Қазақ жұрты әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевты ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін қазақ жұрты белгілі композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевты ақтық сапарына шығарып салды. Аңыз тұлға, елдің еркесі, құрметті азаматы 82 жасына қараған шағында өмірден озды. Өз ғұмырында қазақты өміршең әнімен тербеп кетті. Бірігей туындылары алтын қордан орын алды. Өшпес ізі қалды.
Қаралы митингте Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып беріп, оны марқұмның баласы Біржанға табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ескендір Өтегенұлының өмірден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Ескендірдің қоңыр дауысты, әнші және жан тебірентерлік әндер шығарған композитор ретінде халқымыз өте жақсы көрген еді. Ұзақ жолғы шығармашылық жолда жемісті еңбек етіп, отандық музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі өте мол», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
«Оның шығармашылығы, дауысы, үні, жазған әндері алтын қорда мәңгілікке сақталады. Менің оған күмәнім жоқ. Бүгінгі барша келген ағайындарға, дәрігерлерге, жолдастарымызға анам екеумізді осындай қиын жағдайда келіп отырғандарыңызға алғыс айтамын», – деді Е. Хасанғаливтың ұлы, әнші Біржан Хасанғалиев.
Қоштасуға келгендер алдымен жұбайы Дарико Хасанғалиеваға көңілге демеу болар сөзін арнап, қайғысын бөлісті. Өнерге жоғары талғаммен қарайтын Ескендір Хасанғалиевтың өмірдегі қарапайымдылығы мен азаматтығын сағынышпен еске алды.
«Мен былтыр бір келген кезде мыңға жуық әнім бар деп отыратын. Оның әндерінің ішіндегі көпшілігі халық ішінде кең тарағаны сондай, кейбірі халық әні секілді болып кетті. Ескендірдің әні екенін білмеуі мүмкін, халық айтып жүреді бірақ. Бұл да болса, халықтың адамы екеніне тағы бір дәлел», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі.
«Ескендір ағаның әні ешқашан ескірмейтін өміршең шынайы әндер. Бойыңдағы рухыңды тасытатын, елге деген махаббатыңды биіктететін әндер. Егер қазақ өнерінің қайраткері қандай болады десе, біз үшін Ескендір аға жарқын үлгі. Композитор тұрғысында да, азамат тұрғысынан да, әке тұрғысынан да рухани әлемімізде бұл кісі бізге эталон болып қалады», – деді режиссер Асхат Маемиров.
Ескендір Өтегенұлы – лирикалық баритон, композитор, музыкант, Қазақ КСР-ның Халық әртісі және Қазақстанның мемелекеттің сыйлығының иегері. Оның «Әдемі-ау», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Атамекен» әндерін тек еліміздің тыңдармандары ғана емес, шет елдіктер де зор ықыласпен қабылдады.
«Қазақтың бағына туған тұлғадан айрылып отырмыз. Жалғыз «МузАрт» тобы емес, өнер майталмандарының баршасы, тіпті алыс-жақын шет елдердегі басқа ұлт өкілдеріне дейін ағамыздың әуезді әндерін шырқады. Ағамызбен бірнеше рет дастархандас болдық. Көркем мінездің, имандылықтың, қарапайымдылықтың нағыз тұғыры биік тұлғаның үлгісі еді. Қимаймыз ағамызды», – деді әнші Сәкен Майғазиев.
Оның күйсандығы да микрофоны да өзі де үнемі бабында болды. Еліне деген махаббатын әнімен паш еткен патриот композитор. Өз әндерін шебер орындауымен ерекшеленетін халық әртісі атанды. Ең жоғарғы мемлекеттік марапат «Отан» орденін иеленген қазақ ән өнерінің мэтрі. Ескірмейтін жүректің иесі осылайша әр қазақтың жүрегінде естелік болып қалды.
Бұған дейін Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы Дарико Хасанғалиева коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқан еді. Кейінірек әншінің ұлы Біржан халық әртісінің жағдайы күрт нашарлағанын хабарлаған болатын. Осылайша қауіпті кесел қазақтың мәдениетін тағы бір мәрте ойсыратты.
Ал, оның денесі Алатаудың етегіндегі Кеңсай зиратынына жерленді.
Қоштасуға жиналғандар өнер иесінің төл құжатына айналған туындысымен шығарып салды.