Қазақ жыршыларының бір түрін Шоқан «бард» деген.

Қазақ жыршыларының бір түрін Шоқан «бард» деген.

Көркем ойдың тарихи маңызын терең ұғынып, оны ғылыми зерделеген Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың еңбектерін жан-жақты, жүйелі зерттей түсуді уақыттың өзі талап етіп отыр. Ғалым шығармалары дәуір рухымен үндес, пікірлері күні кеше немесе дәл бүгін айтылғандай тың, құнды.
Әдебиетімізді, тарихымызды, мәдениетімізді терең түсіндіруді көздеген ұлы ғалым өзі бас болып, сол әдеби мұрамыздың шынайы мәнін ғылыми негіздеуге арналған зерттеулер жазды. Қазақтың халық поэзиясына алғаш теориялық талдау жасады. Ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін қалады.
Ш. Уәлихановтың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы аз жазылған жоқ. Сырттай қарағанда бәрі де зерттелген сияқты. Әйтсе де, ғалымның төл әдебиеттануға тікелей байланысты еңбектерінің әлі де ашыл-маған қырлары жеткілікті. Тап мүддесі дейтінді желеу еткен отаршылдық пиғыл Шоқан шығармаларынан да кемшіндік табуды талап еткен кездер болды. Кеңестік шектеу саясаты ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына, сондай-ақ, шоқантануға да зиянын тигізді. Қазан төңкерісіне дейін жарияланған қазақ басылымдарындағы Шоқан жайлы материалдар кеңестік дәуірде пайдаланылмады, сынға ұшырады. Алаш арыстарының ол туралы жазғандары ескерусіз қалды. Ғалым жоғары бағалаған «Едіге» жырын сөз етуге тыйым салынды. Оның шығармаларының ана тілімізде толық жарық көрмей, түрлі сылтаулармен бүркемеленіп келуі де талай құпия қатпарлардан сыр аңғартса керек. Бүгінде көне жазбалар, пайдалануға тыйым салынған әдебиеттер жарық көре бастады. Оларды Ш.Уәлихановтың әдеби мұрасын талдау барысында кеңінен пайдалануға, сөйтіп, оқымыстының ғылыми еңбектерін тиянақты зерттеуге мүмкіндік туды.
Шығыс ойшылының жан-жақты ғалым болғанын замандастары ерте таныды. «Современник» журналы 1864 жылғы 102-нөмірінде «Ш.Уә-лихановтың қабілеттілігі және жігерлілігі сонша, Сібірде тұратын бұратана халықтар арасында бұрын-соңды ондай адам болған емес», деп жазды. Қашқар сапарынан алып қайтқан аса мәнді деректерінің 1860-1861 жылдары орыс, неміс баспасөздерінде жариялануы, «Жоңғар очерктерінің» және Қытайдың батыс өңірі жөніндегі шығармаларының 1865 жылы ағылшын тілінде Лондонда басылып шығуы ғалым есімінің кең таралуына септігін тигізді. Батыстың зиялы қауымы қазақ оқымыстысын «Ресей туралы ғылыми танымдар мұрағаты» журналының (ағылшын және неміс) басылымдары арқылы білді. «Абылай» атты мақаласы орыс ғалымдары мен әдебиетшілері құрастырған, 1861 жылы шыққан «Энциклопедиялық сөздікте» басылуының елеулі мәні болды. Француз географы, әлемдік жиһангер Элизе Реклю «Жер және адам» деген он тоғыз томдық еңбегінде Шоқанның есімін П.П.Семеновпен қатар қойды. П. П. Семенов-Тяншанский, Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцев, А. К. Гейнс және басқа да көрнекті адамдар Ш. Уәлихановтың дарындылығын, өз ұлтын, оның әдеби мұрасын ерекше қадір тұтқанын естеліктерінде, мақалаларында атап көрсетті. Замандастары Ш.Уәлихановтың негізгі шығармаларын 1904 жылы Петербургте шығатын Орыс география қоғамының 29-томында жариялады. Оның жарыққа шығуына академик, профессор Н.И.Веселовский ерекше үлес қосты.
Ұлтының ұлылығын әйгілеген ұлы ғалым үш жүздің басын қосқан даңқты Абылайдың шөбересі. Оның бойындағы асыл қасиеттер түркі халықтарының үзілмей келген салт-дәстүрінің, рухани болмысының, өскен ортасының жемісі. Ол дала әуеніне, ана уіліне, түркілердің елдігі мен ерлігіне әлдиленіп өсті. Бабаларымыздың өсиетнамасын, елін, жерін, тілін сақтауға алтын арқау, аялы өзек болған фольклорды қадір тұтты. «Едіге» жырының үш нұсқасын өзара салыстырып, жаңа нұсқасын жасаған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын да сол кезде қағаз бетіне түсірген. Елінің тарихын, ауыз әдебиетін, этнографиясын, экономикасын жетік білген зиялы әкесінен болашақ оқымысты зор ғибрат алған.
Шыңғыс – төңірегіне әйгілі ақын, әнші, жыршыларды топтастыра білген ірі тұлға. Жыршы, жыраулардың сезім толқытар толғаулары, сал-серілердің кең жазираны тербеген асқақ әндері, билердің сөз шарпысу көсемдігі, шешендік мектебі, күйшілер сарыны – бәрі балғын Шоқанның қиялын самғатты, халықтың рухани қазынасынан ерте сусындауына негіз қалады.
Шоқанның ақылы ерте толысты. Өскен ортасының тылсым тіршілігіне, арғы-бергі тарихнамасына ден қойды. Үстем ұлттардың саны аз халықтарға жасаған қиянаттарын, арандату әрекеттерін көріп өсті. Ол өмір сүрген тұс патша өкіметі қазақ жерін түрлі бекіністер арқылы құрсаулаған, елдің ақыл-ойын, ерік-жігерін тежеп, адамдарды иманнан, салт-дәстүрден, рухани байланыстан жұрдай етуге бағыт ұстанған қатыгез кезең болатын.
Әйтсе де, сол қиын-қыстау кездің өзінде 300-дей ғылыми еңбек жазған біртуар зерттеуші шығыстану, түркітану әлемін кеңейте түсті. Ғалымның шығыс, батыс халықтарының көптеген тілін білуі әртүрлі қайнар көздерге сүйене отырып, көне жазбаларды, жылнамаларды салыстыра зерттеуге, тарихи шындықты ашуға мүмкіндік туғызды. Шоқан өз ойын нақты дәлелдеу үшін Орта Азия халықтарының тарихын көп зерттеген Жолбарыс әулетінен шыққан Әбілғазының «Түрік шежіресі» атты белгілі кітабына жүгінеді. «Түрік шежіресін» толықтыра түсу мақсатында ол «Қазақ шежіресі» еңбегін жазады. «Қазақтардың көшпелі еркін тірлігі Азияда дүниеге келіп, дамығаны күмән туғызбаса керек. Олай дейтін себебіміз, орыс жылнамалары (Псков жылнамалары) біздің сөзімізді растайды», деп баяндайды да, сол кездегі көптеген авторлардың еңбектеріне шолу жасайды, олардың деректерін шежірелермен салыстырады.
Ш. Уәлихановтың мұрасынан халық ауыз әдебиетінің барлық нұсқаларына байланысты ойлы тұжырымдарды, тың мағлұматтарды табуға болады. Талантты ғалымның «Бұқардың Абылайға айтқаны», «Абылай туралы жырлар», «Шора», «Орақ» жырлары, «ХVІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар», т.б. шығармалары қазақ әдебиеті тарихына қатысты көлемді зерттеулер болып табылады. Ал атақты «Жоңғар очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар» сияқты шығармаларының көптеген беттері қазақ әдебиеті мәселелеріне арналған.
Әлемдік әдебиет пен мәдениеттен мол хабардар болған Шоқан қырғыз елінің «Манас» жырына айрықша көңіл бөледі. «Манасты» өркениетті елдерге тұңғыш таныстырушы, жырдың ең құнды бөлігін алғаш орыс тіліне тәржімалаушы Ш. Уәлиханов екенін мақтан етуге тиіспіз.
Шоқан «Манастың» этнографиялық маңызына зор мән беріп, оның әрбір жыр шумақтарына, сөздеріне, кісі, жер, су аттарына, олардың ғылыми дұрыс жазылуына ерекше көңіл бөлген. «Едіге» жырын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» жазып алғандағы тәсілдерін ғалым «Манаста» да шебер қолданған.
Ғалым аса қабілетті жыршылар мен жыраулардың өміріне, ол туралы айтылған естелік аңыздарға айтарлықтай мән берген. Ол «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар» деген мақаласында Бұқар жырауға қатысты біраз мағлұматтар келтіреді. Жыраудың Абылай алдында айтылған өлеңінің аудармасын жасайды. Сөйтіп, Бұқар жырауды орыс оқырмандарына тұңғыш рет Шоқан таныстырады. Ақтамберді жыраудың шығармашылығына да көңіл бөледі. Абылай заманындағы, одан арғы дәуірлердегі халық даналығын бойына сіңірген Шал ақынның қабілетін жоғары бағалайды.
XVIII ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жырауларының ішіндегі көрнектілерінің бірі Тәтіқара ақынның бір өлеңін Шоқан жолма-жол орыс тіліне аударған. Өлеңнің қысқаша мазмұны жоңғар басқыншыларына қарсы күресті суреттеуге негізделген. Елді ерлікке жігерлендірген Тәтіқара шығармаларын Шоқан қаһармандық дастаны деп білген.
Ш. Уәлиханов импровизаторлық өнердің тамаша көрінісі өнер сайысы үстінде, айтысқа түскен шақтарда, белгілі бір ақындардың өзара білім салыстыруы, тапқырлықтары мен шешендіктерін ортаға салуы тұ-сында айқын аңғарылатынына көңіл бөледі. Ақындар айтысының үлкен өнер екенін жоғары бағалай келіп, Орынбай, Шөже, Жанақ, Түбек айтыстарына ерекше тоқталады.
Кезінде есімдерін Ш. Уәлиханов құрметпен атаған Асан Қайғы, Бұқар, Тәтіқара, Шал, Ақтамберді, Орынбай, Шөже, Жанақ, Түбек, т.б. тарихи тұлғалардың жыр-толғаулары, асыл сөздері бүгінде ұрпақ кәдесіне жаратылуда. Төл әдебиетіміздің тарихын ғасырлар қойнауына тереңдете түсуде.
Шоқан XVIII-XIX ғасырларда, Абылай заманы тұсында ерекше дамыған тарихи жырларға елеулі мән берген. Ғалымның» XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбегінде тарихи жырларда, аңыздарда есімдері зор сүйіспеншілікпен айтылатын тарихи тұлғаларға, олардың қаһармандығына ғылыми дәлдікпен көркем барлау жасаған.
Шоқан Уәлихановтың бұл шығармасы – әдеби тілмен, айтарлықтай дарындылықпен жазылған, он төрт тармақтан тұратын ғылыми, тарихи очерк. Оның көтеретін жүгі, берер мағлұматы қайсыбір «роман», «повесть», деп айдар тағылып жүрген қалың кітаптардан әлдеқайда салмақты. Қорғасыннан құйылғандай шып-шымыр, көлемі шап-шағын осы бір алтын қазыналы туынды әзірге өз бағасын ала қойған жоқ. Енді, мүмкіндігімізше, осы тарихи очерктің жазылу ерекшелігіне көз жіберіп көрейік.
Тарихи жазбалардың, көне жырлардың баяндағанын білікті қарттардың айтқандарымен үнемі салыстырып қарап, шындыққа ең жанасымдысын өз шығармашылығында барынша іріктеп, талғап пайдаланатын ғұлама ғалым XVIII ғасыр батырлары туралы еңбегінде де осы ізденімпаздығын толық сақтаған деп білеміз. Абылай тұсындағы кезең қазақ жырларында ерлік заманы ретінде жырланатынын әділдікпен бағалаған ұлы зерттеуші халықтың ар-ожданы, елдігі тезге түскен осы бір алмағайып дәуірдің нақты көрінісін көркем тілмен беруді көздеген.
Шығармада отыздан астам тарихи адамның аты аталады. Бәрі де өзді-өз ерекшеліктерімен қысқаша болса да дараланып суреттелген. Олардың екеуі жырау (Бұқар, Тәтіқара) – ел басына күн туған қысылтаяңда халықты рухтандырушы, батырларға күш-қайрат қосушы ақылгөй кемеңгерлер. Екеуі би (Қазыбек, Ерден); қазақ ханы Абылай мен жоңғар (ойрат) ханы Галдан-Церен; өзгелері кілең ел қорғаушы асқан батырлар, бұған қоса жауынгерлер, бұқара халық… Шоқан осылардың арасынан бес-алтауын басты кейіпкер дәрежесінде ерекшелейді. Олар: Абылай, Байғозы, Жәнібек, Баян, Жантай, Галдан – шығарманың негізгі желісіне қатысып отырады, сөйтіп, әр қырынан танылады.
Оқиға жоңғар шапқыншылығына қарсы алдын ала аттандырған 1000 адамдық барлаушылардың кешігуінен, олардың тағдырына алаңдаған Абылайдың жанындағы Бұқар жырауға тіл қатуынан басталады. Барлаушылар екі топқа бөлінген: оның бірін – Қанжығалы қарабұжыр Жантай батыр, екіншісін – Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр бастап кеткен.
Шоқан Абылайдың ұйымдастырушылық батылдығын да, қайғыра-қуана білетіндігін де шебер береді. Бірде қытаймен арадағы соғыста Абылайдың қолы сирей бастайды. Хан жауынгерлерінің қайратсыздығына налып, қатты күйзеледі, ашу шақырады. Сонда оның ақылмандарының бірі Тәтіқара жырау топ жарып, қалың қолға рух беретіндей жалынды сөздерді барынша зор шабытпен бората жөнеледі: «Жаудан «қашу» жақсы сөз емес, Абылай және оның қолы кейін бұғып қашқан жоқ, тек бұрылыс кетті. Бәсентиін Сырымбет оқ жаудыра шегінді… Қашқаннан ақыл сұрама! Асығыс түбі – өкініш!.. Уақ Баянның қарсыласын жайратқан оңды-солды қимылына осындағы бәріміз де куә болдық…», дейді. Жыраулар бейнесі, олардың тапқырлығы, Қаз дауысты Қазыбек сияқты билердің кемелді парасаттылығы бұл еңбекте келісімді шешім тапқан.
Абылай үлкен айқастарда, шешуші сәттерде жекпе-жекке өзі де шығып отырғаны белгілі. Жоңғарлармен соғыста Галдан Цереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтірген Абылай тұтқынға түседі. Онымен бірге бірнеше би, атығай руының атақты батыры Жапақ сүйікті баласының қазасына қайғырып отырған Галданның алдына әкелінеді.
– «Менің ұлымды қай жерде өлтірдің? – деген сауалға Абылай:
– Кінә маған тағылғаны болмаса, сенің балаң Шарышты өлтірген халық, халықтың еркі мен арқылы орындалды, – деп жауап береді. Галдан:
– Үш ордадағы барлық батырлардың ішінен ең құрметтейтінің кім? – дегенде, Абылай:
– Өзінің 90 тұтқынын Галданды сөзбен жеңіп босаттырған қаракесек Қазыбек пен үйінде отырып жауының үрейін алған, сөйтіп, өз тұтқындарын қайтартқан уақ Деріпсалы мақтауға лайық; ал байлығы, ерлігі, мінезділігі жөнінен бәсентиін Малайсары батыр мен ақылдылығы, қаһармандығы бойынша уақ Баян батыр бәрінен де жоғары тұрады, – дейді. Галдан:
– Қандай мемлекет басшысы басқалардан жоғары? – деп сұрағанда, Абылай іркілместен:
– Қондакер, орыстың ақ патшасы, Еженхан, Галдан, одан кейін мен өзім», – дейді. Сөйтіп, қазақ елінің басқа елдермен терезесі тең болған кезін еске түсіреді, тұтқындамын-ау деп ықпайды.
Мұндай диалогтардың көркем шығармаға тән екені аян. Ғылыми диалогтың асқан шеберлері Аристотель, Платон, Сократ, Геродот… еңбектерін құныға оқыған Шоқан өзінің тарихи очеркінде бұл тәсілді аса ұтымды қолданған.
Қашқан торғауыттардың соңғы жортуылына қарсы күрес халық аңызында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Оған сансыз көп адам қатысқан. Хан өзінің орнында қозғалмай тұр; ол басқа батырлардың көңіліне келетініне карамастан, ержүрек Баян батырды тағатсыз күтуде. Ақырында 540 адамымен оралған ол ханның алдына келіп: «Қайда, не бұйырасың, мен орындаймын», дейді. Хан халыққа арнап: «Міне, менің Баянды неге ұзақ күткенім», деп түсіндіреді. 500 әскерімен 10 мың қалмаққа қарсы тұрған Жантай батырдың қаһармандығын, өлер алдында атынан түсіп баласы Тоқышқа бергенін, тірі қалған 8 адамға: «Үйге қайтыңдар, мен жауымды тосып қалайын», деп барып құлап түскенін естігенде, Абылай: «Қайран қайыспас қара болатым-ай!», деп көзінің жасын тия алмайды. Бұл басшы мен батырдың, батыр мен халықтың арасындағы мүдде бірлігін танытар көркем шешім.
Қобыз бен домбырасын арқалап жүріп, суырып салып өлең айтатын оғыз-қыпшақ заманынан келе жатқан дәстүрді жалғастырушы қазақ ақындарының өнерін барынша құптаған Шоқан халық ауыз әдебиетінің бай мұраларын келешек ұрпаққа жеткізуде жыршы ақындар мен жыраулардың еңбектері ерекше болғанын жоғары бағалайды. Жыршы ақындарды өз заманының тамаша оқиғаларын мәңгілік өлместей етіп халық есінде қалдырушылар, деп біледі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі өлең-жырларды жеткізушілерді «біздің Бояндар», деп атайды. «Боян», «рапсод», «сага» атауларын Ш.Уәлиханов қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш қолданған. Қазақ жыршыларының бір түрін Шоқан «бард» деген. Бұдан ғұлама-ойшыл ғалымның орыс, Еуропа әдебиеттеріне де жетік болғаны аңғарылады. Өйткені, «Боян» орыс әдебиетінде «жыр атасы» деген ұғым білдіреді. «Игорь жасағы туралы сөзді» Боян шығарыпты-мыс дейтін аңыздары да бар. Боянға қазақ эпосында Сыпыра жырауды мегзеген Шоқан Уәлиханов XIV ғасырдан бері есімі таныс Сұрғылтайұлы Сыпыра жырауды қыпшақ руынан шыққан, ұзақ ғұмыр кешкен, тарихта ноғайлы жырларын туғызған жыршы, дейді. Ал бардқа Тәтіқараны жатқызады. Еуропада (әсіресе, Ирландия мен Шотландияда) «бард» аталатын жыршылар біздің дәуіріміздің алғашқы кезеңінен (II ғасырдан) белгілі екенін ескерсек, Ш. Уәлиханов төл әдебиетіміздің маңызын түсіндіруде әлем әдебиетінен дәл сондай салыстырма ұғым беретін сөздер тапқанына риза боламыз. Эпостарымыздың қаһармандарын ғалымның кейде француз жырларындағы бас қаһарман Роландқа теңеуі де тегін болмаса керек. Роланд – тарихи адам. Қазақ эпостарының да қаһармандары негізінен тарихи адамдар.
Тарихи жағынан алғанда, дейді ойшыл, халықтың ақындық рухы қызғылықты, өйткені, біріншіден, жыршы ақындар өткендегі батырлардың ерліктерін жырлайтын атамзаманғы көне поэмаларды бастапқы қалпын бұзбай әкелген. Екіншіден, әр дәуірде өмір сүрген жыршы ақындар өз заманында болған оқиғаларды бір тақырыпқа біріктіріп, бір кейіпкердің бойына сыйыстырып, халық жадынан өшпестей етіп жырлаған. Үшіншіден, әдет-ғұрыптың, мақал-мәтелдердің, халық құқығының жиынтығы болып табылатын бұл поэмалар халықтың өткен тарихы мен рухани өмірін бейнелеген, белгілі тарихи мағлұматтарды толықтыруға мүмкіндік берген, деп атап көрсетті.
Шоқанның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын кереметтей қастерлегені соншалық, ол «Ыстықкөл сапарының күнделігінде»: «Өз басым Аягөзге таңдай қағып, таңырқап қатты құмартамын. Бәлкім, бұл айдай ару Баянның алтын айдарлы Қозы Көрпешке ғашықтығы жөніндегі жыр-дастанның әсері болар. Ол оқиғаның осы өзеннің бойында өтуінің маңызы аз болмаса керек», деп жазған.
«Біздің халқымыздың көркемдігі жағынан қалыспайтын, өскелең әдебиеті бар; бұл әдебиет Шығыс халықтарының өлең-жырларынан гөрі, индо-герман өлең-жырларына жақынырақ. Ақырында, мұның бәрінен маңыздысы сол – біздің қоғамдық өркендеу формаларымыз жоғары, мәдениетті дамудың нәтижесімен көбірек ұқсас келетін жасанды емес дәрежеде тұр»; «Көне жыр-дастандардың сол өз қалпында, ұшы-қиыры жоқ даланың бір шетінде айтылатын шығарманың оқиғасы боз даланың екінші бір шетінде айна-қатесіз қайталануы таңдандырмай қоймайды. Көне түрі, салт-сана, әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған қазақтарда, өмірдің бар саласын қамтитын оқиғалармен байланысты адам аттары, жер-су аттары, т.б. есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады. Осы тарихи мәні бар мол мұраны біреулер ауызша, домбырамен сүйемелдеп әндетсе, енді біреулер мынау сонау замандарда жасаған пәленше деген күйшінің аты өшпес күйі еді деп, сыбызғыда ойнап, қобызда тартып, өнерлі адамдардың аты ел-жұрттың есінде мәңгі қалып қоюына себепші болады». Міне, ұлы тұлға әдебиет – халықтың жаны, құлақ-күйі, ар-ожданы, зор байлығы, елдігінің белгісі, одан «халықтық рух, ұғым, әдет, өмірлік кейіп» көрінеді, деп білді ойшыл.
Тұтас алғанда, Шоқанның шығармашылық мұрасы – бүтіндей бір дәуірдің шежіресі. Оның еңбектерінен парасатты журналистің, байқампаз жазушының және сезімтал очеркистің қабілетін жиі кезіктіресіз, үлкен суретшіге тән шеберлікті аңғарасыз. «Тянь-Шаньды зерттегенде: жан-жағымызда басын аппақ қар басқан тау, төменде терең сай, оның сонау түкпірінде кіп-кішкентай көл көрінеді, қар жауып тұр, сұп-суық. Мен бұл күнделікті от басының сығырайған жарығымен қоста жазып отырмын», – дейді ол.
Шоқан Уәлиханов көне дәуір әдебиетін жетік білді. Ұлтымыздың рухани бай қазынасын, әдеби асыл мұрасын жинап, зерттеуде уақытын да, білімін де, қажет болған жағдайда денсаулығын да аямай жұмсады. Ол – көшпелілер өмірі бірде шалқып-тасыған, бірде бәсеңдеп-шөккен толқынды өзгерістерге толы екенін анықтаған, мұндай өзгерістер халқымыздың жадында әдеби туындылар арқылы өшпестей берік сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткенін ғылыми дәлелдеген білімпаз, біртуар ұлы тұлға.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста