Қазақ журналистерінің клубы құрылды
Кеше Алматыда «Қазақ журналистерінің клубы» құрылды. Бұл жөнінде арнайы өткен дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды.
Еліміздің жас тілшілерінің басын қосып, олармен ұлттық мүдде, Отансүйгіштік пен азаматтық ар-намыс тәрізді күрделі әрі ауқымды мәселелер жөнінде ой бөлісу, әңгімелесу – клубтың негізгі мақсаттарының бірі. Тарихшы, ғалым Хайролла Ғабжалиловтың айтуынша, «Қазақ, журналистерінің клубын» құру заман талабы болып отыр. Себебі жас журналистер бір-бірін танып, осы клубты пікір алаңына айналдыра алса, қазақ журналистикасы жаңа сатыға көтерілер еді. Бұл клуб «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы жанынан құрылып отыр» деп ағынан жарылды. Клуб дөңгелек үстел басында ғана жиын өткізу емес, тауға, демалысқа бірлесіп шығу, қазақтілді журналистер арасындағы достықты, әріптестікті нығайту, оны дамыту мақсатында жұмыс істемекші. Сонымен қатар «Қазақ журналистерінің клубы» журналистер күніне орай (маусым айында) өткір тақырыптар, өзекті мәселелер көтеріп, ел, қоғам назарын өзіне аударған журналистерді үш номинация бойынша марапаттап тұратын болды.
Салтанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, «Каспий банкінің» БАҚ-пен жұмыс басқармасының бас маманы:
– Қазақ журналистерінің басын қосатын клубтың болғаны қоғам талабы деп ойлаймын. Бүгінгі таңда журналистикада жүрген жас қаламгерлер өте көп. Олардың шығармашылық дәрежесін өсіретін мұндай клубтар болашақ журналистер үшін таптырмас мектеп деп ойлаймын. Бұл клубқа орыс тілінде жазатын журналистер де келіп, өз ойларын ортаға салса құба-құп болар еді.