Қазақтың қайраткер ұлы дүниеден озды
Орал Байқонысұлы Мұхамеджанов. Бұл есім – күллі Алаш баласына етене таныс. Бұл есім Тәуелсіз Қазақ елінің барша азаматына ыстық. Өйткені мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Орал Байқонысұлы мемлекетімізді өзгелермен терезесі тең ел ету жолында талмай еңбек етті. Амал нешік, осы аптада қазақ жұртшылығы «елім» деп туған Оралдай оғланынан айырылып қалды.
1948 жылы қарашаның 11-інде туған Орал Мұхамеджанов 65 жылдық ғұмырының ең жемісті жылдарын қазақ тәуелсіздігінің іргетасын қалау, қазақ мемлекетінің егемендігін қалыптастыру, тәуелсіз елдің төл заңдарын қабылдау, шынайы конституционализмді орнату мақсатына арнады. Ол мемлекетіміздің шаңырағы биік болуы үшін тер төкті.
Орал Мұхамеджанов қазақтың жүздеген асылдарын туған қасиетті Торғай топырағында дүниеге келді. Балалық балғын шағын Қостанай қаласында өткізді. 1971 жылы Новосібірдегі кооперативтік сауда институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Қостанай облыстық Тұтынушылар одағында қатардағы қызметкер болып бастады. Кейіннен Алматы жоғарғы партия мектебін тамамдап, Торғай облысында түрлі партиялық қызметтерді атқарды.
Орал Мұхамеджанов Қазақстан Республикасының 13-ші шақырылған Жоғарғы Кеңес депутаты болып, парламенттегі қызметін Кеңестер Одағы тұсында бастады. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау және кадр саясаты басқармасының Мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді серігіне айналды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, ІІІ-ІV шақырылымдағы Парламент Мәжілісі төрағасы болып қызмет атқарды.
2012 жылдың қаңтарынан бастап, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаттығына «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партия тізімі бойынша сайланып, фракция жетекшісі, кейіннен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
Халыққа еткен еңбегі еленіп, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы», «ҚР Парламентінің 10 жылдығы» медальдарымен және Ресей Федерациясының «Достық» орденімен марапатталды.
Орал Мұхамеджанов қазақ саяси сахнасында тектіліктің символы бола білді. Орал Байқонысұлын жақсы білетіндер оның атасы Мұхамеджанның ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қостанай, Торғай, Ақтөбе атырабына әйгілі әнші-сазгер, ақын, ал әкесі Байқоныс Ұлы Отан соғысына дейін Қостанай облыстық филармониясында әртіс болғанын, Оралдың өзі де жезтаңдай әнші екенін тілге тиек етеді. Бірақ ол әншілік жолды таңдамай, бар қарым-қабілетін, талантын елге пайдалы Заң шығару ісіне жұмсады.
Орал Мұхамеджанов журналистерге берген бір сұхбатында: «Тұрақтылық, ұлтаралық және діниаралық түсіністік, достық – еліміздің ең басты байлығы. Осы байлықты біз қолымыздан келгенше молайтып, Қазақстанның келесі ұрпағына сол қалпында сақтап, табыстауымыз керек» депті. Ол сол өзі айтқан байлықты өз ұлтына табыстап өмірден озды.
Бақұл бол, арда азаматым!
Елбасы көңіл айту жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Орал Мұхамеджановтың қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта Орал Байқонысұлының іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетімен жастай көзге түсіп, басқару органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтағаны атап өтілген.
«Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы күннен Президент Әкімшілігінде және Үкімет аппаратында бөлімдер басқарып, Парламент Мәжілісінің депутаты, кейін Палата Төрағасы бола жүріп, өзінің мол білімі мен бүкіл қажыр-қайратын туған елімізді көркейтуге, оның құқықтық-заңнамалық базасын қалыптастырып, нығайтуға жұмсады. Қай қызметте жүрсе де, ақжарқын мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің арасында әрдайым зор абырой мен беделге ие болды. Оның еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев О.Мұхамеджановтың есімін және оның Қазақстанның дамуына қосқан үлесін халқымыз ұмытпайтынын атап өткен.
Өр тұлғалы Оралымыз еді...
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Жас Қазақстан Республикасының көрнекті саяси қайраткері Орал Байқонысұлы тәуелсіз елдің заң шығару органының қалыптасуына, толысуына да ерекше еңбегі сіңген айтулы Алаш азаматы еді. Мен Орекеңді көптен білемін. Торғай даласында ел басқарып жүргенде, Мәжілістегі төраға лауазымында араластық, пікірлес болдық. Ол кісінің екі қасиетіне таңғалатынмын. Біріншісі – өте іскер болды. Өз ұлтына, Отанына, еліне, жеріне деген жанашырлығы да алабөтен еді. Екіншіден, ол кісі қазақ халқының дархандығын, өнерін, кісілігін, адамгершілігін бойына мол сіңірген нағыз ұлттық тұлға еді. Тамылжытып ән салғаны қандай еді!?. Үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп, қамқорлық жасай да білетін. Біз, шынтуайтында, үлкен азаматтан айырылдық.
Рамазан СӘРПЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қаралы күн. Біз зор тұлға, беделі биік мемлекет қайраткерінен айырылып отырмыз. Мен Орекеңмен Парламентте ғана емес, 1988 жылдан бастап 1992 жылға дейін бір ауданда қызмет істеген едім. Ол аудан басшысы болды, мен аудандық сот төрағасы едім. Өзіміз де көршілес тұрдық. Сол тұстан бастап арамызда үлкен сыйластық орнады, адамгершіліктің үлгісін бізге ғана емес, баршаға көрсете білді. Бағымызға қарай, Парламент Мәжілісінің 2-3 шақырылымында әріптес ретінде де қызмет етіп келе жатқан едік. Таудай тұлғалығы, биік адамгершілік пен ағайынға деген сенімділігі, үлкенге құрмет пен кішіге ізеті – осының бәрі Орал Байқонысұлының қалыптасқан және қалыптастырған ортасының кеңдігін білдіреді. Осындай жарқын мінезді, ашық көңілді Алаш қайраткерінің артында жақсы әңгіме ғана қалатыны сондықтан. Мен Орекеңнің өзінің әулетін ғана емес, Наурызым ауданында тұратын туған-туыстарын да жақсы білетін едім. Көңілім күйзеліп отырғаны сондықтан. Қайғыға ортақпын.
Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қоспалаталы кәсіби Парламентті, Қазақстандағы парламентаризмді қалыптастыруда Орал Байқонысұлының үлесі аса зор еді. Мен ол кісінің қарапайым депутат ретінде де, спикер ретінде де өз ісіне ерекше ден қоятынына қым-қуыт қарбалас жұмыс барысында әбден көзім жеткен. Сондықтан да мезгілсіз қаза біздің баршамыз үшін орны толмас өкініш дер едім. Өйткені Орал Мұхамеджановтың өмірі мен еліне сіңірген еңбегін жоғары бағалай отырып, тірі жүрсе халқына пайдасы тиетін әлі де көп шаруа тындырар ма еді деп те ойлаймын. Әлбетте, О.Мұхамеджанов өзінің спикер, депутат және белсенді парламентші ретіндегі қызметін биік деңгейде атқара алды. Айрықша атап өтерлігі – парламенттік пікірталастарда өзін жоғары мәдениетті тұлға, нағыз зияткер ретінде мойындатты. Сондықтан бұл – біздің мемлекетіміз үшін орны толмайтын қаза.
Абай ТАСБОЛАТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Кейінгі жастарға үлкен үлгі болатын ағалық орны ерекше жан еді. Оның жанашырлығы да басқадан ерекше болды. Әсіресе жас депутаттарға деген қамқорлығы мен қолдауы әрқашан сезіліп тұратын. Менің ойымша, мықты мемлекеттік деңгейдегі тұлғаның, саяси және қоғам қайраткерінің қазасы бәрімізге де оңай тиген жоқ. Соның ішінде Мәжілістегі депутаттардың қабырғасын қайыстырып кетті.