Қазақтың күйші қызы 80-ге толды
Домбыра үнін кәсіби әуендермен ұштастыра білген қазақтың тұңғыш музыкант қыздарының бірі Сәнен Әжиева – 80 жаста. Бұл мерейтой ертең Алматыдағы Ғалымдар үйінде аталып өтпекші.
1929 жылы атақты Нұрпейіс ақынның туған жері – Ақтөбе облысының Байғанин ауданында өмірге келген Сәнен Әжиева – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші әрі ұлағатты ұстаз. 1946 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түскен өрімдей талантты қызды қазақ кәсіби музыкасының атасы Ахмет Жұбанов байқап, тәрбиесіне алады. Ұстазының ықпалымен ғұмырын қазақ күйлерін дамытуға арнаған Сәнен апай кейін өзі де домбыраның құлағында ойнайтын талай шеберді тәрбиелеп шығарды. Оның Рахат Мәдіреев, Бөрі Исаев сияқты ізбасарларының күйшіге арналған бірнеше туындысы бар. Ширек ғасырдан астам уақыт Шымкенттегі музыка училищесін басқарған Сәнен Әжиева аймақ мәдениетін дамытуға айтарлықтай үлес қосты.