Қазақстан арт-рыногы артта қалып барады
Қазақстандық арт-рынок. Осы бір тіркес тек сөз жүзінде бар болғанымен, іс жүзіндегі ахуалы қалай? Әрине, қай салада болса да, басқа дамыған елдерден қалыспай, иық тірескіміз келетіні рас. Экономикасы қарқынды дамыған елдердің өнері де өркендеп тұрғанын көргенде қызыға да, қызғана да қараймыз. Ал біз өзіміздің барымызды бағалай алып жүрміз бе? Мамандардың пікірінше, қазақстандық қылқалам шеберлерін дүниежүзіне таныту үшін арт-рынок ұйымдасқан түрде жұмыс істеуі керек. Бізде, бір қарағанда, суретшілеріміз де, түрлі галереяларымыз да жетерлік. Ал қазақстандық арт-рынок қандай деңгейде? Міне, біз көпшіліктің көкейіндегі осы бір сауалға жауап іздеген едік.
Ең алдымен қазақстандық арт-рынокты сөз етпес бұрын классикалық арт-рынокқа анықтама бере кетсек. Арт-рынок суретші, арт-дилер, галерея және сатып алушы деген ең маңызды құрамнан тұрады. Осы төртеуі түгел болғанда ғана арт-рынок бар деуге уәж бар. Енді осыларды түгендеп көрейік...
Суретшілік өнер ме, кәсіп пе?
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстанға жан-жақтан шетелдіктер ағылды. Еліміздің басты қалаларында елшіліктер, халықаралық ұйымдар ашылып, дипломаттар мен кәсіпкерлер көптеп келетін болды. Олар отандық суретшілеріміздің жұмыстарына қызығушылық танытып, алғаш қазақстандық қылқалам шеберлерінің картиналарын сатып ала бастады. Бір-екі жылдан соң қазақстандық кәсіпкерлер де суретшілердің туындыларын сатып алып, үйлеріне, жұмыс бөлмелеріне ілуді сәнге айналдырды. Міне, осы кезең, яғни өткен ғасырдың 95-жылдары суретшілер үшін жемісті жыл болды. Бір суретші айына кемінде он картинасын сататын болған. Ол уақыттарда бір картинаның бағасы – 500-600 доллар, мүсіндер 500-1000 доллар тұратын. Ал қазір жалпы бейнелеу өнерінде бәсеңсу байқалады. Өйткені суретшілердің көпшілігі кәсібімен пұл табу үшін картина салуға уақытты да, талапты да, талантты да үнемдейтін болды. Бұрынғыдай табиғатпен сырласуды қойып, пейзаждың өзі дайын компьютерлік графикадан көшіріледі. Осындай арзанқолды жұмыстар жалпы суретшілер қауымының еңбегіне көлеңке түсіреді. Алайда көптеген кемшіліктерге қарамастан, Қазақстанда дарынды суретші жоқ деуге болмайды. Біздің суретшілеріміздің жұмыстарын тек өзіміздің емес, шетелдің өнертанушылары жоғары бағалаған. Бүгінде қазақстандық қылқалам шеберлерінің шығармалары әлемнің 30-дан астам елінде танымал. Ал танымал суретшінің картинасының бағасы соған сәйкес қымбат болатынын түсінгеніміз абзал.
Арт-дилер деген кім?
Біздің елде арт-дилер деген түсінік қалыптаспаған. Өзімізді ылғи салыстыра беруге құмар Батыс елдерінде суретшілер өз жұмыстарын ешқашан ешкімге «сатып ал» деп ұсыныс жасамайды. Суретшінің міндеті – сурет салу. Ал картинаны сату, көрмелерді ұйымдастыру, суретшінің имиджін қалыптастыру, жарнамалаумен арт-дилерлер айналысады. Есесіне, арт-дилер сатылған картинадан түскен қаржының 50 пайызын иемденеді. Қазақстанда арт-дилерлерді дайындайтын арнайы оқу орны да, мамандар да жоқ. Сондықтан суретшілер өз жұмыстарын өздері жанталасып жарнамалап, өткізуге мәжбүр және олардың көпшілігі табыстарының жартысын біреуге беру туралы ойланғысы да келмейді.
Галерея сурет салоны деңгейінен аса алмай тұр
Суретшілер қауымы галереяны жалға алудан қашады. Алматыдағы сурет галереяларын жалға алу орта есеппен 300-500 доллар тұрады. Сонымен қатар галерея иелері картиналардың бағасына тағы 20-30 пайыз үстеме қосады. Бұл өнер туындыларын сатып алушылар үшін тиімсіз болуы мүмкін, бірақ қылқалам шеберлері, мүсіншілер үшін мұның пайдасы бар. Себебі галереясын ұсынған тарап суретші қауымнан алған ақшасына залды толығымен жабдықтап, суретшінің картиналарын іледі, көрмеге келушілерге арнайы шақыру дайындайды және кейбіреулер дастарқан әзірлейді. Мұның бәрі суретшінің атының шығуына, танымал болуына септігін тигізеді. Галереяда көрме жасаудың аса қажеттілігін түсінген суретшілер көрме залын картинасына айырбас жасайды. Мысалы, бір картинасын галереяға береді, есесіне, көрме залында бірнеше күн көрмесін өткізеді. Шын мәнінде, галереялардың негізгі қызметі жиі-жиі суретшілердің көрмесін ұйымдастырып, суретшілердің халыққа танылуына жұмыс істеулері керек. Бірақ еліміздегі галереялардың барлығы дерлік тек салондық деңгейде ғана жұмыс жасап жатқандықтары қынжылтады. Яғни бұларды галерея деп атағаннан гөрі, картиналар, рамалар, мүсіндер мен түрлі пышақтар, керамика мен киіз, зергерлік бұйымдар мен былғары заттар аралас-құралас сатылатын салон десек болады. Бірақ мұны «арт-рынок» деп атауға келмейді.
Көшедегі «арт-рынок»
Суретшілер шығармаларын шеберханаларынан шығармай жатып сатып жіберуге тырысады. Ал шеберханада сурет галереяға қарағанда арзанға түсетіні белгілі. Сондай-ақ біздегі «арт-рынок» әзірге көшедегі сауда деңгейінен аса алмай тұр. Өйткені кез келген шетелдік турист пен қазақстандық азамат үшін қалаған картинасын галереядан қарағанда «Арбаттан» ала салу оңайға соғады. Ал ең өкініштісі, бірнеше ай суретші өзінің көз майын, уақытын, маңдай терін жұмсап жасаған жұмысына өзі қалаған бағаны қоя алмайды. Себебі сатып алушылардың аясы өте тар. Қазақстанда картина жинаумен айналысатындарды саусақпен санауға болады. Бірен-саран өнерді бағалаушы қалталы азаматтар болмаса, екінің бірі бір айлық табысын қиып, картина сатып алсын ба?
Түйін
Байқағанымыздай, талантты суретшілерімізбен, азды-көпті галереяларымызбен елімізде арт-рынок қалыптасқан десек, қателесеміз. Сондықтан әзірге арт-рынокты қалыптастыру жолын нықтап анықтап алғанымыз жөн. Біз елімізде суретші жоқ, бізде бейнелеу өнері мүлдем қалыптаспаған дегеннен аулақпыз. Дегенмен өмірдің де, өнердің де бір орында тұрмайтынын, заман ағымына қарай зулайтынын естен шығармағанымыз абзал. Өнерімізді өркениетке жеткіземіз десек, алдымен өзімізді өзіміз бағалайық.