Қазақстан ғылымы бір ортаға шоғырланды
Бүгін – Қазақстан ғылымының күні. Бұл айтулы күннің қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан аса көрнекті қазақ геологі, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуінің өзінде үлкен мән бар. Қаныш Имантайұлы алғаш Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалап, өзі осы ғылым ордасының тұңғыш президенті атанған еді. Кезінде академик Қ.Сәтбаевтың тер төгуімен 1948-1953 жылдары салынған Ғылым академиясының ғимараты Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде «Ғылым ордасы» атты көпфункциялы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға айналды. Таяуда осы «Ғылым ордасына» шоғырланған бірнеше мұражайдың қызметкерлері журналистерге арнайы саяхат ұйымдастырып, ғылым орталығында атқарылып жатқан іс-шаралармен кеңінен таныстырды.
Еліміздегі ғылымды дамытудың маңыздылығын жиі-жиі қадап айтатын Елбасының бастамасымен соңғы жылдары Қазақстан ғылымы біршама жетістікке жетті. Әсіресе ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қабылданған «Ғылым туралы» Заң ғылымның дамуына жаңа серпін берді деуге болады. Соңғы уақыттарда ғылым саласында атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде республикамыздағы ғылыми жұртшылық ғылым мен білімді дамыту мақсатында бір ортаға шоғырландырылды.
Роза Кәрібжанова, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры:
– Біздің орталықтың басты мақсаттарының бірі – Қазақстан ғылымының тарихы мен бүгінге дейінгі жетістіктерін ғылым-білім және мәдени-ағартушылық қызмет арқылы көпшілікке насихаттау. «Ғылым ордасы» РМК ғимаратының жалпы аумағы – 40 мың шаршы метр. Осы аумаққа Қазақстан Республикасының Ұлттық академиясы, 11 ғылыми-зерттеу институты, қорында 6 миллионға жуық кітабы бар Орталық ғылыми кітапхана, академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы, үлкен зал, концерт залы, кино залы, кіші зал, қысқы бақ және сурет галереясы орналасқан. «Ғылым ордасы» сынды көпфункциялы орталық ғылым және білім, мәдениет салаларында қызмет ететін құрылымдардың мүдделерін жүзеге асыруға қол ұшын береді. Мұнда көптеген диалог алаңы ұйымдастырылып, конференциялар, симпозиумдар, ғылыми форумдар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, шығармашылық кештер, көрмелер өтіп тұрады.
«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бізді қатты қуантқан жағдай: мұнда кітапханатану, мұражай ісі, ғылыми тарихнама салаларында келелі істер атқарылып, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар әзірленуде екен. Сондай-ақ бір орталыққа бірнеше ғылыми мұражай кешені шоғырланыпты. Ондағы негізгі мұражайлар – Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы, Табиғат мұражайы, Археология мұражайы, Сирек кездесетін кітаптар мұражайы. Қазақстанда алғаш құрылған Ғылыми мұражайлар кешені ғалымдардың, мұражай қызметкерлерінің, дизайнерлер мен суретшілердің, инженерлердің басын біріктіру арқылы іргелі істерді атқаруға негізделген. Аталған мұражайлардың экспозицияларының құрамына ғылыми жұртшылық үшін де, түрлі әлеуметтік бұқара үшін де қызығушылық тудыратын зерттеулер, ғалымдардың интеллектуалдық еңбектері енген. Мұражайлар кешеніне кіретін әр мұражайда белді-белді ғалымдар, ғылыми қызметкерлер қызмет етеді. БАҚ өкілдерін осы мұражайларға саяхат жасатып, ондағы әрбір экспонат туралы кеңінен мағлұмат берген ғылыми қызметкерлер болашақта жазылуы, насихатталуы тиіс біршама қызықты деректермен бөлісті.
Біздің елімізде Археология мұражайы 1973 жылы белгілі тұлға Д.Қонаевтың ұсынысымен алғаш ашылып, онда Ә.Марғұлан, А.Нүсіпбеков, К.Ақышев, М.Қадырбаев сынды ғұлама ғалымдардың еңбектері орын алып, ғылыми-зерттеу базасына айналған болатын. Қазақстандық археологияның ең маңызды жәдігерлерінің бірі – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам».
Өткен ғасырда құрылған көне мұражайлардың тағы бірі – Табиғат мұражайы. Мұндай палентологиялық мұражай академик Қ.Сәтбаевтың көрегендігімен 1958 жылы құрыла бастап, ресми түрде 1961 жылы ашылды. Геология ғылымы үшін Қазақстан территориясынан табылған жануарлардың сүйектері өте маңызды. Бүгінде мұражай бірнеше жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырып, жаңаша бағытта қызмет етуде. Қайта өңделіп, қалпына келтіріліп жатқан Табиғат мұражайында бүкіл әлемді таңғалдырған экспонаттар қойылған. Сондай-ақ бұл мұражайдың басты ерекшелігі: мұнда тек Қазақстан территориясынан табылған жануарлардың сүйектері орын тепкен.
Ендігі екі мұражай – Қазақстан ғылымы тарихының мұражайы мен Сирек кездесетін кітаптар мұражайы былтыр ғана ашылған ғылыми инновация болып табылады. Оның бірі қазақ ғылымының сан қилы тарихынан сыр шертсе, енді бірі көне қолжазбалар арқылы тарихты сөйлетеді.
Өмір Тұяқбаев, арабист-шығыстанушы, сирек кездесетін кітаптар мұражайының ғылыми қызметкері:
– Мұражайдың басты мақсаты – Қазақстандағы, шетелдердегі сирек кездесетін кітаптарды жинақтау, толықтыру, талдау. Жалпы, қазақ жазба мұралары түрлі тарихи тағдырларды бастан кешкен. Ең әуелі Қазақстан территориясындағы жазба мұраларды орыс зерттеушілері мақсатты түрде жинап алып кеткен. Тарихта Бөкей ордасының ханы Жәңгір орыс зерттеушілеріне 171 кітап берді деген дерек бар. Төңкеріс жылдары дін ұстанған молда, ишандар, жалпы қолына кітап ұстаған қауым көп қуғын көрген. Шетелге қашқан молдалар, ишандар кітаптарын жерге көміп кеткен екен, кейбірі кәмпескелеуге түскен. Сондықтан Қазақстанда жазба жәдігерлер өте үлкен тауқыметті бастан кешірді. Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асқан жылдары экспедициялардың нәтижесінде 31 мыңнан астам жазба мұра жинақталған екен. Сирек кездесетін кітаптар мұражайы кітаптарды жинап, тозығы жеткен кітаптарды реставрация жасап, жүйелі түрде каталогын құрастырады. Бүгінде мұражайда 500-ге жуық кітаптар мен қолжазбалар жинақталды. Қазіргі кезде кітап қорын толықтыру мақсатында Татарстандағы Лобачев атындағы кітапханаға, Өзбекстандағы Әбу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институтына және Ресейдің көптеген қаласындағы, басқа да алыс-жақын шетелдердегі институттар мен кітапхана қорларына, мұрағаттарға хат жазып, қазақ қолжазбаларын алуға, ең болмаса көшірмелерін алдыртуға ынталанып жатырмыз.
«Ғылым ордасындағы» мұражайларға жасаған саяхат, ондағы қызметкерлермен болған әңгіме бізді біраз ойға қалдырды. Президентіміз айтқандай, «Ғылымға қызмет ету – бұл ең алдымен елге қызмет ету, өз зерттеулеріңді халық пен қоғамға арнау». Біздің елімізде ғылымды өрге сүйреп келе жатқан ғалымдарымыз бар. Тек соларды ынталандыру, еңбектерін насихаттау, бір жаңалық ашса, соны тиісінше бағалау кемшін түсіп жатады. Осы тұрғыда болашақта отандық ғылымымыздың қарыштай түсуіне бәріміз мүдделі болсақ дегіміз келеді. Ғалымдардың арасында бәсекелестік болса, оларды насихаттайтын басылымдар саны көбейсе, ғылымдағы үлкен жетістіктердің де ауылы алыс емес...