Қазақтың қайран Мұраты...

Қазақтың қайран Мұраты...

Қазақтың қасиеттi көк аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып түскен таланттар аз емес. «Қараңғы қазақ көгiне, өрмелеп шығып күн болам» деген Сұлтанмахмұт, күллi Шығысты зерттеушi ғалымдар ерекше құбылыс деп танып, мойындаған Шоқан, Алашы үшiн құрбан болған арыстарды айтпағанда, күнi кешегi Төлеген Айбергенов, Артығали Ыбыраев сынды ақындар, Жәнiбек Кәрменов сынды жезтаңдай әншiлер қазақтың маңдайына жарқырап бiттi, бiрақ бiрi отызға жетпей, бiрi отыздан өте бере өмiрден өттi де кеттi. Осылардың қай-қайсысын алсақ та, тiрi жүргендердiң талайынан гөрi «тiрi».
Сондай бiр «өлдi деуге сыймайтын» тұлғаның бiрi, небәрi 37 жыл жасаған – Мұрат Каримуллин. Көктемде келiп, қоңыр күзде күрсiнтiп кеткен осы бiр арыстай Алаш азаматының кiм болғандығын белгiлi күйшi Қаршыға Ахмедияровтың: «Мұрат Каримуллин күйшiлiк өнердi, күмiс көмей әншiлiк пен жыршылықты сөз өнерiмен сабақтастырған дәстүрлi ұлы өнерпаздардың жалғасы едi» деген бiр-ақ ауыз сөзi айғақтап тұр емес пе? Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесiнiң домбыра класын, Қазақ мемлекеттiк Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында Қаршыға Ахмедияровтың сыныбын бiтiрген Мұрат 1981 жылы Гелянджик қаласында өткен бүкiлодақтық байқауда, 1983 жылы тұңғыш рет өткiзiлген «Жiгер» жастар фестивалiнде өзiнiң домбыраның құлағында ойнайтын орындаушылық шеберлiгiн көрсеткен. Қаншама жыл қазақ телевизиясына қызмет еткен есiл ер егер де тiрi болғанда биыл елу алтыншы көктемiн көрер едi. Амал нешiк?.. Арысының артында қалған ұл-қыздарын жетiлдiрген жары, «Қазақстан» ұлттық арнасының режиссерi Ұлмекен Ұзақбайқызы жыл құсы келген сайын жарын күрсiне есiне алады:
– Мен әлi елеңдеумен жүрмiн. Жоқ екенiңдi бiлемiн. Бiрақ соны мойындағым келмейдi. Сыртым бүтiн, iшiм түтiн. Бұлқынған сезiмге әлiм жетпей бара жатқанда, көз алдыма елесiңдi шақырып, сырласамын. Еркелеп, мойыныңа асыламын, аймалаймын, сарғайған сағынышымды сейiлтемiн, – деген жар сөзiн сезiммен түсiнiп, күрсiнбеске шараң бар ма?

Қос жүректi таныстырған, табыстырған да – өнер. 1974 жылы Чайковский атындағы музыкалық училищенiң Мұрат домбыра, Ұлмекен қобыз сыныбына түскен едi. Аққұба келген, жәудiр көздi, бiр сөзбен айтқанда, бет бiткеннiң көрiктiсiн көрген қыздар бей-жай қала алмайтын. Көп қыздың арманы болған серiнiң өз жары болатынын Ұлмекен қыз үш ұйықтаса түсiне кiргiзе алмайтын.
– Тұрмысқа шығатынымды естiгенде, анам қаһарына мiнiп, Алматығы жетiп келдi. «Шақыр ол жiгiттi, көрсетейiн оған үйленгендi» деп, ашуланғаннан ақылға келмей жатқан анамның Мұрат есiктi ашып кiрiп келгенде, аузына құм құйылды. Үйленуге рұқсатын бердi. Содан екеумiздiң балдан тәттi жұбайлық өмiрiмiз басталды. Үйден шыққанда да, кiргенде де бетiмнен сүйетiн. Қанша шаршап тұрса да үйге қабағын шытып кiрмейтiн, менiң де қабағым түскенiн көргенде, байыз таппай кететiн. Өмiрде ренжiмеуi керек дейтiн азаматты, амал не, талайлар ренжiттi ғой. Қоршаған ортасында оның өнерiн қызғанып, аяқтан шалушылар көп болды. Соған қатты қынжылатын.
Еңбек жолын 1978 жылы Мәдениет министрлiгiнен бастаған Мұрат Каримуллин 1986 жылы Қазақ теледидарына дыбыс режиссерi қызметiне келедi. Көптеген жаңа музыкалық бағдарламалар ашып, бiлгiр маман ғана емес, қасиеттi қара домбырасымен қазақтың дәстүрлi жыр-термесiнiң, күмбiрлеген күйлерiнiң насихатшысы болды. Сол кездегi оның ойы мен шығармашылығынан туған бiршама хабарлар «Алтын қорда» әлi күнге сол қалпында сақтаулы тұр.
Орда бұзар отыздан жетi-ақ жыл асқан шағында фәниден бақиға аттанған азаматтың артында қалған үш ұлының екеуi араға екi жыл салып, суға кетiп қаза тапқан-ды. Сол кезде қайғы үстiне қайғы жамап қалған жары жалғыз қалған Азатына бар үмiтiн артқан. Бүгiнде содан немере көрiп, әже болып отырған жайы бар. Бұл да болса – Мұраттың мұрагерi барының, отының өшпей отырғандығының айғағы. Десе де белгiлi сатирик Көпен Әмiр-Бектiң тiлiмен айтқанда, Мұрат Каримуллин сынды «... баяғы ғасырдағы бабаларымыздың әншiлiк үрдiсi мен салт-дәстүрiн жалғастырып, ақ жауындай нөсерлетiп өткен бүгiнгi заманның Ақан серiсi» өмiрге қайта келмесi анық.

БIР СӘТ
–    Сол жылдарда бiз, Мұрат бәрiмiз «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты хабар жасаушы едiк. Көбiне қаланың шуынан қашып, сыртқа шығып кететiнбiз. Үш-төрт жiгiт хабарды түсiрiп болған соң, бiреумiздiң үйiмiзге барып, шаршағанымызды басамыз. Сондайда Мұрат домбырасын алып, әнге салады. Содан мен Мұраттың әншiлiк қырын таныдым. Ол, ол ма, Мұрат дәулескер күйшi де екен. Оны да мен ойламаған жерден бiлдiм. Бiрде студияға келсем, Мұрат Төлеген Момбековтiң «Салтанат» күйiн төгiлте шертiп, мұңайып отыр екен. Iшке енген маған бар айтқаны «бұдан артық, сiрә, күй болмас» болды. Осындай арда азаматтан аяқ астынан айырылып қаламыз деп кiм ойлапты? Тағдыр деген қызық қой, кейiн өзiм Мұрат жайлы хабар жасадым, – деп еске алады әрiптесi, «Қазақстан» ұлттық арнасының редакторы Молдабек Сағымбек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста