Қазақтың қолынан грим жасау да келмегені ме?
Бүгінде «Хабар» арнасында жүріп жатқан «Жұлдызды дода – Звездные войны» жобасының продюсері әрі жүргізуші Баян Есентаева өзінің бір сұқбатында біздің елімізде мықты грим жасаушы мамандардың жоқ екенін баса айтқан еді. Баян ханым өзінің жобасы барысында бір адамды мүлде бөлек екінші адамның кейпіне енгізу үшін әбден қиналып кеткен болуы керек, грим жасаушы мамандарды Ригадан, Питерден, Одессадан алдырыпты. Бізге салса, атауының өзі қисынға келмейтін, қазақ көрермені үшін аса маңызды емес жобаны талқыламас та едік. Алайда әңгіме жоба жайлы емес, мәселе қазақтың қолынан тіпті грим жасау да келмейтіндігінде болып отыр. Осы орайда біз «Алаш айнасының» оқырмандарына грим жасау өнерінің қыр-сыры туралы әңгімелеп көрмекпіз.
Баян Есентаева «Жұлдызды жобаның» қатысушылары Ерке Есмаханды Қайрат Нұртасқа, Кенталды Нағима Есқалиеваға, Әсел Сәдуақасованы Меруерт Түсіпбаеваға айналдыру үшін қыруар қаржы жұмсап, гримдеушілерді шетелден шақырып, жұмыс істетіп жатыр. Әрине, қандай жобаны қолға алса да, аяғына дейін жеткізбей тынбайтын Баян үшін бұл қалыпты жағдай. Өйткені ол өзінің жақында ғана экранға шыққан «Осторжно, корова» фильмінде де Ресейдің гримдеуші мамандарының көмегімен өзі 100 келілік семіз қызға айналған болатын. Семіз қыздың маскасы үшін Баян ханым 15 мың доллар жұмсағанын айтқан еді, ал қазіргі жобасындағы гримдеушілерге қанша төлеп жатқаны қайдам, әйтеуір аз ақша емес екені рас. Сонда біздің қолымыздан тіпті бет бояудың да келмегені ме? Осы грим жасау өнері соншалықты қиын ба?...
Грим тарихы – сахна тарихы
Адамның бет-бейнесін өзгерту өнерінің ең көнесі – грим және бетперде кию. Грим тарихы дегеніміз – сахна тарихы. Грим өнері сонау алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі әдет-ғұрыптардан, жан-жануарлар «тотеміне» табыну заманынан бастау алған. Ежелгі заманда адамдар түрлі жануарлар бейнесіндегі маскалар киіп, беттерін бояп, әрқайсысы өз тайпаларының ерекшеліктерін көрсететін болған. Гримнің уақыт өте келе түрлі өзгерістерге ұшырағанына қарап, мәдениет эволюциясын жасауға болады. Ежелгі классикалық дәстүрге негізделген театр формалары, мысалы, Жапониядағы «но» және «кабуки», Индонезиядағы «топенг», сондай-ақ көне қытай, үнді театрлары әлі күнге дейін бетперде тәріздес гримді сақтап қалған.
Қазіргі театр өнерінде гримнің түрлері өте көп. Сахнадағы қойылымның жанры мен стиліне, режиссерлік шешіміне, актердің физикалық ерекшелігі мен образдың пластикалық трактовкасына орай грим де әртүрлі болып келеді. Жалпы алғанда, гримді реалистік және шартты деп екі түрге бөлуге болады. Реалистік гримнің негізгі мақсаты – персонажды барынша шынайы өмірге жақындау етіп көрсету. Айталық, гримнің бұл түрі жасты кәрі, кәріні жас етіп көрсете алады. Ұлттық және нәсілдік ерекшеліктерді де, белгілі бір тарихи кезеңдегі адамдардың образын да реалистік грим арқылы жасауға болады. Ал Абай, Абылай хан секілді белгілі бір тұлғаларды жасау үшін портретті грим пайдаланылады. Реалистік грим жасауда тек адамның беті ғана өзгертілмейді, дененің ашық тұстарының барлығы өзгертіледі.
Шартты гримнің принциптерін атап айтар болсақ, бұл – реалистік дәстүрден ауытқыған, персонажды барынша өзгертетін немесе эстетикалық ағымға сай жасалатын грим түрі. Мысалы, жанрлық шартты грим антикалық дәстүрде, сайқымазақтар секілді комедиялық персонаждарды жасауда кеңінен қолданылады. Ертегідегі ойдан шығарылған персонаждарды бейнелеуде шартты гримнің алар орны ерекше. Ертегі фильмдерде жалмауыз кемпір, жезтырнақ, жалғыз көзді дәу секілді кейіпкерлер грим және маска арқылы баланың есінде қалады.
Баттасқан бояу сәнді емес
XXI ғасырда денеге түрлі сурет салу бүкіл әлемде сәнге айналды. Алайда нағыз өнер саналатын стилист-гримдеуші мамандығын біз әзірге өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге қарай бейімдей алмай отырмыз. Бозбаланы – шалға, құбыжықты – сұлуға, ақ адамды – қараға, қараны аққа айналдыруға мүмкіндік беретін грим, бетперде жасау өнерін театр сахнасында, кино саласында дұрыс қолдана алмағандықтан, көпшілік бет әрлеуді тек еріккеннің ісі деп қабылдайды.
Шетелге гастрольдік сапарлармен жиі шығатын актриса Айгүл Иманбаеваның айтуынша, бүгінде әлем театрлары гримді аз пайдаланатын көрінеді. Яғни, театр актерлері барынша шынайылыққа, кәсіби шеберлікке мән береді. Ал біздің театрларымызда керісінше, гримді жағудың жөні осы екен деп, әлі күнге актерлердің бетін баттастырып бояуға құмармыз. Ал телевидениеге келсек, бүгінде қаптап кеткен шоу-бағдарламаларда бояу, грим шектен тыс пайдаланатынын байқап жүрміз. Яғни, біздің елемізде әлі күнге гримді қолданудың мәдениеті қалыптаспаған. Негізінен грим, бетперделердің түр-түрі голливудтық фильмдерде жоғары қолданысқа ие. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда арнайы жобаларға, фильмдерге аса қажетті портретті грим болмаса, әртістердің бетіне шамандан тыс бояу жағу, парик киіп, бептердемен шығуы сәнді болып саналмайды. Кәсіби гримдеушінің жұмысы көрінбей тұрғаны абзал дейді мамандар.
Әрине, біздің елемізде мүлде гримдеуші мамандар жоқ деп айтуға болмас. Себебі біз күндеікті театр сахнасынан, теледидар экранынан актерлердің, тележүргізушілердің, әнші-бишілердің әдемі бейнелерін, күтімі күшті шаштарын, мінсіз мүсіндері мен құлпырған жүздерін көреміз. Бірақ осы сұлу картинаның ар жағында бетті әрлеуші стилист, визажист, косметолог, шаштараздар мен гримдеушілердің күнделікті орасан зор еңбегі жатқанын ескере бермейміз. Аталған мамандық иелері бейне бір сиқыршылар тәрізді. Қолдарына қарындашын ала салып, адамның көркін кіргізіп, бет-бейнесіндегі кемшілігін жасыра қояды. Алайда қазіргі таңда біршама сұранысқа ие осы мамандықтың қыр-сырын игерген қазақ жастары аздау болып тұр. Кез келген телеарналарда, театрларда қызмет ететін гримдеуші-стилист мамандардың көпшілігі – өзге ұлт өкілдері. Өйткені біз балаларымыздың қай салаға бейімдігін, икемділігін ескерместен қаржыгерлікке немесе атағы шығу үшін әншілікке жібереміз. Бет әрлеуді, шаш түзеуді намыс көргендігімізден, «кішкентай салада көрінбей қаламын» деген үрей-ойдан да осы бір көркем өнер саласы әзірге біздің жастарымызға қол болмай тұр. Сондықтан амал жоқ, өз қолымыздан келмеген соң басқаны шақырып, өзгенің қалтасын қампайтып жіберуге мәжбүрміз.