Қазақтың қас батыры
Өр мінез, батырлық пен батылдық, қайсарлық – қазақтың қанға сіңген қасиеті. Ел басына күн туып, оның болашағына қауіп төне бастаған кезде бүкіл Одақ жұртшылығымен бірге қазақ халқы да жұдырықтай жұмылып, қан майданға аттанды. Бүкіл қажыр-қайратын жеңіс жолына сарп етті, тіпті өз өмірлерін қиды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақтың қас батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы-партизан Қасым Қайсеновтің туғанына бүгін 95 жыл толып отыр.
Өмір өткелдері
Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітірген. Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде оқиды, іле-шала жау қолында қалған Украина жеріне аттандырылады. Жау жайлаған елге ұшақпен келіп түскен сәттен бастап, Қасым ағаның партизандық өмірі басталады.
Майданда «партизан Вася» атанды
1941 жылы Қасым Қайсенов Украина жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына аттанады. Ол жерде Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. Ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Партизандардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді. Майдан даласында украин жауынгерлері Қасым ағаны бауырларындай көріп, өз аттарымен «Вася» деп атапты. Қасым аға бір естелігінде «Украина – менің екінші Отаным. Украиндіктер – мәңгі ұмытылмас бауырларым. Осылай ұлы украин халқын шексіз сүйіп, бауыр басып кеткен адаммын. Әлі де шығатын, жазбақ кітаптарым да сол Украина жеріндегі жойқын айқасқа арналған. Сол үшін де өзімді украин жазушыларының бірімін деп есептеймін. Өзімді украин жазушыларының осындағы елшісіндей сезінемін», – деген екен.
Солдан оңға қарай: В.Д.Лавриненков – Кеңес Одағанының екі мәрте батыры, генерал-полковник; А.И.Покрышкин – Кеңес Одағының үш мәрте батыры, авиация генералы. Алматы, қаңтар, 1966ж.
Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов, 1965
Бейбіт өмірдегі ерлігі
Қан майданда етігімен су кешкен Қасым ағаға бейбіт өмірге бейімделу оңайға түскен жоқ. Осы ретте ағалық ақылын, қамқорлығын көрсеткен Жұмағали Саин болды. Қасым аға Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мұқан Иманжанов, Мәлік Ғабдулин, Әди Шәріпов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аманжолов сынды қазақ зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған. Майданнан оралғаннан кейін аз уақыт Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының аппаратында қызмет атқарған. 1945 жылдың орта шенінде партия қатарына алынып, білімін жетілдіру үшін Лениндік курстың совет бөлімінде оқыған. 1945-70 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, Жамбыл облысындағы Жуалы және Свердлов аудандарының атқару комитеттерінде төраға орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласқан, 1953-1970 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағында және «Жазушы», «Қайнар» баспаларында қызмет істеген.
Замандас лебізі
Тәуелсіз елінің тынысын жырлаумен өтті
«Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде әркім әртүрлі бөлімдерде болып, неміс-фашистеріне қарсы күресті. Бірі – танкист, бірі – ұшқыш, бірі артиллерист болды. Енді біреулер жаяу әскер қатарында жаумен айқасты. Қасым Қайсеновтің үлесіне партизандық тиді. Ол алғашында Чапаев атындағы 8-партизан құрамасында №3 отрядтың командирі болып, Украина жерінде жауға желке жағынан соққы берді. Соғыс кезінде қалыпты әскердегі бізді ел қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Ұрыста сиреген қатарымызды да халық толтырды. Елдегі туыстарымыздан, сүйген жар, сүйікті қыздардан үнемі хаттар алып тұрдық. Осының бәрі бізге күш-қуат берді. Ал майданның сырт жағындағы партизандарда мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ. Олар «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, ордалы жыланның ортасында, фашистердің қоршауында жүріп, шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Жау сыртына барып түскен 23 жасар Қасекең осындай күйде жүріп, партизан отрядын ұйымдастырды. Кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жігерінің арқасында Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін Нұрекең өз Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа да, Қасым Қайсеновке де Халық Қаһарманы атағын берді. Қасекең бұл лайықты атақты аса зор тебіреніспен қарсы алған еді. Ол өзінің соңғы сағатына дейін Тәуелсіз елінің тынысын жырлаумен өтті. Еліміздегі елеулі оқиғаларға газет арқылы үздіксіз үн қосып отырды. Жеңістерге қуанды, кемістіктерге ренжіді. Бәрін ашық айтып отырды» (Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, «Ағалар туралы аңыз»).
Қос қарудың иесі
Қарудан кейін қолына қалам алған Қасым аға өзінің партизандық жорықтары туралы жазуға бекінеді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жауынгерлердің өшпес ерліктері жайында қалам тербейді. Қасым Қайсеновтің бұл орайдағы шығармалары қазақ әдебиетінің әскери тақырыбын байытты. Қасым ағаның «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы 1954 жылы орыс тілінде жарық көреді. Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары» сияқты басқа да әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді және артынша орыс, украин, қырғыз, вьетнам тілдеріне аударылды. Кейіннен «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар» кітаптары жарық көрді. Жалпы, Қасым Қайсенов 30 шақты кітап жазып қалдырды. Қаһарман жазушы жайында 150 ақын-жазушы поэма, естелік жазыпты және ол туралы екі деректі кино түсірілген.
Қазақтың біртуар перзенті Қасым Қайсенов ерлік пен батылдықтың символы іспеттес. Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қосқан батыр ағамыздың өмір өткелі, көрген-білгені, соғыс туралы шығармалары жас ұрпақ тәрбиесіне негіз болары анық.
Жансая РАХИМОВА
Көзкөрген
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Халық жазушысы:
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай еді...
– Ол біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағаларымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат болған сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз – оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз – ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік. Бірақ Қасекең тас түйін қайсарлығын сонау Карпат ормандарында қалдырғандай, қайсымызбен де: «Айналайын, амансың ба?» деп жайма-шуақ амандасатын. Күркірей шыққан жуан дауысы құлағымызға майдай жағушы еді... Ол дүниеден өткенше кешегі күркіреген II дүниежүзілік соғыстың жауынгері болып қала білді. Украинада жау басып алып, тірідей шерменде болып отырған қауымға Жаратушының өзі аяқ астынан жіберген ақ қанат періштедей көрінген құтқарушылық панагөйлігін Қазақстанға қайта оралған соң қара қағаздардан еңсесі түскен қайғылы қауымның қайта тыңайып, қайта еңсе көтеруі жолындағы қалтқысыз еңбекке арнады. Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де Тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, Халық Қаһарманы құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгіл, бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді.