Қазақша оқулықтар жайын бірлесіп ойласқан жөн
Рахман Алшанов, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:
Бүгін Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Қазақстан Жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша VIII республикалық конференция өтеді. Конференцияны Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары Қауымдастығы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің және Қазақстанның жоғары оқу орындарының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жыл сайын ұйымдастырылатын конференциялардың мақсаты – жоғары оқу орындарына арналған кітап өнімдерін ғылыми тұрғыда сараптан өткізіп, дайындау, аудару, басып шығару мәселелерін ортаға салу.
Конференция жұмысына Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ЖОО-лардың ректорлары мен ғалымдары, кітапхана директорлары, баспагерлер, оқу-әдістемелік бөлімдердің мамандары, жаңа шыққан оқулықтардың авторлары мен авторлық ұжымдар, аудармашылар, жалпы зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады. Келелі жиын барысында тақырыптық баяндамалар жасалып, талқылаулар өтеді. Конференция аясында сондай-ақ 2011-2012 жылдары мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген оқулықтар мен Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының өз авторлары дайындап шығарған кітаптардың көрмесі және бірқатар үздік оқулық авторлары мен баспа ісін ұйымдастырушыларды марапаттау рәсімі өтеді.
Осы орайда біз аталған шараны ұйымдастырушы, ҚР Жоғары оқу орындары Қауымдастығының Президенті, академик Рахман Алшановтың оқулық мәселесінің түйткілдерін қамтыған мақаласын ұсынып отырмыз.
Білім беру үдерісін сапалы әрі толыққанды әзірленген оқулықтармен қамтамасыз ету әр кезде де өз өзектілігін жоғалтқан емес. Түрлі қиындықтарға қарамастан қазіргі уақытта жоғары оқу орындарына арналған әр саланы қамтитын оқулықтар шығару ісі кезең-кезеңімен жолға қойылып келе жатқанын аңғаруға болады. Бұл бағыттағы барлық іс-шаралар Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауында нақтыланған ғылым-білім саласын жетілдіруге байланысты басым бағыттарын жүзеге асыру мақсатында қолға алынып келеді. Оқулық дайындап шығаруда ҚР Білім және ғылым министрлігі нақты шараларды жүзеге асыра бастады. Бұл ретте жоғары оқу орындары үшін аса қажет базалық оқулықтарды басып шығаруға мемлекет бюджетінен бөлінетін арнайы қаржы көлемі жыл сайын өсіп отырғандығын айта кеткен жөн. Білім және ғылым министрлігі тарапынан елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған оқулық шығарудағы осы бір тың жоба, мемлекеттік тілдегі қажетті оқулықтардың саны мен сапасының артуына жаңа мүмкіндіктер ашуда. Жоспарда белгіленген қаржыдан авторлық қаламақы төлеу де қарастырылған. Көптеген авторлар өз кітаптарына бірінші рет қаламақы алып отырмыз дегенді айтып жүр. Отандық авторлар мен аудармашыларға тек 2012 жылдың нәтижесі бойынша 35 млн теңге қаламақы төленген. Жоспардағы кітаптарды шығаруға қаражаттың негізгі бөлігін баспаханаға төленген қаражаттар құрайды. Оқулықтар төрт баспаханада басылады. Сапасы да лайықты дәрежеде деп айта аламыз.
2011 жылы жоғары оқу орындарына арналған базалық оқулықтарды шығаруға тұңғыш рет мемлекеттік бюджеттен 137,7 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Соның арқасында жалпы таралымы 181 829 дананы құрайтын 130 базалық жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар дайындап, басып шығаруға мүмкіндік туды. Бірлесіп қаржыландару жолы арқылы оқу орындарының сұранысы бойынша 50 оқулық шығарылып, 56150 дана таралыммен кітапханаларға жеткізілді.
2012 жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарын базалық оқулықтармен қамтамасыз ету және шетел ғалымдарының үздік оқулықтарын мемлекеттік тілге аудару жұмыстарына республикалық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, 75 базалық оқулық пен шетелдік ғалымдардың 15 үздік оқулықтарын басып шығаруға жағдай жасалынды. 2012 жылғы мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға еліміздің 27 жоғары оқу орнынан 36 аудармашы маман мен 110 оқулық авторлары тартылды. Барлық оқулықтар Білім және ғылым министрліктің «Оқулық» Республикалық орталығының сараптамасынан өтіп, жоғары оқу орындарына, сондай-ақ ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Орталық ғылыми кітапханасына таратылды.
2013 жылға да республикалық бюджеттен базалық оқулықтар шығару мен шетел авторларының оқулықтарын мемлекеттік тілге аударуға тиісті қаржы бөлінбек. Белгіленген жоспар бойынша биыл 50 базалық оқулық пен 26 шетел авторларының үздік оқулықтарын аудару көзделіп отыр. Үстіміздегі жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 18 жоғары оқу орнынан 84 оқулық авторы (оның ішінде 22 авторлық ұжым) қатысуда. Бұған қоса жаңа оқулықтар үшін 13 жоғары оқу орнынан 37 тәжірибелі аудармашылар тартылуда. Биылғы жылдағы оқулық әзірлеу үдерісінің ерекшелігі: оқулықтар тек техника, технология, жаратылыстану және агрария салаларынан дайындалмақшы. Аударманың бәрі де негізгі авторлардың авторлық келісімін сатып алу арқылы жүзеге асырылып отыр.
Өзгенің тәжірибесін молынан алсақ...
Шетелдік авторлардың кітаптарын аударып, Қазақстанда шығаруға авторлық келісім алу қажеттілігі бар екені белгілі. Әрине бұл да тегін емес, біз олармен келісімшартқа отырып, 2012 жылы 15 кітапқа шетелге 5 млн теңге аудардық. Ал шығарылып жатқан кітаптардың мән-мағынасының сапасына келетін болсақ, Қауымдастықтың баспа орталығы авторлармен тізімге кірген күннен бастап жұмыс істей бастайды. Күнделікті бақылауға алып, кітаптың белгіленген күнге дайын болуын қадағалаймыз. Келісімшарт бойынша кітаптың мазмұнының Типтік оқу бағдарламасына сай болуына, кредиттік технологияның талаптарына жауап беруіне, біріншіден, авторлардың өзі, мәтінді талқылайтын кафедрасы, рецензенттер, оқулық ретінде ұсынатын ЖОО-ның ғылыми кеңесі жауап береді. Екіншіден, біз өз редакциялауымыздан және корректорлық жөндеуімізден кейін авторға (авторларға пойызбен, ұшақпен, экспресс поштамен) қайтадан қайтарып, жөндетеміз. Үшіншіден, оқулық қолжазбасы Министрліктің «Оқулық» Республикалық орталығынан сараптама кезінде тексеріледі. Сараптамадан өтсе, баспаханаға дайындалады немесе автор кемшіліктерін түзеп, толықтырады, содан кейін сараптамаға қайта кетеді. Бұл үлкен үздіксіз жүріп отырған процесс, конвейрдегідей іс-әрекет. Осы істердің барлығы шығарып жатқан оқу әдебиеттеріміздің сапалы болуына бағытталып отыр.
Өткен жылдан бері тұңғыш рет шетел авторларының оқулықтарын мемлекеттік тілге аудару жұмысы бір жүйеге келтіріле бастады. Атап айтсақ, 2012 жылдың Тақырыптық жоспары бойынша шетел оқулықтарының сегізі – ағылшын тілінен, біреуі – итальян тілінен, алтауы – орыс тілінен аударылды. Авторлық құқықтар 12 шетелдік баспа үйлерінен (McGraw Hill, Oxford University Press, Cambridge University Press, Springer, Pearson, PennWell, Taylor & Francis, La Scuola, Бином, Питер, КДУ, БХВ-Петербург) сатып алынды. Аударма жұмысына 9 ЖОО-нан (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Қарағанды МТУ, К. Жұбанов атындағы Ақтөбе МУ, Д. Серібаев атындағы Шығыс-Қаз, МТУ, Халықаралық білім беру корпорациясы, Абылай хан атындағы Қазақ ХБ және ӘТ университеті) 36 аудармашы қатысты. Ғылым мен техника саласындағы күрделі оқулықтарды қазақ тіліне тәржімалауда А.Айтқұлов, Ә.Жумина, А.Додонова, Н.Дузбаева, Г.Шабикова, А.Тусупбекова, А.Бержанова., Э.Шалбулова, З.Мансуров., М.Нәжіпқызы., Б.Діністанова сынды тәжірибелі аудармашы-мамандардың еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн.
Үстіміздегі 2013 жылы еліміздегі жоғары оқу орындарының білім сапасын әлемдік деңгейге көтеру мақсатында, әлемнің ең үздік 7 ЖОО-нда (Калифорния технологиялық институты, Гарвард университеті, Стэнфорд университеті, Оксфорд университеті, Принстон университеті, Кембридж университеті және Массачусетс технологиялық институты) қолданылатын соңғы талаптарға сай, кейінгі шыққан, сұранысқа ие үздік оқулықтардың тізімі жиналып, соның ішінен 26 оқулық 2013 жылдың Тақырыптық жоспарына іріктеліп алынды. Оқулықтар ақпараттық технологиялар, машина жасау, физика, математика, геотехнология, биохимия, химия, биология, биотехнология салаларын қамтитын болады.
Қазақ тіліне аудару құқықтары Wiley, Pearson, Cambridge University Press, Oxford University Press, McGraw-Hill, Springer, Cengage Learning, Taylor & Francis баспаларынан сатып алынды. Бұл жобаға 11 жоғары оқу орнынан 47 аудармашы тартылуда.
Оқулық жазатындарға жеңілдік керек
2011 жылдың нәтижесімен өткен Республикалық конференцияда ҚР Білім және ғылым министрі министріміз Бақытжан Жұмағұлов мырза бізде әзірге авторлар мектебі қалыптаспай келеді деген еді. Осы өткен екі жылдың ішінде кітап жазу процесіне 500-дей ғалымдар мен ұстаздар тартылды. Биылғы жылдың өзінде 90-дай автор жұмыс істемек. Қазіргі кезде осы процестен біз жақсы үрдіс көріп отырмыз. Бірінші жылы кітап жазған авторлар тағы да құлшыныс білдіруде, яғни министрліктің қолдауымен ісіміз жалғаса берсе, республикамызда білікті авторлар мектебі қалыптасады деп айтуға болады.
Әзір де жақсы авторлардан кенде емеспіз. Мысалы, аса тәжірибелі ғалымдарымыз Зулхайр Мансуров, Михаил Тонкопий, Амангелді Түсіпов, Алғабас Казешұлы, Сатыбалды Нұрпейісов, Зарқұм Сартайұлы, Құлпыбаев Серік, Василий Мельников, Сәуле Ынтықбаева, Әуелбек Ізтайұлы, Фарида Гусманова, Бақыт Бөрібаев, Өмірхан Әбдиманұлы, Төлеутай Несипбаев, Дулат Шукаев, Аман Құлбаев және басқаларын ерекше атап кеткіміз келеді. Осы аға буын авторлардың ізін басып келе жатқан келесі буын ғалымдар Амангелді Әліпбаев, Күләш Каймулдинова, Ердұлла Сердалиев, Хамит Аубакиров, Темірхан Бижігітовтер де баспаға өте сапалы, мән-мағынасы жағынан құнды еңбектерін ұсынды.
Тағы бір мәселе, оқу орындары тарапынан өз авторларына жасалынып жатқан шығармашылық қамқорлықтың жоқтығы. Осы жылдардың ішінде мыңдаған ұстаздармен қарым-қатынаста болдық. Бірінің кітабын шығардық, бірінің ұсыныстарын тыңдадық дегендей, бірақ оқу орнының тарапынан еңбекақымызды сақтап шығармашылық демалыс берді, сағатымызды азайтты деген сияқты жеңілдіктер беріп жатыр дегенді естімедік. Сонда бұл авторлар түнде және тек демалыс күндері ғана жұмыс істейтін сияқты. Сондықтан, оқулық дайындайтын авторлардың жағдайын да ойланғанымыз жөн.
Десек те, кейбір авторлар осындай оқулық жазамын деп ұсынады да, біраз айлар өткен соң, қолынан келмейтінін байқап, небір себепті ойлап тауып, жазбауға тырысады. Ондай фактілер бізде бар. Содан соң біз ол оқулықты ауыстыруға тырысамыз. Ал Тақырыптық жоспардағы оқулықтардың шығуы Республикалық бюджетке байланысты болғандықтан, оны ауыстыру өте қиын. Ал авторлар ұсынған қолжазбаларының барлығы дерлік сапалы болып келеді деп айта алмаймыз. Біз осы күндері болашақ авторлардың көбісінің материалдарының дайын бір бөлігін тексеріп бердік. Алайда авторлар мен аудармашылар кітап жазуға үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Баспа барлық автордың кітабын қайта теріп бере алмайтынын ескеруіміз керек. Бұл ретте «Оқулық» Республикалық орталығы оқулықтың сапасының артуына үлкен жәрдемін әрі ықпалын тигізеді. Тек бір айтарымыз, орталықтың сарапшыларға бөлетін мерзімі өте үлкен екен – 60 күнді құрайды. Кітаптардың мынандай үлкен ағымы жүріп жатқанда әр кітапты 60 күннен ұстау, меніңше, дұрыс емес. Сондықтан осы мәселені шешу қажеттілігі бар. Бір кітапты електен өткізуге бір ай да жеткілікті сияқты.
P.S.
Қазір еліміздегі ЖОО-ларда білім алып жүрген 600 мыңнан астам жастың 52 пайызы мемлекеттік тіл – қазақ тілінде білім алады. Алдағы жылдарда мемлекеттік тілде білім алатын жастар 70 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарына қазақ тіліндегі оқулықтардың қажет екенін айқындай түседі. Ресми есеп бойынша қазіргі күні елімізде 50 миллион кітап болса, мұның 8 миллионға жуығы ғана қазақ тілінде екен. Бұл бізден қазақ тіліндегі оқулықтар мен кітаптарды көптеп шығаруды талап етеді.