Қазақтар қалай тоналды?

Қазақтар қалай тоналды?

Патшалық отарлау саясатының көздеген мақсатының ең бастыларының бірі жерге ие болу еді. Бұл көбінесе орыстарды Ресейден көшіріп әкеліп, қазақ жеріне қоныстандыру арқылы жүргізілді. Қоныстандыру, жер иелену бей-берекет, жоспарсыз, заңсыз, оның үстіне, жергілікті қазақтарға зорлық-зомбылық жасау арқылы жүзеге асырылғандықтан, қарсылықтар мен қарама-қайшылықтарға толы болды. Ең әуелі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс құру, тіршілік ету, шаруа жүргізу жүйелері мен әдет, салт-дәстүр үрдістерінің күре тамырлары балталанды. Осыдан келіп қоныстанушылар мен тұрғылықтылар арасында ұлтаралық қақтығыстар бой көтерді. Мұның соңы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласқаны белгілі.

Орыстар қалай Еділге қол салды?
1730 жылдың қыркүйек айының 8-і күні кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресейдің императоры Анна Иоановнаның атына хат жазып, бодандыққа өтуге даяр екендігін білдірді. Келесі 1731 жылғы қазанда адал­дыққа ант-су ішілді. Және бұл антты Әбіл­қайырдың өзі де, мұрагерлері де, кіші жүз­дің басқа хандары да он шақты жыл бойы қайталап отырды. Осы келісімге сәйкес қазақтар орыс шекарасын қорғауға, қажет болған жағдайда патша ағзамға қызмет етуге, салық төлеуге, ат басын Орта Азия­ның гүлжазирасына қарай бұрған орыстың сауда керуендерін күзетуге уағдаласты.
Сол кездегі қазақ халқының ауыр жағ­дайына байланысты Ш.Уәлиханов: «XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өміріндегі жантүршігерлік қасі­ретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қал­мақ­тары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандады, кіріптарлыққа салды», – деп жазды (Ш.Уа­­лиханов. Шығ.жинағы, Алматы, 1985, 4-т. 111-бет). Олай болса, Әбіл­қайыр­­ды Ре­сейге бодан болуға итер­мелеген ал­дымен айнала қаптаған жаудың айбары еді. Әбілқайыр ханды осындай шешім қа­былдауға белгілі дәрежеде орыс мем­лекетінің сыртқы саясаты да мәжбүр етті.
XVIII ғасырдың 20-30-жылдарында патшалық Ресей өзінің сыртқы саясатында Орта Азия, Үндістан елдерімен тұрақты қатынас орнату үшін күреске білек түріп кіріскен еді. Ал Қазақстан болса оның жолында жатты. Демек, Әбілқайыр өз еркімен бодандыққа өту арқылы Ресейдің жаулап алушылық саясатын болдырмады. Ерте ме, кеш пе, бәрібір бұл саясат жүзеге асатын еді.
Патшалық Ресей кіші жүз даласында өзінің отарлау саясатын жүргізе отырып, сол даланы, оның байлығын, жерін түп­кілікті иемдену үшін бірнеше әкімшілік ре­формасын жүргізді. Әуелі елдік ұйыт­қымызды жойып, түрлі губернияларға бөл­шектеп, аумақтық тұтастығымыздан айырды. Рас, отаршылар бұл саясатын еппен, асықпай жүзеге асырды.
Оның алғашқысы – XVIII ғасырдың 80-90-жылдарынан 1822 жылға дейінгі аралықты қамтитын протектораттық кезеңі. Патша өкіметі алғашында кіші жүзде ел билеудің хандық жүйесін сақтап, оның ішкі ісіне араласпай, тұзақты алыстан құрып, сырттай келісім жасады. Қазақ даласын өзіне жағынып, бас шұлғып, бағынышты болған хандар мен сұлтандар арқылы басқарды. Кейіннен кіші жүзде хандық билік жойылып, оның орнына аға сұлтан­дық жүйе енгізілді. Сөйтіп, қазақ жерінде орыс әкімшілігінің басқару жүйесін орната бастады.
Патшалық Ресей үшін қазақ даласын игеру, басқару тегін олжаға қожалық ету­мен бірдей еді. Көшпенді ел Ресейдің арзан, мардымсыз, майда қолөнерін, азық-түлігін қымбатқа алып, өздері өндір­ген мал өнімдерін арзанға сататын табыс көзіне айналды. «Қырғыздар (қазақ­тар – т.к.) Ресейге көшпенді ел түрінде астық, қолөнер бұйымдарын тұтынушы, жері және басқа шикізаттарды өндіруші ретінде қажет. Сондықтан да оларды жартылай жабайы күйінде ұстау керек», – деген граф Сухотелень («Дело», 1810, №3. 125-бет).
1737 жылы 16 қарашада императрица Анна Иоанованың жарлығы жарияланды. Онда: «...Қалмақтар және басқа да ұлттар қолға түссе, оларды сатуға, шоқындырып, ақысыз-пұлсыз тегін ұстауға рұқсат еті­леді», – деп жазылған болатын. «Құлдық ез­гі әсі­ресе Жоңғарияның құлауы мен орыс­тар­дың қырғыз даласына ағылып келуімен байланысты күшейген үстіне күшейе түсті», – де­лінген. (Дело», 1869, №3, 219-бет).
1808 жылғы 23 маусымда шыққан жар­лықта:
«Барлық ерікті орыс азаматтары қырғыз (қазақ – т.к.) балаларын айырбас­тау­ға, сатуға, мынадай жағдайда рұқсат бері­леді:
1. Екі жыныстағылар да 25-ке жетсе;
2. Айырбасшылар мен сатып алушылар бұл жөнінде (сату, айырбастау, сатып алу, алмастыру жөнінде – т.к.) Орынбор шек­аралық комиссиясына мәлімдесе;
3. Әрбір сатып алушы тұтқынды басқа біреуге беруге ерікті» делінген («Дело», 1869, №5, 89-бет).
1819 жылғы 13 ақпандағы Сенат бекіткен жарлықта:
«Қырғыздар және қырғыз әйелдері 1808 жылғы жарлыққа дейін сатып алын­ғандар және жарлықтан кейін сатып алын­ғандар деп бөлінгендіктен, алғаш­қылары өмірінің ақырына дейін қожайынының қолында қалады, ал соңғылары 25-ке толғаннан кейін азат деп есептелінсін» делінген («Дело», 1870, №2, 119-бет).
Қазақ жерін толық отарлау
ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Ресей империясы Қазақстанды толығымен жау­лап алып, оны өзінің отарына айналдырды. Капиталистік даму жолына түскен Ресей енді отарына айналған қазақ жерінде басқарудың империяға ыңғайлы жүйесін енгізуге кірісті. Патша үкіметінің алдында аса күрделі міндет – жаңа қосылған өлке жерін басқаруды реттеу және соның не­гізінде халықтан алым-салық жинау мәсе­лесі тұрды.
ІІ Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыс­тарын басқару туралы уақытша Ережеге», ал 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығын бас­қарудың уақытша Ережесіне» қол қойды.
ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан Қазақ­станды отарлаудың жаңа кезеңі, яғни Ресей ішкі губернияларынан шаруаларды қоныстандыру басталды. Патша үкіметінің Ресейдің орталығындағы аграрлық дағ­дарысты шешуге бағытталған бұл саясаты қазақтар шаруашылығына, әсіресе Сол­түстік, Шығыс Қазақстан және Жетісу хал­қының тұрмыс-тіршілігіне ауыр тиді, Қазақстан халқының саны мен ұлттық құрамын күрт өзгертті.
Қазақ даласына орыс шаруаларын ресми түрде қоныстандырудың алғашқы кезеңі 1879 жыл деп саналады. Бірақ бұл тек бастамасы ғана еді.
Ең алғаш рет Көкшетау уезіндегі 11 ел­ді­ мекенге орыс шаруалары орналас­тырыл­ған. Оларға егіс алқабына жарамды деген 18 090 десятина жер бөлініп берілген. Бұл 11 елді мекенге 240 отбасы иелік жасаған. Осы селоларда тұрғындардың көпшілігі, яғ­ни 40 отбасы Тобыл губерниясынан, қал­ған 207 отбасы Еуропалық Ресейдің 8 губер­ниясынан, атап айтқанда, Қорған, Тамбов, Пермь, Сарытау, Воронеж, Харь­ков, Самар және Орынбор губер­ния­ларынан еді.
Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Тор­ғай сияқты кең-байтақ бес облыстың территориясын алып жатқан қазақ жері кімді болсын қызықтырмай қоймаған, сел­қос қалдырмаған. Нақты деректерге қарағанда, бұл бес облыстың жалпы жер көлемінің аумағы 1 914 013 шаршы шақы­рымға теңеліп, халқының саны ерлер мен әйелдерін қоса есептегенде 2 667 290 адам болған (Ресей Федерациясы Мемле­кеттік мұрағаты, 5451-қор, 1-тізбе, 25-іс, 182-бет).
Енді «жоғарыда көрсетілген ұшан-теңіз қазақ даласының қоныстану сипаты қан­дай болған?» деген сауалға келсек, онда, мы­салы, Торғай облысының әрбір тұрғы­ны­на бір шаршы шақырымнан астам кеңіс­тіктен келсе, Жетісу мен Орал секілді халық не­ғұрлым шоғырланған деген облыс­тардың өзінде әр шаршы шақырым жерге орта есеппен екі адамнан орналасқан. Жиырма уездің жетеуі (Ақмола, Атбасар, Павлодар, Қарқаралы, Темір, Ырғыз және Торғай уездері) 100 000 шаршы шақы­рымнан ас­там жер көлемін алып жатқан.
Осы ұлан-ғайыр бес облыстың тұр­ғындары, негізінен, жергілікті халық – қазақтар болған. Мұрағат деректеріне қа­рағанда қыр облыстарының қазақ тұрғын­дары шамамен 469 126 отбасынан неме­се шамамен 2 153 011 ерлер мен әйел­дер­­ден тұрған. Ал қалған 524 279-ы орыс­тар, Сібір, Жетісу әсіресе Орал казак әскерлерінің және қоныс аударған шаруа­лар мен қала адамдарының есебінен то­лық­қан (Бұл да сонда, 185-бет).
Шаруаларды Қазақ өлкесіне қоныс аудару көшпелі қазақтардың жерлерін тартып алу есебінен жүргізілді.
Тек 1885 жылдан 1893 жылдар ара­лығында ғана Ақмола облысының ежелгі тұрғын халқының пайдалануынан 251 779 десятина жер тартып алынып, 10 940 жан еркек жынысты халқы бар 24 қоныс ау­дар­ғандар учаскелері құрылды. Ал Семей облысында осы аралықта қазақ шаруа­ла­рының 33 064 десятина егін салатын жер­лері тартып алынды. Қоныс аудару­шылар­дың үлкен легі әсіресе Жетісу облы­сына келіп жатты. 12 жыл ішінде (1863-1880 жж.) мұнда 3324 жанұя көшіп келді, со­лардан 2099 жанұя селендер құр­ды, ал 1225 жанұя қалаларда орнала­сып қалды. Стихиялық процеске айналған қоныс аударушылықты патша өкіметінің қалай да бір ретке келтіруге тырысып баққанынан түк шықпады. Шаруалардың қазақ жер­ле­рін өз беттерімен басып алуы жалғаса бер­ді. 1891-1892 жылдары құрғақшылық Ре­сей­дің шаруалар бұқарасына бос жерлер іздеп Шығысқа қарай жолға шығуларына түрткі болды. Осы кездері Орал сыртына 30 мың, Жетісу мен Сырдария облыстарына 62 мың шаруа өтіп кетті (Ресей Феде­рациясы Мемлекеттік мұрағаты, 5451-қор, 1-тізбе, 25-іс, 285-бет).
Шын мәнінде, қазақ даласында «бос жат­қан» немесе «артық жерлер» жоқ еді. Әр аймақ белгілі бір рудың жаз жайлауы, қыс қыстауы болатын және оның шекарасы әр рубасы үшін әлдеқашан айқын белгі­леніп қоятын. М.Дулатовтың «Қазақ жер­лері» деген шығармасы (1906 ж.) уақытша ереженің қазақ үшін сондай салдары болғанын шынайы суреттейді.

«Жылында мың сегіз жүз алпыс сегіз,
Қазыналық деді жердің
                                               һәммәсын да.
Тарылып жылдан-жылға жер-суымыз,
Мұжықтың кетті бәрі қаласына...
Қала үшін кеткен бізден жақсы
                                                         жерлер.
Тәтті шөп, тұщы судың бәрі сонда,
Табатын бұған хайла қайда ерлер?
Кетті ғой бетегелі биік белдер...
Он бестен кісі басы десятина
Жер берсе, сонда қазақ нешік халің?»

– деп бодандықтың ауыр зардабын күйіне жырлайды.
Пат­шалық Ресейдің жаулаушылық сая­сатының астарында не жатқанын ұғын­дырған ақын Мұрат Мөңкеұлы:

«Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойықты тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Мал мен басты есептеп,
Баланың санын алғаны –
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны»,

деп отар­шыл өкіметтің құлашты әлі де кеңге сер­мей­тіндігін ескертеді. Отарлық езгімен бірге келген орыстандыру саясатының халықты адамгершілік қасиеттерден жұрдай еткен­дігіне налыған ақын «кейінгі туған бала үшін», «кейінгі ұрпақтың сауабы үшін», «дулығалы қара нарларды» атқа қонуға ша­қы­рады. Міржақып пен Мұрат өз дәуі­рінің жоғын жоқтаған, халықтың тілеуін тілеген, оның іргесінің шайқалмай, ата-ба­ба­лар дәстүрінің сақталуын, тәуелсіздіктің уыстан шықпауын жақтаған ұлтының адал ұлдары еді.
1896 жылы 7 желтоқсанда келімсектер­дің әрбір жанұясына қоныстану үшін алдын ала рұқсат алмай-ақ, Қазақстанға көшіп келуге еркіндік беретін заң қабылданды. Бұл заң бұрынғы қоныстандыруға бай­ла­нысты барлық шектеулерді жойып және пат­шаның қоныстандыру саясатындағы жаңа кезеңге жол ашты. Мұның нәтижесі келесі онжылдықта көрініп, 1896 және 1905 жылдар ішінде Ақмола облысы жеріне 27 426 жанұяның 157 876 ерлі-зайып­ты мүшелері қоныстанды. Оның үстіне, жалғыз-жарым келімсектер де 5157 адамға жетіп, келімсектердің 54,9 пайызын құрады. Жекелеген жылдары бұл сан бұдан да жоғары болды.
Жетісудағы шұрайлы 860 мың десяти­наға жуық жердің 629 896 десятинасы ка­зактардың иелігінде, 60 000 десятинасы орыс шаруаларының, 170 000 десятинасы ғана облыстың өз тұрғындарының қолында болған. Бұл келтірілген деректер, ілгерідегі көрсетілген жер бөлістер бір Жетісу маңын­дағы ғана шаралар еді, ал бүкіл қазақ жерінде жүргізілген осындай шара­ларды ойлап көріңіз! 1906-1910 жылдар арасын­дағы бұрынғы он екі жылдың ішіндегіге қарағанда төрт еседен астам артқан, яғни 17,4 миллион десяти­наға жеткен (РФ.М.М., 5451-қор, 1-тізбе, 27-іс, 329-бет).
«Қазақ» газетінде жарияланған (1915 ж., №156) Әлихан Бөкейхановтың «Екі жол» деген мақаласында: «Біз Ертісте 150 жыл отырмыз. Ертіс тоғайының аты – қоныс алған кілең бабамыздың аты. Ер­тіс­ті өрлей, қуалай жүрген адамдар біледі. Он шақырым жерінде қазақ бейіті қала сияқ­ты. Ертіс – бізге атақоныс болған жер. Біз Ертісті Жоңғарды күшпен қуып, қоныс қылғанбыз. Алғашқы 70 жылда ешкімге алым төлемей пайдаланғанымыздың жөні осы еді. 1839 жылы бүліктен кейін де жа­ры­тып ақша төлеген жоқ едік. Әр қазақ руы­мен бұрынғы атақонысында отыра беріп еді.
...1897 жылы шартына жазғанда қазақ үй басына казак-орысқа жылына 10 сом төлеуші еді. Енді осы 10 сом 20-40 сом болды. Пайдаланған жер – баяғы он шақы­рым. Біз осыған қарамай, Ертіс бойында отырмыз. Үй басына 40 сом тө­леу оңай емес. Ба­рар жер жоқ. Қан төгіп, кір жуып, кіндік кескен атақонысымыз – Ертіс. Мұннан кет­сек, бұдан неше есе бақытсыздыққа кез болуымыз анық. Биыл бізге Вологодский жар қылып отыр, Ертістен 250-400 шақы­рым қырдағы ащы, тастақтан 15 десяти­надан жер алмасаң, күшпен Ертістен қуы­ласың. 150 жыл тұрған жерден бізді кет дейді. Осы жер үшін біз қанша жыл қазы­наға, казак-орысқа ақша төлеген жоқпыз ба? Бұл жерге неше атадан бері қарай ба­ба­ларымыздың, өзіміздің еңбегіміз, те­ріміз, кіріміз сіңген жоқ па?» – деп ащы шындықты ашына жазады.
Осындай қатыгез саясатты ұстана оты­рып, Ресей патшалығы алдымен қазақтар­дың дәстүрлі билік жүйесін қиратып, бұрынғы бірімен-бірі қым-қуат араласып жататын көші-қонына тұсау салып, тек бекітіліп берілген тастанды жерден басқа жаққа көше алмайтын тобанаяқ халге тү­сірді.
Осылайша қазақтар да орыстың ба­сыбайлы шаруаларының бір түріне айна­лып шыға келді. Бұл халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан моделінің бұзылуын жылдамдатты.
Көрнекті әдебиетші ғалым, профессор Ме­кемтас Мырзахметов өзінің «Рухани» кәмпеске» деген мақаласында былай деп жазды: «...Аса қа­тер­лі мәселенің бірі – қазақ елін жер беті­нен тұтас жоғалтып жіберу, ол жайлаған ұлан-байтақ, бай өлкені босату үшін жос­парлы бағдарла­малар да болған. Бұл, әрине, Ресейдің жеті қат жер астында сақ­та­­латын мемлекеттік құпиясы. Сондықтан ол құжаттарды ешқашан қолмен ұстап, көзбен көре алмаймыз.
...«Өз еркімен» Ресей патшалығына бодан болған кіші жүз қазақтарын ХVIII ғасырдың 80-жылдары­ның басында сыртынан тұтас қоршап алып, ар­мияның күшімен атамекендерінен қуып шығу секілді жоспарлар да болған. Тәңір оңдағанда, Түркиямен соғыс басталып кетіп, Ресей кіші жүзді қоршауға алған әс­керлерін майдан қажетіне байланысты қай­тарып алуға мәжбүр болған еді. Ал 1925 жылы бүкіл Жетісу облысын (ол кезде бұл облысқа Алматы, Талдықорған және Қырғызстанның бірнеше облысы да кіретін) жайлаған қазақ, қырғыздарды тү­гел қырып, бұл табиғаты ғажап жерді «та­зарту» мәселесі де қойылған еді. Бірақ 1914 жылы бүкілдүниежүзілік соғыс басталып кетіп, оның артынан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің бұрқ ете түсуі, оның 1917 жылғы Қазан төңкерісіне ұла­суы патша отаршылдарының арам ниетінің жүзеге асуына кедергі жасады.
Отаршылар қазақтардың рухы сынып, қанаты қайырылып, енді бас көтере алмас халге жетті деп білді. Бірақ қазақтар Түр­кістан халықтарының ішінде алғаш оянып, алдына саяси-әлеуметтік мақсат қойып, идеялық жағынан бірігіп, қоғамдық күресті бастаушылардың алдыңғы сапында жүрді» («Парасат», 2001, №9, 19-бет).
Отарлау саясаты патша үкіметі құлап, пролетариат диктатурасы орнағаннан кейін де бәсеңдемегендігін тарихи құжат­тар дәлелдеп бере алады. Айталық, 1920 жылға дейін көшіп келушілер Қазақстанға 40,6 миллион десятинадан астам шұрайлы жерге бауыр басты. Атап айтқанда, казак-орыстар мен қара шекпендер Семей өңірі­нің – 114,2 миллион, Ақмола губер­ния­сы­ның – 8,7, Қостанайдың – 3,7, Орын­бордың – 4,1, Ақтөбенің – 2,3, Оралдың 7,5 мил­лион десятина жерін тартып алды. Бөкей өңірі мен Адай уезінің көптеген жері казак­тар қарамағына өтті.
1921 жылы Ресейдің бірталай губер­нияс­­­­ына астық шықпай қалып, көшіп ке­­лу­шілер мен босқындар саны одан сайын арта түсті. Қазақ Автономиялық Рес­публикасы Жер жөніндегі халық комис­са­риатының бұл жойқын тасқынды толас­та­ту­ға я тоқтатуға деген талпынысы еш нә­ти­же бермеді. Өйткені ВЦИК-тің (Бүкілре­­сей­лік Орталық атқару комитеті) 1921 жылдың 28 шілдесінде қабылдаған «Аш­тыққа ұрынған губерниялардан жоспарлы түрде қоныс аудару» жөніндегі декреті қа­зақ өлкесіне көшіп келушілерге есікті ай­қара ашып тастады. Бұдан кейінгі жылдары да босқындар мен ресми жолмен келу­ші­лердің және жер аударылғандардың легі тыйылмады.
Мінеки, жаңа орнаған «жарылқаушы» Ке­ңес өкіметінің өзге ұлттарға және олар­дың атамекеніне деген көзқарасы қандай болғандығын мұрағат құжаттары осылай айғақтайды. Бұл патшалы Ресейдің отарлау саясатының заңды жалғасы емей немене?
Отарлаудың кеңестік кезеңі
Шындығында, дәл сол орыстандыру және отарлау саясатын Кеңес өкіметі одан әрі жалғастырды.
Сөйтіп, ұжымдастыру кезінде Қазақ­станға 250 мың мал-мүлкі алынған бай-құлақ жер аударылған еді. Соғыстың ал­дын­дағы жылдары түрлі респуб­ликалардан өнеркәсіп құрылысын жүргізу сылтауымен тағы 1 миллион 200 мың адам қоныс­тан­дырылды.
Нақ сол жылдары республиканың күллі аймағы көбінесе жүйеге қас деген жалған желеумен жіберілетін адамдарды, сондай-ақ қылмыскерлерді айдайтын орынға ай­налды. Мұнда түрмелердің, лагерьлердің және күштеп қоныстандыруға арналған орын­дардың тарам-тарам жүйесі жасалды. Қазақстанда қанша қамалғандардың, ай­далумен әкеліп қоныстан­дырыл­ған­дардың болғанында қисап жоқ. Олардың талай мыңы өмір сүрудің қиыншылығына шыда­май, дүниеден өтті немесе көпшілігін жазалау-қудалау құртты.
Соғыс қарсаңында және соғыс кезінде «сат­қындық пиғылда» деген жөн-жосық­сыз айып тағылған тұтас халықтарға қарсы қатаң қуғындау шаралары қолға алынды. Бейбіт жатқан, бейкүнә жандарды тығыз-таяң жүк вагондарына тиеп, біздің далаға жөнелтіп жатты. Ондаған мың қоныс ау­дар­ған адам осындай тағылық айдау­дың салдарынан аштықтан, суықтан және дерттен дүние салды.
Сол кезде Қазақстанға 100 мыңға жуық Қиыр Шығыс корейлері, 800 мыңдай Еділ бойының немістері, КСРО-ның батыс ай­мақтарынан 100 мыңнан астам поляк, Терістік Кавказдың 500 мыңнан астам тұрғыны күштеп қоныстандырылды. Қа­зақ­станға күштеп көшірудің қара дауылын Қырым татарларының, гректердің, қал­мақтардың ондаған мың отбасылары, басқа да кеңес халықтарының өкілдері бастан кешті.
Ресми деректер бойынша, сол кезде Қа­зақстан жұрты 1,5 миллионнан астам адамға көбейген екен. Соғыс кезінде әр түрлі өндірістермен бірге мұнда 350 мың­нан астам адамның әкелінгені де анық.
«Ұлы қоныстандыру» мұнымен де тоқ­талған жоқ. 60-жылдарға дейін Сол­түстік және Орталық Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеруге 2,5 мил­лион­дай адам келді. Олардың бір бөлігі көп ұзамай мұнда жердегі жұмақ орнайды деген ресми насихатқа сенгендер еді. Алғашқы тыңгерлердің арасында Қазақ­станға күштеп әкелінгендердің ішінде тіке­лей қамау орындарынан жеткізілген­дердің болғаны да жасырын емес. Нақ сол 20-30-жылдардағы сияқты бұл жолы да қаптаған қоныстанушыларды жіберген орталық өкімет жергілікті басшылықпен де, республиканың қарапайым тұрғын­дарымен де ақыл қосып әуреге түскен жоқ.
Қазір сол бір қайғы-қасіретке толы оқи­­ға­лар мен жылдар тарихтың еншісіне тиді. Бұл ретте тек еске алу борышы туралы сөз етсек, мұның өзі тарихтың қатал саба­ғынан алған ішінара тағылымдарымыз ғана болып шықпақ. Өйткені еске алу бо­рышы дегеніміз, ең алдымен, әділеттілік жолын­да қасірет шеккендердің мақсат-мұраттарына еліктеу болып табылады. Біз осы борышымызды орындай отырып, жаңа қоғам құруға тиіспіз.
Біз – кешегі КСРО құрамында болған республикалар арасында қайдағы бір ұлттық өзгешеліктер негізінде қанды-қырғын соғысқа, бейберекет бассыздық пен тәртіп бұзушылыққа, күнделікті тұрмыс-тіршілікте өзге ұлттарды алалап, кемсітушілікке жол бермей келе жатқан бірден-бір елміз. Бұл барша жұртқа мәлім.

Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы,профессор, академик, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста