«Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясының тұсауы кесілді
Өткен жылдың басында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен шығарылған «Қазақтың 1000 күйі» домбыра күйлері антологиясы ұлттық музыкаға жаны құмар қазақ халқын бір серпілтіп тастаған еді. Қазақ халқы биылғы жылы да осындай асыл мұраларымен қайта қауышқандай сәтті бастан өткеріп отыр. Жуырда Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамммедтің бастамасымен дайындалған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясының тұсауы кесілді.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең»,– деп хакім Абай жырлағандай, қазақтың рухани өмірі ешқашан ұлттық музыкадан алыстаған емес. Бүгінгі күні де ұлтымыздың жауһардай әсем сөздерінен құралған асыл әндері өз тыңдармандарының жүрегіне кеңінен жол табуда. «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясында қазақтың дәстүрлі ән үлгілері бұрын-соңды болып көрмеген көлемде, барынша мол қамтылып отыр. Осыған дейін қазақ даласының әншілік мектептерінде орындалатын әндерді тыңдармандар тек сол жерде, мәселен, Сыр өңірі мектебінің әндерін Сыр бойында, Жетісу әндерін Жетісуда тыңдайтын. Тіпті олардың орындалу шеберлігін, нақышын тыңдармандар көп жағдайда ажырата бермейтін. Себебі олар әрқашан бір жерде орындала қоймайтын. Енді әнсүйер қауым бұл әндердің барлығын бір ғана антологиядан таба алады. Жинаққа дәстүрлі кәсіби әндер, Арқа әншілік дәстүрі, Батыс Қазақстан әншілік дәстүрі, Маңғыстау әндері, Жетісу әншілік дәстүрі, Сыр өңірінің әншілік өнері енгізіліп отыр. Аталған антологияның кіріспе сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларында кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды», – деуі бұл жинақтың ұлттың рухани, мәдени өмірі үшін қаншалықты маңызды екенін аңғарта түседі.