Қазақша сөйлеу Мартыненкоға тамаша тағдыр сыйлады

Қазақша сөйлеу Мартыненкоға тамаша тағдыр сыйлады

Үш Татьяна. Қазақ әндерін әуелеткен өзге ұлт өкілдері Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко, Татьяна Полтавская. Алғаш «Тамаша» ойын-сауық отауының сахнасында тұсауы кесілген топтың, яғни Татьяналардың таланты кеңінен танылып, лезде-ақ өнерсүйер қауымның сүйіктісіне айналғаны аға буын өкілдерінің есінен әлі шыға қойған жоқ. Кеңес заманында өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе славяндардың қазақ тілінде сөйлеуі, қазақша ән айтуы үлкен мақтаныш, жаңалық, тіпті сенсация болатын.
Осылайша қазақ өнерінде үлкен сенсация жасаған топ жарқ етіп бес-алты жыл сахнада жүрді де, кейін көрінбей кетті. Күн­делікті күйбең тірлік оларды сахнадан суырып, өз ұйығына тартты да, жұтып кетті. Бірақ үш Татьяна да өнер базарын тастап шыққанымен, қайнаған өмір базарының бел ортасынан алшақ­тамай, өз орындарын тапқан. Біздің білуі­мізше, Татьяна Полтавская Ресейге қо­ныс аударса, Татьяна Бурмистрова – Қа­зақ­станда. Жиі болмаса да, көрермен­де­рі­мен көк сандық арқылы қа­уы­шып тұра­ды. Ал Татьяна Мартыненко – Шым­кент­тің тұрғыны. №66 «Болашақ» бала­бақ­шасының меңгерушісі.
Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Ордабасы ауданы Шұбар ауылында дү­ние­ге келген Татьяна Мартыненконың фамилиясы украинше болғанымен, құжат­та­ғы ұлты – орыс. Орыс мектебінде дәріс ал­ған. Алайда кішкентай кезінен көрші тұрған қазақ балаларымен ойнап жүріп-ақ, қазақ тілін жетік меңгеріп алады. Қазақ тілінде әңгімелескенде титтей де акцент байқалмайды. Таза, мөлдіретіп сөйлейді. Тіпті оңтүстіктің жергілікті диалект сөздерін де мықтап меңгерген. Әрине, Шұбар ауылында Татьяна секілді өзге ұлттың өкілдері көп. Алайда олардың барлығы да қазақ тілін дәл Татьянадай меңгерген деп айта алмайсың. Бұл болашақ қазақ келініне табиғаттың берген ерекше сыйы, дарыны болар...
«...Үшеуміздің тағдырымызды тоғыс­тырған – телеарна. Алғаш Бурмистрованы көгілдір экраннан көріп жүретінмін. Мен ол кезде Нағима Есқалиева, Мақпал Жүні­со­ва сынды жұлдыздарды тәрбие­леген Шым­кенттегі Мәдениет және өнер институтында оқитынмын. Оқу орнының атын шығарып жүрген атақты «Фараби сазы» ансамблінің белді мүшесімін. Институт басшылығы телеарна басшыларымен ты­ғыз байланыста болатын. Осы байла­ныс­тың арқасында бізді «Тамаша» ойын-са­уық отауында өнер көрсетуге шақырды. Сөйтіп, үш Татьянаның басын қосты. Кейіннен концерттерде ғана емес, түрлі съез­дер­де, форумдарда жұ­бы­мыз жазыл­маған күйі қатысып жүр­дік. Кеңес Ода­ғының ке­зінде мұндай насихаттарға ерекше мән беретін. Сосын әрқайсымыз өз жолымыз­ды таңдап, өз соқпағымызға түс­тік. Өйт­кені біз үшеуміз де кәсіби әртіс емес едік. Бур­мистрова медицина саласының қыз­мет­кері еді, мен педагогпін. Оның үстіне, шырқаған әнің үшін телеарналар қомақ­ты қаламақы төлемейтін. Тіпті бір тиын да төле­мейтін кездер болды. Екі кеменің құй­рығын ұстаған суға кетеді ғой, мен педагогтік жолды таңдадым...» Атақты үш Та­тья­наның елдің сүйіспеншілігіне бөлен­ген сәттерін Мартыненко осылай деп еске алады.
Әрине, Мартыненко қалай да қазақ тілін үйренуім керек деп жаттап жүрмеді. Өмірдің өзі үйретті. Бірақ бұл Мартыненко үшін болашақ тағдырының күрт өзгеруіне себеп болды. Әрине, жақсы жағына қарай. Ең алдымен, қазақтан жақсы жар жолық­тыр­ды. Жұбайы Сәкен­ді, оның ата-анасын, бауырларын, аға­йын-туыстарын, дос-жарандарын құр­мет тұтады. Әсіресе 85 жасқа толған ене­сімен арадағы қарым-қатынас, сый­лас­тық өте жоғары деңгейде. Қазақ­тың салт-дәстүріне де құрметпен қарайды, ұстанады. Екеуі тағдыр қосып, шаңырақ көтергенде қазақтың салты бойынша Сә­кен болашақ жарын алып қашты, басына орамал жапты. Ауыл молдасы некелерін қиды, беташар болды, құдалық шақы­рыс­ты. Енесі мен қайын аға­ларына иіліп сәлем салды. Таңертең тұ­рып сиыр сауды, қара жұ­мыстан қаш­пады. Олар да келіндерін жатсынбай, жақсы көрді, еркелетті. Енді қазақтың ұр­пағын көбейтіп отыр. Сәкеннің де Татья­наның отбасына деген құрметі ерекше. Отасқан күннен бастап енесі көз жұмғанға дейінгі 15 жылдың ішінде онымен арада бірде-бір рет болсын түсініспеу­шілік болған жоқ. Өте тату тұрды. Бірін-бірі құрметтеді.
Сәкен мен Татьянаның отбасында ерек­ше жағдай қалыптасқан. Отанын, дінін, сүйегін сату сатқындықтың шегі деп санайтын Татьяна өз ата-бабалары ұстанған жол­дан айнымады, дінін өзгерткен жоқ. Сәкен болса ислам дінін ұстанады. Алайда бұл отбасыда көзқарас қарама-қайшы­лығы жоқ, болған да емес. Сол себепті бұл отбасында мұсылмандардың да, хрис­тиан­дар­дың да діни мерекелері атаусыз қалмайды. Біріне-бірі түсіністікпен қа­райды. Бұл дәс­түрге олардың ұл-қыздары да үйренген. Әрине, олар – мұсылмандар, бірақ анала­рының да діни сеніміне қар­сы­лық білдірмеген, құрметпен қарайды. Үл­кен ұлы әже­сінің тәрбиесін көрді. Қос ұлы қазақ мек­­тебін бітірсе, қызы орыс мектебінде дә­ріс алады. Бірақ қазақша таза сөйлейді.
Татьяна Мартыненко сахнадан алыс­таға­нымен, өнерден алыстаған жоқ. Қо­нақ­қа барғанда, қонақ күткенде, аға­йын-туыстардың тойына барғанда тамылжытып ән салатыны бар. Татьяна үшін жанды дауыста ән айту аса қиын емес, баянын құшақтайды да, әдемі дауысымен қазақша әндерді әуелете жөнеледі. Керісінше, бүгінде белең алып кеткен фонограммамен ән айтқанды жаны қаламайды, қина­лады. Сол себепті де үлкен сахнадан бо­йын аулақ ұстауға тырысады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста