Қазақстанға «Шахнаменің» көне қыпшақ тіліндегі қолжазбасы келді
Әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі, парсы-тәжік ақыны Фирдоусидің «Шахнаме» дастаны қыпшақ тілінде жазылғанын көпшілік жұрт біле бермейді. Күллі Дешті-Қыпшақ даласының тілі болғандықтан, Фирдоуси де осы тілдегі шығармасын мұраға қалдырған секілді. Өкінішке қарай, бүгінге дейін аталған шығарманың бір-ақ данасы жеткен екен. Тарихқа қатысты тың серпіліс аясында бұл жазба кітап болып бізге де жетіп отыр.
Фирдоусидің бұл еңбегінде парсы шахтары мен батырлары туралы кеңінен жазылғаны белгілі. Алайда оның сонау XVI ғасырда қыпшақ тілінде кітап болып басылып шыққаны біздің тарихымыз үшін үлкен мәртебе әрі құнды дүние саналады. Қазіргі кезде «Шахнаменің» қыпшақ тіліндегі түпнұсқасы тәжік елінде сақталған. Ал оның көшірмесін Қазақстанға белгілі жазушы, Халықаралық Абай қорының жетекшісі Роллан Сейсенбаев алып келуге күш салған көрінеді. «Кезінде бүкіл Дешті-Қыпшақ даласының қыпшақ тілінде сөйлегенін бәріміз жақсы білеміз. Шыңғыс ханның билігі кезінде де бұл тіл өз маңыздылығын жоймаған. Бүгінгі армян, грузин сияқты ұлттардың әліппесі қыпшақ тілінің негізінде құрылды. Сондықтан Фирдоусидің «Шахнамесі» біздің тарихымыз үшін де құнды жәдігерлердің бірі болып саналады», – дейді Р.Сейсенбаев. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға жеткізілген «Шахнаме» дастаны Ұлыбританияда жаңарылып, 500 дана болып Түркия елінде басылып шықты. Ал мұны еліміздің барлық ұлттық кітапханалары мен жоғары оқу орындарына тарату жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл дастан қазақ тіліне де аударылады.
Болат КӨМЕКОВ, тарихшы, академик:
–XI-XII ғасырда қыпшақтардың үлкен мемлекет құрғаны тарихтан белгілі. Олар шығыста – Алтай мен Ертістен, ал батыста Қара теңіз бен Қарпатқа дейін созылған жерді билеген. Сол кезде қыпшақ тілі еуразиялық дәрежеге дейін көтерілген. Көрші елдер, тіпті Еуропаның өзі қыпшақ тілін білмей, ол жерге аяқ баспаған. Себебі онсыз сауда-саттықты жүргізу мүмкін емес еді. «Шахнаменің» өзі қыпшақ тіліне аударылған. Бүгінде біз соның арқасында сонау XVI ғасырдағы қыпшақ тілінің көркемділігін тани аламыз.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, тарихшы ғалым:
–Бастысы, бұл қолжазбаның көшірмесі кітап ретінде басылып, халыққа жол тартты. Ал оны қазақ тіліне аудару – ғалымдардың шаруасы. Дастанның көлеміне қарағанда, бұл бір жылдың емес, үш-төрт жылдың ішінде атқарылатын жұмыс сияқты. «Шахнаменің» құндылығы – сол, шығарма қазақ тілінің арғы атасы қыпшақ тілінде жазылған.