңгіттанушы

Д. Саябаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста