«Қазақстан» Қазмедиа орталығынан алғашқы хабарын таратты
2012 жылдың 24 желтоқсаны қазақ телевизиясы үшін тарихи күн болды. Еліміздің басты ақпарат көзі «Қазақстан» ұлттық арнасы Астанадағы Қазмедиа орталығынан хабар тарата бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұсауын кескен Қазмедиа орталығы әлемдік жетекші өндірушілердің жаңа өнімдерімен жабдықталған. «Қазақстан» ұлттық арнасы ең соңғы және ең озық технологиялық құрал-жабдықтарын пайдалана отырып, айқындығы жоғары HD форматына көшті.
Алғашқы беташар хабарды «Таңшолпан» бағдарламасы таратты. Эфирге бірінші болып шыққан тележүргізушілер Берік Көшербекұлы мен Назерке Нұртас «Қазақстан» ұлттық арнасының сандық форматқа көшіп, елорда төріндегі медиаорталықтан хабар тарата бастауына орай өз көрермендерінен сүйінші сұрады.
Елордадан таратылған «Таңшолпан» бағдарламасының алғашқы қонақтары ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әкім Тарази, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор Кеңес Дүйсекеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбильянов болды.
Берік КӨШЕРБЕКҰЛЫ, Астанаға қоныс аударған тележүргізуші:
– Астанаға келгенде нағыз қыстың қандай болатынын тұңғыш рет сезіндім. Бірақ Астана маған 48 С-тық аязына қарамастан ұнады. Әсіресе елорданың төрінен орын тепкен Қазмедиа орталығы ерекше әдемі ғимарат екен. Ең соңғы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген медиаорталықта жұмыс істеудің өзі адамға қанат бітіреді. Бұдан кейін отандық ақпарат өнімдерінің сапасы артатынына шүбә келтіруге болмас.
Жаңа студияда жаңа сандық форматта эфирге шыққан Ұлттық арна ұлттық контенттің күн санап арта түсуі үшін ерекше қарқынмен іске кірісіп кетті.